Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Пәтуалар
        3. ЖАСАНДЫ ЖОЛМЕН ЖАҢБЫР ЖАУДЫРУДЫҢ ҮКІМІ
        ЖАСАНДЫ ЖОЛМЕН ЖАҢБЫР ЖАУДЫРУДЫҢ ҮКІМІ

        ЖАСАНДЫ ЖОЛМЕН ЖАҢБЫР ЖАУДЫРУДЫҢ ҮКІМІ

         

        بسمم الله الرحمن الرحيم


        الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين


        Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.


        Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

         

         

        Құранда жауын-шашынның Алланың қалауымен ғана жауатыны баяндалған. Алла Тағала Қасиеті Құранда:


        إِنَّ اللَّهَ عِنْدَهُ عِلْمُ السَّاعَةِ وَيُنَزِّلُ الْغَيْثَ


        «Расында, қияметтің қай уақытта орнайтындығы бір Алланың құзырында және жаңбырды да (қалған уақытында, қалаған жеріне) Өзі жаудырады...», – деген[1].


        Алла Тағала әлемдегі барлық құбылысты себеп-салдар заңдылығына тәуелді еткен. Жаңбыр жауудың да себептерге байланысты екендігі мына аятта былайша баяндалған:


        وَاللَّهُ الَّذِي أَرْسَلَ الرِّيَاحَ فَتُثِيرُ سَحَابًا فَسُقْنَاهُ إِلَى بَلَدٍ مَيِّتٍ فَأَحْيَيْنَا بِهِ الْأَرْضَ بَعْدَ مَوْتِهَا


        «Алла әуелі желдерді естіреді, сөйтіп (Оның құдіретімен) ескен желдер бұлттарды қозғалысқа келтіреді. Содан Біз ол бұлттарды өлі мекенге қарай айдап әкетеміз. Өлі жерді осылайша қайта тірілтеміз...»[2].


        Қазіргі таңда ғылым мен техниканың дамуы нәтижесінде жаңбырды жасанды жолмен жаудыруға қол жеткізілді. Яғни, жауын-шашын жаууы ықтимал аймақта арнайы технологияның көмегімен химиялық заттарды бұлттарға себу арқылы жаңбырды нөсерлетіп жаудыруда. Бұл тәжірибе кейбір елдерде іс жүзінде жүзеге асырылды. Жасанды жауын жаудырудың түпкі мақсаты – қуаңшылықтың алдын алу.


        Сондықтан себептерге сүйене отырып, арнайы технологияның көмегімен желді және бұлттарды бағындырып, жаңбыр жаудырудың шариғатқа қайшылығы жоқ. Алайда жасанды жауын жаудыру барысында тек себептермен шектелмей Алланың қалауымен жүзеге асатынын ұмытпау қажет. Мұнымен қоса жасанды жауын жаудыру қоршаған ортаға, адамдарға, жануарларға зиян тигізбеуі керек. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды»[3], – деген.


        Сондай-ақ жаңбыр жаудыруға байланысты шариғатта көрсетілген дұға ету, истисқа (тасаттық) секілді себептерді де ескерген жөн.

         

        Үкім:


        1. Ғылым мен технологияның көмегімен жаңбыр жаудыру – шариғатқа қайшы емес.


        2. Жасанды жолмен жаңбыр жаудыру қоршаған ортаға, адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге зиян тигізетін болса рұқсат етілмейді. 




        [1] «Лұқман» сүресі, 34-аят.

        [2] «Фатыр» сүресі, 9-аят.

        [3] Ибн Мажә риуаят еткен.