ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІКТЕН ЗЕКЕТ БЕРУ ҮКІМІ

 

بسمم الله الرحمن الرحيم

الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين

 

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

 

Мұсылман адамның тұрған үйі, үстіндегі киімі, үй жиһаздары, мінетін көлігі, қызметкері және пайдаланатын құрал-саймандары үшін зекет берілмейді. Өйткені бұлар адамның негізгі қажеттілігі болып саналады әрі өспейтін мүлікке жатады[1].

 

Бір адам өзі тұратын үйінің бірнеше бөлмесі болып, оның екеуін ғана қолданып, қалған бөлмелерін қолданбаса, артық бөлмелері үшін зекет бермейді. Егер екі үйі болып, бірінде тұрып екіншісінде тұрмаса және оны сатуды ниет етпеген болса, екеуінен де зекет бермейді. Ал екінші үйін сатуға қойған болса, үй сатылмай тұрып оның зекеті берілмейді. Өйткені жылжымайтын мүлікті сатуды ниет етсе, сатпайынша үкім жүзеге аспайды. Сатқаннан кейін ғана зекет береді[2]. Мұнда үйдің зекет беретін уақыттағы нарықтық бағасы есепке алынады.

 

Біреудің бірнеше үйі болып жалға беріп табыс тапса, (сол табысы нисап мөлшеріне жетсе) одан зекет береді[3].

 

Жер телімдер, ғимараттар, құрылыс нысандары жəне өзге де жылжымайтын мүліктер табыс көзі ретінде жалға берілмейінше зекеті берілмейді.

 

ҮКІМ

1. Тұрғын үй қанша үлкен болса да, одан зекет берілмейді.

 

2. Жылжымайтын мүлік ешқандай табыс көзі ретінде пайдаланылмаса, зекеті берілмейді.

 

3. Жылжитын және жылжымайтын мүлік жалға беріліп, нисап мөлшеріне жететін көлемде табыс тапса, зекеті беріледі.

 

4. Жылжымайтын мүлік сатылса және сол қаржы бір жыл қолда болса, одан зекет беріледі.

 

5. Жылжитын және жылжымайтын мүлік сауда мақсатында алынып, бір жыл айналымда болса, зекеті беріледі.

 



[1] Хашияту Ибн Абидин, 2/284.

[2] Һидая, 1/260.

[3] Фатхул қадир, 2/176.

Жоғары