ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ТАРАУЫҚ НАМАЗЫНА ҚАТЫСТЫ ҮКІМДЕР


2018 жылы (1439 һ.ж.) Қазақстанда рамазан айы 17 мамырда басталады. Маусым  айының 11-інен 12-сіне қараған түні – Қадір түні. Рамазан айынан бір күн алдын, яғни 16 мамырда кешке құптан намазынан соң еліміздің барлық мешіттерінде тарауық намазы оқыла бастайды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айында шынайы сеніммен әрі ықыласпен түнді намаз оқып өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деді[1].

Рамазан айында әр күні құптаннан кейін, үтірден бұрын тарауық намазын оқу еркек және әйел адамдар үшін – сүннет.

Тарауық намазы 20 ракағаттан тұрады. Ол екі ракағат немесе төрт ракағат етіп оқылады. Бұл намаз жалғыз да оқылады, бірақ мешітте жамағатпен оқу – сүннет. Тарауық намазын жамағатпен оқылғанда, үтір намазы да жамағатпен оқылады. Имам тарауық намазы мен үтір намазының қирағатын дауыстап оқиды.

Тарауық намазына былай ниет етеді: ниет еттім 2 ракағат тарауық намазын өтемекке, ұйыдым осы имамға, халисан лилләһи тағалә, Аллаһу акбар.

Әр төрт ракағат оқылғаннан кейін төрт ракағат намаз уақытындай отырып демалу – сүннет. Демалып отырған кезде үш рет мына тәсбих оқылады: [2]

"سُبْحَانَ ذِى الْمُلْكِ وَالْمَلَكوُتِ، سُبْحَانَ ذِى الْعِزَّةِ وَالْعَظَمَةِ وَالْقُدْرَةِ وَالْكِبْرِيَاءِ وَالْجَبَرُوتِ، سُبْحَانَ الْمَلِكِ الْحَىِّ الَّذِى لاَ يَمُوتُ، سُبُّوحٌ قُدُّوسٌ رَبُّ الْمَلآئِكَةِ وَ الرُّوحِ، لاَ إِلٰهَ إِلاَّ اللهُ نَسْتَغْفِرُاللهَ، نَسْئَلُكَ الْجَنَّةَ وَ نَعُوذُ بِكَ مِنَ النَّارِ"

Мағынасы: Жердегі және аспандағы жаратылыстардың иесі – Алла Тағаланы әрқандай кемшіліктен пәк деп білемін. Үстемдік, ұлықтық, құдірет және жоғары мәртебелік иесі – Алла Тағаланы әрқандай нұқсаннан пәк деп білемін. Еш өлмейтін, мәңгі тірі, бүкіл әлемнің патшасы – Алла Тағаланы әрқандай айыптан пәк деп білемін. Ол мін-кемшіліктерден пәк әрі таза, періштелердің және Жәбірейілдің Раббысы, бір Алладан басқа құдай жоқ. Біз Алла Тағаладан күнәларымыздың кешірілуін сұраймыз. (О, Жаратқан Иеміз!) Сенен жәннатты сұраймыз, Саған тозақ отынан құтқар деп сиынамыз.

Тарауық намазы аяқталып, бесінші тәсбих айтылғаннан кейін мына дұға оқылады:

"اَللَّهُمَّ صَلِّ عَلَى مُحَمَّدٍ وَ عَلى اٰلِ مُحَمَّدٍ وَ سَلِّمْ، اَللَّهُمَّ زَيِّنَّا بِزِينَةِ الإِيـمَانِ، وَ شَرِّفْنَا بِشَرَافَةِ الْهِدَايَةِ وَ الْعِرْفَانِ، وَ أَكْرِمْنَا بِصِيَامِ شَهْرِ رَمَضَانَ وَ ارْزُقْنَا الْجَنَّةَ وَ الْغُفْرَانَ، وَ تَقَبَّلْ مِنَّا تَرَاوِيحَنَا يَا سُبْحَانَ، وَ اسْتَجِبْ دُعَآئَنَا يَا حَنَّانُ، بِفَضْلِكَ وَ جُودِكَ يَا مَنَّانُ، بِرَحْمَتِكَ يَا أَرْحَمَ الرَّاحِمِينَ"

Мағынасы: Иә, Алла! Мұхаммедті және оның қауымын рақым етіп, аман қыла гөр. Иә, Алла! Бізді иман зейнетіне, тура жол және танымдық шарапатына бөле, рамазан айының оразасымен сыйла, бізге жәннатты нәсіп ет, күнәларымызды кешір. О, пәк Алла, біздің оқыған тарауық намазымызды қабыл ет. О, рақымды әрі бізге сұрамастан алдын ала беретін Алла, Өзіңнің кеңшілігіңмен әрі жомарттығыңмен біздің дұғамызды қабыл ет! О, аса рақымдылардың рақымдысы! Барлық жақсылық Сенің рақымыңмен ғана.

Тарауық намазының әр ракағатында «Фатиха» сүресінен соң бір қысқа сүре оқылады. Рамазан айы ішінде Құранды басынан бастап, аяғына дейін толық бір рет оқып шығу – сүннет.

Тарауық намазын құптан намазынан кейін оқу – сүннет. Сондықтан тарауық намазын оқу үшін мешітке келген адам алдымен құптан намазын оқиды, одан соң тарауық намазына қосылады. Тарауық намазының қалған ракағаттарын және үтір намазын кейін өзі жалғыз оқып бітіреді. Тарауық намазының қазасы оқылмайды[3].

 

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

 

[1] Бухари мен Муслим риуаят еткен.

[2] «Хашияту ибн Абидин», 2/49.

[3] «Әл-фәтауа ат-татархания», 1/421.

Жоғары