ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ЖЫЛҚЫ ЕТІ МЕН СҮТІ (ҚЫМЫЗ) ТУРАЛЫ ҮКІМ

 

Мұсылман ғалымдарының көбісі жылқы етін жеуге рұқсат етеді. Оған Жабир ибн Абдулла (одан Алла разы болсын) жеткізген мына хидисті дәлел етеді: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хайбар (қамалын алуға бағытталған соғыс) күні асыранды есектің етіне тыйым салып, жылқы етін жеуге рұқсат етті»[1].

Әсма бинт Әбу Бәкір (одан Алла разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде біз Мәдинада тұрған кезде бір жылқыны сойып, оны жедік», – дейді[2].

Жабир ибн Абдулла (одан Алла разы болсын) «Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге сапарға шыққанда жылқының етін жеп, сүтін ішетін едік» деген оқиғаны еске алады[3].

Жылқының етін жеуге болмайды дейтін тарап оны тахрими (харамға жақын) мәкрух деп біледі. Себебі, олар жылқы жорық және соғыс үшін қажетті құрал, негізгі күш ретінде қолданылады деп есептейді. Алла Тағала Құранда: «Сендер де шамаларың келгенше (дұшпандарға қарсы) әр түрлі күш әрі ат байлаумен әзірлік көріңдер», деген[4].

Сондай-ақ, жылқының жүк тасымалы және шаруашылық үшін қажетті екені ескеріледі. Тіпті, оны сәнге әрі мақтанышқа ұстауға болатындығы айтылады. Құран Кәрімде: «Жылқы, қашыр және есек - мінулерің үшін және сән үшін (сендерге берілді)», – делінген[5].

Бұл аяттардан жылқыны жеуге болмайды деген мағына шықпайды, бәлкім оны жеумен қатар міну, жүк тасу секілді басқа да мақсаттарға, қажеттіліктерге қолдануға болатындығын ұғынамыз. Өйткені бір істің көбін пайдалану жағын айту, оның басқа тұстарын қолданбайтынын білдірмейді[6].

Сонымен қатар, өзге үй жануарлары секілді жылқының сілекейі де шариғатта таза саналады. Ал сілекейдің үкімі жануардың етіне байланысты беріледі. Сондықтан жылқы етіне «тахрими мәкрух» деп үкім берілуі еттің нәжіс болғаны үшін емес, басқа мақсаттарда (міну, тасымалдау т.б.) пайдасы басым болғаны үшін, деп түсіндіріледі. 

Шариғат кітаптарында Әбу Ханифаның «жылқы етін жеу тахрими мәкрух» деп айтқандығының себебі де осыдан. Бұл – оның жылқы еті жайында ең әуелгі айтқан пәтуасы. Бірақ, өліміне үш күн қалғанда ол пікірін өзгерткен, яғни жылқы етін тәнзиһи (халалға жақын) мәкрух деген сөзге тоқтаған, делінеді[7].

Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед (оларды Алла рахмет етсін), сондай-ақ шафиғи мен ханбали мәзһабтарының өкілдері жылқы етін жеуге толық рұқсат етеді[8].

Ал жылқы сүтіне шариғатта ижмағмен (бірауыздан) халал деп үкім берілген. Һидая кітабында «Жылқы сүтінің әскери күшке зияны тимегендіктен, оны ішудің оқасы жоқ» делінген[9].

Демек, шариғат бойынша жылқының еті де, сүті (қымыз) да адал ас болып есептеледі.




[1] Бухари, Муслим

[2] Бухари

[3] Даруқұтни, Бәйһақи

[4] «Әнфал» сүресі, 60-аят

[5] «Нахл» сүресі, 8-аят

[6] «Фатху баб әл-ғиная», 1/276

[7] «Хашияту Ибн Абидин», 6/616

[8] «Din işleri yüksek kurulu, Fetvalar», 517 бет

[9] «Фатху баб әл-ғиная», 1/195



Наверх