ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
АЛЛА ПЕНДЕЛЕРІН НЕ ҮШІН СЫНАЙДЫ?

– Мен енді дінге бет бұрып жатырмын бірақ мазалайтын бір сұрағым бар еді. Алла ең құдіретті бәрін көргіш, естігіш. Бірақ соған қарамастан біле отырып пенделерін неге сынайды?

– Бұл сұрақты бірнеше тұрғыдан қарастырсақ болады.

Біріншіден, Алла Тағалаға қатысты қашан, қайда, қалай, неге деген сұрақтар қойылмайды. Бәлкім, мұндай сауалдар пендеге ғана қойылады. Өйткені Аллаға қатысты қашан деген сұрақ қойылса уақытқа, қайда деген орынға, қалай деген бір кейіпке тәуелді етіп қояды. Алла бұлардан пәк. Ал неге деген сұрақтың туындысы Алланы Тәңір екендігін мойындамағаны болып қалады. Алла қалаушы, Оның қалағаны болады, қаламағаны болмайды. Тіршілік иелерін өлтіру, тірілту, бақытты не бақытсыз ету, бай не кедей болу Алланың еркінде. Сен неге олай істедің деп айта алмаймыз. Бірақ Алла рақметімен өзіне мойынсұнғанға сауап, қарсы келгенге әділдігімен азап береді. Сондықтан Жаратқан Ие Өз істері туралы сұралмайды, керісінше, біз, пенделер әрбір ісіміз жайында сұраламыз. Алла Құранда былай деді: «Ол істегендерінен сұралмайды да, олар сұралады»[1].

Екіншіден, Алла тарапынан келген сынақтарды дұрыс қабылдау.

Алла және Оның Елшісі (с.ғ.с.) тарапынан келген үкімдер мен заңдардың түп-тамыры бұлжымас ақиқаттың хикметіне (даналығына) құрылған. Пайғамбарларына (с.ғ.с.) сеніп, иман келтіруші мұсылман ол хикметті білсе де, білмесе де дұрыс қабылдауға тиісті. Себебі мұның бәрі ақиқатқа бастау үшін Алла Тағаланың өзі жақсы көрген құлдарына жолдаған бір сынағы.

Үшіншіден, cынақ адамдардың күнә-қателіктеріне өтем түрінде жіберілуі мүмкін.

Сынаушы Алла. Сынақты беруші де Алла. Сондай-ақ, Алла Тағаланың көркем сипатының бірі – Кешірімді. Кешіруші де, Жаратушы да Өзі. Алланың мейірімдігі соншалық мүміндерге түрлі сынақтар жіберу арқылы олардың қателіктері мен күнәларын жуып-шайып отырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

 ما يصيب المسلم من هم، ولا حزن، ولا وصب، ولا نصب، ولا أذى حتى الشوكة يشاكها إلا كفر الله بها من خطاياه

«Мұсылманға қандай да бір қайғы, қасірет, ауру, қиыншылық, зиян келсе, тіпті кірген тікен де Алла осымен оның күнәларын кешіреді»[2]

Төртіншіден, cынақтар мүміннің дәрежесін көтеруге сеп болады.

Байыптай қарайтын болсақ адамға берілетін сынақтар да пайғамбарларға берілген сынақтар іспетті. Дәрежесін көтеріп, жақсылықтарын көбейтудей оңды жақтары анық көрінеді. Пенде өзіне берілген сынақ қиыншылығына сабырмен қарап, Жаратушының сынағы екенін шындап біліп, Алланың елшілерінен жеткен амалдармен одан жақсы өтсе, оның екі дүниедегі дәрежесі жоғарыламақ. Пайғамбарлардың өміріндегі істер, міне, осы сөзімізге дәлел емес пе? Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүбәрак хадисінде былай дейді:

 أشد الناس بلاء الأنبياء، ثم الأمثل فالأمثل... فما يبرح البلاء بالعبد حتى يتركه يمشي على الأرض وما عليه خطيئة

«Адамдардың ең қатты сыналытындары – пайғамбарлар, кейін әркім дәрежесіне сай сынаққа алынады...Пенде жер бетінде күнәсіз жүрмейінше сынаққа алына береді»[3] Ғалымдар былай дейді: «Пайғамбарларға берілген сынақ-күнәларын кешіру немесе жазасын беру емес, бәлкім, сауабы еселеніп, сабырлықтары жүзеге асу үшін сынаққа алынады».

Бесіншіден, cынақтар мұсылмандарды екіжүзділерден айыру үшін жіберіледі.

Алла Тағала былай дейді:

أَحَسِبَ النَّاسُ أَنْ يُتْرَكُوا أَنْ يَقُولُوا آمَنَّا وَهُمْ لا يُفْتَنُونَ * وَلَقَدْ فَتَنَّا الَّذِينَ مِنْ قَبْلِهِمْ فَلَيَعْلَمَنَّ اللَّهُ الَّذِينَ صَدَقُوا وَلَيَعْلَمَنَّ الْكَاذِبِينَ

«Адамдар: "Сендік" деумен сыналмай қойылатындықтарын ойлай ма? Рас, олардан бұрынғыларды да сынаған едік. Сондай-ақ Алла, әлбетте, шыншылдарды да біледі, өтірікшілерді де біледі»[4]. Әрине, Алла шыншыл мүміндерді басқаларынан айыру үшін, кім сабырлы, кім сабырсыз екенін білдіру үшін сынайды. Анықтап айтар болсақ, екіжүзділер Жаратушының берген ауыр сынақтарына сабырлық етпей, оның қайыры боларын ұмытып "Сендік" деген сөзінен танса, ал кәміл мұсылмандар ондайда өзін жақсы көретін Жаратушысына иман келтіріп, сабырлық танытпақ.

Алтыншы, мүміннің кейбір күнәларының жазасы болуы мүмкін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

 إن الرجل ليحرم الرزق بالذنب يصيب...

«Әлбетте, кісі күнәсі себепті ризықтан құр қалады...»[5].

Жетінші, мүмінге сабырлы, шүкірлі жандардың сауабына жету үшін, басына түскен қиыншылық пен сынаққа сабыр етуі керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

عجباً لأمر المؤمن إن أمره كله خير، وليس ذلك لأحد إلا للمؤمن: إن أصابته سراء شكر فكان خيراً له، وإن أصابته ضراء صبر فكان خيراً له

«Мүміннің істері ғажап, оның істеген істерінің барлығы қайырлы. Бұл нәрсе тек мүмінге ғана берілген. Егер қуанышқа бөленсе, шүкір етеді, ол оған жақсы. Егер басына қиыншылық түссе сабыр етеді, ол да оған жақсы»[6]. Бұл хадистен аңғарғанымыз қуанышқа, нығметке бөленген момын жақсылыққа ие болу үшін Раббысына шүкірлік етуі тиіс. Өйткені Алла шүкір етушілерді жақсы көреді, әрі оларға нығметін арттырып береді. Алла Тағала айтты:

 لَئِنْ شَكَرْتُمْ لَأَزِيدَنَّكُمْ

«Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін»[7]. Сол сияқты басына қайғы түскен мүмін сабырлылардың сауабына жету үшін сынаққа алынатынын да аңғарамыз. Алла Тағала Құранда: «Кейде бір қорқыныш-үрей төндіру, таршылық жасау, мал-жандарыңа кемшілік келтіру, өнімдеріңді азайту арқылы Біз сендерді сынға аламыз. Осындай тауқымет келген шақта: Біз Алланың пендесіміз және оның алдына қайтып, барамыз»,–деп сабыр сақтаушыларды (ей, Мұхаммед!) сен қуандыр. Алланың рақымы мен ықыласына лайықты жандар – солар, тура жолдан аумайтындар да солар»[8], – деген. Бұл жайлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде де келген.

 إذا مات ولد العبد، قال الله لملائكته: قبضتم ولد عبدي؟ فيقولون: نعم. فيقول: ماذا قال عبدي؟ فيقولون: حمدك واسترجع، فيقول الله تعالى: ابنوا لعبدي بيتاً في الجنة، وسموه بيت الحمد

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер адам баласы қайтыс болса, Алла періштелеріне (біле тұра) құлымның баласының жанын алдыңдар ма? – деп сұрайды. Олар: “Ия” деп жауап береді. Ол: құлым не деп айтты дегенде, періштелер: «Ол сені мадақтап, (إِنَّا لِلَّهِ وَإِنَّا إِلَيْهِ رَاجِعُونَ) «Біз Аллаға тәнбіз әрі Оған қайтушымыз» – деп айтты. Сонда Алла Тағала: «Құлыма жәннаттан үй салыңдар да, оны «мақтау» үйі деп атаңдар деді»[9].

Міне, бұл – сынақтың хикметтері. Жалған дүние болған соң, сыналмайтын пенде жоқ. Мұндай жағдайда біз өзімізге жүктелген нәрселерді орындауға тиіспіз. Олар:

1. Бұл істің барлығы Алладан деп сеніп, оны тек Алланың өзіне тапсыру.

2. Алланың әміріне қарсы шықпай, ашуға берілмей, заманды сөкпей, шариғат аясында болу.

3. Сынаққа төтеп беру үшін пайдалы себептерді ұстану (мыс: дертіне ем іздеу).

4. Алладан кешірім сұрап, істеген істеріне тәубе ету.

Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Алла кімге жақсылық қаласа, оны сынайды»,-деген. Алла баршамызды сабырлы, шүкірлі пенделерінен етсін! Сынағының қайыры мен жеңілдіктерін бергей! .

 

 

[1] «Әнбия» сүресі 23-аят.

[2] Мүсілім риуаяты.

[3] Бұхари риуаяты.

[4] «Әнкабут» сүресі, 2-3 аятттар.

[5] Ахмад, Нәсәии, Ибн Мәжә, Ибн Хиббан, Хәкім.

[6] Мүсілім риуаяты.

[7] «Ибраһим сүресі, 7-аят.

[8] «Бақара» сүресі, 155-157 аяттар.

[9] Термези, хасан хадис.

Жоғары