Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Әртүрлі
        3. ДЕНЕДЕГІ НАҚЫШПЕН (ТАТУИРОВКА) НАМАЗ ОҚУҒА БОЛА МА?
        ДЕНЕДЕГІ НАҚЫШПЕН (ТАТУИРОВКА) НАМАЗ ОҚУҒА БОЛА МА?

        ДЕНЕДЕГІ НАҚЫШПЕН (ТАТУИРОВКА) НАМАЗ ОҚУҒА БОЛА МА?

         

        Денеге нақыш салу (татуировка) – тері астына бояуыштарды ендіру жолымен салынатын адам денесіндегі сурет[1].

         

        Ғұламалар денеге нақыш салудың әрі салдырудың харам екендігіне бірауыздан келіскен[2]. Ол – үлкен күнә[3]. Өйткені ол Алланың жаратқан көркем бейнесіне наразылығын білдіру әрі шүкіршілік етпеу болып саналады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

         

        لعن الله الواصلة والمستوصلة والواشمة  والمستوشمة

         

        «Алла шаш жалғағанды және жалғаушыларды, денесіне нақыш салдырғандарды әрі салып берушілерді лағнеттеді»[4], – деген.

         

        Бұл хадис денеге нақыш салдырудың болмайтынына нақты дәлел. Мұсылман адам оған жоламауы тиіс. Салдырып қойғандар шынайы тәубе етіп, Алладан жарылқау тілеу қажет.

         

        Ал денесінде нақышы бар адамның намаз оқуына келсек, ол жөнінде Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Ибн Абидин былай дейді: «Денеге нақыш салу нәжіс нәрселермен бояу мәселесіне ұқсайды. Яғни сумен жуып тазаланады. Кетпей қалып қойған қалдықтарының зияны жоқ. Оны кетіру қиындыққа соққандықтан қырып жатпайды. Онымен оқыған намазы да, имамдығы да дұрыс саналады»[5].

         

        Ширбини: «Егер нақышты кетіру денеге зиян болмаса, одан құтылу керек. Алайда зиян жетудің қауіпі болса, онда сол күйінде қалдырудың оқасы жоқ. Бұл мәселе балиғат жасына жеткеннен кейін істеген іс-әрекетке байланысты. Ал оған дейін істеген болса оны кетіру міндетті емес. Яғни оның оқыған намазы да, имамдығы да дұрыс есептеледі»[6], – дейді. 

         

        Қорыта айтқанда, денеге нақыш салуға тыйым салынады. Нақыш салынған жағдайда оны барынша кетіруге әрекет ету керек. Егер оның салдарынан денсаулығына зиян жетіп жатса, оны кетірмей, зәрулік болғандықтан дәретін алып сонымен намазды оқи береді.

         

         

         Бауыржан Мейірбекұлы

        Қарағанды облысы бойынша пәтуаға жауапты маман



        [2] Радду Әл-мұхтар 6/373. Әл-қоуанину әл-фиқһия, 293. Нихаяту әл-мұхтаж шарх әл-мәнһәж 2/22. Әл-мұғни, 1/77. Субулус әс-сәләм, 3/1034.

        [3] Әз-зәуәжир, 1/142. Зәһәби, Әл-кәбәир, 153.

        [4] Бұхари, № 5937. Муслим, № 2124.

        [5] Хашия ибн Абидин, 1/220.

        [6] Муғни әл-мухтаж, 1/191.