ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Шаш егудің үкімі қандай?

 

Шаш егудің үкімі қандай?

 Шариғат адамзат болмысын, тіршілігін, денсаулығын сақтауға септігі тиетін немесе оған зарары бар істердің алдын алатын себептерді қолдануға рұқсат береді.  Пайғамбарымыз (صلي الله عليه وسلم) бір хадисінде: «Алла Тағала қандай да бір дертті түсірсе, онымен бірге шипасын да түсірді»,-дейді[1].

Қазіргі таңда  кей адамдар шашы түсіп, қасқаланған басына  арнайы медициналық жолмен шаш қондырып жатады. Шариғат өсіп, тамыр алып  кететін шашты отырғызуға рұқсат береді. Ол ешқандай  көзбояушылыққа  жатпайды. Өйткені Алла Тағала адам баласын өте көркем бейнеде жаратқан. Ол жайлы Құранда былай дейді:

 لَقَدْ خَلَقْنَا الإنْسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ (٤) 

«Расында адамзатты көркем бейнеде жараттық»[2]. Егер осы көркем бейнеде қандай да бір ақау пайда болатын болса, оны емдеудің оқасы жоқ. Емдеу процесі оны алғашқы табиғи қалпына келтіру болып саналады. Егер шаш егуден көзбояушылық немесе Алланың жаратқан бейнесіне өзгеріс енгізу мақсаты болса оған шариғатымыз қатаң түрде тиым салады. Ал басқа өсетін әрі тамыр алып кететін шашты отырғызу Алланың жаратқан жаратылысына өзгеріс енгізу әрі көзбояушылық болып саналмайды.

Шейх Атия Сақрдың пәтуасында: ...Қорытындылап айтқанда, шашты отырғызу үкімі әдеттегі шаштар тәрізді түсіп қалмай жалғасымды болса, онда ешқандай көзбояушылық үкіміне кірмейді. Егер шаш уақытша өсіп кейін түсіп қалса, онда ол парик үкіміне жатады. Осы жағдайда оны үйленіп алу үшін, адамдарды алдау мақсатында істеген болса, еш күмәнсіз ол ісі харам. Ал ешқандай алдауды көздемеген болса харам болмайды»[3],- деп келген.

Сондықтан өсетін шашты отырғызу шариғатқа сай, рұқсат етілген нәрсе. Бірақ ол адамның өз денесінен алынған шаш болуы керек, басқа бір адамның шашын отырғызуға болмайды.

Міне осы көзқарасты Мысырдағы «әл-Әзһар» университетінің жанындағы «Пәтуа комитеті» алға тартады. Мысыр республикасының бұрынғы мүфтиі Доктор Наср Фарид Уасыл: «Расында шариғатымыз адамның болмысын, өмір-тіршілігін, денсаулығын сақтауға әрі зиянды нәрселердің алдын алатын себептерді ұстануға рұқсат етеді. Ислам адамзатты бақытқа кенелтуді көздейді. Сондықтан шашты адамның өз денесінің бір жерінен екінші шаш өспеген жеріне  тасымалдап отырғызылатын болса шариғи тұрғыдан рұқсат етіледі. Ал егер басқа бір адамның денесінен алып отырғызуға тыйым салынады. Оған тек «зәру» жағдайда рұқсат етіледі» деген фиқһ қағидасына негіздей отырып зәру жағдайда ғана рұқсат етіледі. Ал зәру жағдай белгілі бір мөлшермен өлшенеді»[4].   



[1] Бұхари, «Тиб» кітабы, 5327-хадис, 2/204, 205.

[2] «Тин сүресі», 4-аят.

[3] Атия Сақр, «Ахсану әл-кәләм фи әл-фәтәуә уә әл-әхкәм», 2 том, 411-бет.

[4] الوعي الإسلامي العدد 646 سلسلة 39 شوال 1423ه دسمبر 2002/2003م ص97 

 

Жоғары