ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Бас мүфтидің құттықтау сөзі

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, 
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти 

FATUA.KZ САЙТЫНЫҢ ЖҰМЫСЫНА СӘТТІЛІК ТІЛЕЙМІН! 

Құрметті бауырлар! 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымыздың рухани дамуы мен діни сауатын ашу, ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен ынтымағын нығайту бағытында еңбек етіп келеді. Қоғамдағы кейбір өзекті діни мәселелерге де үн қатып, шариғат тұрғысынан пәтуа шығару да – Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі.

Діни басқарма осы уақытқа дейін науқастан медициналық аппаратты ағыту, такфир жамағаты, мұсылманның тұлғалық келбеті сынды өзекті мәселелерге қатысты пәтуалар шығарды. ҚМДБ қызметкерлері халықтың әрбір сауалына назар аударып, толыққанды жан-жақты жауап беріп келеді.

Қазіргі уақытта ғаламтор қоғамда, әсіресе жастар арасында ақпаратты жедел әрі тиімді алмасу құралына айналып отыр. Мұндай мүмкіндікті асыл дініміз исламның игілігін халыққа жеткізу, насихаттау үшін дін қызметкерлері де тиімді пайдалана білуі керек. Осы бағытта Діни басқарма қоғамдағы өзекті мәселелер мен сұрақтарға жауаптың жүйелі түрде бір арнадан шығуын қадағалау және пәтуа саласындағы жұмыстарды жеделдету  мақсатында пәтуа бөлімі білікті мамандармен толықтырылып, www.fatua.kz сайтын ашып отыр. Сайтта діни білімі мен білігі жоғары мамандар, теолог-ғалымдар жұмыс жасайтын болады. Бағдарламалар бекітілді, тапсырмалар айқын. Игі істердің басы-қасында жүрген сайт қызметкерлерін құттықтай отырып, жұмысына сәттілік тілеймін!

Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін, ауызбіршілігін арттырғай. Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай!

Жоғары