ЫДЫСТАҒЫ СУҒА ДӘРЕТ-ҒҰСЫЛДЫҢ СУЫ ШАШЫРАСА, ОЛ ТАЗА БОЛЫП САНАЛА МА?
Дәрет, ғұсыл алуға таза әрі тазартушы су жарамды. Таза әрі тазартушы су деп өз болмысы таза және нәжістен де, дәретсіздіктен де тазартатын суды айтамыз. Ал дәретте, ғұсылда қолданылған су «мустағмал су» деп аталады. Бұл су таза болғанымен, тазалаушы емес. Яғни ол сумен нәжісті тазалауға болғанымен дәрет, ғұсыл алуға жарамсыз.
Ғұсыл алу барысында денеден шашыраған су мустағмал (қолданылған) судың үкімінде. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл су таза болғанымен, тазалаушы емес. Егер мұндай су тазалаушы сумен араласатын болса, онда оның мөлшеріне қаралады. Егер бір литр қолданылған су екі литр тазалаушы сумен араласса, ол сумен дәрет алуға, ғұсыл құйынуға болады. Ал керісінше, яғни, бір литр тазалаушы су екі литр қолданылған сумен араласса, онда ол су дәрет алуға да, ғұсыл құйынуға да жарамсыз болады.
Ғұсыл алу кезінде пайдаланып жатқан су ыдыстағы суға шашыраса, шашыраған судың мөлшері өте аз болғандықтан, ыдыстағы судың тазалығына әсер етпейді. Яғни, ол сумен дәрет те, ғұсыл да ала берсе болады.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі