Авторлық құқықтар мен түпкі саудалық белгілерді қорғау
Ой-пікір авторлық құқығы мен саудалық белгілер иесіне пайда әкелетіндігіне еш күмән жоқ. Сондықтан оның иесінде меншіктік құқық бар. Қазіргі заманда баспа құралдары мен тарату әдістерінің дамуына байланысты адамдар арасында алмасу мүмкіндігі артты. Сауда белгісі мен авторлық құқық өз иесіне де, тұтынушы басқа адамдарға да пайда көзіне айналды. Сондықтан авторлық құқыққа немесе саудалық белгінің иесі болған жеке тұлға заң жүзінде сотқа жүгінуге, құқығын талап етуге мүмкіндігі бар. Бұл нәрсеге шариғатта қарсылық жоқ. Өйткені мұндай құқықтар өз иелеріне мүліктік-заттай меншіктікке иелігі бар секілді үкімге көшеді. Оның рұқсатынсыз басқа тұлғалардың иемденуіне, пайдалануына тыйым сала алады. Шариғат кісінің сөзі мен еңбегін, иелігінің сақталуын аманатты сақтау деп қарайды. Сондықтан қандай да бір кісінің өзге кісінің сөзіне өзін автор ретінде танытуын, пайдаланған сол сөздің нағыз иесіне сілмете жасамауын және еңбегі мен өнімін өзіне тиесілі секілді пайдалануын харам етіп, ондай істі аманатқа қиянат ету деп санады. Ол аманатты ескермеу мен иесінің аты-жөніне сілтеме жасамауды оны жазаға лайық ететін қулық пен жалған деп қарайды.
Осы саудалық белгілер иелерінің табыс көру үшін жұмсаған қаржылары мен қажырлы еңбектерінің ақысын бөгде адамдардың меншіктеніп пайдалануы шынайы иелерінің құқығына зұлымдық жасау және зарар беру болып табылады. Алла Тағала Құранда:
"يا أيها الذين آمنوا لا تأكلوا أموالكم بينكم بالباطل إلا أن تكون تجارة عن تراض منكم"
«Әй мүминдер, араларыңда малдарыңды тура болмаған жолдармен жемеңдер. Бірақ өзара ризалықпен сауда-саттық арқылы жеңдер,»[1] - деді.
Және тағы бір аятта:
"و لا تأكلوا أموالكم بينكم بالباطل و تدلوا بها إلى الحكام لتأكلوا فريقاً من أموال الناس بالإثم و أنتم تعلمون"
«Араларыңдағы мал-мүлікті арам жолмен жемеңдер. Және біле тұрып, адамдардың малдарынан бір бөлігін арам жолмен жеу үшін малдарыңды пара қылып, әкімдерге апармаңдар,»[2] - деді.
Сауда белгілерін бұрыс жолмен иемденген адам сырт көзге иесі секілді көрініп, тұтынушыларды алдайды, кісінің малын өзі еңбегімен жеткен секілді көрсетеді. Бухари мен Муслимнің сахих хадистерінде келген, Әсмә бинт Әби Бәкр(р.а) айтқан хадисте пайғамбарымыз(с.а.с): «Кісінің малын иемденіп, сырт көзге мал иесі секілді көрінген адам үстіндегі бір киімді екі киім секілді көрсеткен адам секілді»[3], - деді. Адамдарды алдау мен айлакерлік жасап, пайдаға жету жайында Алла елшісі(с.а.с): «Бізді кім алдаса, ол бізден емес», - деді. (Муслим риуаят еткен)
Ендеше мұндай құқықтар иесінің меншігіне жатады. Кісінің ой-пікір авторлығына және саудалық белгілерге иелігі, оның өзіне тиесілі заттай меншігіне ие болу құқығы секілді. Оны шариғатқа қайшы келмейтін қандай жолмен пайдасын көргісі келсе ерікті. Сатуға немесе рұқсатсыз пайдалануға тыйым салуға құқылы. Кісінің ондай меншіктерін қасақана құртуға немесе одан тапқан пайдасына зарар келтіруге, бұрмалауға, жалған түрде өзіне иемденуге харам іс деп үкім етіледі.
Осыған байланысты исламдық фиқһ академиясы қарар шығарды. Бұл қарарды Ислам конференциясы ұйымына қарасты Ислам фиқһ академиясы 1409-һижра жылы Кувейтте өткен бесінші конференциясында 43(5/5) нөмірлі қарар ретінде талқылады. Ол төмендегідей:
Бірінші: Саудалық атау, саудалық белгі, шығарма мен жаңалық ашу, жасап шығару – бұлар өз иелеріне тән құқықтар. Осы заманда бұл құқықтар адамдар қаржы көзін табатын қаражаттық құнға ие болды. Бұл құқықтар заң жүзінде мойындалып, оған қол сұғуға тыйым салынады.
Екінші: Егер алдау мен алаяқтық істер араласпаса, олар қаржылық құқықтарға айналғаны ескеріліп, саудалық атау немесе саудалық белгіні иесі өз еркінше пайдалануына және қаржылай айырбастау ісін жүргізуіне болады.
Үшінші: Шығарма, жаңалық ашу мен жасап шығару заң жүзінде қорғалады. Олардың иелері өз еркінше пайдаланады. Оған қол сұғуға тыйым салынады.
Осыған байланысты авторлық құқық пен тіркелген саудалық белгілерді өз атына тіркеп, адамдарға сол белгілерді түпкі белгілер етіп таныту шариғат бойынша харам саналады. Бұл алдау, алаяқтық іс делінеді. Бұл - адамдардың құқықтарына қол сұғу және бұрыс жолмен олардың меншікті мүліктерін жеу.
Шариғат бойынша тұтынушыларды алдап, пайда табу үшін осы белгілерді иемдене отырып сауда орындарын ашуға болмайды.