ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Иса пайғамбар (а.с.)

Иса пайғамбар (а.с.)

Хазірет Исаның анасы – Мәриям еді. Ал Мәриямның әкесінің аты Имран болатын. Құрандағы «Әли Имран» сүресінде айтылатын «Имран» сол кісінің есімі. Ол өз заманында ел ішінің беделді имамы еді. Осы Имран дүниеден озғанда, қаршадай Мәриям қызға хазірет Зәкәрия қамқорлық етіп, ұстаз болды. Өйткені ол Мәриямның әкесінің қарындасын алған еді. Сол себепті Мариямға жезде боп келетін. Анасы хазірет Мәриямға жүкті болған кезден-ақ оны Алланың жолына арнап, мінәжатханаға атаған болатын. Анасы құрсақтағы сәбиін ұл болады деп ойлаған еді. Алайда ол қыз болып туды. Сонда да сөзінде тұрып, аталмыш мінәжатханаға бағыштады. Хазірет Мәриям тұрған мінәжатханаға тек Зәкәрия ғана кіріп шығатын[1]. Ол сол жерден көптеген ғажайып-кереметтерді көретін. Құран соның бірін: «Сонда оны Раббы жақсы қабылдап, көркем мінезді етіп өсірді және оған Зәкәрияны қамқоршы етті. Зәкәрия әр жолы оның бөлмесіне кірген сайын, қасынан жеміс-жидектер мен әр түрлі азықтарды көретін. «Әй, Мәриям! Бұл саған қайдан келді?» – деді. Мәриям: «Ол Алланың құзырынан, шексіз, Алла қалаған құлына есепсіз ризықтар береді», – деді»[2], деп баяндайды. Деректерде хазірет Зәкәрия оның бөлмесіне қыста кірген кезде жаздық жемістер, ал жазда кірген кезде қыстық жемістер тұрғанын көретінін айтады.

Сүйінші хабар

Мінәжатханада тынбай құлшылық жасаған хазірет Мәриям есейіп бойжеткен қыз болды. Бір күні сонда құлшылық жасап отырғанда, қасына адам кейпіндегі Жәбірейіл періште пайда бола кетті. Хазірет Мәриям өзінің қасында бейтаныс адамның тұрғанын көргенде, не істерін білмей қатты қорықты. Ол есін дереу жиып: «Егер сен тақуа болсаң да, сенен Алла тағалаға сиынамын» деді. Бейтаныс кісі оған өзінің Хақ тағала жіберген «Рух» екендігін айтып көңілін орнықтырды. Сосын іле-шала: «Мен саған бір таза бала беруге жіберілген Раббыңның елшісімін»[3] деп түсіндірді. Хазірет Мәриям бала күнінен талай рет Жаратқанның нәсіп еткен кереметтерін көріп өскен болатын. Тіпті Раббысының оған қыстың күні жаздық жеміс, жаздың күні қыстық жемісті нәсіп етуінің сыры болашақта баласының да сондай мұғжиза болып дүниеге келетініне әзірлік еді. Әйтсе де ол таңырқағанын жасыра алмай: «Маған бір адам жақындамаса қалайша бала болады? Сондай-ақ суық жүріске салынбасам», деді. Жәбірейіл періште оған: «Ол солай», – деді. Өйткені Раббың: «Бұл маған оңай. Менен адам баласына бір үлгі әрі бір рақым. Бұл (үкімі әлдеқашан шығын қойған) біткен іс еді»[4], дейді. Хақ тағаланың құдіретінде шек жоқ. Ол бір нәрсеге «бол» десе сол сәтте бола қалады деп түсіндіреді.

Жәбірейіл періште осыдан кейін хазірет Мәриямға қарай үпіреді де, ғайып болып кетеді. Хазірет Мәриям ол кездері он бес жастар шамасында болатын. Көп кешікпей бойында жүктілік белгісі байқала бастады. Исрайыл халқы бір күні осыны байқап қалып, бір-бірлеріне өсектеді. Хазірет Мәриям өте тақуа және ұяң, ар-намысы таза қыз еді. Болған жайды ел-жұртқа ашық та айта алмай әбден қиналды. Төзімі таусылған ол бір күні алыс жаққа сапар шекті. Сол жерде толғақтың келуін күтті. Бір мезет жалғыз түп қураған құрма ағашының қасына жақындай беріп еді, толғақ қысып қатты қиналды. Бір жағынан жанына батқан өсек, енді бір жағынан ащы толғақ жанын қинады. Шыдай алмай: «Бүйтіп қорлық көргенше, өлгенім артық қой», – деп қинала ыңыранды.

Кейбір деректерде бұның қыс кезінде болғаны айтылады. Ол толғаққа шыдай алмай қураған құрма ағашынан ұстай алған кезде әлгі ағаш бірден көгеріп әп-сәтте жеміс бере кетеді. Бұл керемет Хақ тағаланың оған деген демеуі мен жәрдемі еді.

Бала дүниеге келгенде, Жәбірейіл періште оған дауыстап: «Уайымдама! Раббың астыңнан бір бұлақ жаратты. Құрманың бұтағын өзіңе қарай сілкіле. Саған жас құрма түседі», – дейді. «Ей, Мәриям! Сол құрмадан жеп, судан іш. Көз айым бол. Сосын балаңды алып, ел ішіне барғаныңда, сені көрген халық қаумалап мына халіңді түсіндір деп сұрай қалса, оларға; «Рақымды Алла үшін бүгін ораза ұстадым. Сол себепті бүгін ешбір адаммен тілдеспеймін» деп айт», – дейді. Бұл жерде оның ұстаған нәзір оразасы – үнсіздік оразасы. Сол заманда осындай оразаның түрі болған. Осылай ауыз бекіткен адам әсте біреуге аузын ашып, тіл қатпайды. Бар-жоғы айтқысы келген нәрсесін ыммен жеткізеді[5].

Хазірет Мәриям жаңа туған сәбиін құндақтап, құшағына алып, ел ішіне қарай жолға шығады. Ол жасынан тақуалығымен танылған қыз болатын. Мәриям қыздың әрбір іс-әрекеті мен қылығы ел ішіне аңыздай тарайтын. Енді міне, сол бойжеткен қыз сәбиін көтерген күйі, өздеріне бет алып келеді. Қала халқы оны көрген кезде, беттерін кезек-кезек шымшып, көздерімен ішіп-жеп бара жатты. Ақырында бәрі оны қаумалап алып: «Ей, Мәриям! Бұл қылығың қалай? Сен туралы ел аузында жүрген өсекке сенбей жүр едік. Бұл не масқара?» – десе, енді бірі: «Әй, Харунның қарындасы! Көзі тірісінде әкеңнің жаман қылығын көрмеп едік. Марқұм тірі жанға қиянат жасапты дегенді естімеген едік. Байғұс шешеңнің де ешқандай жамандығы жоқ болатын. Сонда сен кімге тартып мұндай арсыздыққа барып жүрсің? Біз сені мінәжатханада күндіз-түні құлшылық қылып, бала болып ойнап көрмеген, бойжеткенде ер кісінің жүзін көрмеген тақуа қыз деп мақтан тұтушы едік. Мына ісіңді бізге қалай түсіндірмексің?!» деп шулай кетеді. Олар аузына келгенін айтып кінәлаған кезде, ол үнсіз тұра берді. Бір кезде халық көп жиналып, бұған қарсы дөрекі сөздер айта бастағанда хазірет Мәриям өзінің аузын бекіткенін сондықтан сөйлей алмайтындығын, ал олардың сұрақтарына құшағындағы сәби баланың жауап беретінін меңзеп балаға ишарат етеді. Бірін-бірі ентелеп, Мариямды қаумалап тұрған халық: «Әй, мына қыз не деп тұр өзі! Есінен ауып қалған ба? О заман да, бұ заман құндақтағы жаңа туған сәбидің сөйлегенін кім естіген! Бұл қыз жамандық істегенімен қоймай бізді мазақ еткісі келіп тұр ма?!» – деп даурыға бастайды. «Ал, қане, Мәриям, айта қойшы, бұл сәбимен қалай сөйлесеміз?» дейді оған қарап. Сол сәтте ана құшағындағы сәбиге тіл бітіп: «Рас, мен Алла Тағаланың құлымын. Маған кітап беріп, пайғамбар етті. Сондай-ақ қайда болсам да құтты етті де, тіршілігім бойынша намазды, зекетті орындауға бұйырды. Мені шешеме мейірімді етіп, бір зорекер және қиқар қылмады. Маған туылған күнімде, өлер шағымда және тірілтілетін күнімде амандық болады»[6], – дейді.

Сәби Иса «Мен Алланың құлымын» деп бастайды. Бұл сөз – яһуди мен христиандарға берілген жауап. Өйткені кейін христиандар оны «тәңір» деп танып кетті. Һәм анасының мейірімді және оған құрмет етемін деуі арқылы оның бейкүнәлығын және орнының қашанда биік екендігін білдіреді.

Хазірет Мәриям Құдыста көп тұрмады. Өйткені бұл баланың әкесі Зәкәрия деп жала жауып, оны шейіт еткен болатын. Осыдан кейін олар хазірет Мәриямға да жамандық жасауға жоспар құрып жүрген еді. Ол Алланың әмірімен баласын алып жоғары аймаққа кетті. Ол жердің шөбі шүйгін, жемісі мол, суы кәусар, ауасы ғажап еді. Кейбір деректерде оның Мысырға кеткенін айтады. Бұл жерде ол он екі жыл тұрған соң Құдысқа оралып, Насыра аулына орналасты. Хазірет Иса отызға келгенге дейін осы жерде тұрды. Отызға толғанда, оған пайғамбарлық міндеті жүктеліп, Исрайыл ұрпағына жіберілді.

Ол алғашқы кезде өзінің пайғамбар ретінде жіберілгенін және Раббысынан бір хикметпен келгенін, сол себепті Алладан қорқып өзіне бағыну қажеттілігін алға тартып, халықты дінге шақырады.

Алла Тағала елшісіне көптеген мұғжизалар берді. Негізі, оның өмірге келуі де көкке көтерілуі де, мұғжиза еді. Оның мұғжизаларын жалпы үшке бөліп қарауға болады.

Балшықтан құс жасап, оны үрлеп, сосын оған Алланың рұрсатымен жан беретін.

Хазірет Иса заманында медицина өте қатты дамыған еді. Иса пайғамбар сол дамыған медицинаның шамасы келмейтін науқастарға шипа дарытты. Әсіресе, зағип жандардың көзін емдеп, шырадай жандырды. Алапестерді емдеп жазатын. Бұдан басқа жүздеген адам келіп, сол арқылы Хақтан шипа табатын. Осының ең жоғары түрі өлген адамды қайта тірілтуі еді.

Адамдарға ғайыптан хабар беретін. Ол адамдардың ішкен жегендерін және жинаған нәрселері туралы көзбен көріп тұрғандай айтатын.

Хазірет Иса исрайылдықтарды өзіне бағынуға шақырып, өзінің Тәуратты да растайтынын, бірақ Елші-расул болып жаңа шариғатпен келгендіктен, Тәураттың кейбір заңдарын өзгертетінін халыққа жеткізеді.

Сондай-ақ ол Исрайыл халқына: «Уа, Исрайыл халқы! Мені де сендерді де жаратқан Раббымыз – Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар»[7], – деп тәухидке шақырады.

Інжіл

Алла Тағала Исрайыл халқының арасына жіберген соңғы елші Исаға Інжілді түсірді. Құран осы Інжілдің бес түрлі ерекшелігін айтады:

Һидаят-тура жол болуы. Сол заманда Исрайыл ұрпағы арасында ақида-сенімі бұзылғандар көп болатын. Міне, Інжіл кітабы осы сенімнің негізгі тіректерін баяндайды.

Інжілдің нұр болуы. Адамдарды бақытқа жеткізуге арқау болғандықтан ол кітап тұтастай нұр болатын.

Тәуратты растауы.

Інжілдің хазірет Мұхаммедтің (с.а.с) келетіні туралы сүйінші хабар беруі.

Інжілдің тақуаларға насихатшы болуы. Інжілде көптеген насихаттар мен өнегелер бар.

Сөйтсе де Інжілді адамдар өз қалауына қарай өзгертіп, бұрмалаушылықтарға жол берген.

Хауарилар

Бір деректе хазірет Исаға бар-жоғы он екі адам ғана ергені айтылады. Құран осы кісілерді «Хауари» деп атайды[8]. Хауари сөзі «ақ», «ізгі» және «дос» деген мағынаға саяды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хазірет Зүбәйір ибн Әууам туралы: «Әр пайғамбардың хауариы болады. Менің хауариым – Зүбәйір», – дейді[9].

Иса пайғамбардың хауарилары өзіне аса сенімді һәм берік жандар еді. Хақ пайғамбар оларды жан-жаққа жіберу арқылы халықты дінге шақырып отырған.

Бірде хауарилар хазірет Исадан: «Уа, Мәриямұлы Иса! Раббың бізге көктен бір дастарқан түсіре ала ма?» – деп сұрайды. Бұл, әлбеттте, хауарилардың жаңадан иман келтірген кездері болатын. Әр мұғжиза олар үшін өте қызық еді. Хақ пайғамбар оларға: «Егер шынайы мұсылман болсаңдар, Алладан қорқыңдар. Мұндай нәрсені әсте талап етуші болмаңдар. Өйткені мұндай талаптар Хақ тағаланың құдіретіне және менің пайғамбарлығыма күмән келтіру болып есептеледі», – дейді. Сонда хауарилар: «Жо-жоқ, біз де әсте ондай ниет те, ой да жоқ. Біз бар болғаны сол дастарқаннан дәм татқымыз келді. Сонда жүрегіміздегі иман берік болып, сенің айтқандарыңа терең сенеміз», – деп жауап береді. Хақ пайғамбар олардың шынайы ниеттерін аңғарып қатты қуанып, Хақ тағаладан осыны тілеуге шешім қабылдады.

Ол қолын жайып: «Я, Раббымыз! Бізге аспаннан дастарқан түсір! Бұрынғы, соңғымызға мереке әрі Сенен бір белгі болсын. Бізді ризықтандыр! Сен ризықтандырушылардың ең жақсысысың»[10],деп дұға етеді. Хақ тағала: «Күдіксіз, Мен сол дастарқанды әлбетте түсіремін. Егер осыдан кейін сендерден кім қарсы келсе, шынайы түрде Мен оны дүниеде ешкімді азаптамаған азаппен азаптаймын»[11],дейді.

Бір деректе дастарқанның түскен күні жексенбі күні еді дейді. Дастарқан түрлі нығметтерге толы болды. Хауарилар осы нығметті тойғанша жеп, шүкіршілік білдірді. Кейіннен осы күнді хауарилар мереке күні етіп жариялайды[12].

Иса пайғамбардың көкке көтерілуі

Иса (а.с.) Исрайыл халқын үш жыл бойы ақиқатқа шақырғанда, бар болғаны ат төбеліндей ғана адам иман келтірді. Ал қалған қара ниеттілер, әсіресе, көсемдер мен байлар, дін өкілдері бәрі ауыз жаласып, ақылдасып, оны өлтірудің жолын қарастыра бастады. Осы мақсатта яһудилер Исаны (а.с.) тұс-тұстан іздестіре бастағанда, оларға хабар айтып, өзінің екіжүзділігін әшкерелеген адам он екі хауаридың бірі болды. Ол «Тауып бергеніме пәлен ақша бересіңдер» деп ақшасын алған соң, оларды пайғамбар отырған үйге бастап келді. Есікті ашып «іздеген Исаларың осында» деп табалдырықтан аттап, бірінші болып ішке енеді. Бұл кезде Иса (а.с.) олардың келетінін алдын-ала білген еді. Сол себепті дұға оқыды. Алла Тағала оның бұл соңғы дұғасын қабыл етіп: «Ей, Иса! Сені Өз тарапыма көтеріп алмақпын. Қарсыластарыңнан құтқарам. Саған ілескендердің мерейін қияметке дейін олардан үстем қыламын. Соңында қайтар жерлерің Мен жақ! Сонда таласқан нәрселеріңе үкім беремін!» – дейді.

Әлгі мұнафық ішке кірген кезде, Жәбірейіл періште пайғамбарды өзімен бірге көкке көтеріп алып кетеді де, Алла Тағаланың құдіретімен әлгі мұнафықтың бейнесі Исаныкінен (а.с.) аумай қалған болатын. Еріп келгендер мұнафықтың даусы шыққан бөлмеге кіргенде, «Иса міне отыр, міне отыр» деп тұрған Иса пайғамбар бейнесіндегі біреуді көреді. Олар оны бірден тарпа бас салады. «Өзіңді-өзің басқа жақтан іздеп, бізді тағы ақымақ қылғың келген екен!» – деп кіжінеді. Оның жан даусы шыға «Мен сіздерді бастап келген адаммын ғой!» – дегеніне қарамайды. Кейбір деректерде бұл мұнафықтың аты Тайтанос болғандығы айталады. Олар Тайтаносты айқыш ағашқа керіп байлап өлтіргелі жатқанда, ол соңғы сөзін айтып: «Маған сенбесеңдер, қалтамды қараңдар. Берген ақшаларыңды көресіңдер», – деп жалынады. Қандары қарайған топ оның сөзін елемейді де. Алайда әбден қинап өлтіргеннен кейін, қалтасын қарағанда, расында да, өздерінің ұстатқан ақшаларын көріп қатты таңғалады. Сол кезде ғана істің мән-жайы басқаша болғанын аңғарады. Дереу Тайтаносты іздей бастайды. «Ең алдымен үйге сол бастап кірді. Біз үйді тінтіп шыққанда, Исадан өзге ешкімді көрмедік. Егер ол анық Иса болғанда, бізге оны ұстап берген Тайтанос қайда кетті? Ал бұл Тайтанос болса, онда Иса қайда кетті? Ақша дар ағашына шегелеп өлтірген адамның қалтасынан шыққанына қарағанда ол Иса болмағаны ма? Сонда ол көкке ұшып кетті ме?» – деп бастары қатады.

Құранда ол туралы: «Тағы да «Алланың елшісі Мәриямұлы Иса Мәсихты өлтірдік!» дегендіктері... Негізінде, олар оны өлтірген де, асқан да жоқ. Бірақ көздеріне ұқсасы көрсетілді. Расында, оның пайғамбарлығы туралы сөз таластырғандар өлтіру туралы да сөз таластыруда. Бірақ олар күмәннің ғана жетегінде. Олар оны анық өлтірмеді. Алла оны өз тарапына көтерді. Аллаһ өте үстем, хикмет иесі» деп, хазірет Исаның өлтірілмей көкке көтерілгендігі жайлы ақиқат баяндалған[13].

Иса пайғамбардың дүниеге әкесіз келуі қандай таңғаларлық мұғжиза болса, оның көкке тірідей көтеріліп кетуі де дәл сондай мұғжиза. Көкке көтерілген пайғамбар күндердің күнінде жер бетіне «Дәжжал» (Тажал) келіп, адамзатқа бұрын-соңды болмаған зұлымдық жасаған шақта Хақ тағаланың әмірімен жерге түсіп, сол Тажалмен соғысып жеңеді. Бұған қоса бұзылған христиандарды да түзейді. Шоқынған крестерін сындырып, доңыз етін жеуге тыйым салып, оларды иманға келтіреді. Бұл туралы елуден астам сахих хадис бар. Әйтсе де хазірет Исаның жер бетіне қашан және қалай түсетіні туралы нақты деректер жоқ. Анық ақиқаты Жаратушыға ғана аян.

Иса пайғамбар (а.с.) отыз жасында пайғамбар болып, отыз үш жасында көкке көтерілді. Осы үш жыл ішінде ол өз міндетін кемшіліксіз атқарып кетті. Өзінен кейін соңғы пайғамбар – хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келетінін де зор қуанышпен сүйіншіледі.

Хазірет Исаның ақырғы пайғамбар туралы хабар беруі

Фарақлит

 Иоанн Інжіліндегі бір аятта: «Мәсих: (Иса) «Мен – менмін. Мен сендерге Тәуилді әкелетін Фарақлитті жіберу үшін сендердің Рабтарыңа кетемін», – деп баяндалған.

Фарақлит – хақтың рухы, оның мағынасы ақиқат пен жалғанды бір-бірінен толық ажыратушы дегенге келеді. Алла елшісі – ақиқаттың рухы. Өйткені өлі жүректер Оның әкелген шындық шырынымен ғана тіріліп, бүршік жарды. Ол адамдардың тура жолға түсуі үшін аянбай күресті. Хақ пен жалған ұғымдары бір-бірінен тек осындай бір күрес пен күш-жігердің арқасында ажыратылады. Хазірет Мәсих хабар берген Фарақлит келіп жетті. Ол – Алланың ақырғы елшісі, екі әлем Сардары хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм).

Иоанн Інжілінде:

«Егер мені жақсы көрсеңдер, әмірлеріме бас иіңдер! Мен Раббыма жалбарынамын. Ол сендерге үнемі өздеріңмен бірге болу үшін менен басқа бір жұбатушы, ақиқат рухын (Фарақлитті) береді», – делінеді (Иоанн, 14-бап, 15-16 аят).

Енді кезекпен төмендегі аяттарға назар аударайық:

«Фарақлиттің Рухул-Қудус болғанының ерекшелігі сонда – Рабб Оны менің атыммен (яғни, пайғамбар етіп) жібереді. Ол сендерге барлық нәрсені үйретеді. Әрі менің сендерге үйреткендерімді де қайта еске салады» (Иоанн, 14-бап, 26-аят).

«Фарақлит келген кезде, мен үшін куәгер болады. Сендер де маған куәлік етіңдер» (Иоанн, 14-бап, 26-аят).

«Мен сендерге хақты айтамын. Менің кетуім сендер үшін жақсы. Өйткені мен кетпесем, Фарақлит сендерге келмейді. Бірақ мен кетсем, оны жіберемін» (Иоанн, 16-бап,7-аят).

«Фарақлит келген кезде, барлық әлемді жасаған қателіктері үшін кінәлап, оларды тәрбие етеді» (Иоанн, 16-бап, 8-аят).

Інжілдің негізгі түпнұсқасы көне еврей тілінде, кейін грек тіліне аударылды. Біздің қазіргі қолымыздағы арабша аудармалар грек тілінен тәржімаланған. «Фарақлит» – грек тіліндегі «ақиқатты айқындаушы» сөзінің арабша баламасы, яғни араб тіліне аударылып, осы тілге енген сөз[14].

Ио­анн Інжілінде:

«Мәсих (Иса) былай деді: Мен енді сендермен сөйлеспеймін. Өйткені бұл әлемнің басшысы келе жатыр. Онда бар нәрсе менде жоқ» – делінген (14/30).

Ендеше бұл жердегі айтып отырған «Фарақлит» ақырғы пайғамбар – хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) еді.

Хазірет Исаның пайғамбар болып келуінің бір сыры – адамзатқа жіберілген ақырғы пайғамбарды сүйіншілеу болатын. «Саф» сүресіндегі мына аят та осыны қуаттайды. «Сол уақытта Мәриямұлы Иса: «Уа, Исрайыл ұрпақтары! Шын мәнінде, мен Алланың елшісімін, алдымдағы Тәуратты растаушы және менен кейін келетін «Ахмәд» атты пайғамбарды айтып сүйіншілеймін», – деген еді»[15].



[1]       Сабуни. ән-Нубууә. 253-255 беттер

 [2]       «Әли Имран» сүресі, 37.

 [3]       «Мәриям» сүресі, 18

 [4]       «Мәрям» сүресі, 19-21

 [5]       Сабуни, Нубууә, 255-бет; А.Л.Казанжы, Пейгамберлер халкасы, 250-255 беттер

 [6]       «Мәриям» сүресі, 30-33

 [7]       «Маида» сүресі, 72

 [8]       «Маида» сүресі, 47

 [9]       Бухари. Жиһад, 40; Муслим. Фәдәилус-сахаба, 48

[10]     «Маида» сүресі, 114

[11]     «Маида» сүресі, 115

[12]     Сабуни, Нубууә, 262-бет

[13]     Кеңірек мағлұмат үшін қараңыз: Ахмед Бәһжәт, Әнбияуллаһ, 355-362 беттер

[14]     Ф.Гүлен, Ғаламның рақым нұры (ауд:Ахмет Әшен), Алматы. 2007. 67-68-беттер

[15]     «Саф» сүресі, 6

Жоғары