ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ФОРЕКС НАРЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ҮКІМ

 

بسمم الله الرحمن الرحيم

الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين

 

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

 

Форекс[1] – биржадан тыс валюта нарығы. Форекс нарығының негізгі қатысушылары банктер, брокерлік компаниялар[2] және жеке трейдерлер[3] болып саналады. Брокерлік компаниялар клиенттің тапсырысы бойынша форекс нарығында валюта саудасын жасайды. 


Форекс маржа (мargin) мәмілесі арқылы іске асады. Яғни, клиент (трейдер) брокерлік компаниялардың бірінен есепшот ашып, кепілдік ретінде белгілі бір капиталды салады. Оның есесіне оған форекс брокері валюта саудасын жасауға қарыз береді. Трейдер валюта жұптарының (мыс. EUR/USD) бірін таңдап, сатып алған валютасының көтерілуін немесе төмендеуін күтеді. Егер трейдердің болжамы іске асса, пайдасы кепілдікке қойылған капиталына қосылады. Ал сәтсіздікке ұшыраса, брокер өзіне тиесілі соманы капиталынан ұстап қалады[4].


Форекс нарығында валюталарды алып-сатуға шариғи тұрғыдан тыйым салынады. Оның негізгі себептері төмендегідей:

 

1) Форекс нарығында өсім бар.


Брокердің трейдерге сауда жасауға ұсынған финанстық леверидж[5] қарыз болып есептеледі. Сондықтан брокердің қарыздың үстінен тапқан ролловер[6], спрэд[7] және т.б. төлемдері өсімге жатады. Төрт мәзһаб ғұламалары қарыздың үстінен пайда табуды шарт етудің дұрыс емес екендігіне бірауыздан келіскен[8]. Ислам фиқһы академиясының 1985 жылғы екінші отырысында қабылданған №10 (2/10) қарарында: «Борышкер қарызды уақытында өтей алмай қалған жағдайда оның үстінен көрген пайда немесе қосымша ақша, сондай-ақ келісімшарттың бастапқы уақыттан қарыздың үстінен қандай да пайданы көздеу немесе пайызды шарт ету шариғи тұрғыдан харам етілген риба (өсім) болып табылады» делінген[9].


2)  Валютаны сатып алу және сату барысында қолма-қол айырбастау жүйесі жүзеге аспайды.


Форекс нарығында валюталарды айырбастау электронды жүйе арқылы іске асқандықтан оны шынайы түрде қолма-қол жүзеге асыру мүмкін емес. Ал үкім жағынан қолма-қол принципі іске асу үшін банктік аударымдар жасалғанда қаржы клиенттің шотына сол сәтте түсіп, оны қалағанынша жұмсауға, кез келген уақытта шығарып алуға мүмкіндігі болуы шарт[10]. Бұл шарттар форекс саудасында ескерілмеген. Өйткені форексте клиенттің тек валютаны сатып алып, сатудан басқа құқығы жоқ. Ол есепшотына түскен қаржыны салған валютасымен ғана ала алады. Сатып алған шетел валютасын қолдана алмайды. Тек оны сатып транзакцияны жабқаннан кейін ғана ақшаны шығарып алуға мүмкіндігі болады. Бірақ қаражатты компаниядағы өз есебінен тікелей шығармай, тек чек арқылы компания есепшоты бар банктен ғана алады[11].


3) Форекс нарығы клиентке және жалпы экономикаға зиян.


Форексте көп мөлшерде қарыз беру, алдау, жалған ақпарат, қауесет, монополия, алаяқтық, бағаның тез өзгеруі, тез баю мақсатында біреудің жинақтарын шариғатта рұқсат етілмеген жолмен алу қамтылған. Бұл әрекеттер біреудің мүлкін харам жолмен жеуге итермелейді. Сонымен қатар, мұндай сауда түрі қоғамға үлкен шығын келтіреді және экономиканың құлдырауына алып барады[12].


4) Брокердің кепілдікке қойылған капиталды қолдануы өсім саналады.


Көпшілік ғалымдар «қарыз беруші қарыз алушы тарапынан берілген кепілдік затты қолдана алмайды» деген[13]. Өйткені Убай ибн Кағб, Абдулла ибн Сәләм, Ибн Аббас (Алла ол кісілерге разы болсын): «Қандай да бір қарыз өзімен бірге үстеме пайда әкелсе – ол риба (өсім)»[14], – деген. Сондықтан брокердің кепілге қойылған капиталды пайдалануы өсім болып саналады[15].


5) Форексте сауда жасау құмар болып есептеледі.


Форекс нарығында трейдер мен брокер арасында нақты сауда-саттық жоқ. Тараптар кепілдікке қойылған капиталды ставка ретінде тігіп, валютаның көтерілуін немесе төмендеуін ғана күтеді. Бұл құмарға жатады. Шариғатымызда оған тыйым салынған[16].


Осыған орай, форекс нарығында өсім, құмар, біреудің мүлкін арам жолмен жеу орын алғандықтан, әрі мұндай сауда клиентке және жалпы экономикаға зиян келтіретіндіктен бұлайша табыс табуға тыйым салынады.


Мысыр елінің пәтуа комитеті[17], Еуразия мұсылмандарының пәтуа шығару кеңесі[18], Ислам фиқһы академиясы[19]  т.б. форекске тыйым салған.  


 

Үкім:


Форекс саудасында өсім, құмар, біреудің малын харам жолмен жеу орын алғандықтан, онымен айналысуға болмайды. Сонымен қатар валютаның қолма-қол (шынайы әрі үкім жағынан) жүзеге аспауына, жеке тұлға мен экономикаға зиян келтіруіне байланысты форекс нарығында табыс табуға тыйым салынады.  

 



[1] Ағылшын тілінде foreing exchange деген сөзден қысқартылып, «шетелдік валютаны айырбастау» дегенді білдіреді.

[2] Форекс брокері – трейдерлерге шетел валюталарын сатып алу және сату платформасына қол жеткізуді қамтамасыз ететін қаржылық қызметтер компаниясы.

[3] Трейдерлер – олар бағамның айырмашылығынан ақша табу үшін жеке қаражаттарына өз бетімен сауда жасайтын адамдар.

[4] «Форекстің шариғаттағы үкімі» атты пәтуа, Еуразия пәтуа кеңесінің ІІІ отырысы, Стамбул қаласы, 21-22 желтоқсан, 2018 жыл.

Мысалы, трейдер брокерлік компанияның бірінен интернет арқылы есепшот ашып, 5000 доллар салады. Валюта нарығында мысалы, 1.5000 бағамен еуро сатып алу терезесі ашылды делік. Трейдер 100 мың еуроға тең 1 лотты (форекс сауда-саттықтағы негізгі валютаның 100,000 10,000 бірлігін білдіреді) таңдап енгізеді. Осы ретте брокерлік компания нарықтан 100 мың еуроны резервке алып, оның құны 150 мың долларды төлейді де, трейдердің есебінен 1500 долларды маржа ретінде сақтап қояды. Қалған 3500 доллар трейдердің осы транзакцияда жоғалтатын сомасының ең соңғы шегі болады. Сонда компания оған іс жүзінде 148500 долларды қарызға беріп тұр. Егер еуро болжам бойынша 50 пипке (пип – форекс сауда-саттығының негізгі бірлігі болып табылады. Бұл валюта жұбы бағасының өзгеруін көрсетеді. Пип 0.0001 мәнінің өзгеруіне сәйкес келеді) көтеріліп 1.5050 жетсе, трейдер еуроны сатып долларды сатып алуға тапсырыс береді. Ал бұл сома 150500 долларын құрап, клиент 500 доллар пайда көреді. Бұл пайдадан брокер өзіне тиесілі соманы алады. Егер трейдер сәтсіздікке ұшырап, сомасы 147000 долларға түсіп қалса, онда компания берген несиені (148500), транзакция нәтижесінен қалған сомамен (147000) қоса трейдердің есепшотынан 1500 долларды алады. Бұдан кейін клиенттің есебінде 3500 доллар ғана қалады.

[5] Леверидж – бұл брокердің трейдерге берген қарыз қаражаты. Несие сомасы клиенттің салым сомасынан 10, 20, 100 есе немесе одан да көп болуы мүмкін.

[6] Ролловер – позицияны келесі күнге ауыстырғаны үшін шоттан алынатын комиссия.

[7] Спрэд (ағылшынның spread – айырма, үзік) – бұл валюта жұбының «сұрау» бағасы мен «ұсыныс» бағасы арасындағы айырмашылық. Мысалы, Еуро-АҚШ доллары жұбы 1.20010 ұсыныс және 1.20022 сұранысы ретінде бағаланған кезде, осы екі баға арасындағы спрэд 00012 құрайды, бұл 12 пипс деп аталады. Клиент позицияны сұраныс бағасы бойынша ашқанда және кейінірек оны ұсыныс бағасымен жапқанда, форекс брокері осы спрэд сомасын жинайды.

[8] Әл-Кәсәни, «Бадаиу әс-санайығ», 7/395. Мәуәһибу әл-жәлил шәрху мухтасар Халил, 4/546. Фәтху әл-уәһһаб, 1/327. Әл-муғни, 4/211.

[9] Ислам фиқһы академиясының журналы, 2-саны, 2/735.

[10] Ислам фиқһы академиясының журналы, 6-саны, 1/453. 

[12] Ислам фиқһы академиясының журналы, 22-саны, 229. 

[13] Хашияту ибну Абидин, 10/83. Бадаиу әс-сәнайығ, 6/120-121. Ибну әл-Бәрр, Әл-кәфи, 414. Нәуәуи, Рәудәту әт-толибин, 2/181. Әл-Бәһути, кәшшәфу әл-қанағ, 5/1585.

[14] Бәйһақи, әс-сунәну әл-кубра, 5/349-350.

[15] Абдулазиз Фәрәж Мухаммад Муса, Әхкәму әл-мутәжира бил-һәмиш (дирасатән фиқһиятән муқаранатән), 1381-1383.

[16] «Форекстің шариғаттағы үкімі» атты пәтуа, Еуразия пәтуа кеңесінің ІІІ отырысы, Стамбул қаласы, 21-22 желтоқсан, 2018 жыл.

[18] «Форекстің шариғаттағы үкімі» атты пәтуа, Еуразия пәтуа кеңесінің ІІІ отырысы, Ыстамбұл қаласы, 21-22 желтоқсан, 2018 жыл.

[19] 2006 жылғы 8-12 сәуірде Мекке қаласында өткен Ислам фиқһы академиясының 18-отырысындағы Форекске қатысты қарары.

Жоғары