ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Ер кісіге қандай металдан жасалған жүзікті тағуға болмайды?

 

Сұрақ: Ер кісіге ақ алтыннан жасалған сақина тағуға бола ма? Платина құрамында да алтын бар, оны тағуға рұқсат па? Сондай-ақ, қандай металдан жасалған жүзік тағуға шариғатымыз рұқсат бермейді.

Жауап: Шариғатымызда ер кісілерге алтыннан жасалған бұйымдарды тағуға тыйым салынғаны белгілі. Ол жайлы Пайғамбарымыз (ﷺ): «Бұл екеуі үмбетімнің ер кісілеріне арам, әйелдеріне адал болды»,- деп алтын мен жібекті көрсеткен[1]. Бұл хадистен саф алтыннан жасалған жүзік, сағат секілді бұйымдарды ер кісілерге қолдануға болмайтынын аңғарамыз. Шариғатымызда тыйым салынған алтын – сары түсті, созылғыш металл.  Реттік нөмiрi – 79. Атомдық массасы – 96,967. Балқу температурасы (t) – 1363 °С. Қайнау температурасы (t) – 2970 °С. 

Ал ақ алтынды тағуға келсек, ол туралы Мысыр елінің бұрынғы мүфтиі Али Жұма: «Ақ алтын деп таза платинаны да айтады. Оны қолдануға ғалымдар бірауыздан рұқсат берген. Бұл металға алтын атауы ауыспалы мағына ретінде берілген. Шындап келгенде, алтын мен платинаның болмысы екі бөлек. Өйткені, шариғатымызда ер кісілерге тағуға харам етілген баршаға белгілі сары түсті алтын, яғни реттік нөмірі – 79. Атомдық массасы – 96,967. Негізі шариғатымызда үкімнің атауына емес, мағынасына мән беріледі.

Сонымен қатар, сары алтынды паллади және басқа заттармен қосып балқыту нәтижесінен пайда болған қорытпаны да ақ алтын деп айтады. Бұл мәселеге байланысты ғалымдардың көзқарасы екіге айырылған, кейбірі оны қолдануға болады десе, кейбіреулері тыйым салады. Тақуалық тұрғысынан қарар болсақ, құрамына сары алтын қосылғандықтан ер кісілер ондай ақ алтыннан алшақ болғаны жөн.

Ендеше, ақ алтын деп таза платинаны меңзеп жатса, оны қолдануға болады. Ал егер сары алтын мен палладидің қоспасы жайлы айтылып тұрған болса, онда ер кісілер оны тақпағаны жөн»[2],-деп пікір білдірген.  

Сонымен қатар, ер адамдарға темір, мыс, қорғасыннан жасалған сақинаны тағуға болмайды. Абдулла ибн Амрдан (р.а.) жеткен хадисте: «Расында Алла елшісі () кейбір сахабалардың алтын сақина тағып жүргенін көріп, одан аулақ болуды ескертеді. Әлгі кісі оны тастап орнына темір жүзікті тағады. Сонда Пайғамбарымыз (): «Бұл да жаман. Ол тозақтықтардың әшекейі» деп айтқанда, ол темір сақинаны тастап, орнына күміс жүзікті тағып алған кезде Алла елшісі () үндемеді»[3] деп келген.

«Ихтияр ли тағлили әл-мухтар» атты еңбекте: «Ер кісілер мен әйелдерге темірден, мыстан жасалған жүзікті тағу мәкруһ. Өйткені, ол тозақ иелерінің әшекейі болып саналады. Бұған тыйым салынған»[4] десе,  «Родду әл-мухтар» атты кітапта: «Әл-Жауһарада: «Ер адам мен әйелдердің темір, мыс, жез, қорғасыннан жасалған жүзікті тағуы мәкруһ» делінген»[5],- деп жазылған.

Осы ретте тозақ иелерінің әшекейі болған кез-келген металдар темірден жасалған сақинаның құрамына жатады. Демек, мыс, жез, қорғасын секілді металдардан жасалған сақиналарды тағуға болмайды.  

Қорыта айтқанда, ер кісілерге сары алтыннан жасалған сақинаны тағу харам. Ақ алтын деп таза платинаны мақсат етсе оны тағуға рұқсат етіледі. Ал сары алтынды паллади секілді қоспалармен қорытқан болса тыйым салынады. Сондай-ақ, ер кіслер мен әйелдерге темір, мыс, жез, қорғасын сақиналарды тағу мәкруһ болып табылады. 

 

 

[1] Әбу Дәуіт, №4057. Ибн Мәжә, №3595. Ән-Нәсайи, 8/160.

[2] http://www.dar-alifta.org

[3] Ахмед, №6518.

[4]Әл-Мәусили,  Ихтияр ли тағлили әл-мухтар, 4/126.

[5] Родду әл-мухтар, 9/518.

Жоғары