Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан

          ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
        ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ ПӘТУА ЕРЕЖЕСІ

          1. Аңдатпа.

        Қандай-да бір мәселенің шариғи үкімін лайықты мамандарынан сұрау «әл-истифта» немесе «әс-суал» ( الاستفتاء أو السؤال) деп аталады.

        Шариғи үкімді, пәтуаны сұраушы кісі «әл-мустафти» немесе «әс-сәәил» (المستفتي والسائل) деп аталады.

        Ал шариғи үкімді, пәтуаны жазбаша немесе ауызша тұрғыдан жауап беруді «әл-ифта» немесе «әл-ижаба» (الإفتاء أو الإجابة) деп атайды.

        Шариғи үкім  немесе пәтуа беруге уәкілетті тұлға «әл-мүфти» немесе «әл-мужиб (المفتي أو المجيب) деп аталады.

        Қандай да бір мәселеге қатысты алуан түрлі үкімдердің, пәтуалардың арасынан пәтуаға лайық көрілген таңдаулысы «әл-муфта биһи» (المفتي به) деп аталады.

        Қандай да бір мәселеге қатысты алуан түрлі көзқарастардың, үкімдердің арасынан пәтуаға лайықтысын көрсететін сөз тіркестерін «Аламатул-фәтуа» (علامة الفتوى) деп атайды. Мәселен: الفتوى على هذا أو العمل على هذا أو هذا أصح

        Шариғи үкім немесе пәтуа беруге уәкілетті тұлғаның бойынан табылуы міндетті қасиеттер мен ерекшеліктер, әрі үлкен мән берілетін қағидалар мен негіздер «әдабул-муфти» немесе «әдабул-фәтуа» немесе «расмул-мүфти» (آداب  المفتي أو آداب  الفتوى أو رسم المفتي) деп аталады.

        Шариғи үкім немесе пәтуа сұрап келген кісінің бойынан табылуы міндетті қасиеттер мен әдептер «әдабул-мустафти» (آداب  المستفتي) деп аталады.

        Қандай да бір мәселені көз алдына  келтіру, елестету  тасауур (التصور) деп аталады.

        Қандай да бір мәселені фиқһи бір бөлімнің аясында қарастыру тәкииф (التكييف) деп аталады.

        2. Пәтуа

              Пәтуа сөзінің араб тіліндегі мағынасы (الفتوى والفتيا) «фақиһтің берген пәтуасы», «берілген сұрақты баяндап пәтуа берді» деген мағыналарды білдіреді.

        Терминдік мағынасы: Орындалуын талап етпеу шартымен шариғи үкімді баян ету дегенді білдіреді. Ән-Науазил, әл-мәса-ил, әл-әжуиба (النوازل والمسائل والأجوبة ) деп те аталады.

        а. Пәтуа жалпылай жазбаша және ауызша формада жүзеге асады. Кей жағдайларда ишарат арқылы да іске асады.

        ә. Пәтуа парыз, сүннет, харам, мәкрүһ және мубах секілді шариғи, тәклифи үкімдерді қамтуымен қатар, сахих, фасид немесе батыл тәрізді уадғи үкімдерді де қамтиды.

        б. Пәтуа ақида үкімдерін де қамтиды. Атап айтсақ «ридда» мәселесін және оған қатысты үкімдерді қамтиды. Мәселен қандай да бір ақидаға қатысты сауал сұралса, аталмыш сауалға мүфти күпірлік немесе ридда немесе харам бидғат секілді үкімдер бере алады. Негізінде бұл ақидаға араласу дегенді білдірмейді. Керісінше сахих ақидаға қайшы келген көзқарастардың теріс тұсын айтып беруден туындайды.

        Пәтуа үлгісі.

        Қандай да бір мәселенің үкімі, пәтуасы сұралғанда ол сауал мүфтидің ой шеңберінде төрт кезеңнен өтеді:

        1.Тасауур – мәселені көз алдына келтіру, елестету (التصور).

        2.Тәкииф – мәселені фиқһи бір бөлімнің аясында қарастыру (التكييف).

        3.Үкім – мәселеге қатысты фиқһта келген үкімін баян ету (الحكم).

        4.Пәтуа – мәселенің пәтуасын беру (الفتوى).

        Тасауур кезеңінде мустафти мәселені толықтай суреттеп береді. Мустафтидің сауалын жіті тыңдай отырып немесе оқи отырып мүфти мәселені нақты көз алдына келтіруге күш салады. Негізінде мәселені баяндап беру тікелей мустафтиға байланысты. Сондай-ақ, мүфти мустафтиге қосымша сұрақ қоя отырып та мәселенің көрінісін елестетуге қол жеткізе алады. Міне, осы кезеңде «хаср» жүзеге асады. Хаср деп баяндау процесі жүріп жатқанда өзге сауалдардан аулақ бола отырып тек мәселеге қатысты сұрақтармен ғана шектелуді атайды. Мәселен, мустафти сауалынан ауытқып, өзінің жеке проблемаларын айтып кетпеуі немесе бір сауалдың ішінде бірнеше сауал қойып кетпеуі тиіс.

        Такииф – мәселені фиқһи бір бөлімнің аясында қарастыру дегенді білдіреді. Яғни, қарастырылып отырған мәселе қай бабқа (ғибадат, муғамалат, жинаят (қылмыстық кодекс) немесе ахуалуш-шахсия (отбасылық құқықтар)) кіретіндігі анықталуы ләзім. Сұралған мәселе фиқһта келсе «ташбих» деп аталып, фиқһта келмесе «тамсил» деп аталады. Тамсилге мәселен салым салуды (депозитті) келтіруге болады.

        Шариғи үкім – мукаллафтың ісін сипаттау (уасфул фиғлил мукаллаф) дегенді білдіреді. Егер мәселе фиқһта қарастырылған болса үкімі фиқһтан шығарылады. Ал, егер фиқһта қарастырылмаған болса шариғи-ижмали дәлелдерге сүйене отырып жаңа зерттеу жүргізіледі.

        Пәтуа шығару.

        Пәтуа мақасид шариғатқа, қатғи (нақты) насқа, келіскен ижмағқа, фиқһи жалпылама қағидаға қайшы келмеуі керек. Ескеретін жайт, пәтуа заман, мекен, тұлғалар және хәлдерге қарай өзгеріп отырады.

         Заманның өзгеруіне байланысты пәтуаның өзгеруі.

        а.Зәйд ибн Халид әл-Жуһани риуаят еткен хадисте бір бәдәуи Пайғамбарымызға (Алланың оған иігілі мен сәлемі болсын) келіп тауып алған нәрсе жайында сұрайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған иігілі мен сәлемі болсын): «Тауып алған нәрсеңді бір жыл бойы адамдарға айта жүр. Дорбасының сипатын да айта жүр. Біреу сипаттарын айтып, сұрай келсе бер.  Ал, ешкім келмесе садақа етіп беріп жібер»,-деп жауап береді.

        Бәдауи: «Тауып алған нәрсе қой болса қалай болады?»,-деп сұрайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!):«Олай болса саған немесе бауырыңа немесе қасқырға бұйырады»,- деп жауап қатады.

        Бәдауи: «Түйе қалай болады?»,- деп сұрайды.

        Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) реңі өзгеріп: «Оның жейтін шөбі, ішетін суы бар. Оны еркіне жібере сал»,-деп жауап қатады.

        Ал, Осман (Алла ол кісіге разы болсын): «Жоғалған заттың сипаттарын жұртқа айта жүреді. Бір жыл күтеді. Табылмаса сатады.  Иесі келсе ақшасын береді»,-деп пәтуа берген. Жоғарыда келтірілгендер заманның өзгеруіне байланысты пәтуаның өзгеруіне мысал болады.

        ә. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) заманында, Әбу Бәкірдің халифалығының тұсында және Омар (Алла ол кісілерге разы болсын!) халифалығының алғашқы жылдарында егер күйеуі әйеліне үш талақ десе, бір талақ түсетін еді. Кейін Омар (Алла ол кісіге разы болсын!) сахабаларға былай деді: «Расында кей адамдар талақта асығыстық жасап жатыр, оларға үш талақ сөзімен бірден үш талақ түсуіне қалай қарайсыңдар?»- деп сұрайды. Нәтижесінде сахабалар бір ауыздан үш талақ сөзімен үш талақ түседі деген шешімге келген.

        Мекеннің өзгеруіне байланысты пәтуаның өзгеруі.

         Мекеннің өзгеруінен туындайтын пәтуа ауа райының ыстық, суық, жаңбырлы, құрғақ болуына тікелей қатысты. Мысалы ауа райының ыстық, суық болуына байланысты балиғатқа жету де әр түрлі болады. Аббаси халифаларының бірі имам Мәлікке Ибн Аббастың рұқсаттарын және ибн Омардың табиғаты қаталдау пәтуаларынан аулақ бола отырып бір кітап жазуын сұрайды. Имам Мәлік халифа сөзін жерге тастамай «Муатта» кітабын жазады. Халифа барша мұсылманды сол кітапта келген үкіммен жүргізбекші болады. Ал, аталмыш еңбекті жазған Имам Мәлік болса: «Уа момындардың әміршісі! Бұлай жасамаңыз. Себебі әр жердің өзіне тән әдеттері бар»,-дейді.

        Тұлғалардың өзгеруіне байланысты пәтуаның өзгеруі.

        Амр ибн Ас (Алла оған разы болсын!): «Біз Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) қасында едік. Бір жігіт келіп, Уа Алланың елшісі! Мен ораза халінде әйелімді сүйе аламын ба?»,-деп сұрады. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Жоқ»,- деп жауап берді. Артынша бір шал келіп: «Уа Алланың елшісі! Мен ораза бола тұра, әйелімді сүйе аламын ба?»,- деп сұрады. Пайғамбарымыз (Алланың оған иігілігі мен сәлемі болсын!): «Иә»,- деп жауап берді. Біз бір сауалға Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) екі түрлі жауап бергеніне таң қалып, бір-бірімізге қарадық. Мұны байқаған  Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!): «Мен сендердің бір-бірлеріңе түсінбей қарағандарыңды көрдім. Шал өз нәпсісін ұстай алады»,- деді. Бұл риуаят пәтуаның адамдарға байланысты өзгеруіне мысал болады.

        Халдің өзгеруіне байланысты пәтуаның өзгеруі.

        Сәлама ибн Акуағ Пайғамбырымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) былай дегенін риуаят етеді:

        «Кімде-кім биыл құрбан шалса, үш күннен артық үйде етін сақтамасын». Келесі жылы сахабалар Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) келіп: «Уа Алланың елшісі! (Құрбан етін) биыл да былтырғыдай жасаймыз ба?»,-деп сұрайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!): «Биыл құрбан етін өздерің жеңдер! Өзгелерге де жегізіңдер. Қажет болса, қор жинап алыңдар. Себебі, былтыр адамдар қиыншылыққа душар болған еді. Сол шақта бір-біріңе қол ұшын берулеріңді қалаған болатынмын»,-деп жауап береді. Міне осы риуаят халдің өзгеруіне байланысты пәтуаның да өзгеріске ұшырайтындығына мысал болады.

        Ескерту:

        * Өзгеріске ұшыраған үкім негізінен қатғи настарға қатысы болмайды. Әдет-ғұрыпқа, ижтихади мәселелерге (мәселен, қияс, истихсан, масалихул мурсала тағы да басқа дәлелдерден алынған үкімдерге) тікелей байланысты болады.

        * Пәтуа шығаруда ұстанатын жол шариғи дәлелдерді ретімен пайдалануы керек. Олар: Құран, сүннет, қияс. Бастысы шығарылған үкімдер ижмағқа қайшы келмеуі тиіс.

         3. Пәтуа берудің жалпылай ережесі.

        а. Насты жете түсіну. (إدراك النص) Бастысы нас шариғат ілімдері шеңберінде ұғынылуы тиіс.

        ә. Мәселені толық түсіну. (معرفة الواقعة أو السؤال على الوجه الصحيح) Себебі, мәселені дұрыс түсінбеу (тасауур жасай алмау) қате пәтуаның берілуіне себепші болады.

        б. Мустафтидің жағдайын ескеру. (معرفة ظروف المستفتي) Себебі, шариғи дәлелдер негізінде кейбір үкімдер өзгеріп отырады.

        в. Мәселенің шариғи үкімін білу. (معرفة الحكم الشرعي في المسألة) 

        г. Асықпай шешім қабылдау.

        ғ. Пәтуаны бүге-шүгесіне дейін толық баян ету.

        д. Пәтуаның ықпалын, әсерін пайымдай білу. Себебі мүфти дәрігерге ұқсайды. Мәселен бір тұлғаға берілген дәрінің оған пайдасы тигенімен, келесі бір тұлғаға дәл сондай әсер бермеуі мүмкін. Сондықтан мүфти бір сауалдың өзіне екі түрлі жауап беруі әбден мүмкін. Өйткені мүфти қоғамдағы кейбір жайттарды ескере отырып үкімді қатайтып жіберуі ықтимал. Немесе кейбір жағдайларда үкімді жұмсартуы да әбден мүмкін.

        ж. Пәтуаның дәлелін, дереккөзін көрсету.

        з. Пәтуаны өзгерту.

        4. Пәтуа мен қазаның айырмашылықтары.

        Мүфти де, шешім және үкім шығаруға уәкілетті қази да шариғи дәлелдер шеңберінен шықпайды. Дей тұрғанмен «пәтуа» мен «қазаның» арасында мынадай ерекшеліктер бар:

        1. Ифта шариғи үкімді баяндауға, хабардар етуге негізделеді. Әрі пәтуа ақыл, кеңес сипатында болғандықтан мүфти берген пәтуа аясында мүстафтиді амал етуге мәжбүрлей алмайды. Ал қаза шариғи үкімді баяндаумен қатар, шығарған шешім аясында міндеттер жүктей алады. Сондықтан дауласушы екі тарап та, қазидың шешімін орындауға міндетті болады.

        2. Пәтуа шариғи, тафсили дәлелге негізделгендіктен діни үкімге түсініктеме береді. Әрі діни үкім қамтитын шеңберді көрсетеді. Сол себепті пәтуа сипатындағы шариғи жауаптар сауал иесін және өзгелерді де қамтиды. Ал қазидың үкімі жалпылама сипатта болмайды. Тек жекелеген тұлғаларды ғана қамтиды. Сондықтан қазидың арнайы рұқсатынсыз қази үкімін пайдалануға болмайды.

        3. Пәтуа шариғи үкімдерді және алуан түрлі барша мәселелерді тіпті қазаға қатысты істерді де қамтиды. Ал қаза, шешім шығаруға және заңдастыруға қатысты істерді ғана қамтиды. Мәселен қази, «мына намаз сахих» немесе «мына намаз сахих емес» деген үкім бере алмайды.

        4. Қаза негізінде мемлекетке тиесілі болғандықтан, мемлекет атынан үкім шығарады. Сондықтан қазилық міндеті жүктелмеген тұлға, мүжтаһид болса да үкім бере алмайды. Ал ғылыми қабілеті орныққан кез-келген тұлға пәтуа бере алады.

        5. Мүфтидің пәтуасы қандайда бір мәселенің діни тарапын қарастырады. Әрі пәтуаның орындалуын тұлғаның өз ар-ожданына жүктейді. Ал, қазидың үкімі мәселенің соттық тарапын қарастырады. Яғни, әуелгісінен діни-ғылыми, ал екіншісінен құқықтық шешімдер туындайды.

        5. Шариғат және пәтуа бөлімінің фиқһи зерттеу жүргізу әдістемесі

        Фиқһи зерттеудің анықтамасы (تعريف البحث الفقهي)

        Фиқһи зерттеу деген сөз тіркесі екі сөзден құралған.

        Фиқһ сөзінің терминдік мағынасы: Тафсили дәлелдерден шығарылған амали шариғи үкімдердің жиынтығы фиқһ деп аталады.  Ал, зерттеу сөзінің фиқһ ғылымындағы терминдік мағынасы, тафсили дәлелдерден шариғи үкімдер шығаруға күш салу дегенге саяды. Демек, фиқһи зерттеу деп тафсили дәлелдерден амали, шариғи үкімдер шығаруда зерттеушінің (мүжтаһидтің) барша күшін сарп етуін атайды.

        Фиқһи зерттеудің түрлері: (أنواع البحث الفقهي)

        а. Дербес фиқһи зерттеу жүргізу (البحث المستقل) 

        Мұндай зерттеулер қандай да бір шариғи мәселенің шариғи үкімін білу мақсатында Құран Кәрім, сүннет, ижмағ, қияс секілді шариғи, ижмали дәлелдерге тікелей көз жүгірту арқылы жүзеге асады. Әрі бұл істі мүжтаһид өзгелерге еліктеместен өзі негізін салған қағидалар аясында іске асырады. Мұндай зерттеулерді қалыптастырғандардың қатарына төрт мәзһаб имамын жатқызуға болады. Аталмыш зерттеулер фиқһи еңбектер ретінде жарық көрген. Мәселен, ханафи мәзһабында имам Мұхаммедтің «Заһирир-риуая» атты еңбегін осы санатқа жатқызуға болады. Себебі, аталмыш кітаптарда имам Әбу Ханифаның алуан түрлі мәселелерге берген үкімдері қамтылған.

        ә. Тәуелді, жалпылама фиқһи зерттеу жүргізу (البحث المطلق غير المستقل)

        Мұндай зерттеулер де қандайда бір мәселенің шариғи үкімін білу мақсатында Құран Кәрім, сүннет, ижмағ, қияс секілді шариғи, ижмали дәлелдерге тікелей көз жүгірту арқылы жүзеге асады. Алайда, бұл істі іске асыру барысында өзгелер негізі қаланған қағидаларды қолданады. Зерттеу қорытындысы кейде бірдей кейде басқаша болып шығады. Осындай бағыттағы зерттеу жүргізгендердің қатарына ханафи мәзһабында имам Әбу Юсуфты жатқызуға болады. Атап айтсақ «Хараж» атты кітабы осыған мысал болады. Себебі, ол кейбір мәселелерде ұстазы имам Әбу Ханифамен келіскен, ал кейбір мәселелерде келіспей өз көзқарасын білдірген.

        б. Шектеулі фиқһи зерттеу жүргізу (البحث المقيد)

        Мұндай зерттеулер қандай да бір мәселеге ортақ иллеті болғандықтан дербес зерттеу жүргізген имамның дәл сондай мәселеге берген үкімін бұлжытпай беру арқылы іске асады. Бұл тәсіл «тахриж» деп те аталады. Мұндай зерттеулердің қорытындылары белгілі бір мәзһаб шеңберінде пәтуалар болып қалыптасады. Мәселен, ханафи мәзһабы ғұламаларының арасынан имам әл-Кәрхиді осы санатқа жатқызуға болады.

        в. Анықтау, артық көру мақсатында жасалатын фиқһи зерттеу.

         (البحث الترجيحي)

        Мұндай зерттеулерде қандай да бір мәселеге шариғи үкім беру қарастырылмайды. Керісінше жоғарыда келтірілген фиқһи зерттеулер нәтижесінде қол жеткізген әр түрлі үкімдерді талдауды қарастырады. Мақсаты алуан түрлі риуаяттардың арасынан ең қуаттысын таңдау, ең сахих үкімді таңдау, қиясқа ең үйлесімдісін сұрыптау, сүннетке ең жақынын іріктеу және адамдарға ең қолайлысын  таңдау болып табылады. Ханафи мәзһабында имам әл-Мирғинанидің «Мухтарат ән-Нәуазилиін» осы еңбектердің қатарына жатқызуға болады.

        г. Нақли фиқһи зерттеу жүргізу. (البحث النقلي)

        Мұндай зерттеулерде ешбір мәселенің шариғи үкімі қарастырылмайды. Сонымен қатар, қандай да бір көзқарасты өзге көзқарастардан артық көру де зерттелмейді. Осы бағыттағы зерттеуді жүргізуші бар болғаны ең дұрыс көзқарасты кітап бетіне түсіру, дәлелі күштірек имамның шариғи үкімін келтірумен айналысады.

        6. Шариғат және пәтуа бөлімінің пәтуа әдістемесі

        Фиқһи мәселелердің саны өте көп және алуан түрлі. Себебі, адамзат баласының саналы ғұмырына қатысты мәселелердің барлығын қамтиды. Міне, осы мәселелердің баршасын  қамтитын әрі олардың шариғи үкімдеріне қатысты ғұламаларымыз қалдырған мол қазына бар. Аталмыш үкімдердің барлығы Құран Кәрім, сүннет, ижмағ, қияс, истихсан тағыда басқа  шариғи, ижмали дәлелдерге негізделген. Осы үлкен мұра әһлүс-сүннет уәл-жамағатқа жататын төрт фиқһи мәзһабтың еңбектерінде көрініс тапқан. Олар: Ханафи, Мәліки, Шафиғи және Ханбали мәзһабы. Мұсылмандар ғасырлар бойы аталмыш мәзһабтарды хақ деп білген. Сонымен қатар әрбір мәзһабты Алла Тағаланың разылығына жеткізетін жолдардың бірі және адамзат баласы мен қоғамды сақтауға қажетті деп танып, бірауыздан қабыл еткен. ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі шариғи, ғылыми, фиқһи бағыттың республика аумағындағы ресми уәкілетті ұйымы болғандықтан аталмыш төрт мәзһабтың арасынан ханафи мәзһабын басшылыққа алады. Оның басты екі себебі бар. Олар:

        1. Ханафи мәзһабы ғасырлар бойы Орта Азия аумағында, оның ішінде Қазақстан аумағында кеңінен тараған мәзһаб болып табылады.

        2. Ханафи мәзһабы хадис мектебі мен рай мектебін қатар ұстанған мәзһаб болып саналады. Ең бастысы, ханафи мәзһабы ғұламалары қалыптастырған әдістемелік құралдар осы күнге дейін мұсылман әлеміне қызмет етіп келеді. 

        Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы
        Ғұламалар Кеңесінің шешімімен бекітілді