ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ІЗГІ АМАЛДЫҢ САУАБЫН ТІРІЛЕРГЕ БАҒЫШТАУҒА БОЛА МА?

 

Ізгі амалдардың сауабын тірілерге бағыштау ғұламалардың арасында тартысты мәселелердің бірі. Ханафи және Ханбали мәзһабы бойынша Құранның сауабын тірілерге бағыштауға рұқсат етіледі.

«әл-Ихтияр» атты кітапта: «Әһлі сунна сенімі бойынша ізгі амалдың сауабын басқа адамға бағыштауға болады әрі оның сауабы жетеді. Хадисте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбандыққа екі қошқарды, біреуін өзінің атынан, екіншісін үмметінің атынан шалғаны баяндалады[1]. Яғни бұл құрбандықтың сауабын үмметіне бағыштағанын білдіреді. Айша анамыздан жеткен риуаятта бір кісі Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Анам қайтыс болған еді. Егер оның атынан садақа етсем, сауабы бара ма?» - деп сұрағанда, Алла Елшісі: «Ия, солай істесең болады» деп жауап береді[2]. Сондай-ақ бір әйел сәбиін көтеріп Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мынаның атынан қажылық жасауыма бола ма?» деп сұрайды. Сонда ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ия, болады. Сен де сауапқа кенелесің»[3] дейді. Жалпы бұл туралы деректер жетерлі» деп келген[4].  

Имам Кәсәни: «Кім ораза ұстап, садақа беріп және намаз оқып оның сауабын марқұмдар мен тірі адамдарға бағыштаса болады. Әһлі-сунна сенімі бойынша оларға сауабы жетеді»[5] дейді.

Әл-Баһути әл-Ханбали: «Мұсылман адам істеген әрбір ізгі амалының сауабын немесе кейбірін мысалы, жартысын, үштен бірін, төрттен бірін, марқұмдарына немесе тірілеріне бағыштаса рұқсат әрі оларға сауабының пайдасы тиеді. Тіпті, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бағыштауға да болады»[6] - деген. 

Родду әл-мухтар атты кітапта: «Нәпілдің де, парыздың да сауабын бағыштауға болады. Оның ешқандай айырмашылығы жоқ. Ал әл-Жәмиғу әл-фәтәуада: «Парыздың сауабын бағыштауға болмайды» [7] делінген. 

Осыған орай, Құран оқу, садақа беру секілді қандай да бір нәпіл амалдың сауабын өліге де, тіріге де бағыштауға болады. Сауабын бағыштап жатқан адам бүкіл мұсылман ер мен әйелдерге ниет еткен абзал. Өйткені олардың барлығына сауабы жетеді әрі ешқайсының сауабы кеміп қалмайды[8].  

 



[1] Бұхари, №5558. Муслим, 1966.

[2] Бұхари, №1388. Муслим, №1004.

[3] Муслим, №1336. Ахмад муснады, №24251.

[4] Ихтияр 4/196-197.

[5] Әл-Мәусуға әл-Фиқһия, 33/99.

[6] Кәшфу әл-қаннағ, 2/147.

[7] Ибн Абидин, «Радду әл-мухтар әлә әд-дурри әл-мухтар шарха тәнуири әл-әбсар», 3/152.

[8] Ибн Абидин, «Радду әл-мухтар әлә әд-дурри әл-мухтар шарха тәнуири әл-әбсар», 3/151-152.

Наверх