ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
НАМАЗ ОҚУШЫНЫҢ АЛДЫН КЕСІП ӨТУ КҮНӘ МА?

 

Намаз оқушы алдынан бір адамның кесіп өтуінен қауіптенсе, алдына сутра[1] қоюы – мұстахап.

Сутра ұзындығы жарты метр немесе одан да ұзын, ал жуандығы саусақтан жіңішке болмағаны жөн. Алдынан кесіп өтпеуі үшін қойылған сутраға жақын тұруы – сүннет. Сутраны тура алдына емес, оң немесе сол жағына қарай қоюы керек. Қоятын еш нәрсе табылмаған жағдайда тігінен немесе жаңа туған айдың көрінісіне ұқсатып көлденең сызық сызып қойса болады[2].

Бұған қатысты Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Сендердің бірің намаз оқитын болса, бет алдына бір нәрсе қойсын, егер қадайтын таяқ болмаса сызық сызып қойсын. Осылай етсе, алдын кесіп өткеннен зияны болмайды»[3],-деген.

Намазда тұрғанда тыныш тұру, артық іс-әрекет жасамау абзал болғандықтан, намаз оқушы алдынан кесіп өтушіні тоқтатпауы – мұстахап. Ал тоқтатуды қаласа қолымен ишара етеді немесе «Субхан Аллаһ» сияқты тасбих айту арқылы тоқтатуға болады. Екеуін бірдей қолдану – мәкруһ.

Сондай-ақ ер адам алдынан өтуші кесіп өтуге жақын қалғанда, жария оқылатын намаздарда оқып тұрған Құран аяттарын дауыстап оқу арқылы өтпеуіне белгі беруіне, ал әйел адам қолымен ишара ету немесе көкірек тұсында тұрған оң алақанын сол алақанына соғу арқылы белгі беруіне болады.

Намаз оқып тұрған адамның алдынан ешбір қажеттіліксіз кесіп өтуге тыйым салынған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намаз оқушының алдын кесіп өткен адам өзінің қаншалықты күнә жасағандығын білгенде, намаз оқушының алдын кесіп өткенше, қырық тоқтап, күте тұрғаны жақсырақ болар еді»[4],-деген. Хадисті риуаят етуші: «Қырықтан мақсат қырық күн, қырық ай ма, қырық жыл ма екендігін білмедім» деген.

Қалай десек те ешқандай себепсіз намаз оқушының алдын кесіп өту күнә болады. Бұл шағын мешіттерде және т.б шағын орындарда оқыған адамның алдында сутра болмаса кесіп өтуіне қатысты. Ал үлкен мешіттерде, ашық далада намаз оқушы сәжде орнына қарағанда көзі жетпейтін жерден алдынан өтетін болса, күнә болмайды[5].

Имамның алдына қойылған сутра жамағатқа жетеді. Имамға ұюшы өз алдына жеке сутра қоймайды.

Кейбір фиқһ ғалымдары намаз оқушының алдынан біреу өтсе, күнә кімге болатынын бөліп көрсеткен.
 

- Егер намаз оқушы алдына сутра қоймай және адамдар жүретін жолда оқыса, басқа жол болмағандықтан оның алдынан бір кісі мәжбүрлі түрде кесіп өтсе, онда күнә намаз оқушыға жазылады;

- Намаз оқушы алдына сутра қойып оқыса, ешбір себепсіз біреу сутра мен намаз оқушының арасынан өтіп кетсе, алдын кесуші кінәлі болады;

- Намаз оқушы алдына сутра қоймай оқыса, өтетін басқа жол бола тұра оның алдын бір адам кессе, екеуі де кінәлі болады[6].


Ал намаз оқушының алдын ит, мысық, адам, т.б. кесумен намаз бұзылмайды.  

Қорыта айтқанда, намаз оқығанда алдынан адамдар өтеді деген ой болса, алдына сутра қоюы керек болады және адамдардың жүріп-тұруына кедергі болмайтын жерде оқуы керек. Басқа адамдар да мұсылман бауырының намазына зияны тимеуін ескеріп, алдын кесіп өтпегені жөн.

 

 
 

[1] Намаз оқып тұрған адамның алдына басқалардан қалқалап тұру үшін қойылатын зат.

[2] Хашияту әт-Таһтауи.

[3] Имам Ахмад риуаяты.

[4]  Имам Бухари риуаяты.

[5] «Әл-фәтауа әл-Татархания», 1/630.

[6]әл-Фиқһу әл-Уадих

 

Наверх