ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Исламға кірудің шарты «Әшhәду әл лә иләhә иллаллаh уә әшhәду әннә Мухаммәдәр расулуллаh» болудың мәнісі неде?

Сұрақ: Исламға кірудің шарты «Әшhәду әл лә иләhә иллаллаh уә әшhәду әннә Мухаммәдәр расулуллаh» болудың мәнісі неде?

Жауап:  «Лә иләhә иллаллаh» пен «Мухаммәдәр расулуллаh» деген сөздің арасындағы байланыстың мәніне келсек, ол құлшылықтың қабыл болу жолын айқындап береді. «Лә иләhә иллаллаh» дегеніміз – Алладан басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ екенін білдіреді. Осы тұста бұл сенімді жүрегіне бекіткен мұсылманның ойына «Аллаға қалай құлшылық етемін, қалайша оған жүзденемін» деген сұрақ келеді. Оның жауабы ретінде: «Аллаға Мухаммедке (с.ғ.с.) түскен шариғат бойынша ғибадат етесің» делінеді. Ғибадат тек бір Аллаға ғана орындалады. Ал Аллаға құлшылық тек Пайғамбарымыз Мухаммедтің (с.а.у.) үйреткен жолы арқылы болады. Аталмыш шәһәдә құлшылықтың қабыл болуына қойылған екі шартты қамтыған. Себебі Алла Тағала ықыласпен (бір ғана Алланың разылығы үшін шынайы ынтамен) әрі дұрыс орындалған (Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шариғатымен өтелген) құлшылықты ғана қабыл етеді. Алла Тағала Құранда:

قُلۡ إِن كُنتُمۡ تُحِبُّونَ ٱللَّهَ فَٱتَّبِعُونِي يُحۡبِبۡكُمُ ٱللَّهُ وَيَغۡفِرۡ لَكُمۡ ذُنُوبَكُمۡۚ وَٱللَّهُ غَفُورٞ رَّحِيمٞ ٣١

«(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла (Т.) сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де»[1].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге егер құлшылық өзі үйреткендей орындалса оның қабыл болатынын жеткізген. Сол үшін де Ол (с.ғ.с.): «Мен қалай намаз оқысам, сендер де солай оқыңдар»[2], «Құлшылықтарыңды менен алыңдар»[3] деген. Міне бұл «Лә иләhә иллаллаh» пен «Мухаммәдәр расулуллаh» деген сөздің арасындағы байланыстың қысқаша мағынасы. Алла толық білуші.

 



[1]«Әл-Имран» сүресі, 31-аят.

[2]Бұхари риуаяты, 1/226.

[3]Ахмад, 3/318. Муслім, 2/943.

 

Жоғары