ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
«Дұха» сүресінің тәпсірі

«Дұха» сүресі

«Дұха» Меккеде түскен сүре. Бұл сүреде пайғамбарымыздың ұлы тұлғасы айтылады. Сонымен қатар, есепсіз нығметтерге шүкіршілік ету үшін Алла Тағала оған екі дүниеде берген кеңшілігі мен жақсылығы баяндалады.

Сүре серт етумен басталып, мүшріктер ойлап жүргендей Алла Тағала өз пайғамбарын тастап кетпегенін және оған ашулы да емес екені айтылады. Керісінше, Алла құзырында пайғамбар қадірі биік екендігі құлаққағыс етіледі.

Сондай-ақ, ақыретте Пайғамбарға берілетін үлкен сыйын сүйіншілейді. Алла Тағала пайғамбарына дайындап қойған сан-алуан тартулары, оның ішінде ең үлкені үмбетіне шапағат етуге берілген мүмкіндік.

Сосын пайғамбар бала күнінде басынан өткерген: жетімдік, кедейлік, жоқшылық және жоғалып кете жаздауы айтыла келе, Раббысы оған пана беріп, еш нәрсеге мұқтаж етпеуі баяндалады.

Сүре соңында Алла құзырынан берілген үш нығмет қайтарымы ретінде үш өсиет айтылады. Олар: жетімге жұмсақ болу, мұқтажға мейірімділікпен қарау, үмітсіздің көз жасын сүрту.

 

Сүренің түсу себебі

Алла елшісі мазасызданып екі-үш күн тұра алмай жатып қалды. Әбу Ләһәбтың әйелі Үмму Жамил келіп: «Ей, Мұхаммед! Сені шайтаның тастап кетті деп үміт етемін. Ол саған ек-үш күннен бері жуымай қойды», – дейді. Сонда осы сүре түскен.

بسم الله الرحمن الرحيم

وَالضُّحَى

1.    Сәске уақытына серт.

 وَاللَّيْلِ إِذَا سَجَى

2.    Тым-тырыс түнге серт.

 مَا وَدَّعَكَ رَبُّكَ وَمَا قَلَى

3.    Раббың сені тастамады және жеккөрген де жоқ.

Уа, Мұхаммед! Раббың сені таңдаған күннен бері тастамады, жақсы көрген күннен бері саған ашуланбады. Бұл мүшріктердің «Оны Раббысы тастап кетті», – деген сөздеріне жауап еді.

وَلَلْآَخِرَةُ خَيْرٌ لَكَ مِنَ الْأُولَى

4.    Әрине, сен үшін соңғысы (ақырет) алғашқысынан (осы дүниеден) жақсырақ.

Уа, Мұхаммед! Саған мына дүние өмірінен ақырет жақсы. Себебі, ақырет мәңгі, ал дүние өткінші. Сондықтан пайғамбарымыз : «Уа, Раббым! Ақырет өмірінен басқа өмір жоқ», – деп дұға жасайтын.

 وَلَسَوْفَ يُعْطِيكَ رَبُّكَ فَتَرْضَى

5.    Әлбетте, Раббың саған береді де сен разы боласың.

Ақыретте саған разы болатындай сауап, керемет және шапағат беріледі. Ибн Аббас (р.а.): «Бұл пайғамбар разы болу үшін берілген үмбетіне шапағаты», – деген. Риуаятта: «Пайғамбарымыз үмбетін есіне алған кезде: «Уа, Алла! Үмбетім, үмбетім» деп көзіне жас келеді. Сонда Алла Тағала Жәбірейілге : «Мұхаммедке бар да, оның неге жылағанын сұра», – дейді. Расында Алла Тағала барлығынан хабардар. Жәбірейіл сұрағанда пайғамбар себебін айтады. Алла Тағала Жәбірейілге: «Мұхаммедке барып айт: Біз саған үмбетіңе қатысты жамандық етпейміз, риза етеміз[1]», – дейді.

Хадисте: «Әр пайғамбардың қабыл болған дұғасы бар. Барлық пайғамбар бұл дұғасын сұрап қойған. Мен дұғамды үмбетіме қиямет күні шапағат ету үшін сақтап қойдым[2]», – делінген.

Хазинде: «Ең дұрысы аяттың сыртқы мағынасы. Бұл дүние мен ақырет жақсылығын бойына алғаны. Алла Тағала пайғамбарына дүниеде қолдауы және дұшпандарының үстінен үстемдік, ілесушілері және жеңісінің көптігін, дінінің биіктігі және үмбетін басқалардан жақсырақ етуі. Ал, ақыретте жалпы шапағат және мақтаулы мәртебе сыйлаған», – деп айтылған.

أَلَمْ يَجِدْكَ يَتِيمًا فَآَوَى

6.    Сені жетім күйде тауып, пана бермеді ме?

Жақсылықты уәде еткен соң, Раббысына шүкіршілік ету үшін бала күнінде берген нығметтерін есіне салуда. Уа, Мұхаммед! Сен жетім едің, Алла Тағала немере ағаң Әбу Тәліптің бауырына салды. Ибн Касир: «Пайғамбар ана құрсаңғында жатқанда әкесі көз жұмды. Ал, алты жасқа келгенде анасынан айырылды. Сосын атасы Абдулмутталибтың қамқорлығында болды. Сегіз жасқа келгенде атасы да қайтыс болды. Соңында немере ағасы Әбу Тәліптің қарауына өтті. Пайғамбар қырық жасқа толып, уахи келіп, елге дін тарата бастағанда да немере ағасы жанында болды. Әбу Тәліп өзі пұтқа табынса да інісін мүшріктерден қорғаумен жүрді. Мұның барлығы Алла Тағаланың пайғамбарды қорғап тұрғанын білдіреді», – дейді.

وَوَجَدَكَ ضَالًّا فَهَدَى

7.    Сені адасқан күйде тауып, тура жолға салмады ма?

Сен шариғат пен діннен бейхабар, жол таппай жүрдің. Біз сені тура жолға салдық.

Әбу Хайяан: «Һидаят сөзіне кереғар адасушылық болуы мүмкін емес. Себебі, пайғамбарлардың барлығы мұндайдан қорғалған. Пайғамбар бала күнінде Меккенің маңайында адасып, Алла Тағала оны атасына қайтарған», – деген дерек бар. Және Шам жолында немере ағасымен адасып кеткен деген де риуаят бар.

وَوَجَدَكَ عَائِلًا فَأَغْنَى

8.    Сені кедей күйде тауып, байытпады ма?

Сен кедей әрі мұқтаж едің. Жұртқа мұқтаж болмауың үшін Алла Тағала саған сауда-саттық жолын оңайлатты. Осы үш нығметті айтып болған соң, үш нәрсені өсиет етуде.

فَأَمَّا الْيَتِيمَ فَلَا تَقْهَرْ

9.    Ендеше, жетімді қор санама.

Жетімді қорлап, оның дүниесін иеленіп алма. Мұжаһид: «Жетімді қорлама». Суфиян: «Жетімнің дүниесін талан-тараж етіп оған зәбір жасама», – деп тәпсірлейді. Аяттың жалпы мағынасы: Жетімге мейірімді әкедей бол, өзің де жетім болдың.

وَأَمَّا السَّائِلَ فَلَا تَنْهَرْ

10.  Сұраушыға зекіме

Кедейліктен және мұқтаждықтан сұраған кісіге зекіме, ауыр сөздер айтпа. Керісінше, көмек бер, әйтпесе көркем етіп жауап қайтар. Қатада: «Міскінге жұмсақ және мейіріммен жауап беру», – деп тәпсірлеген.

وَأَمَّا بِنِعْمَةِ رَبِّكَ فَحَدِّثْ

11.  Және де, Раббыңның нығметі мен игілігін айт.

Алла Тағаланың саған берген нығметтері туралы адамдарға айт. Өйткені, нығметтер жайлы айту шүкіршілік түрі. Алуси: «Сен жетім, адасуда және мұқтаж едің. Алла Тағала пана, тура жол мен байлық берді. Алла Тағаланың саған берген үш нығметін ұмытпа. Жетімге жұмсақ, мұқтажға мейірімді бол. Себебі, сен де жетімдік пен мұқтаждық тауқыметін таттың. Алла Тағала сені тура жолға салғанындай пенделерді де һидаятқа баста», – дейді.

ҚМДБ наиб мүфтиі,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің

Бас имамы Серікбай ОРАЗ

[1]    Мүслим

 [2]    Бұхари, Мүслим

Наверх