Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Пәтуалар
        3. ШАШТЫ ТРАНСПЛАНТАЦИЯЛАУДЫҢ ҮКІМІ
        ШАШТЫ ТРАНСПЛАНТАЦИЯЛАУДЫҢ ҮКІМІ

        ШАШТЫ ТРАНСПЛАНТАЦИЯЛАУДЫҢ ҮКІМІ

         

        بسمم الله الرحمن الرحيم


        الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين


        Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.


        Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

         

        Шаш трансплантациясы – шашты бастың таз аймағына ауыстырып емдеу мақсатында қолданылатын әдіс. Қазіргі медицинада шаш трансплантациясының табиғи және жасанды әдісі кең қолданылуда.


        1. Табиғи шаш трансплантациясы – адамның шаш тамырларын бас терісінен алып, шаш түсу аймағына имплантациялау арқылы жүзеге асырылады. Бұл мәселеге қатысты ғалымдар арасында екі ұдай пікір бар. Кейбір ғалымдар шаш егуді Алланың жаратқан жаратылысын өзгерту және шаш жалғаудың бір түрі санап, оған тыйым салған[1]


        Ал кейбір ғалымдар өсетін әрі тамыр алып кететін шашты бастың таз аймағына отырғызып емдеуге рұқсат береді. Олар «шаш трансплантациясы Алланың жаратқан жаратылысына өзгеріс енгізу яки көзбояушылық жасау емес, шашты табиғи қалпына келтіру мақсатында жасалатын емдік шара» деп есептейді[2]. Негіз ретінде таз, соқыр және алапес туралы келген хадисті дәлел етіп келтірген[3]. Хадисте таз адам кемістіктен құтылу мақсатында, басына шаш өсуін сұрайды. Демек Алла Тағаладан шаш өсуін сұрауға рұқсат етілсе, оған жету үшін шариғатқа сай емшара мен әдіс-тәсілдерді қолданудың оқасы жоқ.


        Адам үшін шаштың түсуі немесе таз болуы физикалық және психологиялық тұрғыдан кері әсерін тигізеді. Сондықтан мұндай кемістікті емдеу үшін шаш трансплантациясын жасатуға рұқсат етіледі. Бұл фиқһтағы:


        الحاجة تنزل منزلة الضرورة


        «Қажеттілік – зәруліктің орнын басады»[4] – деген қағидаға негізделеді.


        Ислам фиқһ академиясының пластикалық операцияға қатысты 2007 жылы Малайзияда өткен 18-отырысының №173 (11/18) қарарында: «Зәрулік және қажеттілік жағдайда оқыс оқиғаның, өрттің салдарынан туындаған кемістікті жою мақсатында пластикалық отаға шариғи тұрғыдан рұқсат етілгені секілді кейіннен туындаған қандай да бір сырқат салдарынан шаштың түсуіне байланысты шаш егуге де рұқсат етіледі»[5] делінген.


        Олай болса, өсетін әрі тамыр алып кететін донорлық шашты адамның өз денесінен алып, бастың таз аймағына отырғызып емдеуге рұқсат[6]. Ал басқа біреудің шашын пайдалануға келсек, ханафи мәзһабының ғалымы Бадруддин әл-Айни былай дейді: «Адамның шашын сатуға да, пайдалануға да болмайды. Бұған байланысты ғұламалардың арасында талас жоқ. Тек имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша өзге адамның шашын пайдалануға рұқсат»[7].


        2. Жасанды шаш трансплантациясы – синтетикалық талшықтарды бастың таз аймағына егу арқылы жүзеге асырылады. Жасанды шашты егу барысында адам денесі синтетикалық талшықты қабылдамайтын жағдайлар жиі орын алады. Ондай кезде адам ағзасына зиян келтіретін дәрілер қолданылады. Ал шариғатта өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге рұқсат етілмейді[8].


        Синтетикалық талшықтан тұратын жасанды шаш өспей, сол қалпында қалады. Оны қысқартып алуға да, тақырлап алуға да келмейді. Мұндай шаш жалғаудың негізгі мақсаты көзбояушылықты білдіретіндіктен кейбір ғалымдар жасанды шаш трансплантациясына тыйым салған[9].


        Дегенмен кей ғалымдар бас терісіне зиян тигізбейтін болса әрі шашты шығарудың басқа жолы табылмаса, жасанды шаш отырғызуға рұқсат берген. Себебі «синтетикалық талшықтардан жасалған шаш трансплантациясы шаш жалғаудың үкіміне кірмейді. Өйткені мұндай әдісте шаш жалғанбайды, керісінше егіледі, отырғызылады» – деген[10].


        Ал ханафи мәзһабында адамның шашын жалғауға тыйым салынады. Алайда адамның шашынан басқа шаштарды (жануарлардың және синтетикалық талшықтарды) жалғауға рұқсат етіледі[11]. 

         

        Үкім:


        1. Табиғи шашты адамның өз денесінен алып, бастың таз аймағына отырғызуға рұқсат.


        2. Өзге адамның шашын егуге тек зәрулік жағдайда ғана рұқсат етіледі. Алайда адам шашын саудаға салуға болмайды, ол – харам.


        3. Түсіп қалатын шашты көзбояушылық мақсатында отырғызуға болмайды.


        4. Жасанды шаш трансплантациялау адамның бас терісіне зиян тигізбесе әрі кемшілікті жоюдың басқа жолы болмаса, бұл әдіске рұқсат етіледі.



        [1] Әл-Маусуғату әл-муяссара фи фиқһи әл-қадая әл-муағасара (қисму әл-фиқһи әт-тибби), 204.

        [2] Мухаммад Усман Шубайр, Әхкәму жәрахати әт-тәжмили фи әл-фиқһи әл-исләми, 23. Махмуд әс-Сартауи, хукму әт-тәшрих уә жәрахату әт-тәжмил фи әш-шәрғияти әл-исләми, мәжәлләту дирасат, 3-саны, 1984 ж. 149. Фиқһу ән-нәуәзил, 154. Али Мухиддин әл-Қараһдағи. Али Юсуф әл-Мәһди. Фиқһу әл-қадая әт-тиббияти әл-муғасара, 535.

        [3] Бұхари, №3464. Мүслим, №2964.

        [4] Шарху мәжәлләти әл-ахкәм, 32/38. Ибн Нужәйм, әл-әшбәһ уә ән-нәзайр, 91. Әл-уәжиз, 183. Әл-Қауаиду ән-Нәдәуи, 233.

        [7] әл-Бинәяту шарху әл-һидәя, 8/166.

        [8] Ибн Мәжа, №1909.

        [9] әл-Маусуғату әл-муяссара фи фиқһи әл-қадая әл-муғасара (қисму әл-фиқһи әт-тибби), 204-205.

        [11] Хашияту Ибн Абидин, 3/373, 1/243. Әл-Фәтәуа әл-һиндия, 5/358. Умдату әл-Қари, 19/226.