ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Балық ішінен шыққан өзге балықтың үкімі

Ассаламуалейкум! Егер аулаған балығымының ішінен басқа бір балық шықса, шыққан балықты жеуге бола ма?

Жауап: Уағалейкумуссалам! Жалпы өзен, көл, теңіз т.б жерлерде өсетін балық түрлері адал болып есептеледі. Балықты бауыздаудың да қажеті жоқ. Тек ханафи мәзһабы бойынша суда өздігінен өліп қалып, су бетінде қалқып жүрген балықтар жеуге жарамсыз болып саналады[1].

Балықтың адал екендігіне мәзһаб имамдырының сүйенген дәлелдері Құран Кәрімнің мына бір аяттары:

أُحِلَّ لَكُمْ صَيْدُ الْبَحْرِ وَطَعَامُهُ

« Сендерге теңіз аңы және оны жеу халал қылынды»[2].

وَمَا يَسْتَوِي الْبَحْرَانِ هَـٰذَا عَذْبٌ فُرَاتٌ سَائِغٌ شَرَابُهُ وَهَـٰذَا مِلْحٌ أُجَاجٌ وَمِن كُلٍّ تَأْكُلُونَ لَحْمًا طَرِيًّا وَتَسْتَخْرِجُونَ حِلْيَةً تَلْبَسُونَهَا

«Екі теңіз тең болмайды. Мынауы – суы тәтті, шөл қандырады, ішілуі сүйкімді. Ал мынауы - тұзды, әрі ащы. Әрбірінен жас ет (балық) жейсіңдер әрі тағатын сәндік-бұйымдар (інжу-маржан) шығарасыңдар»[3].

Ал егер сіз айтып отырғандай ауланған балықтың ішінен балық (бөлшектеніп кетпеу шартымен) шықса оны жеуге болады. Ханафи мәзһабының таңдаулы патуа кітаптарының бірі «әл-Фатауа әл-Һиндияда» былай делінген:

إذَا أَخَذَ سَمَكَةً فَوَجَدَ فِي بَطْنِهَا سَمَكَةً أُخْرَى لَا بَأْسَ بِأَكْلِهَا

«Егер кісі балық алып, оның ішінен басқа бір балыққа тап болса, шариғи тұрғыдан ол балықты жеудің оғаштығы жоқ»[4].

Құрметпен,  ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.

 [1] әл-Фатауа әл-һиндия, 5 том. 428 бет.

[2] Мәйда сүресі, 96 аят.

[3] Фатыр сүресі, 12 аят.

[4] Әл-Фатауа әл-Һиндия, 5 том, 428 бет. 

Жоғары