ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
САДАҚА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?


«Садақа» сөзі адалдық, шынайылық, шыншылдық, құдайшылдық деген мағыналарға саяды. Садақа арқылы пенде өзінің Құдай алдындағы адалдығын, сенімінің шынайылығын дәлелдейді.

Зекет, пітір, пидия[1], кәффарат секілді уәжіп және парыз садақалар – кедей-кепшік, жоқ-жітіктің ақысы. Оны белгіленген топтардан басқаларға беру, жол және көпір салу, құдық және бұлақтан су шығару, мешіт және медресе көтеру секілді бүкілхалықтық игілік үшін пайдалану – дұрыс емес.

Аталмыш садақалардан басқа қайырымдылықтар, бүкілхалықтық игілік үшін жұмсалатын мал-дүниелер нәпіл садақаға жатады. Нәпіл садақа беру де – сауабы мол мұстахап амал.

Үздіксіз садақа беру күнәлардың кешірілуіне, бәле-жала және түрлі апаттардан аман қалуға себеп болады.

Кедейлік және мұқтаждық себепті садақа сұрап жүрген адамға өрескел сөздер айтуға болмайды. Аз болса да, бір нәрсе беру немесе жылы сөзбен жауап қайыру керек.

Тамағы, не ақшасы біраз күнге жететін адамға садақа сұрау – харам. Бірақ ондай адамның киім-кешек секілді өзіне зәру нәрсе сұрауы – айып емес. Мұқтажсыз адамға садақа беріп, оны қайыршылыққа үйрету – мәкруһ.

Садақа берген адамға ризалық білдіріп, мына дұға оқылады:

اَللَّهُمَّ احْفَظْ صَاحِبَ هٰذِهِ الصَّدَقَةِ عَنِ الأَفَاتِ وَ الْبَلِيَّاتِ وَ اغْفِرْ ذُنُوبَهُ وَ أَكِّدْ إِيْمَانَهُ وَ أَكْثِرْ أَمْوَالَهُ وَ وَفِّقْهُ عَلَى خَيْرِ مَقَاصِدِهِ

Мағынасы: Иә, Алла, осы садақа еткен адамды түрлі пәле-апаттардан сақта, күнәларын кешір, иманына қуат бер, дүниесін көбейтіп, оны жақсы мақсаттарға жұмсауды нәсіп ет!

 

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

[1] Пидия – ол орта есеппен бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) асы. Ол шамамен 1000 (мың) теңгені құрайды.

Жоғары