ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
АРАПА СЕНБІ КҮНГЕ СӘЙКЕС КЕЛСЕ ОРАЗА ҰСТАУҒА БОЛА МА?
  


Жалпы сенбі күні ғана ораза ұстау мәкруһ болып саналады[1]. Ол туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Сенбі күні ораза ұстамаңдар. Алайда сендерге парыз етілген оразаның жөні бөлек»[2]– деген. 

Мулла Әли Қари хадистің түсіндірмесін: «Бұл жерде жұма тәрізді сенбі күнінде арнайы ораза ұстауға тыйым салынып тұр. Негізгі мақсаты - яһудилерге ұқсамау. Исламдағы көпшілік ғұламалардың пікірі бойынша бұл тыйым тәнзиһті (халалға жақын мәкруһті) білдіреді. «Парыз етілген оразаның» ішіне парыз, нәзір, қаза, кәффарат оразалары кіреді. Сондай-ақ бекітілген сүннетке сай келетін Арапа, Ашура оразасы немесе ораза тұтуды әдетке айналдырған күндер, зүл-хижжаның алғашқы он күні, Дәуіт пайғамбардың оразасын қамтиды»[3]– деп ашықтаған.

Демек, бір себептерге байланысты, мәселен, ораза ұстауды әдетке айналдырған күндерінің бірі (бір күн ораза ұстап, бір күн тұтпайтын) немесе Арапа, Ашура және т.б. нәпіл оразалары яки нәзір, қаза оразалары сенбі күніне сай келсе, ораза ұстаудың еш әбестігі жоқ[4].

Ал Арапа күні ораза ұстау шариғатымызда бекітілген. Ол – сүннет амалы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы, Алладан өткен және келер жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін»[5]– дейді.

Ендеше Арапа және басқа да шариғатта үкім етілген оразалар сенбі күнге сәйкес келіп қалған жағдайда, ол күні ораза ұстауға рұқсат етіледі. Бұл уақыттағы ұстаған оразасы мәкруһ болмайды. 

  

Бауыржан Абдуалиев


[1] Фәтху бәби әл-иная, 1/581. Бәдәиъус-Санаиъ 2/568.

[2] Әбу Дәуіт, №2421. Термизи, 1/143. Ибн Мәжә, №1726.

[3] Мирқоту әл-мәфәтихи шарху мишкәти әл-мәсабихи, 4/490.

[5] Муслим, №1162. 



Наверх