ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Ғидда мерзіміндегі әйелге үйленудің үкімі

 

بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ

اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ وَأَمَّا بَعْدُ..

 Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммедке оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Шариғат бойынша әйел адамның күйеуі қайтыс болғаннан соң немесе ажырасқаннан кейін белгілі уақыт күтуі, ғидда мерзімін өткізуі міндетті. Бұл кезде әйелге құда түсуге де, үйленуге де болмайды. Құран Кәрімде:

وَالْمُطَلَّقَاتُ يَتَرَبَّصْنَ بِأَنفُسِهِنَّ ثَلاَثَةَ قُرُوَءٍ وَلاَ يَحِلُّ لَهُنَّ أَن يَكْتُمْنَ مَا خَلَقَ اللّهُ فِي أَرْحَامِهِنَّ إِن كُنَّ يُؤْمِنَّ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ

«Ал талақ етілген әйелдер өздерін [қайта тұрмысқа шығу үшін] үш етеккір мерзімін күтеді. Оларға, егер Аллаға және Ақырет күніне иман келтірген болса, жатырларындағы Алланың жаратқанын жасыруларына болмайды»[1], деп бұйырылған.

Аяттағы «қуруъ» сөзі «тазалық» және «хайз» (етеккір) деген екі мағынаны білдіреді. Ханафи мазхабы «хайз» деген мағынасын негізге алады.

Хайзы келмеген немесе жасы өтіп хайзы тоқтаған әйелдердің ғиддаты үш ай, ал жүкті әйелдікі босанғанға дейін жалғасады. Бұл туралы Құран Кәрімде:

وَاللائِي يَئِسْنَ مِنَ الْمَحِيضِ مِنْ نِسَائِكُمْ إِنِ ارْتَبْتُمْ فَعِدَّتُهُنَّ ثَلاثَةُ أَشْهُرٍ وَاللائِي لَمْ يَحِضْنَ وَأُولاتُ الأحْمَالِ أَجَلُهُنَّ أَنْ يَضَعْنَ حَمْلَهُنَّ

 «Ал әйелдеріңнен етеккірден күдер үзгендері болса, егер (олардың мерзімдері жайында) күмәндансаңдар, онда олардың, сондай-ақ етеккір келмегендердің иддалары – үш ай. Ал жүкті әйелдердің (ғидда) мерзімдері –нәрестелерін босанғанға дейін»[2], деп айтылған.

Күйеуі қайтыс болған әйелдің ғидда мерзімі – 4 ай 10 күн. Бұған төмендегі аят дәлел:

وَالَّذِينَ يُتَوَفَّوْنَ مِنكُمْ وَيَذَرُونَ أَزْوَاجًا يَتَرَبَّصْنَ بِأَنفُسِهِنَّ أَرْبَعَةَ أَشْهُرٍ وَعَشْرًا 

 «Ал сендердің біреулерің қайтыс болып, артында жұбайларын қалдырса, олар өздерін төрт ай он (күн) күтеді»[3].

Шариғат бойынша күйеуі қайтыс болып, ғидда мерзімін күтуші әйелді астарлы ишарамен айттыру құпталады. Бірақ оған ашық түрде құда түсу, онымен уағдаласу, некелесу дұрыс емес. Бұл жайында Құран Кәрімде былай баяндалады:

وَلَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ فِيمَا عَرَّضْتُمْ بِهِ مِنْ خِطْبَةِ النِّسَاءِ أَوْ أَكْنَنْتُمْ فِي أَنْفُسِكُمْ عَلِمَ اللَّهُ أَنَّكُمْ سَتَذْكُرُونَهُنَّ وَلَكِنْ لَا تُوَاعِدُوهُنَّ سِرًّا إِلَّا أَنْ تَقُولُوا قَوْلًا مَعْرُوفًا وَلَا تَعْزِمُوا عُقْدَةَ النِّكَاحِ حَتَّى يَبْلُغَ الْكِتَابُ أَجَلَهُ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ يَعْلَمُ مَا فِي أَنْفُسِكُمْ فَاحْذَرُوهُ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ غَفُورٌ حَلِيمٌ

«Сендердің (мерзімдері аяқталған) әйелдерді айттыруды тұспалдап білдірулеріңде не (көңілдеріңді) іштеріңе сақтауларыңда тұрған еш күнә жоқ. Алла сендердің оларды естеріңе алатындарыңды біледі. Бірақ та оларға [әйелдерге] астыртын уәде бермеңдер, тек игі сөз сөйлеңдер. Жазылған [мерзім] межесіне жеткенше неке келісіміне де кіріспеңдер. Әрі Алланың сендердің іштеріңдегіні білетіндігін біліңдер де, Одан сақтаныңдар! Және Алланың Аса Кешірімді әрі Ұстамды екендігін біліңдер!»[4].

Ғидда мерзімінде әйелдің жүкті немесе жүкті еместігі анықталады. Егер құрсаққа бала біткен болса, тегі шатаспайды.

ҮКІМ:

Күйеуімен баин* талақпен ажырасып, ғидда мерзіміндегі әйелге үйлену ниетін ашық түрде де, тұспалдап та айту, құда түсу, үйлену (неке қию) – харам.

Күйеуі қайтыс болған ғидда мерзіміндегі әйелге үйлену ниетін астарлы сөзбен, ым-ишарамен айттыруға болады.

Ражиғи** талақтағы ғидда мерзімін күтуші әйелге үйлену үшін тұспалдап сөйлеуге де, ашық айттыруға да болмайды.   

Некесі қиылған, бірақ шымылдыққа кіріп, күйеуімен оңаша қалмаған қыз немесе әйел талақ етілгеннен соң, оның ғидда мерзімін күтуі міндет емес. Ол ғидда мерзімін күтпей басқа ерге күйеуге шыға алады.

 

[1] «Бақара» сүресі, 228-аят

[2] «Талақ» сүресі, 4-аят

[3] «Бақара» сүресі, 234-аят

[4] «Бақара» сүресі, 235-аят

* Неке бұзылып жаңа бір неке болмайынша ерлі-зайыптылық өмірді жалғастыруға мүмкіндігі жоқ талақты «баин (айқын) талақ» деп атайды.

** Ғидда мерзімі аяқталғанға дейін жаңа неке қимай-ақ райынан қайтып, әйеліне қайта қосылуына мүмкіндік беретін талақты «ражиғи (қайту) талақ» деп атайды.

Жоғары