Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Пәтуалар
        3. ЖЕЛІЛІК МАРКЕТИНГ ҮКІМІ
        ЖЕЛІЛІК МАРКЕТИНГ ҮКІМІ

        ЖЕЛІЛІК МАРКЕТИНГ ҮКІМІ

         

        بسم  الله الرحمن الرحيم

         

        الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين

         

        Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

         

        Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

         

        Желілік маркетинг пен қаржылық пирамиданың құрылымы ұқсас болғанымен, екеуінің жұмыс жүйесі екі түрлі. Қаржылық пирамидалар ешқандай өнім немесе тауар ұсынбайды, айналымда тек ақша жүреді. Оның жұмыс жасау принципі мынадай: сіз алдымен белгілі бір сомада ақшалай салым саласыз, сонан соң сіздің артыңыздан тіркелген адамдардың салымының есебінен пайыздық үлес алып отырасыз. Салымшылардың саны көбейген сайын табыс та еселене береді. Мұнда алдаушылық, көмескілік, айлакерлік және басқа да заңсыз (шариғатқа қайшы) әрекеттер болғандықтан, бұл кәсіппен айналысуға шариғатта рұқсат жоқ.  

         

        Желілік маркетинг – ол ­­тәуелсіз дистрибьютерлер (тауар өткізуші агент) желісін құру арқылы өнімді сату немесе қызмет түрін көрсету. Мұнда өнім делдал арқылы емес, өндіруші компаниядан тікелей тұтынушының қолына тиеді. Әрбір агенттің табысы өнімді сатқаны үшін берілетін үстеме ақы және қол астындағы агенттерінен түскен сыйақыдан құралады. Өз тобына тіркелген агенттердің саны неғұрлым көбейген сайын, табыс та соғұрлым молайып отырады.

         

        Алла Тағала:

        وَلَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ

        «Бір-бірлеріңнің мал-мүліктеріңді арам жолмен жемеңдер»[1], ­– деп бұйырады.

         

        Шариғат тұрғысынан желілік маркетинг дұрыс (адал) кәсіп болу үшін төмендегі шарттар табылуы тиіс:

         

        1. Компания мүшелерінің мақсаты әрі әрекеті жаңа клиенттерді тартып, солар арқылы делдалдық немесе сыйақы секілді ақшалай табыс табумен шектелмеуі тиіс. Керісінше, компания сауда-саттық немесе нақты қызмет көрсету негізінде құрылуы керек. Сондай-ақ компания тарапынан ұсынылған тауар немесе қызмет түрі шариғат тұрғысынан халал болуы шарт;

         

        2. Ұйымға мүшелікке тіркелу алдын-ала төлемсіз (тіпті тауар сатып алу арқылы болса да) болуы шарт. Жұмысты ұйымдастырушы адамдар өзінің еңбегі немесе қызметі үшін ақы талап ете алады. Бірақ төлемін өнімнің немесе орындалған жұмыстардың өзіндік құнынан қымбат сұрауы дұрыс емес;

         

        3. Компания мүшесі өнімді сату немесе қызмет көрсету арқылы жаңа клиенттерді тартуға міндеттелмеуі шарт;

         

        4. Желілік маркетингке қатысушы адамның өзінің тікелей клиенттерінен сыйақы алуы дұрыс. Ал өзінен кейінгі 2-ші, 3-ші немесе т.б. тізбектегі клиенттердің есебінен сыйақы алу дұрыс емес. Өйткені мұндай кәсіп ешбір әрекетсіз немесе еңбексіз жасалған болып саналады. Сондықтан ол адал табысқа жатпайды;

         

        5. Қатысушы тарап кез келген уақытта ерікті түрде қандай да бір кедергісіз ұйымнан шығып кету құқығына ие болуы тиіс[2].

         

         

         

        ҮКІМ:

        1. Желілік маркетинг дұрыс болу үшін бірінші кезекте компанияның көрсететін қызмет түрлері мен ұсынатын тауарлары халал болуы тиіс.

         

        2. Жоғарыда айтылған шарттар толықтай табылмаған жағдайда ондай сауда түріне шариғатта тыйым салынады, оның табысы халал болмайды.

         

        *Қазіргі таңда көптеген желілік маркетинг жүйесінде аталмыш шарттар толық табылмайтындығын ескерген жөн.

         

         

         

         



        [1] «Бақара» сүресі, 188-аят.

        [2] «Желілік маркетингтің үкімі» атты пәтуа, Евразия пәтуа кеңесінің ІІІ отырысы, Стамбул қаласы, 21-22 желтоқсан, 2018 жыл.