ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
«Ағлә» сүресінің тәпсірі

«Ағлә» сүресі

«Ағлә» сүресі меккелік сүрелер қатарына жатады. Сүреде төмендегі мағыналар қамтылған:

1. Алла Тағаланың кейбір сипаттары және Алла Тағаланың құдіреті мен жалғыздығы;

2. Уахи және елшілердің соңғысы Мұхаммедке (r) түсірілген Құран жайы және оны пайғамбарға  жаттап алуды жеңіл еткендігі;

3. Ояу жүректер пайда алатын көркем насихат. Бұл насихат бақытты да иманды жандарға күш береді.

Сүреде Алла Тағаланың мінсіз екендігі баяндалуда. Ол Алла барша мақұлықатты Жаратушы һәм ғажайып етуші. Ол бейне беріп, оны көркем етуші. Жер бетіне көп шөп пен өсімдіктер шығарушы.

Соңында уахи және Құран жайлы әңгіме өрбиді. Алла елшісіне (r) бұл қасиетті кітап Құранды жаттауды жеңіл еткендігі және оны ешқашан ұмытпайтындығы сүйіншілеп хабарланады.

Құранда адамдардың есіне салу жайлы иләһи әмір берілуде. Себебі, Құранның нұрынан мұсылмандар күш алады. Ал, насихатынан тақуалар ғибраттанады.

Сүре соңында, өзін күнә-қателіктерден арылтқан және ізгі амалдармен жуып-шайған адамның жетістікке жететіндігі баяндалады.

بسم الله الرحمن الرحيم

سَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الْأَعْلَى

1.    (Мұхаммед) Аса ұлық Раббыңның есімін ұлықта.

Ей, Мұхаммед! Ұлық Раббыңды залымдар айтқан кемшілік пен нұқсан сипаттардан пәктеп, мінсіздігін дәріпте. Ибн Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисте пайғамбар (r) осы аятты оқығанда «субхана Раббиал Ағлә[1]» (мағынасы: «Менің Ұлық Раббым кемшілік атаулыдан пәк), – деген»

الَّذِي خَلَقَ فَسَوَّى

2.    Ол жаратып, теңестірген (Алла)

Ол Алла Тағала барлық мақұлықатты жаратқан және оларды өте кемел түрде жасаған. Жаратылысты ерекше көркем кейіпте жаратты. Әлемдегі бүкіл тіршілік Жаратушының барлық нәрсені білуші һәм ерекше дана екенін көрсетуде.

وَالَّذِي قَدَّرَ فَهَدَى

3.    Және де алдын ала белгілеп, бағыттаған.

Ол Алла әрбір жаратылысқа ақыл мен сана таңданатындай етіп өзіне тән ерекшеліктер мен қасиет берген. Сондай-ақ, адамзат әлемді өз игілігіне пайдалану үшін оған ақыл мен ой-сана беріп жол көрсетуде. Адам өсімдік әлемінің ерекшелігі мен қасиеті жайлы ой жүгіртсе, жер қойнауындағы байлықтың пайдасына зер салса, сол өсімдіктен емдік дәрі-дәрмек, ал қазба байлықтан өміріне қажетті өндіріс құралдарын жасайды. Егер Алла Тағала адам баласына осыларды қалай пайдалану керектігін ақыл-ойына салмаса, қараңғылықтан көз ашпас еді.

وَالَّذِي أَخْرَجَ الْمَرْعَى

4.    Һәм жайылымдарды шығарған.

Ол Алла Тағала жануарлар жайылып қорек ететін жасыл жайлауларды жаратты.

فَجَعَلَهُ غُثَاءً أَحْوَى

5.    Сосын оны қап-қара қоқымға айналдырған.

Бұдан кейін жасыл шөпті қап-қара қураған күйге айналдырды. Жасыл шөп шұрайлы да қоректі еді. Жайлаудың шөбі күйіп кетсе ешбір пайдасы болмайтындығы жасырын емес. Әлемнің әрбір жаратылысын кемел еткен құдіретті Алла нұқсан және кемшілік атаулыдан пәк, мінсіз.

سَنُقْرِئُكَ فَلَا تَنْسَى

6.    (Мұхаммед) Біз саған (Құранды) оқытамыз және сен (оны) ұмытып қалмайсың.     

Уа, Мұхаммед! Бұл Құранды сенің көкірегіңе орнықтырамыз. Оны әсте ұмытпайсың.

إِلَّا مَا شَاءَ اللَّهُ إِنَّهُ يَعْلَمُ الْجَهْرَ وَمَا يَخْفَى

7.    Бірақ, Алланың қалағанын ғана (жадыңнан шығарасың). Негізінде, Ол жарияны да, жасырылғанды да біледі.          

Алайда, тек Алла Тағала қалаған жайтты ғана ұмытасың. Осы аят Пайғамбарымыздың (r) мұғжизасы. Пайғамбар (r) оқу және жазуды танымаған кісі еді. Соған қарамай өзіне Жәбірейіл  оқып берген аяттарды мүлде ұмытпайтын. Бұл ұлық кітапты ешбір үйретусіз, қайталаусыз ұмытпай жаттап алуы оның пайғамбарлығының ең айқын дәлелінің бірі. Ибн Касир: «Бұл Алла Тағала тарапынан пайғамбарымызға (r) берілген уәде. Пайғамбарға Құран аяттарын ешбір ұмытпайтындай етіп оқып беру», – дейді.

Расында ол Алла пенделердің жария және жасырын амалдарын толық білуші. Алла Тағалаға жер мен аспанда ешбір нәрсе беймәлім емес.

وَنُيَسِّرُكَ لِلْيُسْرَى

8.    Және де Біз саған оңай болғанды жеңілдетеміз.

Расында сені Біз жеңіл және аса оңай шариғатқа бағыттаймыз. Ол аспаннан түскен барлық шариғаттардың ең жеңілі һәм ыңғайлысы. Бұл – Ислам шариғаты.

فَذَكِّرْ إِنْ نَفَعَتِ الذِّكْرَى

9.    Естеріне салу пайда беретін болса, насихат ет.

Уа, Мұхаммед! Құранмен олардың есіне сал. Өйткені бұл насихат пен еске салу оларға пайдалы. Ибн Касир: «Осы аяттан білім беру (тарату) әдебін үйренеміз. Білімді лайықты адамнан басқа біреуге табыстамаймыз. Әли (р.а.) айтқандай: «Сен ақылы жетпейтін адамдарға бір хадис айтар болсаң, айтқаның олардың кейбіріне фитна (бүлік) болады», – деген. Сондай-ақ, ол кісі: «Адамдарға олардың танымына сай білім жеткізіңдер. Әлде, сендер олардың Алланы және елшісін өтірікші дегенін қалайсыңдар ма?» – деген.

سَيَذَّكَّرُ مَنْ يَخْشَى

10.  Әлдекім Алладан қорықса, есіне (үгіт-насихат) алады.

Бұл еске салу насихатынан Алла Тағаладан қорқушы тақуа жан ғибрат алады.

وَيَتَجَنَّبُهَا الْأَشْقَى

11.  Ал, ең бақытсыз болған ғана өзін аулақ ұстайды.

Ал, бақытсыздық батпағына батқан шектен шыққан кәпір насихатты қабылдаудан бас тартады.

الَّذِي يَصْلَى النَّارَ الْكُبْرَى

12.  Ол (бақытсыз) зор тозаққа салынады.           

Ол бейбақ жанып тұрған жаһаннамға тасталады. Хасан: «Үлкен от – ақыреттегі от, ал кішкене от – дүниедегі от», – деген екен.

ثُمَّ لَا يَمُوتُ فِيهَا وَلَا يَحْيَا

13.  Сосын ол онда өлмейді де, өмір де сүрмейді.

Ал, тозақ отына түскен бейбақ өліп, жаны жай таппайды. Және де тыныш бір тіршілік те жоқ оған. Ол мәңгі азапқа душар болмақ.

قَدْ أَفْلَحَ مَنْ تَزَكَّى

14.  Анығында, өзін тазартқан – мұрат-мақсатына жетті.

Нәпсісін иманмен тазалаған және Алла Тағала алдындағы амалын ықыласпен орындаған жан жамандықтан құтылады.

وَذَكَرَ اسْمَ رَبِّهِ فَصَلَّى

15.  Және Раббысының атын еске алып, намаз оқыған.

Ол тақуа адам Раббысының ұлылығы мен құдіретін еске алып, Алла Тағаланың әміріне бойұсынып намаз оқиды.

بَلْ تُؤْثِرُونَ الْحَيَاةَ الدُّنْيَا

16.  Алайда, сендер дүние тіршілігін артық көресіңдер.

Алайда, уа, адамдар! Сендер мәңгілік ақыреттен пәни дүниені артық көресіңдер. Дүниемен әлек болып ақыретті ұмытып кетесіңдер.

وَالْآَخِرَةُ خَيْرٌ وَأَبْقَى

17.  Ал, ақырет (мәңгілік өмір) қайырлы да, тұрақты.

Бірақ, ақырет дүниеден қайырлы әрі мәңгі. Өйткені дүние – пәни, ал ақырет – мәңгілік. Ал, мәңгілік қашанда пәниден артық. Қалайша ақылды жан пәниді бақидан абзал көрмек? Ибн Масуд (р.а.) өз жолдастарына осы аятты оқып беріп: «Біз не үшін дүниені ақыреттен артық санайтынымызды білесіңдер ме? – деді. Жолдастары: «Жоқ», – десті. Ибн Масуд (р.а.): «Өйткені дүние бізге өзінің тағамын, сусынын, әйелдерін, рақаттары мен қуанышып жылдам ұсынды. Ал, ақырет болса бізден тасада тұр. Сондықтан біз жылдам келген нәрсені жақсы көріп, кейін келетін нәрседен бас тарттық», – деген екен.

إِنَّ هَذَا لَفِي الصُّحُفِ الْأُولَى

18.  Негізінде, бұл бұрынғы жазбаларда бар.

صُحُفِ إِبْرَاهِيمَ وَمُوسَى

19.  Ибраһим мен Мұсаның  жазбаларында (сухуфтарында).

Сүреде айтылған бұл насихаттар көнеде Ибраһим мен Мұсаға  түскен парақшаларда да бар. Бұл бұрынғы және қазіргі шариғаттардың келіскен мәселесі. Аталмыш насихат Құран Кәрімде болғандай әуелгі қасиетті кітаптарда да жазылған болатын.

Аятқа қатысты жайт:

Мұсаның  парақшалары Таурат емес. Риуаят бойынша Мұсаға  он парақша түсірілген. Оның барлығы да ғибратты әңгімелер. Әбу Зарр (р.а.): «Мен Алла елшісінен (r) Мұсаның  парақшалары жайлы сұрадым». Пайғамбар (r): «Оның барлығы ғибратты әңгімелер, «Өлімнің ақиқат екеніне көзі жеткен адам қалайша қуанады, тозақтың барлығын білген адам қалайша күледі, дүниенің және ондағы барлық нәрсенің құбылмалы екенін көре тұра қалайша одан рақат іздейді, тағдырға сене тұра қалайша бал ашады, қияметте есеп-қисаптың болатындығын біле тұра қалайша амал (жақсылық) етпейді», – делінген.

ҚМДБ наиб мүфтиі,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің

Бас имамы Серікбай ОРАЗ

 

 

[1]    Ахмед

Наверх