ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ЕШБІР СЕБЕПСІЗ АЖЫРАСУ КҮНӘ МА?

 

Сұрақ: Себепсіз ажырасу күнә ма?

 

Жауап: Исламда ажырасу «талақ» деп аталады. Талақтың тілдік мағынасы; жіберу, бос қою. Ал шариғаттағы мағынасы: «Ол – арнайы сөздермен некелік одақты бұзатын шариғи үкімді білдіреді»[1].

Шариғатымызда талақ беру құқығы ер кісіге берілген[2]. Талақ – шариғатта рұқсат етілген[3]. Яғни, ерлі-зайыптылардың арасында дау-дамай туып, татуласуға мүмкіндік болмаса ажырасуға жол беріледі. Бірақ, өте зәру жағдай болмаса, мүмін адамның талаққа жүгінуі дұрыс емес. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَبْغَضُ الْحَلالِ إِلَى الله تَعَالَى الطَّلاقُ

«Алла Тағала халал еткен нарселерінің ішіндегі ең жек көретіні – ол талақ»[4], - деген.

Тағы бір хадисінде:

لعن الله كل ذواق، مطلاق

«Үйленіп, өзінің құмарын қандырғаннан кейін «талақ» берген адамға Алланың лағынеті болсын» - десе, келесі хадисте:

أيما امرأة سألت الطلاق من غير ما بأس لم ترح رائحة الجنة

«Қандай да бір әйел ешқандай себепсіз немесе қажетсіз ерінен талақ сұрайтын болса, ол әйелге жәннаттың иісі харам болады»[5], - дейді.

Жоғарыда келген хадистер себепсіз талақ беру күнә екенін айқындайды. Сондықтан ерлі-зайыптылар нақты бір себеп болмаса, айрандай ұйыған отбасының ойранын шығармауға барынша күш-жігерлерін салулары керек.

  



[1] Марғинани, «әл-Һидая шарху бидаяти әл-мубтади». 3/150.

[2] Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Расында талақ беру құқығы сирақ ұстағандыкі (ер кісінің қолында)» деген (Нәйлу әл-әутар, 6/138.).

[3] Маусули, «әл-Ихтияр», 3/137.

[4] Әбу Дәуіт, Ибн Мәжә риуаяты.

[5]  Әбу Дәуіт, №2226. Ибн Мәжәә, №2055. 

Наверх