ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ӘЙЕЛДЕР КИІМІН, БОЯНУ ЗАТТАРЫН САТУҒА БОЛАДЫ МА?

 

Сұрақ: Әйелдер киімін, бояну заттарын сатуға болады ма?

Жауап: Ғалымдар қандай бір зат халалға да харамға да қолдануға келетін болса, аталмыш сипаттағы затты жасауға да, сатуға да болады деп бірауыздан келіскен. Көптеген мубах (рұқсат етілген) заттарды халал мақсатта қолдануға немесе оны харам іске пайдалануға да мүмкіндігі бар. Мысалы пышақ, қысқа юбка, бейнекамера т.б. Пышақпен бір адамның жанын қиюға да немесе нан турауға да болады. Алайда бұлардың барлығын жасауға да, сатуға да шариғи тұрғыдан рұқсат етілген. Оған негіз ретінде мына қағиданы алға тартады: «Егер харамның нақтылығы анықталмаса, онда оны қолдануға болады». Яғни екі қолданысқа пайдалана беретін нәрселерді, кім харам жолға қолданса күнәсі өзіне, оған жасаушы, сатушы және делдал жауапты емес. Имам әз-Зәйлағи «Тәбиин әл-хақайық» аты кітабында негізі  харам болмаған  бірнеше нәрселерді (мүйізді қошқар, төбелесетін әтеш, көгершін) атап болған соң, «Бұларды сату харамға жатпайды. Өйткені олардың болмысы харам емес, керісінше тыйым салынған тұсы, қолданысқа пайдаланған ісі харам болып тұр дейді»[1]. Ендеше әрбір нәрсені жақсыға да жаманға да қолдануға болатын болса, онда оны сатуға рұқсат етіледі.

Әйелдер   киімді, макияжды өз үйінде күйеуінің алдында немесе көшеге шыққанда қолдануы мүмкін. Оның қандай жолға қолданып жатқанына сатушы жауапты емес. Істеген ісіне өздері жауап береді.

Осыған орай, әйелдердің киімін, боянатын заттарын жасауға да, сатуға да болады. Жауапкершілік қолданып жатқан адамның мойнына түседі. Егер дұрыс пайдаланса халал, харам іске қолданса күнәсін өзі көтереді.

 

 



[1]Әз-Зайлағи, «Тәбиин әл-Хақайық», 3/297.

 

Жоғары