ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Жетімнің ақысын жеу қаншалықты үлкен күнә?

С: Жетімнің ақысын жеу қаншалықты үлкен күнә?

Ж: ЖЕТІМНІҢ АҚЫСЫН ЖЕУ

Жетім сөзінің тілдік және шарғи мағынасы: әкесінен айрылған, балағатқа жетпеген бала не қыз дегенді білдіреді. Жетім сөзінің түпкі мағынасы «жалғыздық» дегенді білдіреді. Яғни, жетім деп асырап, бағатын әкесінен айрылып, жалғызсырауына байланысты солай аталынған.

Демек, жетім – жас бала. Оның үстіне дәрменсіз, қамқорсыз қалған шарасыз. Оған адамдардың жандары ашиды, жақсылық қылуға тырысады. Жетім бала дүние тіршілігінде көптеген қиындықтарға тап болады. Көп жағдайда оның хұқығы аяқ асты болып жатады. Соның нәтижесінде ондай балалар қоғам назарынан тыс, ұмыт қалған жандардың қатарынан табылады.

Алайда Ислам діні барлық әлсіздерге қамқор болғаны секілді оған да қорған болды. Асыл дініміз жетімдерге жақсылық жасауға нұсқап, оларды жәбірлеуден тыяды, оған жамандық жасап, оның хұқықтарын бұзғандарды тозақ азабына тап болатындықтарымен қорқытады.

Жетімдерге жақсылық қылу, олардың қажеттіліктерін өтеп, қамқор болу Құдайдың разылығына жеткізетін жақсы іс. Алла Тағала былай дейді:

﴿وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْيَتَامَى قُلْ إِصْلاَحٌ لَّهُمْ خَيْرٌ وَإِنْ تُخَالِطُوهُمْ فَإِخْوَانُكُمْ﴾  

«...Олар сенен жетімдер туралы сұрайды. «Жетімдерге ізгілік қылу қайырлы іс» деп айт. Егер өздеріңмен араластырсаңдар, олар – бауырларың» (Бақара, 220).

Құран Кәрімде жетімдерінің мүдделерінің толық сақталуы үшін әділдік қылу бұйырылады.

﴿وَأَن تَقُومُواْ لِلْيَتَامَى بِالْقِسْطِ وَمَا تَفْعَلُواْ مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللّهَ كَانَ بِهِ عَلِيماً﴾ 

«...Сондай-ақ, жетімдерге әділдікпен қарауларыңды (бұйырады). Қандай да бір қайыр істесеңдер Алла оны жақсы біледі» (Ниса, 127).

Рахманның рахымынан үміт еткен пенде жетімге оң көзбен қарап, жақсылық қылады. Ардақты аяттарда сондай ізгілікті істеуге әмір етілген.

﴿لَّيْسَ الْبِرَّ أَن تُوَلُّواْ وُجُوهَكُمْ قِبَلَ الْمَشْرِقِ وَالْمَغْرِبِ وَلَـكِنَّ الْبِرَّ مَنْ آمَنَ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ وَالْمَلآئِكَةِ وَالْكِتَابِ وَالنَّبِيِّينَ وَآتَى الْمَالَ عَلَى حُبِّهِ ذَوِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَالسَّآئِلِينَ وَفِي الرِّقَابِ﴾

«Ізгілік дегеніміз жүздеріңді шығысқа, не батысқа бұру емес. Алайда ізгі жан, ол Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, Кітапқа, пайғамбарларға иман келтіріп, малын, оны қатты жақсы көре тұра жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолаушыларға, сұраушыларға һәм құлдарды азат етуге жұмсаған жан» (Бақара, 177).

﴿يَسْأَلُونَكَ مَاذَا يُنفِقُونَ قُلْ مَا أَنفَقْتُم مِّنْ خَيْرٍ فَلِلْوَالِدَيْنِ وَالأَقْرَبِينَ وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا تَفْعَلُواْ مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللّهَ بِهِ عَلِيمٌ﴾

«Олар сенен қайырды қайда беру керектігі жайында сұрайды. «Қандай да бір қайыр қылсаңдар, ол ата-аналарыңа, жақындарыңа, жетімдерге, міскіндерге және жолда қалғандарға болсын. Қандай қайыр қылмаңдар, расында Алла оны Білуші» деп айт» (Бақара, 215).

﴿أَوْ إِطْعَامٌ فِي يَوْمٍ ذِي مَسْغَبَةٍ * يَتِيماً ذَا مَقْرَبَةٍ﴾

«...Немесе (сынақ дегеніміз, ол) жақындығы бар жетімді ашаршылық күні тамақтандыру» (Бәләд, 14, 15).

﴿وَيُطْعِمُونَ الطَّعَامَ عَلَى حُبِّهِ مِسْكِيناً وَيَتِيماً وَأَسِيراً

«Олар (Алланың ізгі пенделері тағамды өте қатты) жақсы көре тұра міскінді де, жетімді де, тұтқынды да тамақтандырады» (Инсан, 8).

Құран Кәрімде мирасты бөлу кезінде жетім-жесірлерге, мұқтаж жандарға үлес беру бұйырылған.

﴿وَإِذَا حَضَرَ الْقِسْمَةَ أُوْلُواْ الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينُ فَارْزُقُوهُم مِّنْهُ وَقُولُواْ لَهُمْ قَوْلاً مَّعْرُوفاً﴾

«Бөліске жақындар, жетімдер, міскіндер қатысса, одан оларға да беріңдер әрі оларға жақсы сөз сөйлеңдер» (Ниса, 8).

Хақ Тағала Құран Кәрімде жетімдерге қаталдықпен танытып, оларға жақсы қарамайтын, мүдделерін қорғамайтын жандарды қатаң түрде сөгіп былай дейді:

﴿كَلَّا بَل لَّا تُكْرِمُونَ الْيَتِيمَ

«Жоқ, олай емес. Сендер жетімге жақсылық қылмайсыңдар» (Фәжір, 17).

﴿أَرَأَيْتَ الَّذِي يُكَذِّبُ بِالدِّينِ * فَذَلِكَ الَّذِي يَدُعُّ الْيَتِيمَ

«Дінді өтірікке шығарғанды көрмейсің бе? Жетімді қақпайлаған, міне, сол» (Мағұн, 1,2).

Сондай-ақ, Ислам діні жетімнің мал-мүлкіне жақсы қарап, оның хұқығына қол сұқпауды міндеттеді. Дәрменсіздің мал-мүлкін жалған жолмен пайдаланып, аманатқа қиянат жасауға қатаң түрде тыйым салды. Жетімнің өкіліне оның мал-мүлкін аман сақтап, есейген шағында өзіне тапсыруға бұйырды. Алла Тағала былай дейді:

﴿وَآتُواْ الْيَتَامَى أَمْوَالَهُمْ وَلاَ تَتَبَدَّلُواْ الْخَبِيثَ بِالطَّيِّبِ وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَهُمْ إِلَى أَمْوَالِكُمْ إِنَّهُ كَانَ حُوباً كَبِيراً﴾

«Сондай-ақ жетімдерге мал-мүліктерін беріңдер, жақсыны ласпен алмастырмаңдар, олардың малдарын өздеріңнің малдарыңа қосып жемеңдер. Расында ол үлкен күнә» (Ниса, 2);

﴿وَابْتَلُواْ الْيَتَامَى حَتَّىَ إِذَا بَلَغُواْ النِّكَاحَ فَإِنْ آنَسْتُم مِّنْهُمْ رُشْداً فَادْفَعُواْ إِلَيْهِمْ أَمْوَالَهُمْ وَلاَ تَأْكُلُوهَا إِسْرَافاً وَبِدَاراً أَن يَكْبَرُواْ وَمَن كَانَ غَنِيّاً فَلْيَسْتَعْفِفْ وَمَن كَانَ فَقِيراً فَلْيَأْكُلْ بِالْمَعْرُوفِ فَإِذَا دَفَعْتُمْ إِلَيْهِمْ أَمْوَالَهُمْ فَأَشْهِدُواْ عَلَيْهِمْ وَكَفَى بِاللّهِ حَسِيباً﴾

«Жетімдерді үйлену жасына жеткенше сынаңдар. Егер олардан бір естиярлық көрсеңдер, малдарын өздеріне тапсырыңдар. Олар есейгенше мал-мүліктерін ысыраптықпен асығыс жемеңдер. Кім бай болса, тартынсын, ал кім кедей болса, әділдікпен жесін. Қашан оларға малдарын тапсырған кезде куәгерлер келтіріңдер. Алла есепшілікке жеткілікті» (Ниса, 6).

Егер жетімнің мал-мүлкін қадағалаушы не оның өкілі өте жарлы адам болса, еңбегінің ақысына оның малынан пайдалануына рұқсат етіледі. Ал егер ол шектен шығып, ысырап қылатын болса, онда Қиямет күні оның қарны жалындаған тозақ отына толтырылады. Даңқты әрі ұлық Алла былай деп ескертеді:

﴿وَلاَ تَقْرَبُواْ مَالَ الْيَتِيمِ إِلاَّ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ﴾

«Жетімнің малына тек өте көркем түрде ғана жақындаңдар» (Әнғам,  152).

Жетімнің малына жауапкершілікпен қарамай, оған қиянат жасап, зұлымдықпен жейтіндердің Қияметтегі жағдайы қиын болады. Егер жетімнің мал-мүлкі аманат етіп тапсырылған жақын адамы не өкілі, мемлекет немесе қайырымдылық қоры тарапынан арнайы тұрғызылған жетімдер үйінде қызмет ететін басшылар мен қызметкерлер, сондай-ақ, жетімге берілетін қандай да бір жәрдемақы, сыйлар сеніп тапсырылған адам және жетімдердің де алатын үлесі бар қайырымдылық қорында істейтін, қайыр-садақа жәшіктеріне жауапты кісілер осы мал-мүлікке заңсыз түрде зұлымдықпен қол сұғып, оны жымқырып, жек бас мүддесіне немесе басқа да мүдделерге пайдаланатын болса, Қиямет күні оның қарны от болып жанады. Ондайларға ешбір аяушылық болмайды. Алла Тағала ондайлар туралы былай дейді:

﴿إِنَّ الَّذِينَ يَأْكُلُونَ أَمْوَالَ الْيَتَامَى ظُلْماً إِنَّمَا يَأْكُلُونَ فِي بُطُونِهِمْ نَاراً وَسَيَصْلَوْنَ سَعِيراً

«Жетімдердің мал-мүлкін зұлымдықпен жейтіндер, расында қарындарына от толтырып жейді және олар жалынға лақтырылады» (Ниса, 10).

Алланың елшісі (с.а.с.) бұдан бұрып айтылып өткен хадисінде: «Жеті апатқа ұшыратушыдан сақ болыңдар», – деп, олардың арасында «жетімнің ақысын жеуді» де атап өткен.

Шындығында, жетімге қамқорлық жасап, жақсы қарау кең көлемдегі көп қырлы әрі көп сырлы адами өркениеттіліктің көрінісі. Бұл жетімге тәрбие, денсаулық, сезім, мінез-құлық және материалдық жақтарынан толық қамқорлық жасау дегенді білдіреді. Сондай-ақ, бұл оны қоғамға, болашаққа қажет ізгі, қайырымды, қоғамын сүйетін патриот азамат етіп тәрбиелеп шығару деген сөз. Ал қоғамның әлсіз мүшелеріне қиянат жасау барып тұрған надандық, ең бір нақұрыс қылық.

Пайғамбар (с.а.с.) қоғамдағы әлсіз жандардың қорғаушысы, панасы бола білді. Басқаларға да оларға болысуды бұйырды.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »اللَّهُمَّ إِنِّي أُحْرِجُ حَقَّ الضَّعِيفَيْنِ: اليَتِيمِ وَالمَرْأَةِ«. رَوَاهُ ابْنُ مَاجَه.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.): «Уа, Алла! Мен екі әлжуаздың – жетім мен әйелдің хақтары туралы қиындатамын», – деп дұға қылған.  Ибн Мәже риуаяты. Мұндағы «қиындатамын» деген сөздің мағынасы: «олардың хақтарын бұзғандарға қатты болып, қатаң ескертетін боламын» дегенді білдіреді.

Бұл хадисінде Пайғамбар (с.а.с.) егер жетімнің хағын ескермесе, не оны жәбірлесе, не оның дәрменсіздігін пайдаланса, не біреуге оның малын тартып жеуге мүмкіндік берсе, бұған бүкіл мұсылман үмбеті үлкен жауапкершілікте болатындығын жеткізіп тұр. Пайғамбар (с.а.с) әлсіздеріне қамқорлық танытпайтын, оларға салғырт қарайтын, оларды қорғамайтын халықты қатты сөккен. Ол (с.а.с.): «Әлсіздерінің хақтарын күштілерінен алып бермейтін халықты Алла қалай қасиетті етсін», – деген. Ибн Мәже риуаят еткен.

Осылайша Пайғамбар (с.а.с.) мұсылмандардың басшысы әрі жауапкері ретінде жетімдер мен солар секілді қорғансыз кедей-кепшіктер мен әлсіз жандарға деген өзінің өкілеттілігі мен қамқорлығын жариялаған. Ол (с.а.с.) дәл осындай қамқорлығы арқылы басқа мұсылман әміршілері мен байларына биік идеал және бүкіл үмбетке сүйікті үлгі болды.

Жетімдік көптеген ұлы адамдардың басында болған үлкен тауқымет. Тіпті, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі де жастайынан әкесінен, сосын шешесінен тұл жетім қалып, атасының, көкесінің үйлерінде тәрбиеленген.

Алла Тағала он (с.а.с.) Өз қамқорлығына алғандығы туралы былай дейді:

﴿أَلَمْ يَجِدْكَ يَتِيماً فَآوَى

«Ол (Алла) сені жетім күйіңде тауып, пана бермеп пе еді?» (Дұха, 6).

Жетімнің малы-мүлкіне қол сұғу қандай үлкен күнә болса, керісінше, жетімге қайыр қылу сондай биік мәртебелі ізгі іс. Ол жайында Пайғамбар (с.а.с.) өз хадистерінде ашық түсіндіріп өткен.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »كَافِلُ اليَتِيمِ لَهُ أَوْ لِغَيْرِهِ أَنَا وَهُوَ كَهَاتَيْنِ فِي الجَنَّةِ وَأَشَارَ مَالِكٌ بِالسَّبَّابَةِ وَالوُسْطَى«. رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.): «Өзінің немесе басқаның жетіміне қараушы мен екеуміз жәннатта мынадай боламыз», – деп сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсеткен. Мүслім риуаят еткен.

عَنْ سَهْلٍ بْنِ سَعْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» أَنَا وَكَافِلُ اليَتِيمِ فِي الْجَنَّةِ هَكَذَا وَقَالَ بِإِصْبَعَيْهِ السَّبَّابَةِ وَالْوُسْطَى«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

Алланың елшісі (с.а.с.): «Мені мен жетімнің қамқоршысы жәннатта мынадай боламыз», – деп, сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсеткен. Бұхари риуаят еткен.

عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:» مَنْ مَسَحَ عَلَى رَأْسِ يَتِيمٍ لَمْ يَمْسَحْهُ إلَّا لِلَّهِ كَانَتْ لَهُ فِي كُلِّ شَعْرَةٍ مَرَّتْ عَلَيْهَا يَدُهُ حَسَنَاتٌ، وَمَنْ أَحْسَنَ إلَى يَتِيمٍ أَوْ يَتِيمَةٍ عِنْدَهُ كُنْت أَنَا وَهُوَ فِي الْجَنَّةِ كَهَاتَيْنِ«. رَوَاهُ أَحْمَدُ وَغَيْرُهُ.

Сондай-ақ Алланың елшісі (с.а.с.) басқа риуаятта: «Жетімнің басынан тек Алла үшін сипаған жанға оның қолы тиген әрбір тал шашы үшін жақсылық жазылады. Өзіндегі жетім қызға немесе жетім балаға жақсылық қылған жан және Мен жәннатта мынадай боламыз», – деп, сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсеткен.. Ахмет және тағы басқа хадисшілер риуаят еткен.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) өзінің қатыгез мінезі жайында шағынған бір адамға міскінді тамақтандырып, жетімнің басынан сипауға бұйырған. Ахмет риуаят еткен.

Сондай-ақ, жетімдерді асырап алып, оларға жақсы қарайтын жанұя ең ізгі, ең қайырлы жанұя болып есептеледі. Ол туралы мынадай хадис бар.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »خَيْرُ بَيْتٍ فِي الْمُسْلِمِينَ بَيْتٌ فِيهِ يَتِيمٌ يُحْسَنُ إلَيْهِ، وَشَرُّ بَيْتٍ فِي الْمُسْلِمِينَ بَيْتٌ فِيهِ يَتِيمٌ يُسَاءُ إلَيْهِ«. رَوَاهُ ابْنُ مَاجَهْ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Мұсылмандардың үйлерінің ең қайырлысы жақсы қаралатын жетімі бар үй. Ал мұсылмандардың үйлерінің ең жаманы жәбірленетін жетімі бар үй». Ибн Мәже риуаят еткен.

Алла Тағала бізді жетім-жесірді жебеп, бір-біріне жақсылық қылатын шынайы мұсылмандардан етсін! Жетімдерге зәредей жәбір көрсетуден сақтасын!

 

Наверх