ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Имам Әбу Ханифаның сабақ бере бастауы және шәкірт тәрбиелеуі

Әбу Ханифаның сабақ бере бастауы және шәкірт тәрбиелеуі

Әбу Ханифа жиырма екі жасынан бастап, он сегіз жыл бойы Хаммадқа шәкірт болды. Ол қырыққа аяқ басқанда ұстазы, Куфа елінің атақты ғалымы Хаммад дүниеден озды. Оның жолдастары ұстаздыққа ұлы Исмаилді өткізуді ұйғарды. Шәкірттерінің арасында Әбу Ханифадан басқа да үміткерлер бар еді. Алайда, сол кезге дейінгі Әбу Ханифаның өзін көрсетуі мен дарындылығына қанық достары бұл ойларынан бас тартып, ұстаздыққа Хаммадтың ең қабілетті шәкірті Имам Ағзамды бір ауыздан лайық деп тапты. Имам Ағзам да ілімнің абыройын бәрінен жоғары қойып: «Мен ілімнің жоғалып кеткенін қаламаймын» деп, ол ұсынысты қабыл алды[1]. Шын мәнінде, ол ұстазының ілімін терең меңгерген, ұстаздық етуге нағыз лайық тұлға еді. Уақыт өте келе оның атағы шартарапқа жайыла бастады. Шәкірттерінің саны көбейіп, мешіттегі дәріс алқасы сол кездегі ең үлкен алқаға айналды[2].

Әбу Ханифаның сабақ беру тәсілінің ең негізгі ерекшелігі – кез-келген мәселені шәкірттерімен терең талқылап, көзқарастарын ашық айтуына мүмкіндік беруінде еді. Муаффақ әл-Мекки бұл жайлы: «Әбу Ханифа мәзһабын шәкірттерімен кеңесуге негіздеген. Олармен ақылдаспай, өз бетімен діни ижтихад жасамаған. Аллаһ үшін, Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үшін және мұсылмандар үшін насихат айтқан кезде шектен шықпайтын. Ол кез келген мәселені әуелі ортаға салып, шәкірттерін тыңдайтын. Мәселенің түйінін шешу үшін кейде бір ай, тіпті одан да ұзақ уақыт өзара ой бөлісетін. Осы мәселелерге қатысты қай көзқарас басым бола бастаса, Әбу Юсуф оны бір негіз ретінде белгілейтін. Мәзһаб осы негіздерге сүйене отырып құрылды. Ең дұрысы және шындыққа ең жақыны да осы тәсіл болса керек. Бұл – адамдар үшін қанағаттанарлық жол. Жалғыз өзі ижтихад жасап, тек өз көзқарасын ғана дұрыс деушілердің мәзһабынан әлдеқайда абзал»[3] деген.

Оның өзі ұстаздарына қандайда бір мәселеге қатысты ойын ашық айтып, басқа үкім шығарған кездері аз болмағаны секілді, өзінің шәкірттерінің де оның пікрлеріне қарсы ой айтқан кездері аз емес. Имам Ағзамның дәрісін өзі ғана сөйлеп, оқушылары тыңдау түрінде емес, қазіргі заманда үйретудің ең тиімді тәсілдерінің бірі саналған интерактивті тәсілде жүргізетін. Осылайша, шәкірттерінің білім көкжиегін кеңейтіп, өз ойларын еркін айтып, дәлелдей алатын дәрежеге көтеруді мақсат ететін. Осының арқасында көптеген шәкірттері мүжтәхид деңгейіне жетті. Негізінде, бұл тәсіл алғашқы кезеңдегі мұсылман ғалымдарына тән ортақ ерекшелік болғанымен, Әбу Ханифа бұл салада оқ бойы алда тұрды. 

Әбу Ханифаның тағы бір ерекшелігі, бір пікірде қатып қалмай, өзінікінен де шынайы дәлел табылса, ойынан бас тарта алатындығы еді. Ол бір күні шәкірті Әбу Юсуфқа «Менен естігендеріңнің бәрін хатқа түсіре берме. Мен бүгін былай десем, ертең басқаша ой айтуым да мүмкін. Ал ертеңгі пікірімді арғы күні өзгертуім мүмкін» десе, тағы бір сөзінде «Бұл біз айтқан ең жақсы сөз. Кім біздікінен де дұрыс дәлел келтірсе, ақиқатқа бізге қарағанда бір табан жақын» деген[4]. Кез келген адамнан ондай батылдықты күту қиын. Әсіресе, ғылым мен технология шарықтап дамыған, ілімнен келген тәкәппарлық жайлаған қазіргі заманда өзін маманмын деген ғалым зәуде бір пікір білдіре қалса, сонысын өзгелерге мойындатқанша асығады. Ал, өзгелер оның пікірінің қате екенін айтса, оны жау көріп, жағасына жармасады. Әбу Ханифа мұндай жат әдеттен аулақ еді. Осының барлығы Имам Ағзамның еркін ойшылдығы мен парасат-пайымының қаншалықты жоғары болғанын көрсетеді.

Әбу Ханифа ғылымға терең мән берумен қатар, барлық ынта-ықыласын ғылымға арнасын деп шәкірттерінің қажеттіліктерін өтеуді де ұмытпайтын мейірімді ұстаз еді. Ол мұқтаж шәкірттеріне ақшалай жәрдем беріп тұратын. Үйленетін жасқа келгендердің жағдайлары төмен болса, қаржылай көмектесіп, кейде қалың малды да өзі көтеретін. Бұл туралы Шурайх былай дейді: «Білім үйреткен шәкіртіне, тіпті, оның жанұясына көмектесетін. Шәкіртіне ілім үйреткеннен кейін: «Сен халал мен харамды үйренумен ең үлкен байлыққа жеттің» деп жылы сөздермен қуантатын.

Бірде Ибаһим ибн Үйәйнә төрт мың дирхамнан астам қарызға батады. Ибраһимнің достары бұл ақшаны ел арасынан жинап Ибраһимді құтқарып алмақ болады. Мұны естіген Әбу Ханифа елден жиналған ақшаны кері таратып, қарызды толығымен өзі өтеген екен.

Шәкірттерінің жан дүниесіне ерекше көңіл бөлетін. Оларға әрдайым жақсылық қалайтын. Олардың арасынан тәкәппарлыққа, өркөкіректікке, нәпсінің қармауына түсе бастағандарды сезсе, дереу ескерту жасап, әрдайым ұстаздан сабақ алу керектігін түсіндіретін.

Осыған байланысты мына бір оқиғаны айта кетуге болады. «Болдым-толдым» деп ойлаған шәкірті Әбу Юсуф бір күні, енді өзім шәкірт тәрбиелей берсем болады деген оймен өзге шәкірттерден бөлініп, мешіттің бір бұрышында өзгелерге дәріс оқыта бас-тайды. Әбу Ханифа оның сабақ беруге білімінің әлі де жеткіліксіздігін түсіндіру мақсатымен жанындағы біреуге Әбу Юсуфтың сабақ алқасына қатысып, одан әлдебір сауалдың жауабын біліп келуді тапсырып: «Әлдебір адам екі дирхамға киімін тазалату үшін тазалаушыға береді. Киімін алуға барғанда тазалаушы киімді алғанын мойындамайды. Арада біраз күн өткеннен кейін қайта соғады. Тазалаушы киімін таза қып қайтарады. Осы жағдайда тазалаушының ақысын беру керек пе, жоқ па? Егер ол ақысын беру керек десе, немесе бермеу керек десе, оның осы екі жауабының да дұрыс еместігін айт», – дейді.

Осылайша, Әбу Ханифаның адамы айтылған мәселенің жай-жапсарын Әбу Юсуфтан сұрайды.  Сонда Әбу Юсуф:

– Иә, ол ақысын алуға лайықты, – дейді. Сонда ол:

– Дұрыс емес, – дейді. Әбу Юсуф сәл ойланып:

– Жоқ, ол ақысын алуға лайықты емес, – деп алдыңғы жауабына кереғар жауап береді. Ол бұл жауаптың да дұрыс еместігін айтады. Сонда ақылды да, тапқыр шәкірт бұл сұрақтың түп-төркінінің қайдан шыққанын сезіп, орнынан тұрып, Әбу Ханифаның дәріс алқасына келеді. Әбу Ханифа Әбу Юсуфқа:

– Сенің келу себебің, тазалаушының ақысына байланысты ма? – дейді.

– Иә, – деп жауап қатады шәкірті. Сонда Әбу Ханифа:

– Осындай қарапайым мәселені шеше алмаған адам қалайша батылы барып Аллаһтың діні жайлы фиқһтан сабақ бере алады? – деп ескертеді. Сонда Әбу Юсуф:

– Осы сауалдың жауабын білгім келеді, – дейді. Әбу Ханифа мәселенің төркінін:

– Ең бастысы, майды қылшығынан ажыратқандай ақтан қараны айыра білу керек. Егер тазалаушы киімді алғанын мойындамағаннан кейін тазалаған болса, ақысын ала алмайды. Өйткені, мойындамау арқылы ол келісімді бұзған болып саналады. Сондықтан, киімді өзі үшін тазалаған болады. Егер киімді алғанын мойындамай тұрып тазалаған болса, онда ақысын алуына болады. Өйткені, ол киімді ақы алу үшін тазалады[5], – деп, айшықтап түсіндіріп береді.

Әбу Ханифа шәкірттерімен мәселелерді  талқылай отырып, оларды да фиқһ іліміне етене араластырып, пәтуа беруге үйрететін. Уақыты келгенде ұстаздыққа жіберетін. Міне, осының арқасында олар тек тыңдаушы ғана емес, ханафи фиқһының құрылуына мол үлес қосқан тұлғаларға айналды. 

Терең тақуалығымен қатар Ислам құқығы саласындағы мәселелерді талдаудағы ерекше сұңғылалығы мен терең пікірлерін жұмсақ тіл, жылы шыраймен түсіндіріп жеткізе алғандықтан, аз уақыттың ішінде оның дәрісіне қатысушылардың қарасы көбейіп, алды әлемнің түкпір-түкпірінен келген шәкірттерден босап көрген емес. Бір сөзбен айтқанда, ашық ілім ордасына айналды[6]

Имам Ағзам Әбу Ханифа ұстазы Хаммадтан кейін шамамен отыз жылдай Куфа секілді ілім орталықтарында сабақ берді. Оның сұхбаттары мен сабақтарына қатысып, ілім алған шәкірттерінің саны төрт мыңға жетіп жығылды. Мұндай Ұлы ұстазбен шәкірттерінің саны жағынан фиқһ саласындағы ешбір ғалым иық теңестіре алмаған[7]. Кейінгі дәуірде келген хадис имамдары Имам Ағзамнан сабақ алып, ілімін жетілдірген 800-ге жуық шәкіртінің болғанын, қырық шәкіртінің ижтихад жасайтындай дәрежеге жеткендігін айтады.

Шәкірттерінің жартысы Куфа, Басра және Бағдаттан, ал қалғандары Ахуаз, Исфахан, Хәмадан, Рей, Журжан, Мәру, Бұқара, Самарқанд, Хорезм секілді Ирактың шығысындағы маңызды қалалардан келсе, Мысыр, Сирия, Мәдина, Йемен, Бахрейн, Мусул секілді Ислам діні өркен жайған қалалар мен аудандардан келген шәкірттерінің саны аз еді. Тіпті, олардың аты-жөндері мен қайдан келгендері әдебиеттерде атап айтылған[8].

Әбу Ханифа өз шәкірттерін де жақсы көретін. «Сендер менің жүрегімнің қуанышы, көңілімнің жұбанышысыңдар» – деп оларға жүрек жарды сөздерін арнайтын. «36 шәкіртімнің білім-білігі жоғары, 28-і қазылыққа қабілетті. Олардың арасында 6-уының пәтуа беруге білім-білігі толық жетеді, ал Әбу Юсуф пен Имам Зуфар әрі қазылыққа, әрі пәтуа айтуға лайықты» деп шәкірттерін бағалаған екен[9].

Әбу Ханифаның шәкірттерінің 50-ге жуығы Куфа аймағында, ал өзге  көптеген шәкірттерінің көпшілігі түрлі аймақтарда қазылық лауазымын атқарған.



[1]  Сәймиәри, 7-б.

 [2]  Бұл да сонда, 21-22-б.

 [3] Мекки, 391-б., И. Х. Үнал, 21-б.

 [4]  И. Х. Үнал, Имам Әбу Ханифенин хадис анлайышы, 21-б.

 [5]   Ибн Хажар Хайсами, Хайратул-хисан, 22-б.

 [6] А. Өзтүрк, Имам Ағзам Ебу Ханифе ве есерлери, «Шамил» баспасы, 3-басылым, Стамбул, 2010, 11-б.

 [7]  Хайсами, Хайратул-хисан,  53-б.; Әбу Захра, Әбу Ханифа, 272-б.

 [8]  Бәззәзи, Манақибул-Имам Ағзам, 490-б.

 [9]  Бұл да сонда, 125-б.

Жоғары