ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Құрбандық (һәди) шалу

Құрбандық (һәди) шалу

 С: Қажылықта құрбандық шалу (һәди) дегеніміз не?

Ж: Қажылық пен ұмраның кезінде ихрамнан шыққаны үшін, не тежелісте қалғаны үшін, не тәмәттуғ пен қиран рәсімдерін орындағанына шүкірлік ретінде немесе қажылық пен ұмраның уәжіптерін тастап кеткені үшін, ихрам шарттарын бұзғаны үшін жаза ретінде сойылатын малды құрбандық – һәди деп атайды. Сонымен бірге құрбандық ерікті түрде де слйылады.

С: Құрбандыққа қандай мал сойылуы керек?

Ж: Құрбандық түйе, сиыр не қой болады. Олардан басқасын союға болмайды. Малдың еркек, ұрғашысының айырмашылығы жоқ.

С: Жоғарыда айталған үш түрлі малдың кез келгенін сойса бола ма, әлде басқа шарттары бар ма?

Ж: Иә, оның екі түрлі шарты бар. Біріншіден, ересек, сақа мал болуы керек. Екіншіден, сойылатын малдың кемшілік, кінәраты болмауы керек.

С: Сақа мал деген не?

Ж: Ересек мал дегеніміз қойдан жасы бір жылдан асып екінші жылға кіргені, сиырдан екі жасқа толып, үшінші жылға кіргені, ал түйеден жасы бес жылдан асып, алтыншы жылға кіргені.

С: Қойдан сақа түрінен басқасын сойса бола ма?

Ж: Иә, егер жасар қойлармен араласып, соларға ұқсас болып көрінетін болса алты айға толған бағланды союға болады.

С: Кемшіліктері болмауы керек дегенді қалай түсінуге болады?

Ж: Мүшелері сау болуы керек. Аяғы сынған не кесілгенін союға болмайды. Сондай-ақ, құлағы не құйрығы кесілген, не соқыр, не айналма немесе соятын жерге бара алмайтын ақсақ болмауы керек.

С: Құлағының немесе құйрығының кейбір бөлігі кесілген малды құрбандыққа союға бола ма?

Ж: Егер құлағының не құйрығының көп бөлігі кесілген болса құрбандыққа союға болмайды.

С: Құрбандықты кез келген жерде сойса бола ма?

Ж: Жоқ, құрбан малын тек харам аймағында сою шарт.

С: Түйе мен сиыр  қандай жағдайларда сойылады?

Ж: Түйе мен сиырды толық түрде сою зиярат тауабын жүніп күйінде орындаған адамға, сондай-ақ, Арафат тауында тұрғаннан соң шашын алмай, зиярат тауабын жасамастан бұрын төсек қатынасына барған адамға мндетті. Қалған жағдайларда – тежеліп қалғаны үшін, не тәмәттуғ, не қиран рәсімдерін жасағаны үшін, не тыйымды бұзғаны үшін және ерікті түрде соятын болса қой сойса болады.

С: Құрбандықтың кейбір түрлерін екі одан да көп кісі бірігіп сойса бола ма?

Ж: Иә, түйе мен сиырды құрбандық ниетіндегі жеті кісі сойса болады.

С: Жеті кісі бір түйеге не сиырға ортақтасып, олардың арасында бір кісі тек ет алуды қаласа бола ма?

Ж: Бір кісінің ниеті сондай болса қалғандарының сойған құрбандары дұрыс болмайды.

С: Құрбанға шалынған малдың етін жеуге бола ма?

Ж: Егер құрбандық ерікті түрде, не тәматтуғ үшін, не қиран үшін сойылса оның иесіне етін жеуіне болады. Тежеліп қалғаны үшін, не тыйымдарын бұзғаны үшін сойса етінен жеуге болмайды.

С: Құрбан малды союдың белгіленген уақыты бар ма?

Ж: Тәмәттуғ пен қирандағы құрбан малын зул-хижжаның онынан бұрын союға болмайды, оныншы күні немесе одан кейінгі екі күннің біреуінде сояды. Одан әрі кешіктіруіне болмайды. Сондай-ақ, оны күні Ақаба тас лақтырыуынан бұрын союына болмайды. Ал, тыйымдарды бұзғаны үшін және қоршауда қалғаны үшін сойылатын һәдилерді қай кезде сойса да ерікті.

С: Тәмәттуғ пен қиран рәсімдерінде соятын құрбандықты құрбан шалатын күндерден кешіктірсе не болады?

Ж: Уақытынан кешіктіргені үшін оған тағы бір мал союы керек болады.

С: Құрбандыққа сойылған малдың етін харам аймағының міскіндеріне таратып беру керек пе?

Ж: Тек харам аймағының міскіндеріне тарату шарт емес. Басқаларға да таратуға болады.

С: Құрбандығын Арафат тауына апару шарт па?

Ж: Олай істеу шарт емес.

С: Көкірегінен пышақ сұғып сою мен бауыздаудың реті қалай?

Ж: Түйені көкірегінен сою, ал сиыр мен қойды бауыздау сүннет. Керісінше істесе мәкруһ болады.

С: Құрбан шалушы өзі бауыздауы керек пе?

Ж: Өзі бауыздауы шарт емес. Басқа біреуге сойдырса болады. Ең дұрысы құрбан шалу рәсімін өзі бақылып қадағалағаны.

С: Құрбандыққа әкеле жатқан түйесіне мәжбүрліктен мінуіне бола ма?

Ж: Мәжбүр жағдай болса мінеді. Мәжбүр болмаса мінбейді.

С: Құрбандыққа әкеле жатқан малдың сүтін сауып алуға бола ма?

Ж: Құрбандық малын саумайды. Сүтінің ағуын тоқтату үшін емшегіне салқын су себеді.

С: Құрбан шалуға әкеле жатқан мал жолда өліп қалса не істейді?

Ж: Егер ерікті түрде құрбан болса басқа мал соймайды. Ал, уәжіп түрдегі құрбан болса орнына басқа мал союы тиіс.

С: Әкеле жатқан мал құрбандық шартына сай келмейтін кемшклккке ұшыраса не болады?

Ж: Егер құрбандық уәжіп үкімінде болса кемшілікке ұшыраған малдың орнына басқасын қояды. Ал, егер ерікті түрдегі құрбандық болса кемшілігіне қарамастан соя береді.

С: Құрбандыққа алып келе жатқан түйесі жолда өлетін жағдайға душар болса не істейді?

Ж: Егер ерікті түрдегі құрбандық болса сойып, қанын тұяғына жағып, онымен өркешін ұрады. Сосын етін кедейлерге таратады. Құрбандық иесі мен байлар жемейді. Ал, егер құрбан шалуы уәжіп болса орнына басқа мал әкелуі керек.

С: Құрбандық шалатын малдың мойнынан белгі тағудың үкімі қандай?

Ж: Ерікті құрбандық пен тәмәттуғ және қиран рәсімдерінде шалынатын құрбандықтың мойнына белгі тағу мұстахаб. Қоршауда қалу мен тыйымдарды бұзғаны үшін шалынатын малдың мойнына тағылмайды.

С: Құрбандыққа шалатын малдың мұрындық, жүгендерін не істейді?

Ж: Оларды садақаға береді.

С: Малды сойған қасапшының ақысын құрбандықтың етінен берсе бола ма?

Ж: Құрбанның етінен қасапшыға берілмейді. Оның ақысын құрбандық сойдырушы өзінің жанынан береді.

Жоғары