ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Ашарату мубашшара

Ашарату мубашшара

“Мына он кісі Жәннатқа кіреді: Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли, Зүбәйр ибн Әууәм, Талха ибн Ұбайдуллаһ, Сағд ибн Әби Уаққас, Әбу Ұбайда ибн Жаррах,  Абдуррахман ибн Ауф және Саид ибн Зәйд (р.а.)”. 

(Хадис)

Көз тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген осы он кісіден бөлек басқалар да бар. Алайда  есімдері бірге аталған сахабалар осылар. Аттары аталмаған басқа сахабалар Жәннатқа кірмейді деген сөз емес. Өйткені, сахабаларға Алла Тағала разы екендігін білдіретін Құранда көптеген аяттар бар (Мәида, 119; Тәуба, 110; Фәтх, 118; Мужәдәлә, 22; Бәййінә, 8). Демек, Алла Тағала риза болған құлдарын Жәннатқа кіргізері сөзсіз. Алайда, жоғарыда атап кеткендей, олардың арасынан да дәрежелері әр түрлі сахабалар ұшырасады. Бұл сахабалардың көз тірісінде Жәннатпен сүйіншіленуінің өзіндік бірнеше себебі бар:

Кей уақытта жасалған істің басқа кезде жасалған істерден артықшылығы болады. Бұл сахабалар Исламның алғашқы қиын-қыстау кезеңінде мұсылмандықты қабылдады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Меккеде Исламды уағыздай бастаған алғашқы кезде (өзгелердің теріс айналғандарына қарамастан), олар Құранның әмірлеріне құлай сеніп, мойынсұнды. Қауіп-қатерге толы сол күндері көзсіз ержүректілік танытқандар болмаса, мұсылман болуға кез келгеннің батылы бара бермейтін. Хазіреті Әбу Бәкір: “Басымызды өлімге тікпейінше сыртқа шығуға да, бір жерге кіруге де жүрексінетінбіз”,– деуі арқылы сол күндердің көз көрген қиыншылығын тілге тиек еткен.

Бұлардың ешқайсысы алған бетінен қайтпай, Әлемдердің Рақым Нұрының (с.а.у.) жан серіктері болып, Исламды шынайы көңілмен қабылдап, өмірлерінің соңына дейін қасиетті жолдан бас тартпады. 

Олардың барлығы Алла Тағала тарапынан әмір түскен кезде бала-шаға, мал-мүліктен айрылып қалу қаупіне қарамастан, қиындыққа көз жұмып, тәуекелге бел байлап һижрет етті. Бұлардың арасында шетелдермен қатынасып  саудамен айналысарлықтай аса бай Абдуррахман Ибн Ауфтың бәрін тастап Мәдинаға көшіп келгенінде өмірін қайта бастауына тура келгендігін айта кету керек. Демек, олар бір ғана мақсатты көздеді: тек қана Алланың ризашылығына бөлену.

Жәннатпен сүйіншіленген бұл он кісінің ортақ ерекшеліктерінің бірі – ел тізгінін ұстай алатын парасаттылықты иеленуі. Әу бастағы төрт халифаның өмірі бұған дәлел. Хазіреті Пайғамбардың “Үмбетімнің сенімдісі” деген марапатына ие болған Әбу Ұбайданың бойында әйгілі қолбасшы Халидті он орап аларлық парасаттылық бар еді. Міне, осындай қабілеттеріне, дара қасиеттеріне қарамастан Пайғамбарымызға (с.а.у.) еруі – ардақтылық-тың үлгісі болатын.   

Аты аталған тұлғалардың бәрі текті жерден шыққан. Хазіреті Әлидің әкесі аса дәулетті болмаса да, Меккеде сөзі өтетін беделді кісілердің бірі еді. Исламның болашағы бұлдыр тартып тұрса да байлық пен шен-шекпенге көз сатпай, бастарын қатерге  тіккендігі үлкен жанқиярлықтың белгісі емей немене?!

Олардың ешбірі дүниеге бас имеді. Керек жерінде Хазіреті Осман бес жүз түйені үстіндегі жүгімен қоса садақаға берсе, Абдуррахман Ибн Ауф дүниесінің ауырлығынан Жәннатқа кірерде кеш қалатынын естіп, қолындағы бар затын көзі қиып тегіс Алланың  ақ  жолына жұмсай білді.  

Исламның аяғын тәй-тәй басқан алғашқы кезеңінде қиындыққа кеудесін тосушылардың бірі болуы олардың дәрежесін басқалардан ерекшелеп жоғары көтерді. 

Бұлардың ішінен дәрежесі жағынан төрт халифа ең алда келеді. Ендігі жерде солардың өмірлеріне қысқаша тоқталу арқылы сахабалардың дәуірі, олардың сіңірген еңбектері жайлы мәлімет беруге тырысамыз.

Жоғары