ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ҒАЙЫП НАМАЗ


Сұрақ: Өзі жоқ (ғайып) адамға жаназа намазы оқыла ма?

 

Жауап: Шариғат бойынша қайтыс болған мұсылман адамды жуындырып, кебіндеп болған соң, оған жаназа намазы оқылуы тиіс. Алла Тағала «Олар үшін дұға қыл! Расында, сенің дұғаң – олар үшін бір тыныштық» деп бұйырады.

 

Жаназа намазын оқу – парыз кифая. Бір адам болып та мәйітке намаз оқылуы керек[1]. Жаназа намазына қатысуына ешбір жан мәжбүр етілмейді. Ал жаназаға қатысқан адам сауапсыз қалмайды.  

 

Жаназа намазын оқу үшін мәйіттің бар болуы және ол жамағаттың алдына қойылуы шарт. Ханафи мазхабында өзі жоқ (ғайып), сондай-ақ көлік үстінде, адамдар қолдарына ұстап тұрған немесе иықтарына арқалап алған мәйітке жаназа намазын оқу дұрыс емес[2]. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хабаш елінің патшасы Нәжашиге оқыған ғайып намазы өзіне ғана тән, деп түсіндіріледі[3].

 

Алайда жаназасыз жерленіп қойылған марқұмның денесі бұзылмай тұрып, қабір басында жаназа намазын оқу қажет. Бұл ретте жаназа намазы қабір алдында құбылаға қарап оқылады[4]. Бұған да мүмкіндік таппаса, марқұмның артынан дұға етеді, Құдайдан оған кешірім тілейді.



[1] «Әл-фәтауа ат-татархания», 1/603.

[2] «Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/180.

[3] «Хашия ту Ибн Абидин», 2/226.

[4] «Жаназа және жерлеу рәсімдері», 81.

Наверх