Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Әртүрлі
        3. ЖАМАҒАТ НАМАЗЫН ЕКІ БАҒАН АРАСЫНДА ОҚУҒА БОЛА МА?
        ЖАМАҒАТ НАМАЗЫН ЕКІ БАҒАН АРАСЫНДА ОҚУҒА БОЛА МА?

        ЖАМАҒАТ НАМАЗЫН ЕКІ БАҒАН АРАСЫНДА ОҚУҒА БОЛА МА?

         

        Ғалымдар екі баған арасында имамның, жеке адамның намаз оқуына, сондай-ақ мешіт тар болған жағдайда жамағатпен сап түзуге болатынына бірауыздан келіскен. Ал іші кең, үлкен мешіттердің бағандары арасында намаз оқуға келсек, бұл тартысты мәселе. Кейбір ғалымдар оны мәкруһ санап, пікірлерін мына хадистермен қуаттайды.   

         

         عن معاوية بن قُرَّة عن أبيه قال: "كنا نُنهَى أن نصفَّ بين السواري على عهد رسول الله صلى الله عليه وسلم، ونُطرَدُ عنها طَرْدًا"


        Мағауия әкесі Қурра ибн Иәс әл-Мазниден: «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында екі баған арасында сап түзеуден тиылып, ол жерден алыстатылатын едік»[1], - деген дерек келеді.


        عن عبد الحميد بن محمود قال: صَلَّيْنَا خَلْفَ أَميرٍ من الأُمرَاءِ، فاضطرنا الناسُ فَصَلَّينا بين السَّاريتينِ، فلما صَلَّينا، قال أنس بن مالك: "كُنَّا نَتَّقِي هذا على عَهدِ رسول الله صلى الله عليه وسلَّم"


        Абдулхамид ибн Махмуд: «Әміршілердің бірінің артында намаз оқыдық. Адамдардың (көптігінен) намазымызды екі баған арасында оқуға мәжбүр болдық. Оқып болғаннан кейін Әнас ибн Мәлик: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында біз мұндайдан сақтанатын едік»[2], – деген.


        Тыйым салынған негізгі басты деректер осылар. Осы мағынада келген тағы бірнеше хадистер бар. Алайда бірқатар ғалымдар бұл деректерді әлсізге шығарып, бұдан да қуатты жолмен келген хадисті назарға алып, екі баған арасында сапта тұрудың оқасы жоқ екенін айтқан. Атап айтқанда, имам Әбу Ханифа, имам Мәлик, имам Шафиғи, Хасан әл-Басри, Ибн Сирин және Ибн Мунзир сынды ғалымдар[3].


        Абдулла ибн Омардан (р.а) келген хадисте: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Усама ибн Зайд, Біләл және Осман ибн Талха қағбаның ішіне кірді. Кіргеннен кейін есік жабылды. Есік ашылған кезде ең бірінші болып Біләлді жолықтырдым да, одан «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз оқыды ма» - деп сұрадым. Біләл: «Иә, Иемендік екі бағанның арасында (намаз оқыды)» - деп жауап берді»[4] - деген.


        Имам Бағауи: «Бұл хадис – екі баған арасында намаз оқуға болатындығын дәлелдейді. Бұны көпшілік ғалымдар құптаған»[5], – деген.


        Имам Науауи: «...ал, екі баған арасында оқылатын намазға келетін болсақ, бізде оқасы жоқ»[6] - дейді.


        Шәмсу әл-әимма әс-Сарахси: «Екі бағанның арасында сапта тұру макруһ емес, себебі әрбір бағанның арасындағы саптың өзі жеке сап ретінде де саналады»[7] - деген.


        Қорыта айтқанда, екі бағанның арасында жамағатпен сапта тұруға болады. Тіпті жамағаттың сапталуын мінбер, қабырға және баған бөліп тұрса да намаз бұзылмайды және сауап тұрғысынан артықшылығы кемімейді.

         

         

         

         

         

        Жеңіс Әбибуллаұлы

        Қызылорда облысы бойынша пәтуаға жауапты маман

         



        [1] Ибн Мәжә, №1002.

        [2] Әбу Дәуіт, №673. Тирмизи, №229.

        [3] Саһаранфури, Базлул мажхуди фи халли Әби Дәуіт, 2/227.

        [4] Бұхари, №1598. Муслим №1329.

        [5] Бағауи, Шарх әс-Сунна, 2/332.

        [6] Науауи, Шарх әл-Мүслим, 4/226.

        [7] Сарахси, Мабсут, 2/35.