ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ИСЛАМДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТКЕ ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ?

 

Жасанды интеллект – адамның санасы сияқты әртүрлі функцияны басқара алатын күрделі механизм. Мысалы, күнделікті өміріміздің қолайлы болуына қызмет етіп, оның айырылмас бөлігіне айналып бара жатқан компьютер, жүргізушісі жоқ көлік, робот және смартфондар – соның айғағы. Алайда әлемде жасанды интеллекттің дамуына тежеу қою туралы дабыл қағуда. Өйткені, бұл даму үдерісі тоқтамаса, машина планетаны жаулап алуы ғажап емес. Нәтижесінде адамдар жұмыссық қалуы мүмкін. Осы және басқа да қауіп қатерлерді ескеріп, жасанды интеллектің қаншалықты керек екені жайында көп талқылануда, түрлі пікірлер айтылуда.

Дегенмен, адамзат барлық жаратылыстардың ішінде ең құрметті әрі артық етіп жаратылғанын, оған көп нығмет берілгенін ұмытпаумыз керек. Алла Тағала «Біз, расында да, адам баласын ардақты қылып, көптеген нығметке бөледік: оларға құрлықта да, теңізде де мініс көліктер нәсіп еттік. Таза әрі жағымды азықтарды ризық етіп бердік. Сондай-ақ, оларды жаратқандарымыздың көбінен әлдеқайда үстем қылдық»[1], – деген.

Мұсылман адам әрбір нәрседен ғибрат ала білуі қажет. Мысалы, діни сенім бойынша адам баласының әрбір айтқан сөзі, істеген ісі өзінің арнайы дәптеріне жазылады. Ал қазіргі диктофон, бақылау камерасы сияқты техникалар бізге ақыреттегі есеп-қисапты есімізге салатынын ескергеніміз жөн. Сонымен қатар, адамзат қанша дамыса да, өркениет шыңына жетсе де, өзінің дәрменсіздігін сезініп, Алла Тағаланың шексіз шеберлігін мойындаудан басқа шара қалмайды.

Алла Тағала: «Уа, адамдар! Сендерге мынадай бір мысал келтірілді, соған құлақ асындар! Сендердің Алладан басқа тәңір тұтып, жалынып-жалбарынғандарының барлығы бірігіп, жұмыла кіріссе де бір шыбын жарата алмайды...»[2], – деген.

Қазіргі техникалық жетістіктерге үміт артып, тіпті өзін Жаратушы деңгейіне қосу адасушылық болып саналады. Бұндай әрекет Құдайдың берген берген нығыметіне қастандық жасау болып есептеледі. Бүкіл әлемді ешбір қиындықсыз жоқтан бар еткен Алла Тағаламен ешкім теңесе алмайды.

Құран Кәрімде: «Олар Алланы лайықты түрде танып, бағалай алмады. Шүбәсіз, Алла – бәрінен күшті, бәрінен үстем»[3], – делінген. Дегенмен, шариғатта «қандай да бір заттың не істің тыйым салынғандығы жайында нақты мәлімет келмесе, оны пайдаланудың не іске асырудың зияны жоқ» деген қағида бар. Яғни, барлық нәрселер түп негізінде рұқсат етілген болып саналады. Сондықтан, кез келген затты пайдалы немесе зарарлы мақсатта қолдануға болатыны сияқты, жасанды интеллектің мәселесі де дәл солай анықталады. Адал жолға жұмсалса адал, арам жолға арналса арам делінеді.



[1] «Исра» сүресі, 70-аят.

[2] «Хаж» сүресі, 73-аят.

[3] «Хаж» сүресі, 74-аят.


Жоғары