ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Мал піштірудің үкімі қандай?

Ассаламуғалейкум! Біздің ауылда малды семірту мақсатында еркек малды піштіру үрдісі бар. Соның шариғи үкімі қалай? Ербол.

Жауап: Уағалейкумуссалам! Негізінде мал жуас болсын, жақсы семірсін, етінің сапасы, калориясы жоғары және дәмді, нәрлі болсын, қойлардың қырқылатын жүні көбейсін деген мақсатпен піштіріледі[1]. Ханафи мәзһабы пәтуа кітаптарының бірі әл-Фатауа әл-Һиндияда былай делінген.

.خِصَاءُ بَنِي آدَمَ حَرَامٌ بِالِاتِّفَاقِ وَأَمَّا خِصَاءُ الْفَرَسِ فَقَدْ ذَكَرَ شَمْسُ الْأَئِمَّةِ الْحَلْوَانِيُّ فِي شَرْحِهِ أَنَّهُ لَا بَأْسَ بِهِ عِنْدَ أَصْحَابِنَا وَذَكَرَ شَيْخُ الْإِسْلَامِ فِي شَرْحِهِ أَنَّهُ حَرَامٌ وَأَمَّا فِي غَيْرِهِ مِنْ الْبَهَائِمِ فَلَا بَأْسَ بِهِ إذَا كَانَ فِيهِ مَنْفَعَةٌ وَإِذَا لَمْ يَكُنْ فِيهِ مَنْفَعَةٌ أَوْ دَفْعُ ضَرَرٍ فَهُوَ حَرَامٌ

«Адам баласын піштірудің (ғалымдар арасында) үкімі бір ауыздан харам.  Жылқыны піштіруге келетін болсақ, Шәмсул-әимма[2] әл-Халуани[3] жазған түсініктемесінде мәзһаб имамдарымыздың бұл іске шариғи тұрғыдан еш оғаштық көрмегендігін келтіреді. Ал Шейхул-ислам[4] жазған түсініктемесінде бұл істің харам екендігін келтіреді. Ал жылқыдан өзге төрт түлікке келетін болсақ піштірудің пайдасы болса, піштірудің шариғи тұрғыдан оғаштығы жоқ. Алайда қандай да бір пайдасы болмаса немесе қандай да бір зарардың алдын алмаса піштірудің үкімі харам»[5].

Құрметпен,  ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.

[1] Жылқыны ақталайды, бұқаны, бураны кестіреді, қошқар мен текенітарттырады.

[2] Шәмсул-әимма лақабы, имамдардың күні деген мағынаны білдіреді. Терең біліміне берілген лақаб болып табылады.

[3] Әбу Мұхаммед Абдулазиз ибн Ахмед әл-Халуани. Ханафи мәзһабының әйгілі имамдарының бірі. Һижри 452 жылы дүниеден өткен. Алла Тағала оны рақымына бөлесін!

[4] Бұл лақаптың иесі, әйгілі «әл-һидая» атты еңбектің авторы Бурһануд-дин Әли әл-Мирғинани. Һижри 530 жылы дүниеге келіп, һижри 593 жылы дүниеден озған. Алла Тағала оны рақымына бөлесін!

[5] әл-Фатауа әл-Һиндия, 5 том, 357 бет. 

Жоғары