ТЫРНАҚТЫ БОЯУ (МАНИКЮР) ҮКІМІ
بسم الله الرحمن الرحيم
الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Әйел затына шариғат шеңберінен шықпай сәнденуіне рұқсат етіледі. Бұл ұстанымды ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали мәзһаб өкілдерінің барлығы құптайды[1]. Қазіргі таңда әйелдер сәнденудің бір түрі ретінде тырнақ бояуды әдетке айналдырған. Тырнақ бояуға қатысты ғасырымыздағы бірқатар ғалымдар рұқсат берген[2]. Алайда тырнақ бояуға арналған лактардың құрамында су өткізбейтін қоспалар болғандықтан ол ғұсыл мен дәретке кедергі келтіреді. Төрт мәзһаб ғұламалары дәреттің дұрыс болуы үшін денеге су өткізбейтін кедергілер болмауы шарт деген[3]. Себебі дәрет пен ғұсылда жууы тиіс болған ағзаларға су жеткізу парыз. Аятта дәреттің парыздығы жайында Алла Тағала былай дейді:
يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓاْ إِذَا قُمۡتُمۡ إِلَى ٱلصَّلَوٰةِ فَٱغۡسِلُواْ وُجُوهَكُمۡ وَأَيۡدِيَكُمۡ إِلَى ٱلۡمَرَافِقِ وَٱمۡسَحُواْ بِرُءُوسِكُمۡ وَأَرۡجُلَكُمۡ إِلَى ٱلۡكَعۡبَيۡنِۚ
«Әй, мүміндер! Қашан намазға тұрсаңдар, (тұрарда,) жүздеріңді және шынтақтарға дейін қолдарыңды жуыңдар. Бастарыңа мәсих тартыңдар (сипаңдар). Және тобыққа дейін аяқтарыңды жуындар»[4]. Алла Тағала аяқ пен қолды тіпті тырнақты жуды міндеттеді. Кім денеге немесе тырнаққа су өткізбейтін нәрселерді қолданса, онда ол қолын жумаған әрі бұйрықты орындамаған болып саналады.
Абдулла ибн Омардан жеткен риуаятта бір кісі дәрет алып, аяғының тырнақтай мөлшерін жумай кетеді. Оны көрген Алла Елшісі (с.а.у.): «Дәретіңді қайта толық ал»[5] - деп бұйырады.
Дәрет немесе ғұсыл алып жатқанда тырнаққа, бүкіл денеге су өткізбейтін нәрселері қолдануға болмайды. Мұндай бояуларды пайдаланған жанның дәреті мен ғұсылы дұрыс емес. Оны кетіріп, қайта дәретін немесе ғұсылын алуы міндетті.
Күйеуінің алдында әдемі көрінгісі келген әйел құптан намазынан кейін боянуына болады. Таң намазының дәретімен құптанды оқуға дағдыланған адам үшін дәрет алып болған соң тырнағын боятуына рұқсат. Бірақ дәреті бұзылып, қайта дәрет алатын жағдайда бояуды кетіруі міндетті[6].
Кейбір ғалымдар әйелдер маникюр мен педикюр жасатуға әуес болғандықтан намаз оқымауға дейін барып жатады. Осындай жағдайға байланысты мұндай әрекеттің алдын алу мақсатында боялған тырнақтың үстінен мәсих тартуға болады деген пәтуаны беруде. Расында бұл үлкен қасірет. Бұлай пәтуа беру дұрыс емес[7].
Тек зәрулік жағдайда ғана бояушы қызметіндегі адамның тырнағындағы бояу дәретке кедергі болмайды[8].
ҮКІМ:
1. Дәрет пен ғұсыл дұрыс болу үшін тырнақ лакпен боялмауы қажет;
2. Су өткізетін қына секілді бояумен тырнақ бояуға рұқсат;
3. Лакпен боялған тырнаққа мәсих тартуға болмайды. Ондай адамның дәреті мен ғұсылы қабыл болмайды.
[1]Самия Һаяша, Нәуәзилу зинату әл-марәти фи әл-фиқһи әл-исләмия. – Алжир, Жәмия әш-шәһид ләхадар әл-уәди, 2015 ж. 26-бет.
[2]Әл-Маусуғату әл-муйассарату фи фиқһи әл-қадая әл-муғасара (тағам, киім, безену, әдеп бөлігі). - Эр-Рияд, мәрказу әт-тамиз әл-бахси фи фиқһи әл-қадая әл-муғасара, 2014 ж. 153-бет.
[3]Әш-Шурунбуләли, Мәроқи әл-фәләх би имдәди әл-фәттах. – Бейрут, Дәру әл-кәтуби әл-илмия, 2004 ж. 25-бет.
[4]«Майда» сүресі, 6-аят.
[5] Муслим, №234.
[6] Али Жума, Фәтәуа ән-ниса. – Каир, әл-муқаттам ли ән-нәшри уә әт-тәузиғ, 2010 ж. 141-142.
[7]Али Жума, Фәтәуа ән-ниса. – Каир, әл-муқаттам ли ән-нәшри уә әт-тәузиғ, 2010 ж. 142-бет.
[8] Ахмад ибн Мухаммад ибн Исмайыл әт-Тахтауи, Хашияту ат-Тахтауи. – Бейрут, Дәру әл-кутуби әл-илмия, 1997 ж. 63-бет.