Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Әртүрлі
        3. ҚҰСТЫ ТОРДА АСЫРАУҒА БОЛА МА?
        ҚҰСТЫ ТОРДА АСЫРАУҒА БОЛА МА?

        ҚҰСТЫ ТОРДА АСЫРАУҒА БОЛА МА?

         

        Кейбір жануарлар мен құстар жаратылысынан түсі, дауысы т.б. жағынан әсемдікке ие. Әсемдікті, көркемдікті кез келген жан жақсы көреді. Бұл –шүкір етуді талап ететін Алла Тағаланың нығметі.

        Алла Тағала Құранда былай дейді:

        قُلْ مَنْ حَرَّمَ زِينَةَ اللهِ الَّتي أَخْرَجَ لِعِبَادِه وَالطَّيِّبَاتِ مِن الرِّزْقِ

        «(Уа Пайғамбар!) «Алланың құлдарына шығарған әшекейлері мен ризықтардың жақсыларын харам етіп жүрген кім?» деп айт»[1].

        والْخَيْلَ والْبِغَالَ والْحَمِيرَ لِتَرْكَبُوهَا وَزِينَةً

        «Әрі жылқыны, қашырлар мен есектерді мінулерің үшін һәм әсемдік үшін (жаратты)»[2].

        Имам Құртуби: «Әсемдік үшін пайдаланып жатқан нәрселердің барлығы мәкруһ емес. Тек шариғатта тыйым салынған дерек келсе немесе рия[3] мақсатында болса ғана тыйым салынады»[4], – дейді.

        Осы ретте, жұмһұр ғалымдар (Ханафи, Мәлики, Шафиғи) құстарды қапаста асырауға және онымен шариғаттың аясынан шықпай сауда жасауға рұқсат берген[5].

        Оған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Әбу Умаир! Нұғаир[6] не істеп жүр»[7], – деген хадисін дәлел ретінде алға тартады.

        Ибн Хажар: «Бұл хадис қапаста құс асырауға рұқсат екенін білдіреді»[8], – дейді.

        Алайда торда құс бағуға рұқсат етілу үшін төмендегі мынадай шарттар орындалуы тиіс:

        1. Мақтаншақтық, тәкаппарлықтан аулақ болу;

        2. Құс асырауы құлшылыққа кедергі болмау;

        3. Оған жұмсалатын тамақта ысырапшылдыққа жол бермеу;

        4. Уақытылы тамағын беру. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір əйел мысықты қамап, оған ештеңе ішкізіп-жегізбей, тіпті, жердегі жəндіктерді жеуіне мұрша бермей өлтіргені үшін азапқа душар болғанын жəне сол себепті тозаққа кіргенін»[9], – баяндаған.

        5. Құсты асырауы азаптауға, зиян беруге алып бармауы қажет.

               

        Сондықтан жоғарыдағы аталған шарттар негізінде торда құсты асырауға рұқсат етіледі. Бірақ жұбынан айырып, қапаста жалғыз қалдырмай, жыртқыш құспен бірге ұстамай асыраған жөн.

         

         

        [1] «Ағраф» сүресі, 32-аят.

        [2] «Нахыл» сүресі, 8-аят.

        [3] Алла ризалығы үшін емес, адамдар көрсін деп, мақтаныш үшін орындалатын амал.

        [4] Тәфсиру әл-Құртуби, 7/97.

        [5] Хашияту Ибн Абидин, 6/401. Мауаһибу әл-Жәлил, 3/222. Муғни әл-мухтаж, 4/208.

        [6] Торғай тәрізді қызыл тұмсықты кішкентай құс. Оны бұлбұл дегендер де бар.

        [7] Бұхари, №5778. Муслим, №2150.

        [8] Фәтху әл-Бәри, 10/586.

        [9] Бұхари, №3295. Муслим, №2242.