ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Адам (а.с)

Адам ата (а.с.)

Аллаһ тағала саналы тіршілік иелерінен алдымен Адам атаны (а.с.), сонан кейін оның серігі ­– Хауа ананы жаратты. Адам атаның жер бетіне түсірілгенін Құран кәрімнен білеміз. Күллі адамзаттың бабасы һәм жер бетінің алғашқы халифасы[1] ретінде оның өмір жолы осылай басталды.

Осы тұста жер бетінде Адам ата мен Хауа анамыздан бұрын өмір сүрген басқа тіршілік иелері болды ма деген көлденең сауал туады. Құран мен хадистерге зер салып, Ислам ғұламаларының көзқарастарына үңілсек, олардан да бұрын жер бетінде өмір сүрген тіршілік иелерінің болғандығын сеземіз. Расында, жер бетінде адамға дейін болмысы бөлек тіршілік иелері болған тәрізді.

Шамасы, Аллаһ тағала әуелі жындарды жаратқан. Жер бетін мекендеген жындар жанды-жансыз тіршілік иелерінің барлығын бір өздері басқарған. Демек, жер бетіне басшылық (халифалық) ету ісі әуелі жындарға тиесілі болған.

Құрандағы «Мен жындар мен адам баласын «тек қана (мені танып) маған ғибадат етсін» деп жараттым»[2] деген аятта да алдымен жындар айтылғанын көреміз. Демек, бұл жоғарыдағы ойымызды растай түседі. Бірақ жындар Хақ тағаланың ұлы аманатын орындай алмаған. Өзін танып, құлшылық қылсын деп жаратқанымен, олар өзара жауласып, өздеріне жүктелген осынау міндеттің үддесінен шыға алмады. Аллаһ тағалаға құлшылық қылудан бас тартып, азғындыққа салынды. Осыдан кейін Хақ тағала жер бетіндегі күллі тіршіліктің жауапкершілігін өз мойнына алатын жауапты іске оларды лайық көрмеді[3]. Осы себепті, Аллаһ тағала жер бетін басқаратын өзгеше әрі ақылды жан иесін жаратуды қалады. Аллаһ тағала жаратуды көздеген тіршілік иесі ­– адам нәсілі еді.

Хақ тағала адамды жаратпастан бұрын періштелеріне: «Мен жер бетінде бір орынбасар жаратамын», – деген кезде, (Періштелер): «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінде, біз Сені дәріптеп, мақтауда және пәктеудеміз», – дейді»[4].

Кейбір ғалымдар адамзаттың бүлікке, қан төгіске бейім тұратынын періштелердің сезгенін мына себептермен байланыстыра қараған:

1. Алдында айта кеткеніміздей, жер бетінде адамнан бұрын жындар тіршілік еткен. Олар да адам тәрізді саналы болмыс еді. Алайда жындар Хақ тағалаға лайық құлшылық қылмай, жер бетінде бір-бірімен жауласып, көп қан төккен болатын. Періштелер Аллаһ тағаланың жын тәрізді тағы бір саналы тіршілік иесін жарататынын естіген сәтте, Жаратушының көздеген мақсаты мен хикметін білмегендіктен, «олар да жындар тәрізді қан төкпей ме?» деп күдіктерін жасыра алмаған.

Сырттай қарағанда, періштелер адамның жаратылуына наразылық танытып, қарсылық білдіргендей көрінеді. Шынында, солай ма? Әлбетте, олай емес. Періштелер – Құдай тағаланың нұрдан жаратқан құлдары. Олар пәк жаратылыс болғандықтан, Аллаһқа қарсы келмейді. Олардың бойында адамдікі сияқты нәпсі жоқ. Тіпті адам мен жын тәрізді жынысқа да бөлінбейді. Қашанда Жаратушының әмірлерін мүлтіксіз орындайды. Рухани дәрежесі тұрақты. Олар – ғибадат барысында рухани ләззат алатын Аллаһтың таңғажайып жаратылысы. Сондықтан да олар: «онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба?» деп сұраған еді. Олардың бұл әрекетін Аллаһқа білдірген қарсылығы деп емес, керісінше, адамды жарату сырына үңілгені деп түсіну керек. Өйткені олар жындардың азғын жолға түсіп, қан төккенін көрген соң, дәл солар сияқты біреуді жаратудың мәнісін алғашқыда түсіне алмаған болатын.

2. Періштелер өздеріне берілген ілім арқылы адам баласының да жер бетінде қан төгетінін сезіп еді. Яғни «Ләухул-махфұздағы» (Сақтаулы тақта: бүкіл жаратылысқа тән нәрселердің негізгі жады) адамзат тағдырына қараған болуы мүмкін. Бірақ олар сол адамдардың арасынан пайғамбарлар мен әулиелердің және салиқалы кісілер мен тақуа жандардың қалай шығатынын ұқпады[5].

3. Адамға жүрек, ерік, ақыл, сана-сезім, ар-ождан секілді көптеген қасиеттермен бірге күндестік, ашу-ыза секілді нәпсіні қоздыратын сезімдер де берілген еді. Осыған орай, періштелер адамның жамандыққа бейім тұратынын байқап, «қан төгіп, бүлік шығармайды ма?» деген қаупін білдіруі де мүмкін. Аллаһ тағала оларға: «Мен сендердің білмегендеріңді жақсы білемін»[6], – деген еді. Періштелер артынша Адам атаның ілімі өздерінің ілімінен әлдеқайда терең екеніне көздері жеткен соң, оның аспанмен таласқан биіктерді бағындыра алатындығын байқап, өздерінің аз білетіндіктерін мойындаған-ды.

4. Аллаһ тағаланың періштелермен ақылдасқандай болып, қандай тіршілік иесін жарататыны жөнінде хабар беруі арқылы кеңесудің қаншалықты маңызды екендігін сездіріп тұр. Нақтырақ айтсақ, адам баласын кез келген істі өзара ақылдасып, кеңесіп шешуге шақырады. Яғни, «Ей, адам баласы, Мен сені жаратарда періштелерге хабар бергенмін. Ендеше, сендер де өзара ақылдасып тұрыңдар. Сонда адаспайсыңдар» дегендей. Осылайша Аллаһ тағала адам баласын қоғам болып, бір-біріне қол ұшын беріп өмір сүруге үндеуде[7].

Аллаһ тағала – Ұлы Жаратушы. Оның кез келген әміріне пенделер тек мойынсұнуы тиіс. Ендеше, адам баласы Хақ тағаладан пайғамбар арқылы келген әмірді талдамай, талғамай, орындауы қажет. Яғни илаһи әмірлерді «мынау менің ақылыма сыймай тұр» деп қазбалау құлға тән қылық емес. Демек, Аллаһ тағала осы аят арқылы адам баласын Өзіне қарсы келмей, әмірін қалтқысыз орындауға шақырған-ды.

Адам атаның (а.с.) жаратылуы

Құран кәрімде адамның жаратылуы жөніндегі аяттардың барлығында да хазірет Адамның топырақтан жаратылғандығы айтылады. Ол туралы Құранда: «Аллаһ тағала сені (Адам атаны) топырақтан, сосын бір тамшы судан (Адам атаның ұрпағын) жаратты»[8], – дейді. Арғы бабамыз жаратылған топырақты Ұлы Жаратушы адам баласының қияметке дейін ғұмыр кешетін, өзі мекендейтін қара жер бетінен алдыртады. Ол жай ғана топырақ емес, жер бетінің өзегі мен дәнін құрайтын топырақ. Яғни жердің барлық элементтерін қамтыған топырақ.

Сондай-ақ, Аллаһ тағала «Сад» сүресінде адамды тікелей Өзі құдірет қолымен жаратқандығын айтады[9]. Аяттағы «Құдірет қолмен жаратуы» адамды жалпы жаратылыстан үстем, ардақты етіп жаратқандығын білдіреді.

Адам атаның жаратылуы – Аллаһ тағаланың тікелей мұғжизасы. Құран кәрімде Адам атаның жаратылуы хазірет Исаның жаратылуына ұқсас екендігі білдірілген. «Әли Имран» сүресінде: «Шын мәнінде, Аллаһтың қасында (дүниеге келуі тұрғысынан) Исаның жағдайы (Исаның Мәриям құрсағында әкесіз жаратылуы); топырақтан жаратып, сонан соң «бол» дегенде бола қалған (әкесіз тіпті анасыз жаратылған) Адамның жағдайы сияқты»[10], – делінген.

Сонымен қатар, Құранда Адам атаның (а.с.) жаратылысы жайлы айтылғанда, адамның жаратылысы да баяндалады.

Құранда: «Расында, біз адамды нағыз (сүзілген) балшықтан жараттық. Сосын оны (Адам атаның ұрпағын) шәуеттің бір тамшысы күйінде мық­ты жер­ге (ана құрсағына) орналастырдық. Сосын ол тамшыны ала­қа­ға (жа­быс­қақ ұрық­тан­ған клеткаға) сосын оны мудғаға (бір тістем ет бейнесіндегі жа­ра­ты­лыс­қа) сосын мудғаны сүйектерге айналдырдық, сосын сүйектерді ет­пен қап­та­дық, со­сын оны басқа бір жаратылыс жасадық (жан беріп сөйлеттік)»[11], дейді. 

Яғни бұл аяттан түсінгеніміз, адам жаратылысы бірнеше сатылардан тұрады. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сіздердің әрқайсыларыңыздың жаратылысыңыз әуелі ана жатырында қырық күнде жүзеге асады. Кейіннен ұйыған қанға, одан бір жапырақ етке айналады. Содан кейін барып оған періште жіберіліп, жан бітіріледі. Періштеге сәбидің «несібесін, ажалын, амалын, бақытсыз я бақытты болатынын тағдырына жазу бұйырылады»[12] деген хадисі де бұл аятта айтылған ақиқаттарды құптай түседі.

Адам атаға есімдердің үйретілуі

Хақ тағала өзге жаратылысқа қарағанда тұрпаты бөлек, айрықша артықшылықтар беріп жаратқан хазірет Адамға бүкіл заттардың есімдері мен сипаттарын үйретті. Ол жайлы Құран кәрімде былай дейді: «Аллаһ Адамға (а.с.) барлық атауды үйретті, сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер», – деді. Періштелер: «Сен пәксің! Біз Сенің үйреткеніңнен басқа білеріміз жоқ. Әрине, Сен толық білушісің, өте данасың», – деді»[13]. Осы уақытта Ұлы Жаратушы: «Ей, Адам! Оларға бұлардың аттарын баян ет, – деді. Сонда (Адам а.с.) оларға заттардың аттарын айтқан сәтте, Аллаһ: «Мен сендерге көктер мен жердің құпиясын, сендердің де көрнеу, көмес істегендеріңді білемін деп айтпадым ба?»[14] деген еді. Осы аяттарда баяндалғандай, періштеге қарағанда адам баласының деңгейінің жоғары тұратынын көреміз. Себебі адамның ең ұлы міндеті – Аллаһты танып-білу.

Осылайша Аллаһ тағала періштелерге қарағанда Адамға мол ілім беріп, мәртебесін жоғары етіп жарату арқылы оның халифалыққа лайықты бірден-бір жаратылыс иесі екендігін аңдатады. Әлбетте, адам баласы ілімімен былайғы жаратылыстан үстем. Адам баласының халифа деген атқа лайықты болуының басты шарты – ілімді меңгеріп, пайдасына жаратуы. Міне, сонда ғана адам баласы Аллаһ тағаланың үкімдері мен шариғат шеңберінен шықпай өмір сүре алады. Ал періштелерде мұндай қабілет пен қасиет жоқ. Негізінде, адам білген жаратылыс құпиясының шет жағасын періштелер де білетін. Алайда Адамның мерейі олардан бәрібір үстем. Мұның себебі, періштелерге қарағанда есімдерді көбірек біледі, һәм ғаламзат пен Хақ тағаланың барлық есімдерінің ақиқатына бойлай алады. Ол – жұмыр жердің бірден-бір халифасы. Халифалықтың шарты тек қана құлшылық етумен және күнәлардан сақтанумен шектелсе, жер бетіне періштелер әлдеқашан халифа болар еді ғой[15].

Сонымен қатар, Аллаһ тағаланың хазірет Адамды жер бетіне халифа етіп тағайындауына оның өзге жаратылыс иелерінен үстем ететін төрт артықшылыққа ие болуы себеп болды:

1.   Оны Аллаһ тағаланың өз құдірет қолымен жаратуы;

2.   Адамға Аллаһ тағаланың бізге беймәлім Өз рухынан үрлеп, жан бітіруі.

3.   Хақ тағаланың күллі періштеге оған сәжде етуге әмір беруі.

4.   Хақ тағаланың оған барлық есімдерді үйретуі[16].

Хазірет Адамға сәжде ету

Хазірет Адам атаның періштелерден қандай қасиетімен, ерекшеліктерімен үстем түсетінін білдік. Оның осы үстемдігін паш ету үшін, Аллаһ тағала періштелерге: «Адамға сәжде етіңдер»[17], деп бұйырды.

«Сәжде ету» сөзі араб тілінде «кішіпейілділік танытып, бас ию» мағынасына саяды. Шариғаттық терминде «маңдайды жерге қойып, құлшылық ету» деген ұғымды білдіреді. Сол себепті ғұламалар бұл жердегі «сәжде ету» Адам атаны мойындау, оған құрмет білдіру арқылы Хақ тағалаға құлшылық қылу деп түсіндірген[18].

Негізінде, бұл сәжде хазірет Адамға емес, Хақ тағаланың бұйрығына әрі «Адам» секілді ең ғажайып мақұлықты жаратқан Оның құдіреті мен теңдессіз шеберлігіне жасалған сәжде еді.

Періштелердің Адам атаға сәжде етіп, құрмет көрсетуінде үлкен мән бар. Періштелер илаһи әмірді орындау арқылы жер бетіне халифа болған адамға бұдан кейін қызмет етіп жәрдемдесетіндіктерін көрсеткен еді. Яғни Аллаһ тағала күллі ғаламзатты адамға бағынышты етті. Барлығы да адамға қызмет етуі тиіс болды. Осының бір белгісі ретінде жалпы ғаламзаттың атынан періштелер оған бағынғандығын көрсеткен-ді.

Һәм күллі мұсылман Хақ тағалаға құлшылық қылады. Бес уақыт намаз – тілін кәлимаға келтіргендерге парыз. Намазды құбылаға – Қағбаға қарап оқиды. Қағбадан басқа бағытқа қарап намаз оқығанның намазы қабыл болмайды. Қажылықта миллиондаған мұсылман Қағбаны тауап еткенімен қоймай, соған сәжде қып жатады. Сөйтсе де бұл мұсылмандардың Қағбаға сәжде еткенін білдірмейді. Мұсылмандар Қағбаның алдында оған емес, Хақ тағалаға сәжде қылады. Қағба – мұсылманның Хақ тағалаға сәжде қылар құбыласы болса, періштелердің құбыласы хазірет Адам болды.

Ібілістің сәждеден бас тартуы

Хақ тағаланың Адамға сәжде ету жөніндегі әміріне барлық періштелер мойынсұнды. Тек Ібіліс қана бас тартқан еді. Құран кәрімде Аллаһ тағала: «Ей, Ібіліс! Менің бұйрығыма құлақ аспай, адамға сәжде етуіңе не бөгет болды?» – деді. Ол: «Мені оттан, оны топырақтан жараттың. Мен, әлбетте, одан қайырлымын, артықпын, қалай оған сәжде етпекпін, менен артық жаратылыс бар ма?»[19] – деп тәкаппарланды. Өзінің қатесін түсініп, тәубеге келудің орнына ішін өрт шалған Ібіліс: «Мен одан артықпын. Мені оттан, оны балшықтан жараттың», «Балшықтан жаратқаныңа сәжде қыламын ба?»[20] деп одан сайын кергіді. Өйткені, ол өзін ең ардақты жаратылыспын деп білетін. Осылайша Ібіліс өзінің бағын байлап, өз жолын кесті.

Оның бұл әрекеті Аллаһтың рахымынан қуылуына себеп болды. Өйткені ол таяз санасымен шынайы сырды көре алмады. Өз сезімдеріне беріліп, нәпсісінің жетегінде Аллаһтың әміріне құлақ аспай, өзінен жаратылысы бөлек адамды Аллаһтың періштелерден де, өзінің болмысынан да артық қойып, әспеттегенін көтере алмады. Хазірет Адамға сәжде жасау бұйрығы тек шайтанның өзіне ғана емес оның нәсіліне де қатысты еді[21]. Белгілі уақытқа дейін мұрсат сұраған шайтан қателігін мойындап тәубеге келмеді.

Құранда Ібілістің «алаулап тұрған түтінсіз оттан жаратылғандығы»[22] айтылады. Ендеше ол періште емес. Періштелер нұрдан жаратылған. Ібіліс жер бетінде адамнан бұрын өмір сүріп жатқан жындар нәсілінен еді. Ол алғашқыда жер бетінде өмір сүрген. Кейін дәрежесі көтеріліп, періштелердің өзі қызығатын биікке жетті. Кейбір әлсіз деректерде ол бұрын жер бетінде өмір сүрген жын ретінде сипатталады. Тақуалығы сонша жер бетінде ол табан тіреп, құлшылық қылмаған тоқымдай жер қалмаған. Кейін көкке көтеріліп періштелердің ұстазы болған. Ол ұзақ жылдар бойы періштелердің арасында болды. Олармен бірге Хаққа үзбей құлшылық етіп келді. Аллаһ тағала жалпы көктер мен жердегі періштелерге сәжде ету әмірін берген кезде, ол да солардың арасында болғандықтан, әмір оған да тікелей қатысты еді. Бірақ бұл әмір Ібіліске түрпідей тиді. Оның өзіндік сыры бар. Өйткені Аллаһ тағала хазірет Адамға сәжде ету әмірін бергенге дейінгі бұйрықтарды орындау Ібіліске ауыр емес-ті. Оның осы уақытқа дейін қарсылық көрсетпей келуі барлық сынақтар Ібілістің өз қалауына сәйкес түсіп отырғандығынан болатын. Ендеше адамның тікелей бас пайдасы мен нәпсісіне сәйкес келген әмірлерді орындау Хақ тағаланың разылығы үшін жасалған істер деп айта қою қиын. Өйткені Ұлы Жаратушының әміріне өз нәпсісінің қалауына сәйкес келген жағдайда ғана мойынсұнған жанды Аллаһ тағалаға бағынды ма, әлде өзінің нәпсісіне бағынды ма, ол жағын парықтау қиын[23]. Сондықтан хазірет Адамға сәжде ету әмірі періштелермен қоса Ібіліске де арналған сынақ еді. Осы кезде ғана Ібіліс өзінің шынайы бет-бейнесін, жылдар бойы ішке бүккен тәкаппарлығы мен менмендігін көрсетіп алды. Сонда ғана періштелер жандарында жүрген Ібілістің қандай екендігін байқайды[24].

Ібілістің бұл жердегі қарсылығы қызғаныштан туды. Ол өзін адамнан үстем санады. Өйткені адам жаратылмай тұрғанда, жер бетінде, бәлкім, ғаламзатта Аллаһ тағаланың сынағының сырына бойлап, Оны таныту жындардың міндеті болатын. Ібіліс Аллаһтың әміріне бағынып, құлшылық қылып, талай сынақтан сүрінбей өтті. Күллі әлемнің ұстазына айналды. Аллаһтың хикметі шексіз. Қалаған құлын қалаған сәтте сынайды. Бұлай дейтініміз, көп ұзамай Хақ тағала хазірет Адамды жаратты. Оны бәрінен де, тіпті жындардан да үстем етті. Оның үстемдігін мойындаудың жалғыз-ақ шарты: оған бағынып, сәжде ету. Аллаһтың әмірі – осы. Тіпті жындарға да адамға бағынуға тура келді. Олар осыдан кейін өздерін екінші орынға ысырылып қалғандай сезінді. Бұған төзбеген Ібіліс ақыры тура жолдан тайқып шыға келді. Ішіне от түсіп, қызғаныштан тұла бойы өртенді. Оның осы ішіне қыл айналмайтын қызғанышы, ақыры, оны Аллаһ тағалаға қарсы шығуға дейін апарды. Өйткені ол өзінен басқа ешкімнің үстем болғанын қаламады. Сондықтан да ол өзінің оттан, ал адамның топырақтан жаратылғандығын айтып, тәкаппарланды. Адамға сәжде ету әмірі келгенде, нәпсісі кері тартып, аяғынан шалды. Осы сәтте оған екі жолдың бірін таңдауға тура келді. Бірі ­– Аллаһ тағаланың әміріне мойынсұну, екіншісі ­– нәпсісінің қалауынан шықпау. Ол өз нәпсісін жеңе алмаса, жаһаннамның мәңгілік азабына баратынын біле тұра, Хақ тағаланың әмірін тәрк етті. Міне, осы сәттен бастап оның жылдар бойы, бәлкім, ғасырлар бойы Хақ тағала жолында еткен құлшылығы зая кетті. Яғни әу бастан жүрегінің түкпірінде қыбыр етпей жатқан жемтік құрт жегі құртқа айналып, мезгілі келгенде қара шұбар улы жыландай көкірегін жарып шықты.

Асылында, Ібілістің бұл әрекеті адамдарға ғибрат болмақ. Яғни Аллаһ тағаланың сынағы тек қана күнәлар арқылы емес, өмірдің әр түрлі кезеңі мен хал-ахуалдары арқылы да көрініс табады. Мысалы, бұрынырақта бір асқан тақуа дін ғұламасы өмір сүріпті. Елге көп көмегі тиіп, қаншама жандардың тура жолға түсуіне себепкерлік етеді. Бар өмірін қажымай-талмай дін таратуға арнапты. Елдің барлығы білмегенін осы кісіден келіп сұрайды екен. Күндердің күнінде одан да тақуа адамдар пайда болыпты. Олар тіпті бұрынғы ғұламаның қателіктерін таба бастайды. Елдің назары енді жаңа ғалымдарға ауады. Бұдан кейін жиын-тойдың барлығында ел солардың аузына қарайды. Осы кезде әлгі тақуа ғұламаның ішіне қызғаныш құрты түседі. Ақыры, әлгілерді көре алмай күндеп, олардың қателігін табу үшін, шариғат заңына қарсы келуге дейін барады. Бар мақсаты – өзінікін дұрыстау. Өзінің беделін қайта жинаудың жолында дінге қалай қайшы келгенін білмей де қалады. Бара-бара діннен де шығып қалады. Әһлі-кітап та осылай болған-ды. Олар Аллаһ елшісін өте жақсы та­ни­тын. Бірақ, әрине, иманға ке­лудің жөні бір бөлек те, оны танудың жөні бір бөлек. Олар та­нып-білгендерімен қызғаныш пен күншілдіктері иманға келуіне кедергі келтіреді.

Міне, Ібіліс те жаһаннамға кететінін біле тұра, қызғаныштың қызыл итіне таланып, ашуын ақылға жеңдіре алмай, «Мен Адамнан артықпын», деп, өзін жаратқан Хақ тағалаға қарсы шықты.

 Атап айтқанда, Ібіліс мынадай үлкен қателіктер жіберді:

1. Ібіліс ең алдымен өзінің міндетінің құлшылық пен мойынсұну екендігін, осы екі міндеттің негізі кішіпейілділікте жатқанын біле алмай, Хақ тағалаға өрескел түрде қарсы шықты.

2. Аллаһ тағаланың «адамға сәжде ет» деген әмірі оған міндетті бола тұра, осыны орындауға оның нәпсісі жар бермей, өзінің оттан, ал Адамның топырақтан жаратылғанын, өзінің одан үстем екендігін дәлелдеуге тырысты. Осы тырнақтың кіріндей уәжін алға тартып, адамға тағзым етуден қашты. Аллаһтың әміріне қарсы келіп, алғаш рет оңбай адасқан да осы Ібіліс болды.

3. Ібілістің «Мені оттан, Адамды балшықтан жараттың» дегені дұрыс. Бірақ осы дұрыс үкімді айта отырып, от пен топырақты салыстыра келе, «отты топырақтан артық» деп қате топшылауға барды. Яғни ол, бір жағынан, Аллаһтың жаратушы екендігін мойындаса, екінші жағынан, менмендігі мен тәкапппарлығын жеңе алмай, назарын түгелдей жаратылған затқа аударып, ерекшеліктің барлығын соған үйіп-төкті. Бірақ ол Аллаһ тағаланың Адамды жаратуындағы мақсатын қаперіне де ілмеді. Оны жерге халифа етіп жаратқан соң заттардың атауларын (мәні мен мағынасын) үйрету арқылы адамға өзгеше бір ерекшелік берілгендігін көргісі келмеді. Яғни ол Адамда топырақ, өзінде оттан басқа ешқандай ерекшелік жоқ деп ойлады. Осылайша «Тіріден өліні, өліден тіріні шығарған»[25]және де затқа әр түрлі ерекшеліктер беретін Аллаһ тағаланы тым тар түсінікпен шектеген. Яғни Аллаһ тағала топыраққа ешқандай ерекшелік бере алмайды, ол сол күйі топырақ болып қала береді деп ойлаған. Алайда топырақ пен отқа өзіне тән ерекшеліктерді кімнің бергенін парықтай алмаған[26].

Шынтуайтында, отқа қарағанда топырақтың ерекшелігі басым. Себебі, топырақ – өмірдің қайнар көзі. Барлық тіршілік топырақтан өрбиді. Сондықтан топырақта Аллаһ тағаланың «теңдессіз жаратушы», «толассыз рызық беруші», «шексіз шебер» сияқты есімдері мен сипаттары көрініс тапқан. Яғни, топырақ – Ұлы Жаратушының сансыз көркем есімдері мен сипаттарының айнасы іспетті.[27]

Ібіліс осы тәкаппарлығынан Хақ тағаланың қаһарына ұшырады. Сөйтіп, шайтан Хақ тағаланың: «Ендеше, дереу ол жерден түс! Сенің ол жерде тәкаппарланып, паңдануыңа жол жоқ. Қанеки, тез шық! Сөзсіз, сен малғұндардансың!»[28] деген сөзімен рахметінен қағылды. Өзін «оттан жаралғанмын және осы шыққан биік мәртебемнен түспеймін деп ойлаған Ібіліс бір сәтте барлық абыройдан жұрдай болып, масқара күй кешті.

Аллаһ тағаланың қаһарына ұшыраған Ібіліс өзінің өмірде түкке тұрмайтындығын сол сәтте түсініп, жоқтыққа жұтылудан қорқып, қорлықпен болса да, өмір сүруді қалап: «Маған қайта тірілетін күнге дейін мұрсат бер!»[29] деп, Аллаһ тағаладан қиямет күніне дейін өмір сұрады. Аллаһ тағала: «Сен мұрсат берілгендердің қатарындасың»[30], – деді. Ібіліс тәубе мен шүкіршілік етіп азаттыққа жетудің жолдарын іздеудің орнына: «Ендеше, Сен мені қаңғыртып, адасуға душар еткенің үшін, мен де олардың тура жолға түсуіне барынша бөгет жасаймын. Олардың алдынан, артынан, оңынан, солынан келіп азғырамын. Сөйтіп, Сен олардың үркердей тобын ғана Өзіңе шүкір еткендердің қатарынан табасың»[31], – деп, адамға деген жауыздығы мен жаулығын іске асыруға кіріседі.

Иә, шайтан адам баласын саңылау қалдырмай қамап ұстап, қарға адым жерін қараңғы түнекке айналдыруға тырысады. Шайтан кейде адамның алдынан келіп, оның алға ұмтылысын, болашаққа деген сенімін жоғалтып, ақыретке деген талпынысын ойрандайды.

Ібіліс тәубе етудің орнына тәкаппарланып, Хақ тағаланың халифа етіп жаратқан адам баласын азғыруға, жолдан тайдыруға барынша күш салатындығын айтты. Міне, осы кезде ол Хақ тағаланың рақымынан жұрдай болмақ. Өйткені Аллаһ тағала алғаш рет оған «Шық» деген әмірінде мәңгілік қуылу мағынасы жоқ еді. Екінші рет айтылғанда, біржолата қуылып, мәңгілік азапқа душар болды. Міне, Ібіліс содан бері әлі күнге дейін адам баласын азғырумен келеді. Әсіресе, қияметке жақын қалған мына заманда Ібіліс жер бетіне патшалығын құрып, өзіне берілген мұрсаттың бітуге таяп, мәңгілік азаптың құшағына енуге санаулы жылдар қалғанын сезіп, бәлкім, бұрынғыдан да бетер ашу-ызаға булығып, жер бетін дүрліктіріп, адам баласын жаппай азғырып жатқан шығар. Ендеше, адамдар еркіне ие болып, Ібіліс құлаған биік шыңнан құлдиламас үшін өзіне берілген нығметтерге шүкіршілік қылып, Ібіліске аңдаусыз еріп кетуден сақ болуы тиіс. Һәм адам баласы мынаны есте тұтқаны жөн: Ібілістің бұл сорақы әрекетін жөн көріп, өзінікін дұрыс санаған адам шайтанның соқпағына қалай түсіп кеткенін байқамай қалады. Сол себепті сөзсіз түбіне жетпей қоймайтын қыңыр мінез, қисық әрекеттен арылып, өзін жөнге салғаны дұрыс[32].

  Хауа ананың жаратылуы

Хауа ана – алғашқы адам әрі алғашқы пайғамбар Адам атаның өмірлік серігі.

Құранда Хауа ананың жаратылуы туралы былай делінеді: «Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратқан – Аллаһ тағала»[33], «Ей, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен қисапсыз ер, әйелді жаратқан Раббыларыңнан қорқыңдар»[34]. Яғни, әуелі Адам ата, сосын Хауа ананың жаратылғандығын көреміз.

Сондай-ақ Хауа ананың қалай жаратылғандығына қатысты Ислам ғұламаларының көзқарастары әр алуан болып келеді[35]. Кейбірі «одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратқан Аллаһ тағала» деген аталмыш аятқа сүйеніп, Хауа ананың Адам атаның денесінен жаратылғандығын айтады.

Мәселен, Ибн Касирдің тәпсірінде былай делінген: «Адам ата жаннатта бірталай уақыт жалғыз өзі өмір сүреді. Ол өзін жалғыз сезініп, рухы құлазиды. Бір күні ұйқыға жатып қайта оянғанда, алдында Аллаһ тағаланың оның қабырғасынан жаратқан әйел затын көреді. Одан: «Сен кімсің?» – деп сұрайды. Ол: «Әйелмін», – деп жауап береді. Адам: «Не үшін жаратылдың?» – дейді. Хауа ана: «Сенімен тұру үшін», – дейді. Осы кезде періштелер келіп, Адам атадан сұрай бастайды. Адам ата оның Хауа екендігін айтады. Періштелер: «Неге оған Хауа деген ат берілген?» – деп сұрайды. «Өйткені ол тірі нәрседен жаратылды», – деп жауап берген еді»[36].

Басқа бір хадисте: Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ей мүміндер! Бір-біріңе әйел заты туралы қайырлы болып, нәзік қарым-қатынас жасауды өсиет етіңдер. Өйткені олар қабырғадан жаратылған. Ал қабырға сүйегінің ең иілген жері – жоғарғы жағы. Егер де оны туралауға тырыссаңдар, сындырасыңдар. Тиіспесеңдер, ол үнемі солай қалады. Сондықтан да әйел заты туралы бір-біріңе нәзік қарым-қатынас жасауды өсиет етіңдер»[37].

Мүслимнің риуаятында «...оны түзеуге тырыссаң, сындырасың. Ал оның сынуы талақ болғаны»[38]деген ахад хадисті кездестіреміз.

Келесі бір көзқарас Құран кәрімдегі: «одан әйелді жаратты»[39]деген аяттың мағынасы «әйелді адам табиғатынан жаратты» дегенді білдіреді. Ал аталмыш хадистегі «қабырғадан» деген сөзбен әйел затының қабырға сияқты нәзік жан екендігі меңзелген. «Қабырға» сөзі астарлы мағынада айтылған делінген.

Әйтсе де, Аллаһ тағала әйел затын қаласа топырақтан, қаласа еркектің қабырғасынан да жаратуға құдіретті екендігіне күмән жоқ. Қалай болмасын, Хақ тағаланың Адам атаны жалғыздықтан құтқарып, әрі оның ұрпағын жер бетінде көбейту мақсатымен оған өмірлік жолдас етіп, сондай-ақ әйелі ретінде хазірет Хауаны жаратқандығына толықтай иланамыз. Бұл туралы Құранда: «Сендердің өз табиғаттарыңа үйлестіріп (өз қастарыңнан) әйел жынысын жаратқаны да, оларға тіршілік ләззаты етіп, сүйіспеншілік, мейірім бергені де ұлылықтың белгісі»[40], дейді.

Жаннатқа кіру

Ұлы Жаратушы Адам мен Хауа ананы Жаннаттың төріне оздырған кезде, оларға: «Ей, Адам! Жұбайыңмен жаннатқа жайғасып, қалағандарыңша жеңдер»[41], – деді. Хақ тағала оларға сол жерде ешқандай аштық пен шөл қасіретін тартпай, жалаңаш қалмай, қысқасы, ешбір қиыншылық көрмейтіндіктерін білдірді[42].

Адам мен Хауа ана жаннатта емін-еркін жүріп, әр түрлі нығметтердің дәмін татып, тамашалайды. Алайда Хақ тағала бұларға Жаннаттың барлық жемістерін жеуге рұқсат бергенімен, «Мына ағашқа жоламаңдар. Онда жазықтылардан боласыңдар»[43], – деп бір ағаштың жемісін жеуге тыйым салды. Бұл әмірді аттаған адам өкінішпен бармақ тістейтіндіктен, Адам ата мен Хауа анаға «сол ағашқа жақындасаңдар, залымдардан боласыңдар» деп қатаң ескерткен[44].

Міне, Адам мен Хауа анаға берілген бұл әмір олардың ең алғашқы сынағы еді. Өйткені Аллаһ тағала оларды Жаннатқа кіргізген кезде, екеуінің ең үлкен дұшпаны шайтан екендігін, ол кез келген уақытта өздерін арбап, алдайтындығын, жүрекке бойлап азғыратындығын алдын-ала айтып ескерту жасаған. Сол себепті олар Құдай тағаланың осы бір тыйым салған ағашына жақындамай бойларын аулақ салып, Аллаһтың әміріне қарсы келуден сақтануы тиісті еді. Ал шайтан болса барлық күш-жігері мен қайратын сарп етіп, оларды тыйым салынған ағашқа жақындатып, тіпті жемісінен жегізіп, Ұлы Жаратушының бұйрығына қайшы әрекетке итермеледі.

Мәңгілік ғұмыр кешу – адам баласының ең үлкен арманы. Ібіліс хазірет Адамды: «Саған түгесілмейтін, бітпейтін патшалық көрсетейін бе?»[45] – деп алдаған. Мәңгілік өмір сүру адамның болмысында болғаны тәрізді, түгесілмейтін патшалыққа иелік ету де адамның болмысында бар. Жалпы адамды Хақ тағала жер бетіне халифа етіп жаратты. Ал халифалықтың міндеті – жер бетін басқару. Билік – адамның ең осал тұсы. Адамның менмендігі мен өзімшілдігінде де осы сезім бар. Сондықтан ол осы өзімшілдігіне бой алдырса, ешкімді көзге ілмей кетеді. Бұндай адамдардың қолына билік бір тисе, сол арқылы өзін өзгеден үстем көріп, билеп-төстегісі келеді. Адам ешқашан билікке тоймайды. Билікті көксеген адам қол жеткізген биігін місе тұтпай, шыңды бағындырсам дейді. Ең жоғары билікке қолы жетсе, сол билікті ешкімге бергісі келмейді. Мәңгі бақи сол тақта отырғысы келеді. Мәңгілік өмір сүруді қалайтын адам патшалығының да мәңгілік болуын қалайды. Ол бұл жолда еш нәрседен тайынбайды. Тарихта тақ үшін өз баласын да құрбан еткен билеушілер де аз емес. Бірақ адамның бәрі осындай ма? Әлбетте, олай емес. Адамға билікке құштарлық Аллаһ тағаланы таныту жолында пайдалану үшін берілген. Адамның бойында менмендік бар. Ол сол өзімшілдікті Ұлы Жаратушы үшін құрбан етіп шалуы тиіс. Сонда ғана жұмыр басты пенде тәкаппарлықтан айығады. Міне, хазірет Адам осы билік дейтін алапат күштің қатерлі сәтінен аман қала алмайды. Ол шамасы халифалық міндетті мәңгілік атқарғысы келген. Ібіліс оның осы осал тұсынан ұстайды. Негізінде, оның да бойында осындай сезім бар. Ол әуелі адам жаратылмай тұрғанда саналы жандардың ішінен жалғыз өзі қара үзіп шығып, асқан тақуа атанып, періштеліктің жоғарғы шыңына жеткен. Ол осы лауазымының бәріне нәпсілік үстемдікпен қараған. «Менде ғана болса» деген өзімшілдігі хазірет Адамның өзінен жоғары тұруын қаламады. Биліктің бас айналдырар ұшар шыңынан айырылғысы келмеді. Ол халифалық биліктің Адамда болуын көтере алмады. Жоғары лауазымы оны тәкаппарлыққа ұрындырды. Екіншіден, оның бойында да мәңгілік өмір сүруге деген сезім бар. Оның «Маған олардың қайта тірілетін күніне дейін мұрсат бер»[46] деуі осыны көрсетеді.

Кейін жер бетіне түскен шайтан қияметке дейінгі хазірет Адамның нәсілін осы осал тұсынан ұстап, бір-біріне айдап салған еді. Жердегі адамдардың бір-бірімен билік үшін қырық пышақ болып қырқысуы, бірінің жерін бірі жаулап алуы, т.б. бәрі де соның белгісі.

Адам мен Хауа анаға тыйым салынған ағаштың қандай ағаш екендігін нақты айтылмаған. Ислам ғұламалары арасында ол туралы «нәсіл, ұрпақ» «бидай», «жүзім» немесе «інжір ағашы» деген көзқарастар бар. Десе де, нақтысын білмейміз. Өйткені Аллаһ тағала ол ағаштың есімін бізге нақты айтпаған. Хақ тағала жұмақта Адам атаға үлкен ерік нығметін берумен қатар шағын тыйым да қойған еді. Егер бұл тыйымға құлақ аспаған жағдайда өздеріңе зұлымдық жасағандардан боласыңдар делінген еді. Мұндағы мақсат – жұмақта бұл ағашты жеу емес, өмірінде тәртіпке бас идіру еді[47].

Сонымен қатар бұл ағашты «нәсіл» дейтін болсақ, ерлі-зайыптылардың ең осал тұсы да осы нәсіл мәселесі екені рас. «Шаңырағым шайқалмаса екен, ұрпағым мәңгілік жалғасса екен» деу – отбасының негізгі мәселесі. Шамасы, әурат жерлерінің ашылуы да осы мағынаны қуаттайды. Яғни шайтан Адам ата мен Хауа ананы жаннаттан шығару жолын іздеген. Оның ұрпағының да болатынын білген. Сол себепті шайтан ол екеуінің ұрпақтары тез арада болғанын қалаған. Өйткені Жаннат бала-шаға бағып, ризық іздеп, бейнет тартатын жер емес. Негізінде аяттағы «Шәжәрә» деген сөз де қазақ тіліне «шежіре» болып енген. Шежіре – ұрпақ деген ұғым. Ұрпақ жетілдіру – ата-ана үшін ауыр сынақ. Ендеше, сол сынақ жаннатта емес, жер бетінде болуы тиіс еді.

Тәубе

Адам ата мен Хауа ана Ібілістің азғырғанына алданып, тыйым салынған ағаш жемісін ауызға салуы мұң екен, екеуінің әбүйірі ашылып, үлкен қате жасағандарын аңғарды. Екеуі дереу жаннат жапырақтарынан үстеріне жапсыра бастады. Хазірет Адам мен Хауа ана шайтанның ант еткеніне алданып, оның өздеріне деген дұшпандығын және сол жолда неден болса да тайынбайтынын естен шығарып алды[48]. Сонда Аллаһ тағала оларға: «Мен екеуіңе де бұл ағашқа жақындауға тыйым салған жоқ па едім? Шайтан сендердің қас жауларың деген жоқ па едім?»[49] – дейді. Аллаһ тағала осылайша шайтанның сөзіне ергені үшін, сөгіп, ескерту жасайды. Осы кезде Адам ата мен Хауа ана дереу жаза басып, жазықты болғанын түсініп: «Ей, Раббымыз! Екеуміз де нәпсімізге зұлымдық жасадық. Егер Сен бізге кешірім етіп, рақым қылмасаң, біз қасіретке ұшырағандардан боламыз»[50], деп тәубесіне келді. Ерекше мейірімді Аллаһ тағала да олардың бұл тәубесін қабыл етті[51]. Хазірет Адамның осы кешірім тілеп, шынайы тәубеге келуі Аллаһ тағаланың шарапатының шексіз екендігі, Адамның және Ібілістің іс-әрекеті арасында қаншалықты айырмашылық бар екенін көрсетіп берді. Ғалымдар Адамның бес нәрсемен қуанышқа бөленгенін айтады. Әмірге қарсы келуін мойындау, пұшайман болу, нәпсісінен жеру, тәубеге ұмтылу, рақымдылықтан үмітін үзбеу. Ібіліс те бес нәрсемен бақытсыз күйге душар болды. Күнәсін мойындамады, тіпті өкінбеді де. Өзімбілермендікке салып, Аллаһ тағаланы кінәлады және рақымдылықтан үмітін үзді[52].

Ібілістің тыйым салған ағаштың жемісін қайткен күнде де жегізуді көздеген ниеті Адам ата мен Хауа ананы Аллаһ тағалаға қарсы айдап салып, жаннатқа жолатпау еді. Сонда олар дәл өзі тәрізді қуылып, мәңгілік қасіреттің құшағында тұншығады деп ойлады. Алайда ол Аллаһ тағаланың шексіз рақым иесі екенін ұмытқан-ды. Ібіліс олардың жасаған қателіктеріне тәубе ету арқылы азаптан құтылатындықтарын ойламаған. Негізінде, ол тәубе ететіндерін білгенде, адамдарға жақындамайтын да еді. Оның мақсаты – адамдарды күнәға сүйреу арқылы жүректеріндегі иманын жою. Бірақ олар шынайы тәубе етіп, жасаған күнәларын жуып-шайған заматта, шайтан оңбай жеңілді, әрі ашуға ерік беріп, қасарысқан үстіне қасарысып, кескілескен жау болуға ант ішті.

Хазірет Адам мен Хауа ананың жаннаттан қуылуы

Аллаһ тағала, егер олар шайтанға алданып, өзінің алдында қарабет болса, оларды жаннаттан шығарып, жер бетіне түсіретіндігін ескерткен болатын. Сондықтан да олар жасаған жаңсақтықтары үшін жаннаттан шығып, жер бетіне түседі. Бұдан кейін олардың жаңа өмірі басталды. Қияметке дейін адам баласы жер бетінде ажалы жеткенше ғұмыр кешіп, берілген ырыс-нығметтерден пайдаланып, мезгілі жеткенде, бұл өмірден көшіп кететін еді. Бірақ бұл өлім мәңгілік жоғалу емес. Ақырында қайта тіріліп, дүниеде жасаған амалдарына жауап беріп, жақсылығы үшін сый-сияпат көріп, жамандығы үшін азапқа тартылатын еді. Жаратушы Жаппар Иенің хикметі осыны қажет етті[53].

Аллаһ тағала хазірет Адам мен Хауа ананы және шайтанды да жерге түсірген кезде: «Бір-бірлеріңе дұшпан болып жер бетіне түсіңдер!»[54] деген-ді. Ендеше қияметке дейін шайтан мен адам баласы бір-бірімен күресіп өтеді. Ібіліс және оның нөкері бар айла-амалын қолданып, адам ұрпақтарын адастыруға тырысады. Адамның жаратылысында осал тұстары бар. Ол ұмыту, сабыр сақтамау, сезімге тез берілу, ашулану, т.б. Міне, шайтан адамның осы ұрымтал жерлерін жақсы білді. Бұл жағынан келгенде, адам баласы тез алданғыш-ақ. Дегенмен де Хақ тағала адам баласын дұшпанға қарсы қарусыз қалдырмады. Аллаһ тағала әу баста оларды Жаннаттан түсірген кезде, былай деген: «Дүниеде адамдарға тура жол жіберемін. (Бұл тура жол – ақиқат діндері мен пайғамбарлар). Кім осы тура жолмен жүрсе, оны адастырмаймын, әрі күпірден де аулақ етемін. Олар үшін ешқандай қорқыныш пен қайғы жоқ. Ақырында мәңгілік Жаннатқа барады. Кімде-кім тура жолдан тайып, шайтанға ілессе, ол дүниеде де, ақыретте де қасірет шегеді. Мен оларды мәңгілік жаһаннамға тастаймын»[55].

Яғни адам баласын Хақ тағала ардақтап жаратып, жер бетіне халифа етті. Ақыл мен жүрек берді. Оған қарсы келген шайтанға төтеп беруі үшін пайғамбарлар арқылы тура жол сілтеді. Адам ата мен Хауа ана арқылы басталған сынақ қияметке дейін жалғаспақ.

Тыйым салған ағаштың жемісінен жеу

Христиандар Адам ата мен Хауа ананың ағашқа қол созғанын үлкен күнә санап, сол күнә дүниеге келген әрбір нәрестенің бойында қалып, қияметке дейін жалғасады деп түсінеді. Алайда бұл Ұлы Жаратушының адамзатты жарату хикметіне сай келмейді. Өйткені Жаппар Ие адам баласын Өзін танып, тек өзіне ғана құлшылық қылсын деп сынау үшін жаратқан. Ақырында, ізгі амал жасағандарға сый-сияпат, жамандық істегендерге азап беріледі. Ендеше, Исламда «Біреудің күнәсін біреу көтермейді»[56]. Яғни әкесінің күнәсін баласы көтермейді. Өйткені әкесі күнә жасаса, оны өз еркімен жасайды. Біреу қылмыс жасаса, жазасын басқалар өтеуге тиіс емес. Бұл – илаһи әділдік. Ендеше, Хақ тағала не үшін біреудің күнәсін өзгенің мойнына іліп, оны жазаға тартуы тиіс. Аллаһ тағала бұндай әділетсіздіктен мүлде ада һәм пәк.

Мәселенің назар аударатын тағы бір жағы: хазірет Адам атаның бұл әрекетін күнәға жатқызуға бола ма? Ол пайғамбар емес пе еді? Пайғамбарлардың негізгі ерекшеліктерінің бірі – пайғамбарлықтан бұрын да, кейін де күнәдан пәк болуы емес пе еді? Олай болса, олардың жіберіп алған кейбір ұсақ жаңсақтары дінімізде «зәллә» деп аталады.

«Зәллә» деп аталатын осы болмашы ұсақ жаңсақтар пайғамбарлардың дәрежелері мен жағдайларына қарай орын алады. Пайғамбарлардың осы ұсақ жаңсақтарын тырнақ астынан кір іздеушілер кешірілмес күнә етіп көрсетуге ұмтылады. Алайда қарапайым адамдар мұны жаңсақ ұғып, қате жорымауы тиіс. Пайғамбарлар Аллаһ тағалаға өзгелерден әлдеқайда жақын болғандықтан, ізгі істерінің өзіне көңілі толмаса, өздерін жазғырып, өкініштен өзегі өртеніп, осының өзін қателік санаған.

Сондықтан да олардың дәрежесіне қатысты осы ұсақ жаңсақтықтарды ағаттық деп қараудың өзі үлкен қателікке жатады.

Құран кәрім Адам ата туралы: «Адам Раббысына қарсы келіп, жолынан адасты. Сосын Раббысы оны таңдап тәубесін қабыл етті де, оған тура жолды көрсетті»[57], – дейді.

Адам ата өзін сүрінбей жатып, сүрінуден қорғап қалған Раббысына бет бұрып тәубеге келген еді. Бұл – «зәллә», яғни, ұсақ жаңсақтық еді. Адам ата мен Хауа ана Аллаһ тағаланың тыйымын ұмытып кетіп, осындай ағат қадамға барды. Ұмыту – пенделіктің белгісі. Аллаһ тағала «ұмытты» деу арқылы Адам ата туралы жаман ойлауымызға жол бермей, артынша оның тәубеге келгендігін айтады.

Аятта Адам ата мен Хауа анамызға жеміске жақындамау жөнінде әмір берілген соң нақты қанша уақыт өткені бір Аллаһтан өзге ешкімге белгісіз. Ең анығы, Адам ата осы бұйрықты алған соң, арада көп уақыт өткен. Жеміске салынған тыйым ұмытылған соң орын алған.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Мына үш нәрсеге қалам жазылмайды: ұмыту, қателік және зорлықпен істелген іс»[58], – деген. Яғни, адам ұмытып кетіп, қандайда бір қатеге қадам басса, оның сөкеттігі жоқ. Ендеше, Адам атаны күнә жасады деп жазғыру дұрыс емес.

Һәм пайғамбарлар – Хақ тағаланың рақымшыл-дығының көрсеткіші. Олар адамдарға қиыншылық тудыру үшін емес, екі дүние бақытына бастау мақсатымен жіберіледі. Сол себепті олардың ижтиһад қателіктерінің өзі түбінде үмбетіне қайырлы. Ендеше, Адам пайғамбардың қателігінде де осындай қайыр бар. Ең алдымен, ол – адамзаттың түп атасы. Ал адам баласы жаңылмай тұрмайды. Хақ тағала адам бойына ұмыту мен қателесу қасиеттерін де белгілі бір мақсатпен берген. Ол осы екі қасиеті арқылы өзінің пенде екендігін еске түсіреді. Бұған қоса қателік жасаған соң, хазірет Адам атаның дереу тәубе еткенін де ескеру керек. Осылайша ол ұрпағына ең басты қажетті нәрсені үйретеді. Өйткені адам баласы осынау өмірде сан жығылып, талай опық жеп, қателіктерінен сабақ алады. Қайта тұрудың, қалай шығудың жолын іздейді. Міне, осылардың барлығына төтеп берудің жолын бабасы Адам көрсетеді. Яғни, ей, ұрпағым! Өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарында қилы-қилы кезеңдерге тап келуің мүмкін. Шайтанның азғыруымен кейде тіпті өмірден адасып кетуің де ықтимал. Міне, сондай кезеңде өздеріңді құрдымға итермелемей тәубе етіңдер дегені. Тәубе – адамның қатесін түсініп, енді қателеспеуге іштей бекінуі. Қанша күнәға батса да, Хақ тағаланың рақымынан үміт үзбей, өзіне жәрдемдесуін тілеуі. Иә, тәубе – қараңғылықта адасқан жанның ұзақтан жылтырап, өзіне шақырған үміт оты. Бағыт-бағдарын көрсеткен көктегі Құс жолы мен темірқазығы. Жарқын болашаққа қарай қанатын талдырмай самғатушысы.

Тәубенің қаншалықты үлкен нығмет екендігі мына хадисте баяндалған: «Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір күні: «Мұсылмандардан күнәсі бола тұра Жаннатқа кіретіндер болады», – дейді. Сонда сахабалар: «Қалайша, Аллаһ расулы?» – деп сұрағанда, ол: «Мұсылман жасаған өз күнәсін ұмытпай үрейленіп жүреді. Раббысына шынайы түрде жалбарынады. Осы арқылы ол Аллаһ тағаланың кешіріміне ие болады».

Хазірет Адамның осы қателігі арқылы адам баласы жер бетінде өмір сүруге мүмкіндік алды. Егер ол мүлт кетпегенде, адамзат қазір де жаннатта болар еді. Ал жаннат – сынақ мекені емес. Сынақ мекені болмағандықтан, адам баласы толық адам шыңына жетіп, Жаратушысын танып-біле алмайды. Яғни Адам атаның жаңсақтығы – жүз мыңдаған пайғамбарлардың пайғамбарлық шыңдарға, миллиардтаған адамдардың толық адам шыңына жетуіне арқау болды. Ендеше, ол қателеспегенде, адамдардың бәрінің де мәртебесі бірдей болып қалар еді. Онда Әбу Жәһил мен Әбу Бәкірдің бір-бірінен ешқандай айырмашылығы болмас еді. Аллаһ тағала адамзатты жер бетіне халифа етіп жаратуында белгілі бір мақсат бар. Міне, Адам ата осыған себепкер болды. Аллаһ тағала хазірет Адам мен Хауа ананы жаннаттан қуған жоқ. Олардың мекені жер беті болатын. Хақ тағала оларды жаннатқа кіргізіп, содан кейін шайтан арқылы жер бетіне түсіруінде де сырлы хикметтер бар. Яғни, ей, Адам баласы! Шайтан сендердің ата-аналарыңның жаннаттан шығарылуына себепкер болды. Ендеше, шайтанның азғыруынан сақтаныңдар. Ол ата-аналарыңды жаннаттан шығарғаны тәрізді, сендерді де сол Жаннатқа кіргізбеуге бар күшін салады. Айтқандай-ақ «Ағраф» сүресінде: «Ей, Адам баласы! Шайтан ата-аналарың Адам мен Хауаны алдап, Жаннаттан шығарғаны тәрізді сендерді де бүлікке итермелеп, бір пәлеге қалдырмасын. Өйткені сендер оны, тайпасын көре алмасаңдар да, олар сендерді көреді. Біз шайтандарды иман келтірмеушілердің досы қылдық»[59], дейді.

Сөз ақыры, Хақ тағаланың оларды Жаннаттан шығаруы кездейсоқ емес. Бұның бәрі алдын- ала жазылған тағдыр арқылы болып отыр. Мына хадисте де тағдырға қатысты мәселе айтылады: «Адам мен Мұса рухтар әлемінде кездесіп, сөйлеседі. Мұса: «Ей, Адам! Сен бабамызсың! Бізді Жаннаттан шығарып, мақұрым қылдың», – дейді. Адам оған: «Ал сен Мұсасың. Аллаһ сенімен тілдесіп абыройыңды асқақтатты. Саған арнайы кітап жазып түсірді. Аллаһ тағала мені жаратудан қырық жыл бұрын тағдырыма жазған осы мәселе үшін мені неге кінәлайсың?» – деп Мұсаны уәжге жығады»[60]. Осы хадиске назар салсақ, аталмыш оқиға әуел бастан тағдырда жазылып қойған. Аллаһ тағаланың адамзатты жаратудағы мақсаты – хазірет Адамның Жаннаттан жер бетіне түсу арқылы ғана іске асатын еді. Ешқандай себепсіз ол екеуін Жаннаттан шығармақ емес. Осы оқиғалар арқылы илаһи тағдыр іске асқан[61].

Адам ата мен Хауа ананың жер бетіне түсуі

Адам ата мен Хауа ана жер бетінде ұзақ уақыт бойы бір-бірін көрмей, жеке дара ғұмыр кешеді. Адам ата өзінің жасаған қателігіне өкініп қатты қайғырады. Хақ тағалаға ұзақ жалбарынып, көз жасын төгеді. Арада бірталай уақыт өткен соң Аллаһ тағала оларды бір-бірімен Меккеге жақын Арапат тауының етегінде жолықтырды. Олар қайта қосылған соң, жер бетінде ең алғашқы отбасылық өмірді бастайды. Хақ тағала Адамға егін шаруашылығы және осыған ұқсас басқа да көптеген ризық табу жолдарын үйретеді. Осылайша Хақ тағаланың: «Байқаңдар! Ібіліс екеуіңді алдап Жаннаттан шығарып жүрмесін. Ей, Адам, онда өмірдің тауқыметін тартасың»[62] деген сөзі айдан анық айтылған.

Адам ата мен Хауа ана қайта қауышқан соң, жер бетінде ұрпақ өрбіп, адамдар бірте-бірте көбейе бастады. Хауа ана ұдайы бірі қыз, бірі ұлдан егіз туатын еді. Бірақ ол кезде адамдардың көбеюіне байланысты егіздер өз жұптарымен емес, өзінен кіші немесе өзінен үлкен егіздермен үйленетін. Бұл зәруліктен туған, сол заманда ғана рұқсат етілген үрдіс еді. Кейін осы зәрулік тоқтатылды. Алғаш рет хазірет Нұхтың шариғатымен бауырлас қыз бен ұлдың бір-бірімен үйленуіне тыйым салынды. Деректерде хазірет Адам қайтыс болған кезде, жер бетіндегі адамдардың саны қырық мыңға жеткендігі айтылады[63].

Хазірет Адам жер бетіндегі адамдардың әкесі ретінде алғаш рет жіберілген пайғамбар болды. Ол өмір бақи осы міндетін адал атқарып, Аллаһтың әмірін қалтқысыз орындады. Ұлы Жаратушы оған он парақтан құралған әмір мен тыйымдар жазылған үкімдер түсірді[64].

Осылайша Адам пайғамбар осы үкімдерді ұрпағына шашауын шығармай, толық жеткізді. Адам пайғамбар ұрпағына шайтаннан қалай сақтану жолдарын және өзінің бір рет оған алданып қалғандығын, Жаннаттан қуылғандығын ұрпағының санасына әрдайым сіңіріп отырды. Ол ұрпағына нағыз өмір ақыретте екендігін, бұл өмірдің фәнилігін айтып, Хақ тағаланың ақиқат жолына шақырды. Ақтық сәтіне дейін ұрпағына осыны ескертумен өтті. Ақыр соңында мың жылға жуық ғұмыр кешкен[65] ол өзіне тиісті уәзипасын ада етіп барып өмірден озады.

  Абыл мен Қабыл

Хауа ананың Абыл мен Қабыл деген ұлдары өз жұптарымен (қарындастарымен) егіз дүниеге келді. Адам әкелері оларға өз сыңарына емес, өзге егіздердің сыңарларына үйленуге тиіс екендігін айтқан еді. Сондықтан да Абыл Қабылдың, ал Қабыл Абылдың сыңарына үйленуге тиісті болды. Бірақ Қабылдың сыңары Абылдың сыңарынан сұлу болатын. Қабыл бұл үкімге разы болмай, өз егізімен үйленуді қалайды. Адам әкесі оған қанша түсіндіргенмен, ол алған бетінен қайтпай, бірбеткейлік танытты. Сонда Адам ата екеуіне Аллаһ үшін құрбан шалуын талап етеді. Хақ тағала кімнің құрбанын қабыл қылса, Қабылдың сыңарын сол алатындығын айтады. Абыл шопан болатын. Ол бір қойын шалып, Хақ тағала үшін құрбан етті. Қабыл егінші еді. Ол да Хақ тағала жолында бір десте бидайды құрбан етті[66]. Хақ тағала Абылдың ғана құрбанын қабыл етеді. Сонда Қабылдың қызғанышы мен өшпенділігі қозып, өзін қоярға жер таппай, қатты долданады. Ақыры, ол бұл қорлыққа шыдай алмай, Абылды өлтіруге ниеттенеді. Абыл оның бұл пиғылын сезген кезде: «Сен мені өлтіруге қол созсаң да, мен сені өлтіру үшін қол созбаймын. Күдіксіз, мен әлемдердің Раббысы Аллаһтан қорқамын! Мен сенің күнәңмен қоса өзімнің күнәмді арқалап күнәһар болғым келмейді. Сондықтан да абай бол! Бүкіл күнәні сен арқалайсың, оның соңы да тозақ. Өйткені залымдар осылай жазаланады»[67], дейді. Алайда Қабылда оның насихатын тыңдайтындай күй жоқ еді. Тұла бойын өшпенділіктің оты өртеп, жазықсыз Абылды өз қолымен өлтіреді. Осылайша жер бетінде алғаш рет қан төгіледі. Періштелердің адам баласын қан төгуші дегені расқа айналып, адам деген абыройлы атқа дақ түседі. Қабыл – жер бетіндегі ең алғашқы кісі өлтірушісі, ал Абыл жер бетінің алғашқы нақақ шейіт ретінде тарихта қалады. Бір хадисте жер бетінде кімде-кім жақсылыққа бір жол ашса, сол жол жабылғанға дейінгі сауаптар әлгі адамның амал дәптеріне, ал кімде-кім жамандыққа бір жол ашса, сол жол аяқталғанға дейін күнәлар сол адамның амал дәптеріне жазылатындығы айтылады. Ендеше, Қабыл жер бетіндегі қан төгу секілді күнәға ең алғашқы болып жол ашқандықтан, қияметке дейінгі төгілген қандардың обалы Қабылдың амал дәптеріне жазылады. Айтқандай-ақ Аллаһ елшісі бір хадисте: «Зұлымдықпен өлтірілген адам баласының қанынан Адам атаның бірінші ұлы (Қабылдың есебіне) бір үлес бөлінеді. Өйткені ол қылмыскерлердің көсемі болды», – дейді. Қабыл алғашқы қан төккен адам болғандықтан, бір адамды ғана өлтіріп қойған жоқ, ол қияметке дейінгі жазықсыз өлген кісілерді де бірге өлтірген болып, күнәларын арқалады. Негізінде, одан кейінгі замандарда кісі өлтірген адамның күнәсі Қабылдың күнәсінен онша қашық емес. Өйткен Құранда: «Сондықтан Исрайыл ұрпақтарына: Кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде содырлық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен және кімде-кім бір адамның өмірін құтқарса (тірілтсе), барлық адамзаттың өмірін құтқарғанмен бірдей деп жаздық»[68], – дейді.

Осыдан кейін Қабыл өлген бауырының қасында тұрғанда ғана өзінің қандай қылмысқа барғанын аңғарып қатты састы. Өлген денені не істерін білмеді. Өйткені Абылға дейін жер бетінде кісі өлімі орын алмаған болатын. Ол дағдарып тұрған кезде, жақын жерге екі қарға келіп қонады да, бір-бірімен шекісіп қалады. Сәлден соң қарғаның бірі екіншісін өлтіреді. Ол дереу жерді тұмсығымен қазып, өлген қарғаны сол шұңқырға көмеді[69]. Бұл уақытта хазірет Адам өзінің әулетіне Қабылды басшы етіп сайлап, өзі маңызды бір шаруамен сапарлап кеткен-ді. Келген бойда болған жайды естіп, қатты қайғырып, Қабылға қарғыс айтады. Қара бет болған Қабыл сыңарын алып, басқа жаққа қоныс аударады. Кейбір деректерде Йемен жаққа қарай кеткендігі айтылады. Осылайша Абылдың өлімімен аяқталған бұл оқиға шайтанның жер бетіндегі қол жеткізген ең алғашқы табысы болды.

Қағбаның салынуы

«Қағба» сөздікте «жоғары, төрт бұрыш» деген мағына береді. Терминде хазірет Ибраһим пайғамбар мен баласы екеуі салғандығы айқын дәлелдермен беріліп, Меккеде орналасқан, зиярат етілетін қасиетті ғимарат. Ислами деректерде Қағба сол заманға дейін он бір рет құлап, он бір рет тұрғызылған[70]. Кейбір деректерде жер бетінде Қағбаның қабырғасын періштелер қалаған деп те айтылады. Негізінде, бұл күнде біздің көріп жүрген Меккедегі Қағба оның дәл өзі емес. Ол Қағбаның белгісі ретінде тұрғызылған қабырғалары ғана. Ал Қағбаның өзі тылсым-сырға толы алып құрылыс. Оның іргетасы жерде болғанымен, ұшар басы жеті қабат көктің арғы жағындағы Ұлы Арыштың астында. Сол жерде де «Бәйтул-Мағмұр» делінген Қағба тәрізді үй бар. Бәйтул-Мағмұрды күніне жетпіс мың періште тауап етеді. Бірақ сол періштелердің қияметке дейін қайта келіп тауап етулеріне кезек тимейді.

Хазірет Адам жер бетіне түскен соң, періштелердің көмегімен Қағбаны қайта тұрғызған. Нұх пайғамбардың заманындағы топан суға дейін Қағбаны Адам атаның балалары жөндеуден өткізіп, күтіп ұстаған. Жер бетін топан су қаптаған кезде, Қағба құлап, орны білінбей кеткен. Кейіннен бірнеше ғасырлар өткен соң хазірет Ибраһим пайғамбарға Хақ тағала уахи арқылы Қағбаның орнын айтып берген соң, баласы екеуі қайта салған.

 Қағба – жер бетіндегі ең алғашқы құлшылық орны. Бұл хақында Құранда: «Негізінен адам баласы үшін (құлшылық мақсатында) Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбәрак және тура жол»[71], деп айтылады. Қағбаның хазірет Адам заманында салынуы – жер бетіне әуел бастан-ақ мәдениет пен өркениеттің етек жайғанына куәлік етеді. Сондықтан адам баласы жер бетіне түскен кезден бастап-ақ өркениет дами бастаған. Адам әрқашан да адам. Кешегі мен бүгінгі адам баласының ой-санасында ешбір айырмашылық жоқ. Яғни жаратылысы бір. Сөйтсе де мына заманның өркениетін ол кездің өркениетімен салыстыра алмайсың. Айырмашылығы сол – алғашқысы себілген тұқым болса, ақырғысы содан көктеп шыққан алып ағаш яки соның жемісі.

Адам атаның көз жұмуы

Алғашқы адам һәм пайғамбар Адам ата дерек көздерінде шамамен мың жылдан ұзақ өмір сүргені айтылады. Демек, бұрынғы адамдар бізден әлдеқайда ұзақ өмір сүрген. Оған қоса, олар бізден ұзын болған деседі. Бухаридағы бір хадисте хазірет Адамның бойының алпыс құлаш екендігі және кейін бірте-бірте аласарып шөккені айтылады[72]. Мысалы, «алпыс құлаш» шамамен сол кездегі адам бойының отыз метрдей болғанын білдіреді. Ал бүгінгі таңда табылып отырған бұдан екі миллион жыл бұрын өмір сүрген адамның қаңқасы бізден осыншалық ұзын емес. Алайда бұл жерде Ислам ғұламаларының көзқарасына тоқтала кетсек, олардың «алпыс құлаш» деген пікірінің жаны бар. Хадиске көз салсақ, Адамның алғаш жаратылып жаннатқа кірген кезі алпыс құлаш екендігі және адамдардың да Жаннатқа кірерде бойларының алпыс құлаш болып кіретіндігі айтылған. Ендеше, Жаннат пен жердің өзіне тән заңдылығы бар. Яғни Адам атаның бойы Жаннатта алпыс құлаш болған. Ал жер бетіне түскенде кәдімгі орта бойлы адамға айналған[73]. Бір ақиқаты – сол кездің адамдары бізден әлдеқайда еңселі болған. Өйткені хадистің толық нұсқасында: «Адамдар уақыт озған сайын аласарып барады», – дейді. Демек хазірет Адамның жер бетіндегі тұрқы Жаннаттағыдай болмаса да қазіргі адамдардың бойынан әлдеқайда сұңқар болғандығы айқын. Бұдан шығатын қорытынды: қазіргі қысқа бойлы мұсылмандар да Хақ тағаланың рақымымен Жаннатқа алпыс құлаш болып кіреді.

Адам баласы жер бетіне бейбітшілік орнату үшін келген. Негізі, адам жаратылысының да мақсаты осы. Бұны Адам атаның алғаш жаратылған кезіндегі сөзінен байқауға да болады. Бірде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дейді: «Аллаһ тағала Адамды өз келбетінде және бойын алпыс құлаш етіп жаратқан кезде: «Барып, ана жердегі періштелерге сәлем бер. Олардың да саған қалай сәлем беретіндіктеріне көңіл қойып тыңда. Өйткені сол сәлем сенің және ұрпағыңның сәлемі болады», – дейді. Сонда Адам оларға жақындап: «Әс-сәләму алайкум!» – деп сәлем береді. Періштелер: «Әс-сәләму алайкә уә рахматуллаһ», – деп жауап береді. Олар «уә рахмәтуллаһ» дұғасын қосып айтады»[74]. Міне, хазірет Адамның алғашқы айтқан сөзі осы болатын. Ол әу бастан бейбітшілікті жақтағаны тәрізді ұрпағына да мың жыл бойы «Қашанда тура жолда жүріп, бейбіт өмір сүріңдер» деуден жалықпады. Ол өзі бұрын жаннатта өмір сүрсе, жер бетінде де өзінің сол жаннатқа лайық екендігін мың бір машақатпен дәлелдеді. Ол пайғамбар ретінде де ұрпағына дінді толықтай жеткізіп, оларға жер бетінде қалай өмір сүру керектігін үйретті. Ол пайғамбарлықтан бұрын да, кейін де пайғамбарлық атқа кір келтірмей ғұмыр кешті. Сол себепті ол Хақ тағаланың «Сафиуллаһ» деген марапатына ие болды. Құрандағы: «Аллаһ тағала Адамды, Нұхты, Ибраһим отбасын және Имран отбасын таңдап, мерейін үстем етті»[75] аяты да осының бірден-бір дәлелі. Ол сондай-ақ, шапағат хақындағы хадисте де «Адамзаттың әкесі» деп аталып, үлкен баға берілген. Һәм халифалық тұрғысынан да «Халифатуллаһ» деп білінеді. Ол сол халифалық міндетін атқарып, ең алғаш рет Хақ тағаланы жер бетіне паш етті. Осы тұрғыдан алғанда да оның мерейі үстем еді.

Жаратылған кезде күнәдан қалай пәк жаратылса, бұл ғұмырдан көшіп бақилық боларда да күнәсіз күйінде көз жұмды. Өлер алдында ол Хақ тағалаға жалбарынып өзінің көз жұматындығын, ал Ібілістің қияметке дейін өмір сүріп, бұның артынан мазақтап күлетіндігін айтты. Сонда Аллаһ тағала оған уахи арқылы: «Сен қайтадан жаннатқа кіресің. Ол болса қияметке дейін жер бетіне қанша адам келіп-кетсе, сонша өлімнің дәмін татып, азап тартады» деп жауап беріп, Адам атаны жұбатады. Кейбір деректерде ол қайтыс болғанда, балалары денесін Қағбаға жақын Әбу Қубәйс деген төбенің басына жерлегені айтылады. Осылайша топырақтан жаратылған денесі топыраққа қайтадан кіреді. Оның асыл жары – Хауа ана да көп ұзамай қайтыс болғаны кейбір деректерде айтылады[76]. Хақ тағала ардақты Пайғамбары мен оның асыл жарына мәңгілік разы болып, рақым нұрын төксін!



[1]       Мухаммәд Али әс-Сабуни. ән-Нубууә уәл-әнбия. Бәйрут. 1989. 155-бет; Ахмәд Бәһжәт. Әнбияуллаһ. Мысыр. 1999. 19-бет

[2]       «Зариат» сүресі, 56

[3]       Ибн Кәсир, Тәфсир, 1. 70

[4]       «Бақара» сүресі, 30.

 [5]       Фахруддин әр-Рази. Тәфсирул-кәбир. Бәйрут. 1990. 2-том. 150-бет

[6]       «Бақара» сүресі, 30

[7]       Фахруддин әр-Рази. Тәфсирул-кәбир. 2-том. 192-195 беттер

[8]       «Фатыр» сүресі, 11, Қосымша қараңыз: «Рұм» сүресі, 20, «Әли Имран» сүресі, 59, «Кәһф» сүресі, 37, «Хаж» сүресі, 5.

[9]       Қараңыз: «Сад» сүресі, 75

[10]     «Әли Имран» сүресі, 59

 [11]     «Муминун» сүресі, 12-14-аят

[12]     Бухари, Бәдул-халқ, 6; Әнбия, 1; Қадар, 1; Муслим, Қадар, 1; Әбу Дәуіт, Сүннет, 17

[13]     «Бақара», сүресі, 30-32

[14]     «Бақара» сүресі, 33

[15]     Хусәйн Жисри. Рисаләи-Хамидия. Стамбул. 1973. 591-бет; Мухаммәд Али әс-Сабуни. Сафуатут-тәфәсир. 49-бет

 

[16]     ән-Нубуә әл-Әнбия. Мухаммәд Али әс-Сабуни. Димашқ. 1985. 127-бет; Афиф Абдулфаттах Таббара. Маал-әнбия фил-Қуран. 32-бет; Мухаммәд Али әс-Сабуни. Сафуатут-тәфәсир. Стамбул. 52-бет; Фахруддин әр-Рази. Тәфсирул-кәбир. 2-том. 197-бет

[17]     «Бақара» сүресі, 34

[18]     Елмалылы Хамди Языр. Хақ Діні Қуран Дилі. 273-бет

[19]     «Сад» сүресі, 75-76

[20]     «Ағраф» сүресі, 12; «Исра» сүресі, 61

[21]     Елмалылы, ІІІ, 2129

 [22]     «Хижр» сүресі, 27

[23]     Елмалылы. 3/2131-бет

[24]     Фахруддин әр-Рази. Тәфсирул-кәбир. 2-том. 201-бет

 [25]     «Әли Имран» сүресі, 27.

[26]     Елмалылы, 3/2132-бет

[27]     Қ.Жолдыбайұлы. Күдікпен күрес. Алматы. 2006, 62-бет.

[28]     «Ағраф» сүресі, 13.

 [29]     «Ағраф» сүресі, 14.

[30]     «Ағраф» сүресі, 15

[31]     «Ағраф» сүресі, 12-17 аяттар.

[32]     Елмалылы, 4/22.

[33]     «Ағраф» сүресі, 189.

[34]     «Ниса» сүресі, 1.

[35]     Фахраддин Рази, ат-Тафсирул-кабир, Мысыр. 1938. 9т.160б.

 [36]     Ибн Касир, Тафсирул-Қуранил азим. I/112; Табари тарихы. I/52

[37]     Бухари. Әнбия. 1, Никаһ. 80; Ибн Мажә. Тахарат. 77, Ахмед ибн Ханбал, 5/8

[38]     Мүслим. Рида. 64; Нәсаи. Никаһ. 15

[39]     «Зүмәр» сүресі, 6

[40]     «Рұм» сүресі, 21

[41]     «Бақара» сүресі, 35

[42]     «Таһа» сүресі, 117-119

[43]     «Бақара» сүресі, 35

[44]     Елмалылы, ІІІ/2139

 [45]     «Таһа» сүресі, 120

[46]     «Ағраф» сүресі, 14

[47]     Елмалылы, I/323-324

[48]     Сәйд Қутуб, Фи Зилалил-Қуран, Х/84

[49]     «Ағраф» сүресі, 22

[50]     «Ағраф» сүресі, 23

[51]     «Бақара» сүресі, 37

[52]     Елмалылы, 4/25-26

[53]     Бүнямин Атеш, Пейгамберлер тарихы. 108-бет

[54]     «Бақара» сүресі, 36; «Ағраф» сүресі, 24

[55]     «Таһа» сүресі, 123

[56]     «Әнғам» сүресі, 164

[57]     «Таһа» сүресі, 121-122

[58] Мунауи, Фәйзул-Қадир, 4/34

[59]     «Ағраф» сүресі, 27

[60]     Муслим, 17/2042

[61]     Б.Атеш, Пейгамберлер тарихы. 110-111 беттер

[62]     «Таһа» сүресі, 117

[63]     Табари тарихы. 1-том 84-бет; Ибн Сағыд, Табақат, 1-том. 38-39 беттер

[64]     Абдуррахман Хубнакал Майдани, әл-Ақидатул Исламия уа Усусуһа, II/260

[65]     Ибн Табақат, I/28-29; Ахмед ибн Ханбал, Мүснәд, 1/299

[66]     «Маида» сүресі, 27

[67]     «Маида» сүресі, 28-29

[68]     «Маида» сүресі, 32

[69]     «Маида» сүресі, 31

[70]     Б.Атеш, Пейгамберлер тарихы. 119-бет

[71]     «Әли Имран» сүресі, 96

[72]     Бухари, 6/362; Қуртуби, тәпсірі, ХХ/45

[73]     Казанжы, 74-бет

[74]     Бухари. Әнбия 1; Муслим. Жаннат. 28/2841

[75]     «Әли Имран» сүресі, 33

[76]     Ислам ансиклопедиси, Хауа бабы.

Жоғары