Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Ақида
        3. Даббатул арз (жерден шығатын хайуан) деген не?
        Даббатул арз (жерден шығатын хайуан) деген не?

        Даббатул арз (жерден шығатын хайуан) деген не?

        Сұрақ: Даббатул арз (жерден шығатын хайуан) деген не?

        Жауап:

        «Дабба» сөзі – әрекет етуші, қимылдаушы дегенді білдіреді. Яғни, ақырзаманда «дабба» есімді бір хайуанның шығатындығын Хазіреті Пайғамбарымыз хадистерінде айтып кеткен. Даббатул арз мәселесіне байланысты Құранда былай дейді: «Оларға айтылған (Қиямет) бастарына келген кезде, олар үшін жерден бір хайуан шығарамыз да, ол оларға адамдардың аяттарымызға мүлде сенбегендіктерін айтады» (27.Нәмл-82).

        Даббатул арз хайуан болғанымен, адам секілді әрекет етіп, мумин мен кәпір пенделерді бір-бірінен айырып, мынау мумин, мынау кәпір дейтіндей дәрежеге ие болады. Хазіреті Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Даббатул арз өзімен бірге Дәуітұлы Сүлейменнің мөрі мен Имранұлы Мұсаның асасын алып шығады. Аса таяқпен муминнің жүзін жарқыратып, мөрмен кәпірдің мұрнын сындырады. Тіпті бір үйге тамақ ішу үшін жиылған кезде елдер бір-біріне:

        Әй, мумин!

        Әй, кәпір! – деп бір-бірін ажыратып отыратын болады» (Ибн Мажа, Фитән 31).

        Даббатул арздың қандай хайуан екендігі, неге ұқсайтындығы анық белгісіз. Бірақ кейбір хадистердегі белгілері арқылы оның жер бетінде ұқсасы жоқ, сондай бір үлкен хайуан болатындығын аңғаруға болады. Амир ибн Астың айтуы бойынша: «Даббатул арз қажылық кезінде Меккедегі бір ағаштан шығады. Басы бұлтқа жеткенімен аяғы әлі жерден шығып бітпейді».

        Абдуллаһ ибн Зубайр Даббатул арзды былай деп сипаттайды: «Даббатул арз жердегі хайуанаттардың мүшелерінен жиналған. Мысалы, басы өгіздің басына, көзі шошқаның көзіне, құлағы пілдің құлағына, мүйізі тау ешкінің мүйізіне, мойны түйеқұстың мойнына, құйрығы қошқардың құйрығына, аяғы түйенің аяғына ұқсайды» (Ибн Кәсир, Китабун-нихая, 1 том, 163 бет.)[1].

        Даббатул арз қай жақтан шығады дегенге келсек, деректер оның Меккеге жақын жердегі сахара аймағынан шығатындығын меңзейді. Осы жөнінде Хазіреті Бурайда есімді сахаба:

        «Бірде Расулуллаһ мені Меккеге жақын сахарадағы бір жерге алып барды. Ол жер құмды, құрғақ жер екендігін көрдім. Сол кезде Пайғамбарымыз: «Даббатул арз осы тұстан шығады», – деді. Көрсеткен жерге қарасам, бас бармақ пен сұқ саусақ арасындай ғана яки бір қарыстай ғана жер екен» (Ибн Кәсир, Китабун-нихая, 1 том, 161 бет.) дейді.

        Ғалымдармыз бұл хайуанды Тәмим әд-Даридің Дажжалмен байланысты айтқан хадисіндегі үсті басы жүн-жүн, адамға да, хайуанға да ұқсамайтын мақлұққа теңейді. Қалай дегенімізбен түп ақиқаты бір Аллаға белгілі.



        [1]      İmam Şarani. ж.к.е., 513-бет.