ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
УКОЛ САЛСА, ОРАЗА БҰЗЫЛА МА?

 

Сұрақ: Укол салса, ораза бұзыла ма?

 

Жауап: Негізінде, шариғат бойынша табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірген нәрсе оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірген нәрсе оразаны бұзбайды. Оған:

وما يدخلُ من مسامِّ البدن من الدُّهنِ لا يفطرُ

Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды[1], деген пәтуа дәлел.

 

Имам Әбу Юсуф пен Имам Мухаммад (Алла оларды рақым етсін) бұл үкімді былай тұжырымдаған:

لا يفسد الصوم في دواء الجراحة النافذة إلى البطن و دواء الجراحة النافذة إلى الدماغ، لأن الشرط عندهما الوصول من منفذ أصلي، و لعدم التيقين بالوصول لاحتمال ضيق المنفذ و انسداده بالدواء

Қарындағы және бастағы терең жараны емдеу оразаны бұзбайды. Өйткені олардың пікірі бойынша дәрінің ішке негізгі (табиғи) жолдармен баруы шарт. Сондай-ақ жара арқылы ішке баратын жолдың тығыздылығынан және емделу барысында оның бітеліп қалуынан дәрінің ішке жетуі екіталай[2].

 

Бірақ Имам Әбу Ханифа (Алла оны рақым етсін):

و لو داوى جائفة أو آمّة بدواء، فوصل إلى جوفه أو دماغه أفطر

Қарындағы немесе бастағы терең жараны емдегенде дәрі ішке немесе бас миға жеткені үшін ораза бұзылады, деген және сұйық дәрінің ішке, бас миға жететінін ескерткен[3].

 

Қазіргі заман ғалымдары укол арқылы салынатын дәрілерді ас-су сияқты денеге азық, қуат болатын және емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) етіп, екіге бөліп қарастырады.

 

الحقنة الطبّية (الإبرة) في العضل أو تحت الجلدِ إذا كانت مادّة الدواء للعلاج و ليست للتّقوية و التّغذية. أما الحقنة في الوريد (الإبرة في العرق و ليس السيروم) فقد اختلف فيها العلماء، و الأكثرون على أنّـها لا تُفطر

Тері астына және бұлшық етке емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) укол салса, ауыз ашылмайды. Бірақ көк тамырға укол салу (қан құюдан басқа) мәселесінде ғалымдардың көзқарастары бірдей емес. Көп ғалымдар тамырға салынатын укол денеге қуат, азық болмаса, ораза бұзылмайды, дейді[4].

 

Осыған орай, емделу және аурудың алдын алу мақсатында денеге (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) ине шаншып, ішке ас-судың орнын баспайтын пенициллин, инсулин, екпе, ауырсынуды басатын, денені мұздататын, дене қызуын кемітетін дәрілер мен дәрумендерді қолдану оразаны бұзбайды.

 

Сондықтан ораза тұтатын адам алдымен дәрігерден уколдың қандай дәрі екенін сұрап білуі керек. Алайда, ораза кезінде укол салу қатты қажет болмаса, оны ауыз ашқаннан кейін немесе рамазан айынан тыс күндерге қалдырған абзал. 

 

 

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі



[1] «Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/266.

[2] «Әл-фиқһ әл-ханафи уә адилләтуһу», 1/392.

[3] «Әл-һидая шарху бидаят әл-мубтади», 1/557.

[4] «Әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 276.

Жоғары