ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетудің үкімі

 

Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетудің үкімі

 بِسْمِ اللهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ

اَلْحَمْدُ للهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ وَالصَّلاَةُ وَالسَّلاَمُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ أَجْمَعِينَ  وَأَمَّا بَعْدُ..

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммедке оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Ту – жеке бір мемлекетке тән, рәміздік белгілері бар жалау.

Әр ұлттың, елдің өздеріне тән туы бар.  Ислам шариғатында да рәміздерге мән беріледі. Деректерде Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) ту мен жалауды ұстаған болса, хадис ғалымдары өз кітаптарында ту мен жалауға қатысты арнайы тарау арнаған.

Абдуллаһ ибн Аббастан жеткен риуаятта: «Пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жалауы қара түсті, ал туы ақ түсті болатын», делінеді[1]

Келесі хадисте: «Пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жалауы сары түсті екенін көрдім» деп келтірілген[2]. (Әбу Дәуіт риуаяты).

Ибн Хажар «Фатхул Бәриде» атты еңбегінде: «Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өзі қатысқан соғыстарда алып жүру үшін әр тайпаның көсеміне ту беретін»[3] деп келтіреді.

Әнәс ибн Мәликтен жеткен риуаят бойынша: «Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Мутә шайқасы барысында ту ұстаған сахабалары жайында: «Туды Зәйд алды. Ол ажал тапқан соң одан Жағфар алды. Ол мерт болған соң Абдулла ибн Рауаха алды. Ол да ту астында мерт болды. (осыны айтқанда Пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) екі көзінен жас ақты) Содан кейін туды ешкімнің әмірін күтпей-ақ Халид ибн Уәлид алды. Сол тудың астында жау елін ашты», – деп[4] ту ұстаған сахабалардың жанқиярлығын жеткізген.  

Әнұран – ән мен сөзден тұратын бір елге тән, елді басқа елдерден ерекешелейтін, әскери және жалпыға ортақ салтанаттарда қойылатын әуен. Әннің үкімі жайында берілген фатуалардың ең таңдаулысы – әннің өзі ғана алып қаралса, ойнатылуы мен тыңдауда тұрған харамдық жоқ.

Елтаңба – мәдени және  тарихи дәстүрін бейнелейтін рәміздік (символдық) мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіретін мемлекеттің басты рәмізі.

Әнұран мен елтаңба да ту секілді, мемлекеттің белгісі. Әнұран айтылғанда ел азаматының орнынан тұруы өз еліне деген құрметі. Отан – құрмет пен бағалауға лайық.

Құрмет көрсетілетін, тағзым етілетін нәрсе жансыз болса, шариғатта тыйым салынады деп, кесіп айтуға болмайды. Тыйым салынған тағзым – құлшылық ниетімен жасалған тағзым. Мәселен, пұтқа табыну секілді. Олай болса, құрмет тағзымы дінде рұқсат етіледі.

Шариғатта құлшылықпен тағзым етуге тыйым салынса, құрметпен тағзым жасауға рұқсат етілген. Сәйид ибн Әл-Худриден риуаят бойынша: Сағд ибн Муаз Пайғамбарға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келген кезде Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) ансарлық мұсылмандарға: «Мырзаларыңызға орындарыңыздан тұрып, құрмет көрсетіңіздер», – деді[5].

Имам Ән-Нәуәуйи: «Құран кітап әкелген кезде орнынан тұру – мустахаб амал. Өйткені ғалымдар мен игі адамдар келгенде орыннан тұру – мустахаб. Ал Құран үшін ол құрмет лайығырақ»,[6] – деді. Егер Құран мен ғалымға құрмет үшін орыннан тұру рұқсат етілсе, ту мен әнұранға да құрмет үшін орыннан тұруға болады. 

Кейбіреулер мұндай істі шариғатқа қайшы деуде. Бұлай деудің ешқандай негізі жоқ. Бұл әдет қазіргі таңда барлық мұсылман елінде әдетке айналды.

Олай болса, мемлекеттің туы көтерілгенде, әнұраны орындалғанда орнынан тұрып, құрмет көрсетуге шариғат рұқсат береді.

 

Үкім:

1. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету шариғат бойынша рұқсат. Оған берілетін үкім – мубах.

2. Туды, әнұранды, елтаңбаны құрметтеу – елді және оның белгілері мен рәміздерін құрметтеу. Ал ту мен әнұранға құрметсіздік елге құрметсіздік.

3. Мемлекеттік рәміздерді құрметтемеуге шақыру алауыздыққа, бірліктің ыдырауына алып барады. Алауыздық тудырудан қашық болу – парыз.

 



[1] Хадисті имам Тирмизи риуаят еткен.

[2] Хадисті имам Әбу Дәуіт риуаят еткен.

[3]  Ибн Хажар. «Фатхул Бәри». Дару әл-Мағрифа. 6/127.

[4] Хадисті имам Бұхари риуаят еткен.

[5] Хадисті имам Бұхари мен имам Мүслім риуаят еткен.

[6]Әт Тибиәну фи әдәби хамалатил Қурән, 191

 

Жоғары