ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
БІРЕУ БЕРГЕН СЫЙЛЫҚТЫ ӨЗГЕ АДАМҒА СЫЙЛАУҒА БОЛА МА?

 

Ел арасында біреудің арнайылап берген сыйлығын басқа біреуге беруге, сыйлауға, сатуға болмайды деген сөз кең тараған. Алайда дінімізде бұған тыйым салынбаған, себебі сыйлық алған адамның толықтай жеке мүлкі болып саналады. Яғни адам өз мүлкін қалай қолданам десе де өз еркі. Сатса да болады, басқа біреуге сыйлай да алады. Бұған дәлел бірнеше хадистер бар.

Хазіреті Әлиден (Алла одан разы болсын) келген риуаятта: Укайдир ибн Әбдумәлік Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жібектен тігілген киімді сыйға берді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сыйлықты алып, Әлиге берді де: «Фатималарға[1] бөліп бер, орамал жасап алсын»[2], – деді. Бұл хадистен Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне берілген сыйлықты басқа адамға сыйлағанын байқаймыз.

Имам Бұхариден жеткен басқа хадисте Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түйе сыйланған уақытта, Алла елшісі оны алып, Омардың баласы Абдуллаға (ол екеуіне Алла Тағала разы болсын) беріп, былай деген: «Әй, Омардың баласы Абдулла, бұл саған берілген сый, оны қалауыңша пайдалан»[3], – деген. Хадистегі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «оны қалауыңша пайдалан» деуі, біреудің сыйлаған нәрсесі оның жеке мүлкі болатыны және оны сату, басқа біреуге сыйлыққа беру өз еркінде екеніне дәлел бола алады.

Сондықтан сыйлық ретінде берілген кез-келген затты өзге біреуге сатуға, сыйлауға рұқсат.

 


 

[1] Бұл жердегі Фатималар деп айтуы, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатима, Әлидің (р.а) анасы Фатима және Хамзаның (р.а.) қызы Фатималарды мақсат етіп тұр.
[2] Имам Бухари және Имам Муслим.
[3] Имам Бухари

 

Жоғары