Ақырзаманның кіші белгілері қандай?
Сұрақ: Ақырзаманның кіші белгілері қандай?
Жауап:
Хазіреті Пайғамбарымыздың хадистеріне сүйене отырып, ақырзаманның кіші белгілерінен бірнешеуін келтіре кетейік:
1. Хазіреті Мұхаммедтің (ﷺ) жер бетіне пайғамбар болып жіберілуінің өзі ақырзаманның алғашқы белгісі. Себебі Пайғамбарымыз: «Қиямет пен мен бірге жіберілдім», деп, сұқ саусағы мен ортаншы саусағын қимылдатып көрсеткені жайында деректер бар (Муслим, Фитән, 132; Тирмизи, Фитән, 39).
2. «Қияметтің белгілерінің бірі дін ілімі азаяды, сауатсыздық көбейеді, зина жасау етек алады, әйелдер көбейіп еркектер азаяды. Тіпті елу әйелдің бір ғана қараушысы болады» (Бухари риуаяты).
3. Әйелдердің саны ер кісілердің санына қарағанда әлдеқайда көп болады (Бухари, Худуд, 20).
4. Расулуллаһ (ﷺ) сахабаларымен сөйлесіп жатқанда бір түздік араб келіп қияметтің қашан болатындығын сұрағанда, оған: «Аманат аяқ асты етілген кезде қияметті күте бер», – дейді. Сонда түздік араб кісі: «Мұны қалай түсінсек болады», – дегенде, Пайғамбарымыз: «Қызмет өз маманына берілмеген кезде қияметті күте бер», – деп жауап береді (Бухари риуаяты).
5. Көп қабатты үйлердің салынуы, өз ісінің маманы емес кісілердің сөз сөйлеуі мен билік етуі (Бухари, Иман 37; Муслим, Иман 1).
6. Адам өлтіру оқиғасының көбеюі (Бухари, Фитән 25).
7. Жалаң аяқ, жалаңаш және кедей шопандардың да үй салуда бір-бірімен жарысқандарын көресіңдер (Муслим риуаяты).
8. «Мен Алланың Елшісімін» деп, өзін пайғамбармын деп жариялайтын отызға жуық жалғаншы дажжалдар шығады.
– Зілзаланың көбеюі.
– Көптеген бүліктер етек алуы.
– Жөнсіз жерде адам өлтіру көбейеді.
– Екі үлкен Ислам әскерлері бір-бірімен шайқаспайынша, қиямет болмайды (Бухари, Фитән 25).
9. Мал дүние судай болып ақпайынша, фитнәлар және жөнсіз жерде адам өлтіру көбеймейінше, қиямет болмайды (Хадис ансиклопедиси. Кутубус ситте. 17-том, 1234-хадис).
Осы хадистермен мазмұндас көптеген хадистер бар. Олардың бәрін тізбектеп айтудың орнына бірнеше мысалмен шектеуді жөн көрдік.
Имам Шарани ақырзаманның белгілері жайында Әбу Нуаймның риуаят еткен мына хадисіне көз жүгіртіп қарайтын болсақ, Хазіреті Пайғамбарымыз адамдар арасында мынадай жайттардың етек алатындығынан хабар береді.
1. Адамдар намаздарын қаза етеді, тіпті оқымайды.
2. Нәпсіге бой алдыру мен ойына келгенін жасайды.
3. Аманатқа қиянат етеді.
4. Харам нәрселерді халал деп санайды.
5. Өсімнен түскен ақшаны ойланбастан жейді.
6. Пара алушылық көбейеді.
7. Зәулім үйлер салынады.
8. Дүниеге қызығып, дінін сатады.
9. Туыстық қатынастар үзіледі.
10. Төрешілер мен қазылар үкімді сататын болады.
11. Жастардың үкімет басына келуі.
12. Жабайы аңдардың терілерінен киімдер тігіліп киіледі.
13. Ерлі – зайыптылардың ажырасуы көбейеді.
14. Зина жасау етек алады.
15. Сенімді, адал кісілерді опасыз адамдай көреді.
16. Опасыз, өтірікші кісілер сенімді халге келеді.
17. Жала жабу мен жалған куәгерлік көбейеді.
18. Жауыннан апаттар, селдер болады.
19. Зекет берілмейтін болады.
20. Ішімдік ішу көбейеді.
21. Ол кездерде кейбір фасық, өтірікші, күнәһар өкімет ел басылары мен әкімдер болады.
22. Балаларды тәрбиелейтін тәрбиешілер болады.
23. Құран оқитын фасық және күнәһар хафыздар болады.
24. Жағымсыз ғалымдар болады.
25. Опасыз, өтірікші саудагерлер болады.
26. Құран Кәрімді әшекейлеу әдетке айналады.
27. Мұнаралар биік болады.
28. Бастықтар көбейеді.
29. Дін ілімін білетін ғалымдар, фақиһтар азаяды.
30. Сенімді кісілер азаяды.
31. Кедейлер көбейеді.
32. Алланың қойған жазалары жарамсыз болып жүрмей қалады.
33. Әнші қыздар көбейеді.
34. Таразыдан жеу көбейеді.
35. Әйел өзінің бастығынан босанатын болады.
36. Әйелдер өздерін еркектерге, еркектер де өздерін әйелдерге ұқсататын болады.
37. Тек таныс кісілерге ғана сәлем беріледі.
38. Ілім – құлшылық ету үшін емес, дүние табу үшін оқылатын болады.
39. Ол кезде адамдар арасындағы кәпірлер мен залымдардың мәртебесі биік болып, құрмет етіледі.
40. Ол кезде адамдар арасында екіжүзділер мен күнәһарлар басым әрі күшті болады.
41. Надандар мәртебелі болады.
42. Тақуа кісілер адамдар арасында келеке-мазаққа айналады[1].
Хазіреті Пайғамбарымыз (ﷺ) ақырзаман таяғанда болатын жағдайларды осылайша 14 ғасыр бұрын үмметіне айтып кеткен. Осы айтылған мәселелерге қарап отырсаңыз, ақырзаманның көптеген белгілері бүгінгі техногендік ғасырымыздың дертіне айналып отыр.