ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ЖҰЛДЫЗНАМАҒА (ГОРОСКОП) СЕНУГЕ БОЛА МА?

 

Гороскоп – планеталар мен жұлдыздардың белгілі бір уақытқа өзара байланыста орналасқан кестесі. Ол астрологияда[1] оқиғаның тағдырын, нәтижесін болжау үшін қолданылады.

Жұлдыздармен тағдырды болжау – сиқыршылыққа жататынын білуіміз керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім қандай да бір ақпаратты жұлдызбен болжап алатын болса, ол сиқыршылықтың бір түрімен айналысып жатыр, неғұрлым көп (айналысса), соғұрлым көп (күнә алады)»[2] деген. Сиқыршылық – құрдымға ұшырататын жеті күнәнің бірі[3].

Негізі жұлдыздардың жаратылысы мен қызметі жайында Алла Тағала Қасиетті Құранда:

«Ол (Алла) – жұлдыздарды сендердің игіліктеріңе, құрлық пен теңіздің қараңғылығында жол тауып адаспай жүрулерің үшін жаратқан. Біз расында да, білімділер мен білгісі келетіндер үшін (ақиқаттың) дәлелдерін осылайша егжей-тегжейлі келтірдік, һәм аяттарымызды да дәл солай тарқатып баяндаймыз»[4];

«Расында, Біз жерге ең жақын аспанды шамшырақтармен (жұлдыздармен) безендірдік әрі олардың бір парасын шайтандарға атылатын оқ қылдық. Һәм сол шайтандар үшін алаулаған от дайындадық»[5] – деп атап көрсеткен.

Астрономия ғарыштық денелердің құрылысы, дамуы, олар құрайтын ғарыштық жүйелер және тұтас ғаламды зерттейтін ғылым түрі. Шариғатымызда астрономияға тыйым салынбайды. Алайда жердегі оқиғалардың жүруіне жұлдыздар әсер етеді, болашақты болжай алады деп білетін астрологияға тыйым салынады.

Қандай да бір заңдылыққа негізделген болжамдарға асыл дініміз рұқсат етеді. Мысалы, мұсылман әлемінде жұлдыздардың орналасуына негізделіп түрлі әрекеттерді орындауға қолайлы немесе қолайсыз уақыттарды анықтаған, оның ішінде өсімдіктерді отырғызу, т.с.с. Бұл сәуегейлік емес, керісінше қандай да бір істі істеуге дұрыс сәтті таңдау.

Сондықтан мұсылман баласы астрологиялық болжамдарға, яғни гороскопқа сенуге, оның негізінде өмір сүруге болмайтындығын біліп жүруі керек.

 

 


 

[1] Астрология – аспан шырақтары мен адамдар арасында байланыс бар деп есептейтін ілім; орта ғасырларда таралған, қазір де келешекті болжап айту үшін (гороскоп құрастыру үшін) астрологтар пайдаланады.
[2] Ибн Аббас.
[3] Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамды опатқа (құрдымға) жетелейтін мына жеті нәрседен сақтаныңдар: 1) Аллаһқа ширк қосу, 2) Сиқыр жасау, дуалау, 3) Адам өлтіру, 4) Пайыз жеу, 5) Жетімнің мүлкін жеу, 6) Жиһадта майданнан қашу, 7) Тұрмыстағы ар-намысты әйелге зина етті деп жала жабу.» – деген (Бухари, Муслим).
[4] «Әнғам» сүресі, 97 – аят.
[5] «Мүлк» сүресі, 5 – аят.

 

Жоғары