ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Қара зеренің қасиетіне ғылыми дәлелдер бар ма?

Сұрақ: Қара зеренің қасиетіне ғылыми дәлелдер бар ма?

Жауап:

1959 жылдан бастап әлемде қара зеренің емдік қасиетіне байланысты 1000-нан астам ғылыми-тәжірибелік зерттеулер жүргізілді. Олардың таңқаларлық нәтижелері туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, ғылыми мақалалар мен баяндамаларда жарияланды. Адам денсаулығының тұрақтылығын сақтайтын әсерлі компонент сол жылы қара зере құрамынан анықталды. Кейбір ауруларды емдеуде қара зеренің тиімділігін клиникалық зерттеулер де дәлелдеді. Осылай қара зеренің маңыздылығы тұралы осыдан 1400 жылдан астам уақыт бұрын Пайғамбарымыздың (с.а.с.) айтқаны көркем түрде дәлелденді.

Ибн Қайым Жаузия өзінің «Пайғамбар медицинасы» деген кітабына қара зеремен емделген 50 шақты аурудың тізімін енгізген. 1960 жылы профессор Дахакна жүргізген зерттеуінде қара зеренің майы артритті емдеу кезінде қабынуға қарсы дәрі ретінде қолданылатынын дәлелдеп шықты.

1960 жылы ғалым Махфуз бен оның әріптестері қара зере майын қолқа демікпесін емдеуде қолданып жақсы нәтижеге қол жеткізді.

1979 жылы дәрігер Агарвала қара зере майы бала емізетін әйелдердің сүтін көбейтетінін зерттеп дәлелдеді.

1986 жылы Мысырлық ғалымдар Кади мен Кандил қара зеренің адам иммунитетіне әсерін анықтау үшін ғылыми зерттеу жүргізді. Олар иммундық жүйесі төмен адамдарға 1 грамм қара зере дәнін күніне екі рет төрт апта бойы берді. Тәжірибе аяқталған соң адам ағзасында трансплантаттардың күш алуын қамтамасыз ететін Т-лимфоциттердің саны артқан.

Қара зерені қолданып жүргізген тәжірибелерде зерттеліп отырған қанның құрамындағы Т-лимфоциттердің, Т-киллер және басқа да аурулардан емделуге, трансплантаттардың күш алуын қамтамасыз етуге және организмнің қорғану күш-қуатын нығайтуға жауап беретін жасушалардың саны 72%-ға артқан. Бұл нәтижелердің ракты, СПИД-ті және иммундік жүйенің әлсіреуімен тығыз байланысты басқа да қатерлі дерттерді емдеу жолында тәжірибелік мәні үлкен және маңызды рөл атқарады.

1989 жылы Пакистандағы бір медициналық журналда қара зеренің түрлі микробтарға қарсы теңдессіз тамаша қасиеті туралы мақала жарияланды.

1991-1993 жылдары Үндістанның Амала Нагар атты зерттеу орталығында доктор Керала қара зерені ракты емдеу үшін қолдану туралы өз зерттеуін жүргізді. Зерттеу нәтижелері қара зерені пайдаланудың рак клеткаларының дамуын тежейтіндігін әрі қатерлі ісіктерге қарсы керемет ем екендігін дәлелдеп берді.

1992 жылы Дакка (Бангладеш) университетінің медициналық бөлімінде қара зеренің бактерияға қарсы қасиеттері ең күшті бес антибиотикпен: ампициллин, тетрациклин, ко-тримоксазол, гентамицин және налидикс қышқылымен салыстырылып зерттелінді. Зерттеу қорытындылары қара зеренің керемет әсері туралы кезекті рет дәлелдеп берді. Ол көптеген бактерияларға қарсы, тіпті, медициналық препараттардың әлі келмейтін V. холера (тырысқақ), Е. коли (шикі етте кездесетін инфекция) бактерияларына қарсы теңдессіз ем құралы болып шықты.

Қара зеренің бактерияға қарсы қасиеттері Король Файсал атындағы университеттің медициналық колледжінде жүргізілген зерттеулердің нәтижелерімен де нақтыланып, бұл туралы 1993-1995 жылдары Сауд Арабиясының фармацевтикалық журналында доктор Бэзил Алт пен оның әріптестері арнайы мақала жазды.

1997 жылы Эр-Рияд (Сауд Арабиясы) университеттің медициналық колледжінің зерттеулер орталығының микробиологиялық зертханасында жүргізілген зерттеулер қара зеренің аллергияға қарсы бірегей ем екендігін дәлелдеп берді.

1997 жылы үнді ғалымдары қара зеренің рак клеткаларын емдеудегі әсері туралы жақсы тәжірибелік нәтижелерге қол жеткізді.

АҚШ-та қара зеренің құрамындағы заттар және олардың адам ағзасына әсері туралы арнайы зерттеулер жүргізілді. Зерттеулер қара зеренің бактерияға және улы заттарға қарсы ересен емдік күші бар барлық ауруларға қарсы бірегей дауа екендігі дәлелденді. Сонымен қатар қара зере майының қабынуға және аллергияға қарсы қасиеттері де анықталды.

1997 жылы Эр-Риядтың (Сауд Арабиясы) зерттеулер орталығының биологиялық және медициналық бөлімдерінде Хак атты доктордың жетекшілігімен қара зерені СПИД дертіне шалдыққан ауруларға ем ретінде қолдану тәжірибесі жасалды. Тәжірибелердің нәтижесінде аурулардың қан құрамында Т-лимфоциттердің, Т-киллер және басқа да аурулардан емделуге, трансплантаттардың күш алуын қамтамасыз етуге және организмнің қорғану күш-қуатын нығайтуға жауап беретін жасушалардың саны едәуір артқан.

АҚШ-та фармакологиялық фирмалар қара зеренің негізінде жаңа емдік препараттар жасайтын арнайы зертхана құрды. Мюнхендік иммунолог доктор Питер Шлейкер (Германия) Құрама Штаттардағы медициналық мекемелермен бірлесе отырып зерттеулер жүргізіп, соның нәтижесінде қара зеренің негізінде түрлі аурулардың емдерінің көптеген рецептерін түзіп шықты. Келесі бір ғалым қара зеренің емдік қасиетін тәжірибе жүзінде байқап көрді. Ол жүргізген тәжірибелерге 600-ден астам адам қатысты. Тәжірибе қортыныдсы бойынша аллергиялық аурулармен ауыратын адамдардың 70%-ның дертінен айыққандығы анықталды. Олардың арасында шаңға аллергиясы бар, нейродермизм, қолқа демікпесі бар пациенттер болған. Сондай-ақ қара зере майы гриппоздық ауруларға қарсы бірегей шипа ретінде де сәтті қолданылды.

Қара зерені қолдану жілік майының және иммундік жүйенің өмірлік маңызды жасушаларының өндіріліп шығуына аса зор ықпал ететіндігі де белгілі болды. Мұндай айғақты АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатындағы иммундік биология зертханасының ғалымдары нақтылады. Сонымен бірге олар өз қорытындыларында қара зеренің қатерлі ісіктердің дамуына қарсы теңдессіз ем болып табылатындығын айтып өткен. Басқ зерттеулер барысында ғалымдар қара зерені қолданудың қан құрамындағы қанттың деңгейін азайтатындығын да анықтады. Мұның өзі қара зеренің көптеген кеселдерге қарсы таптырмас ем екендігін тағы да нақтылай түседі.

Қара зерені қолдану жалпы айтқанда организмде жүріп жатқан табиғи емделу үдерісіне көмектесіп, инфекциялармен күресіп, ауруларды жеңуіне үлкен әсер етеді. Бұл тұрғыда ол организмнің табиғи тепе-теңдігіне ешқандай да сызат түсірмейді. Сондықтан да қара зерені тұрақты түрде пайдалану адам ағзасының иммундік жүйесін нығайта түседі.

1992 жылы «Cancer letters» атты ғылыми журнал қара зеренің рак ісігіне қарсы емдік әсер туралы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жария етті. Ғалымдар қара зереден шыққан заттың бұлшық еттердегі тері рагы клеткаларының өсуін тежегендігін анықтады. Тері рагының емделуі қиын дерттердің бірі екендігі белгілі. Зерттеулер қара зере құрамындағы ұзын май қышқылдарының ісікке қарсы күшті қасиеті бар екендігін дәлелдеді. Бұдан бұрын қолданылып келген ісікке қарсы дәрілердің барлығының да ақ қан түйіршіктері мен жілік майына қарсы теріс ықпалы бар болатын. Ал ісікке қарсы күшті емдік қасиетке ие қара зеренің ешқандай теріс ықпалы жоқ екен.

1991 жылы үнді онкология институтының ғалымдары өздерінің ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін «Ethno pharmacology» атты журналда жариялады. Онда қара зеренің қатерлі ісіктерге қарсы емдік қасиетімен бірге қатерлі ісіктерге қарсы қолданылатын Splatting сияқты препараттардың теріс ықпалын да жоятындығы айтылады.

1993 жылы «аш-Шарқ әл-Аусат» басылымы мысырлық ғалымдар жүргізген зерттеулердің нәтижелерін жариялады. Зерттеулер қара зерені қолдану тері рагымен ауыратын тышқандардың 80%-ның ауруын айықтырғандығын дәлелдеді. Ғалымдар арнайы әдіспен тышқандарға тері рагын жұқтырып, оларды екі топқа бөледі. Бірінші топты қара зеремен қоректендіріп, ал екінші топқа оны бермейді. Сонда бірінші топтағы тышқандардың 20%-ы ғана тері рагына шалдыққан, ал екінші топтағылардың 100%-ы аталмыш дертпен ауырған.

Акбар қаласындағы (Флорида, АҚШ) ғалымдар ұнтақталған қара зере дәндерін қабылдау рак ісіктерін азайтып, Т-лимфоциттер санының артуына әсер еткендігін бақылаған. Осы тақылеттес зерттеу жұмыстары қазірдің өзінде әлемнің көптеген зерттеу орталықтарында әлі де жүргізіліп жатыр.

Аталып өткен нәтижелер мен ғылыми айғақтар Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистерінің шынайылығын нақтылай түседі. Ғылым Құран мен хадистерді ешқашан да теріске шығармайды, керісінше, ондағы мағлұматтардың негізділігін ғылыми тұрғыдан бекіте түседі.

Сондықтан да Пайғамбардың (с.а.с.) хадистері ешқашан да жалғанға шықпайды. Әлемнің түрлі елдерінде өткізілген 1000-нан астам ғылыми зерттеулер 1400 жылдай бұрын айтылып кеткен қара зеренің ерекше емдік қасиетін нақтылайды.

Жоғары