ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Жол ережесін бұзу шариғатқа қайшы ма?

 

Сұрақ: Бағдаршамның қызыл түсінен өтіп кету шариғатқа қайшы ма?

Жауап: Адам жанын сақтау шариғаттың ең басты мақсаттарының бірі. Сондықтан пенденің өз өміріне қастандық ойлауына әсте болмайды. Асыл дінімізде жанды сақтау жайында біраз үкімдер бар. Мысалы, адам баласына өздерін өз қолдарымен апатқа ұшыратуға тыйым салынды. Ол жөнінде Алла Тағала Құранда:

وَلَا تُلۡقُواْ بِأَيۡدِيكُمۡ إِلَى ٱلتَّهۡلُكَةِ ... ١٩٥ 

«Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар»[1], - деп бұйырған.

Сондай-ақ, жазықсыз адамды өлтіру харам етілген. Алла Тағала Құранда былай дейді:

 وَمَن يَقۡتُلۡ مُؤۡمِنٗا مُّتَعَمِّدٗا فَجَزَآؤُهُۥ جَهَنَّمُ خَٰلِدٗا فِيهَا وَغَضِبَ ٱللَّهُ عَلَيۡهِ وَلَعَنَهُۥ وَأَعَدَّ لَهُۥ عَذَابًا عَظِيمٗا ٩٣ 

«Ал кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы – жәһаннамда мәңгілікке қалу. Әрі оған Алла ашуланады, қарғыс айтады және өте зор азап әзірлейді»[2].

 Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сендердің қандарың, мал-мүліктерің және ар-намыстарың бір-біріңе қастерлі (қол сұғуға тыйым салынды)», – деген[3].

Жолда жүру ережесінің заңында бағдаршамның қызыл түсінің жануы жолдан өтпеуді міндеттейді. Егер өтіп кетсе, онда ол жол ережесін бұзған болып саналады да жауапқа тартылады. Бұл ереже шариғатымызға қайшы емес. Керісінше ол жанды, мал-мүлікті сақтауға үлесін қосады. Мұндай ережені бұзудың салдарынан жол апаты орын алып, тіпті, адамдардың өмірі қиылып жатады. Сондықтан жол ережесін сақтау шариғи тұрғыдан уәжіп саналады.

Осыған орай, бағдаршамның қызыл түсінен өтіп кетуге тыйым салынады. Өйткені ережені сақтамағанның салдарынан адамдар үлкен зиянға ұшырайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Исламда өзіне де өзгеге де зиян беруге болмайды»[4], - деген. Оған қоса, бұл қоғамда тәртіпсіздіктің жайылуына алып барады. Сондықтан әрбір адам өздерінің және өзгелердің жанын сақтау үшін жол ережелеріне бағыну тиіс.  



[1] «Бақара» сүресі, 195-аят.

[2] «Ниса» сүресі, 93-аят.

[3] Муслим риуаяты.

[4] Ибн Мәжә риуаяты.

 

Жоғары