ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Жақып және Жүсіп пайғамбарлар (а.с.)

Жақып пен Жүсіп (а.с.) пайғамбар

Ибраһим пайғамбардың немересі – Жақып Ысқақтың үлкен баласы. Одан басқа Ысқақтың Аис деген баласы болған. Аис Шам жаққа қоныс аударғанда, Жақып (а.с.) Канған жеріндегі қара шаңырақта қалып қойған. Кейіннен оған пайғамбарлық келген шақта, ол халқын хақ дінге шақырып, туралыққа бастады.

Жақыптың (а.с.) он екі ұлы болды. Кейбір деректерде бұлардың аттары былай айтылады: Яһуда, Рубин, Шәмун, Ләуи, Яшшуһуз, Зәбулун, Зәуәнә, Тәфтуна, Кәуза, Ушир, Жүсіп және Буниамин. Он екі ұлдың ең кішілері Жүсіп пен Буниямин еді. Осы екеуі Жақып пайғамбардың басқа әйелінен туған.

Жақыптың (а.с.) лақап аты – Исрайыл. Оның он екі ұлынан он екі тайпа тарап, олар Исрайыл ұрпақтары болып аталып кетті.

Жақып пайғамбар екінші әйелінен туған осы Жүсіп пен Бунияминді қатты жақсы көрді. Өзге ұлдарына қарағанда Жүсіпті көзінің қарашығындай аялап, мейірім-шапағатын аямай төгетін. Шамасы, бала Жүсіптің алда талай тар жол, тайғақ кешуден небір қиын-қыстау кезеңнен, ауыр сынақтардан тайсалмай өтетінін, балаларының ішінен пайғамбарлық дарып, сол міндетті абыроймен атқаратынын сезсе керек. Әйтсе де өзге он баласы оның Жүсіпті елден ерек жақсы көргенін қызғанып, мұның соңы інілері Жүсіпке қастандық жасауға дейін барады.

Бір күні Жүсіп қызық та ғажап бір түс көрді. Таңертең сол түсін әкесіне: «Әкешім! Бүгін мен бір түс көрдім, түсімде ғажап іс көрдім. Он бір жұлдыз және ай мен күн маған сәжде етіп тұр екен»[1], – дейді. Жүсіп пайғамбар баласының мына түсінің тегін түс емес, Аллаһтан келген аян екенін біліп, баласына: «Айналайын балам! Көрген түсің расында ғажап екен. Бірақ бұл түсіңді ағаларыңа айтушы болма! Әйтпесе қызғаныштан саған қастандық жасауы мүмкін. Өйткені шайтан – адамның анық дұшпаны. Раббың сені түсіңде көргеніңдей құлдары арасынан таңдап пайғамбар етеді. Мерейіңді үстем қылады. «Түс жору (немесе қасиетті кітаптардың сырлары жайында) ілімін береді. Бұрынғы аталарың Ибраһим, Ысқақтарға нығметін бұйырғандай, саған және Жақып ұрпағына нығметін толықтырады. Шәксіз, Раббың толық білуші, хикмет иесі»[2], дейді. Жақып пайғамбар он бір жұлдызды он бір ұлы, айды әйелі, күнді өзі деп жорамалдап, баласының бәрінен де мерейі үстем болатынын аңғарған еді. Жақып пайғамбардың кезінде халық арасында түс жору ілімі кең дамыған болатын. Сондықтан баласының көрген түсін ағалары естісе, астарын дереу біліп қоятын еді. Осыны сезген хазірет Жақып баласына түсін жасыруды айтқан-ды[3].

Жақыптың (а.с.) он баласы осы түсті сезіп қойғандай-ақ соңғы күндері Жүсіпке деген қызғаныштары қатты қозады. Тіпті Буниямин екеуін басқа анадан туғандықтан, өз бауырлары санамай, мүлдем сыртқа қағатынды шығарды. Бір күні олар бас қосып ақылдасты: «Біздің жасымыз Жүсіпке қарағанда әлдеқайда үлкен. Әрі әкеміздің істерін түгел өзіміз атқарамыз. Ендеше, әкеміз бізді жақсы көрудің орнына түкке тұрмайтын Жүсіп пен оның інісін жақсы көргені несі? Бұл жерде әкеміз қатты қателесіп отыр»[4], – дейді. Ақылдаса келе ағаларының біреуі: «Жүсіпті иен далаға апарып өлтіре салайық. Болмаса адам аяғы баспаған бір жерге тастап кетейік. Елсіз жерде адасып өлсе кім білер дейсің? Сонда ғана әкеміз бізге мол сүйіспеншілікпен қарайтын болады. Азар болса адам өлтіргеніміз үшін, артынан тәуба етерміз»[5], – дейді. Оның осы пікірін сол жерде отырған бауырлары тегіс қолдайды. Тек үлкен ағалары Яһуда ғана қарсылық танытып: «Жо-жоқ! Жүсіпті өлтірмеңдер! Өйткені кісі өлтіру – үлкен күнә. Оның жазасы да өте ауыр. Егер Жүсіптен біржолата құтылғыларың келіп бара жатса, онда оны пәлен деген құдыққа тастаңдар. Сол жерден керуендер өтеді. Олар Жүсіпті құдықтан шығарып қана қоймай өздерімен бірге алысқа алып кетері хақ»[6], – дейді.

Соңында барлығы осы пікірді қолдап, білектерін сыбанып іске кіріспекші болады. Өйткені Яһуда ел ішінде өте ақылды жігіт саналатын.

Жақып пайғамбар он ұлынан Жүсіпке бір пәленің келетінін іштей сезіп жүретін. Сол себепті баласына өте сақтықпен қарайтын. Бір күні сол он баласы алдына келіп: «Әкешім! Біз бәріміз тауға барып сейілдеп, көңіл көтергіміз келіп тұр. Жүсіпті де ертіп алсақ жақсы болар еді. Ол біздің бауырымыз ғой! Ойын-сауық құрып бір жадырап қайтайық», – деп қолқа салады.

Жақып (а.с.) он ұлының тілегін қабыл алмайын десе, олардың ренжитін түрі бар. Мақұл дейін десе, түндегі көрген түсі тағы бар. Түсінде Жүсіпті бір қасқыр қуалап жүрген еді. «Былай тартса арба сынады, былай тартса өгіз өледі». Қатты ойланып тұрды да: «Расында, оны алып кетсеңдер, мен қатты уайымдаймын. Әрі сендер оған жақсы қарай алмай, қасқыр жеп кете ме деп қорқамын»[7], дейді. Сол кезде он баласы да: «Әкетай! Бір інімізге қарай алмайтындай бізге сонша не күн туыпты? Онымыз он жерде қаққан қазықтай тікемізден тік тұрып қорғасақ, ардақты інімізді қасқыр қалай тартып әкетсін? Бізді осыншама жігерсіз, деп ойлайсыз ба? Бір інімізге ие бола алмасақ, онда, өз обалымыз өзімізге»[8] дейді.

Он баласының мынадай сөздерінен кейін Жүсіп пайғамбар тіс жарып ештеңе айта алмай, оларға рұқсат береді[9].

Көп ұзамай Жүсіп пайғамбардың балалары тауға қарай бет алды. Олар Жүсіпті торға түскен торғай ғұрлы көрмей жол бойындағы бір құдықтың басына дедектетіп ертіп келді. Іле ай-шайға қаратпай Жүсіптің көйлегін сыпырып, өзін жіпке байлап құдыққа түсіреді де, тереңге жетті-ау дегенде, жіптің ұшын қоя береді. Сол кезде Жүсіп бір тастан ұстап суға түспей қалды. Осы сәтте хазірет Жәбірейіл Хақтан уахи әкеліп: «Уайымдама! Әлбетте, сен азаттыққа жетіп олардың осы істеген жөнсіздіктерін беттеріне басып, оларды жерге қарататын боласың. Алайда олар мұның бәрінен бейхабар»[10], – дейді.

Бала Жүсіпті ағалары құдыққа тастаған соң, бір қозыны сойып, көйлегін оның қанына малып, үйге жақындай бере өкіріп жылайды. Олардың былайша жылап келе жатқанын көрген Жақып пайғамбар (а.с.) бір жамандықтың болғанын сезеді. Оның үстіне араларынан Жүсіпті көре алмай, түрлі ойға кеткен еді. Сосын: «Мұнша жылайтындай бастарыңа не күн туды? Жүсіп қайда?» – деп сұрайды. Олар: «Әкешім-ау! Тіпті не дерімізді де білмей тұрмыз. Сіз «қасқыр» деген сөзді тегін айтпаған екенсіз. Шамасы, бір жаман нәрсенің боларын алдын-ала сезгенсіз ғой. Алайда біз соны түсіне алмап едік. Біз тауға барып сейіл құрдық, соңында, «кім жақсы жүгіреді?» деп бір-бірімізбен жарыса жөнелдік. Жүсіпті «сен әлі баласың ғой» деп, керек -жарағымыздың қасына қалдырып кеткенбіз. Жарысамыз деп жүріп, ойынның қызығына батып, ұзап кетіппіз. Кейіннен ес жиып орнымызға келсек Жүсіпті қасқыр жеп қойыпты. Оның көйлегі ғана қалған екен. Міне, мынау соның қанға боялған көйлегі»[11], – деп көйлекті беріп жатып, әкелерін кезек-кезек құшақтап жас балаша еңкілдеп жылайды[12].

Жақып пайғамбар (а.с.) көйлекті қолына алып қарап, ондағы қанның адам қаны еместігін анық сезді. Содан соң балаларына қарап: «Жо-жоқ. Бұған кім сенсін?! Сірә, шайтан түрткен екен. Амал нешік! Бұл да болса Аллаһ тағаланың сынағы шығар. Сірә, ендігі жерде Хақ тағалаға тәуекел еткеннен басқа жол жоқ», – дейді. Жақып пайғамбар балаларын қанша қыстаса да, шындықты айтпайтынын біліп, оларды одан ары ұрысып, қинап сұраққа алып, өз жанын жаралағысы келмеді. Хақ тағалаға тәуекел етіп, әліптің артын бақты. Мұнда Жаратқаның бір хикметі барын сезді.

Ал опасыз он ұлы әкесінің тергемегеніне риза болып, мақсатымызға жеттік деп, бөріктерін аспанға атып қуанды.

Хазірет Жүсіп құдықтың ішінде үш күн, үш түн жатты. Осы уақыт ішінде тек қара сумен ғана қоректенді. Жүсіп бұл кезде әлі бала болса да сабырлықпен төзе білді. Өмірден үмітін үзбеді. Үш күннен соң Мәдяннан Мысыр еліне қарай бет алған керуен осы құдықтың қасына келіп тоқтайды. Керуенбасы бір адамын дереу суға жұмсайды. Әлгі адам құдыққа келіп шелегін тастап жіберіп қайта тартқанда, салмағы едәуір ауыр сезіледі. Әлгі адам шелек суға толды екен деп ойлап, бар күшін жинап тартқанда, шелекпен бірге жас баланың шыға келгенін көріп бір жағынан қатты таңырқап, бір жағынан қуанып кетіп: «Сүйінші! Бұл бала ғой!» – деп айқайлап жібереді[13]. Ол баланы алып керуенбасына тапсырады, керуенбасы баланы өздерімен бірге алып, Мысыр еліне қарай сапарын жалғастырды.

Мысырды ол кезде перғауындар емес, Йемен жақтан келген «амалиқалықтар» басқаратын. Олар перғауынды жеңіп, сол жерде төрт жүз жыл патшалық құрған. Хазірет Жүсіп заманында кейбір деректерде Рәйяан ибн Уәлид атты бір патша елге өз әмірін жүргізгені айтылады.

Керуен көп ұзамай Мысырға келді. Қалада арнайы құл базары бар болатын. Керуен иелері осы құл базарының қайнаған ортасына бала Жүсіпті сатуға қойды. Сол кезде Мысыр еліндегі жоғары лауазымды ақсүйек, Китфир деген кісі бала сатып алмақшы боп, сол базарға барған болатын. Ол үйленгелі көп жыл өтсе де, әйелі Зылиха әлі бала көтермеген еді. Олар базардан өздеріне әрі бала, әрі қызметші ретінде Жүсіпті лайық деп табады. Керуен иелері бала Жүсіпті оған болмашы ақшаға сатып жіберді. Ол баланы үйіне алып келіп, Зылихадан сүйінші сұрап жатып: «Бұған жақсылап қара! Кім біледі, күндердің күнінде бізге қатты бауыр басып баламыз болып кетуі де мүмкін», – дейді.

Хазірет Жүсіп балиғатқа толған шағында, Хақ тағала оған ілім мен хикметті, түс жору ілімін үйретті. Ол адамдар арасында төреші болып, елге қол ұшын беріп, халықтың қалаулысына айналды. Өзінің мінезі қандай көркем болса, өскенде сондай сымбатты сұлу жігіт болды. Оның сымбаты мен сұлулығын көрген жұрт есінен тана таңырқайтын. Зылихаға күйеуі «өз балаңдай қара» деп тапсырса да, күн өткен сайын сол сөзді ұмытып, сұлу Жүсіпке көңілі ауып, ессіз ғашық болды. Ақыры, Зылиха сарайында ешкім жоқ орайды пайдаланып, есік біткеннің бәрін ішінен бекітіп тастады. Сосын Жүсіптің бөлмесіне барып оны өзіне шақырды[14]. Алайда бозбала Жүсіп өзіне қамқор болған қожайынының әйелінен мұндай арсыздықты күтпеген еді. Ол қас-қағым сәтте не істерін білмей сасып қалды. Осы кезде оның көз алдына әкесі Жақып пайғамбардың бейнесі келді. Әкесінің бейнесін көре сала, дереу есін жиып, қарсылық білдірді. Зылиханың арам пиғылын сезе қойды. Амалсыз есікке қарай қашуына тура келді. Ол қашып бара жатқанда, Зылиха «тоқта» деп айқайлап қуа жөнелді. Есікке жете бергені сол еді, Зылиха оның көйлегінің артқы етегінен шап беріп ұстап, күштеп тартып қалғанда, көйлек дар етіп жыртылады. Ол бұған да қарамай, есіктің ілгегін ағытып сыртқа шыға бергенде, алдынан Зылиха өзінің немере ағасы мен күйеуін көріп қалды. Жүсіп ұялғанынан кірерге тесік таппады.

Артынан қуа шыққан Зылиха да оларды көрген кезде дереу сайқалсып, жәбір көрген адамдай кемсеңдеп күйеуіне: «Сенің әйеліңе жамандық ойлаған біреудің жазасы сөзсіз зындан немесе жан түршігерлік азап!» деп ашулы жүзін Жүсіпке бұрды. Сонда Жүсіп Китфирдің жүзіне қарай алмай төмен қарап: «Жоқ, қайта ол көңілімді өзіне тартпақшы болды. Ал мен көнбей қарсылық танытып қаша жөнелдім. Ол мені ұстамақ болып көйлегімнің етегінен шап берген еді, көйлегім жыртылып қалды», – дейді.

Осы кезде Зылиханың немере ағасы: «Ендеше кімнің ақ, кімнің қара екенін анықтап көрелік. Егер Жүсіптің көйлегі алдынан жыртылса, Зылиханың айтқаны жөн деген сөз. Ал егер көйлек артынан жыртылған болса, онда Зылиха өтірік айтып, бұл жігітке жала жауып тұрғаны», – дейді. Одан кейін көйлектің артынан жыртылғаны айқындалғанда Жүсіптікі дұрыс, Зылиханың сөзі жалған екендігі анықталды. Зылиханың немере ағасы оған қарап: «Ниетің неткен жаман еді сенің! Онымен қоймай кінәсіз біреуді жазаламақ болдың[15]. «Әйелдің қулығы қырық есекке жүк» деген осы екен ғой деп кінәсін бетіне басты. Сосын Жүсіпке қарап: «Жүсіп! Сен бұл оқиғаны елге айтпай-ақ қой. Онсыз да сенің кінәсіз екендігің анықталды. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деген. Әңгіме өз арамызда қалсын», – деді. Аздан соң арам ниетінің іске аспағанына әрі күйеуі мен ағасына ұсталып масқара болғанына іштей ызаланып күйіп тұрған қарындасына қарап: «Сен де тәубе етіп, жарылқау тіле! Сен нәпсіңе беріліп жан түршігерлік қателік жасадың» дейді.

Әйтсе де олар осы оқиғаны қанша жасырғанмен, бұл қауесет ел ішіне түгел тарап кетті. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайдының» кері келді. Ақсүйек әйелдер өз араларында «Ұят-ай! Пәленшенің әйелі үйіндегі құлымен көңіл жарастырмақ болып, күйеуіне ұсталып қалыпты. Соры қайнаған деген осы», – деп өсектеді. Осыны естіген Зылиха бір күні сол әйелдерді үйіне қонаққа шақырды. Оларға мол дастарқан жайды. Астан соң арнайы жеміс-жидек толтырылған ыдыстарды алдарына қойып, қолдарына бір-бір алмастай өткір пышақ ұстатты. Олар пышақпен жемісті кесіп жатқанда, Зылиха Жүсіпке дауыстап: «Бері кел!» – деді. Алдын-ала оны әсем киім кидіріп қойған болатын. Ол залға шығып әйелдердің қастарына өтіп, төрдегі Зылихаға жақындай бере, оны көрген ақсүйек әйелдер естерінен танды. Жемістің қабығын кесудің орнына қолдарын кесе бастады. Тіпті қолдарынан қан аққанын да сезбеді. Ауыздарын ашып, Жүсіпке қарап сілейіп отырды да қалды. «Ой, Алла! Мынау адам емес, нағыз періштенің өзі ғой!» десті». Сол кезде Зылиха «Мен туралы өсек айтуларыңа себеп болған жігіт – осы. Сендер бір көргеннен-ақ естеріңнен танып, қолдарыңды кескендеріңді сезбей қалдыңдар. Ал мен болсам, онымен бір шаңырақ астында тұрып жатырмын. Бір-бірімізді күнде көреміз. Сол себепті онымен бірге болуды қаладым. Алайда ол менен қашып, ар-ұятын қорғады. Бірақ мен мұнымен ғана шектелмеймін. Өз дегеніме жетпей тынбаймын. Ал осыған көнбесе, зынданға тастатып, сол жерде сүйегін шірітемін»[16], – деп өз арам ойын ашық айтты. Осыдан соң Зылиха сол ақсүйек әйелдерді де араға салып, Жүсіпті көндірмек болды. Ақыр соңында Жүсіп (а.с.) Зылихадан құтылудың бір-ақ жолы бар екендігін білді. Ол Хақ тағалаға қол жайып: «Раббым! Бұлардың мені істеуге мәжбүрлеген әрекетінен маған зындан әлдеқайда артық. Егер мені бұл әйелдердің сұрқия қылықтарынан құтқарып, басқа жаққа алып кетпесең, надандардың бірі боламын»[17],деп дұға тіледі.

Зылиха бұл кезде оны өзіне баурау үшін сан-қилы айла-тәсілдерін аямай жұмсап жүрген еді. Бірақ ешбір нәтиже шықпады. Бір күні оның көнбейтініне көзі жеткен соң, зынданға тастатып қорқытпақшы болды. Күйеуіне тағы бір рет шағымданып: «Бұл жігіт мені ел-жұртқа әбден масқара етті. Бұрқыраған өсекке қалдым. Бұған қалай төзуге болады? Одан да сен осы баланы зынданға дереу тастап, барлық пәледен құтылайық. Осы айтқанымды істе», – дейді. Китфир дереу жендеттерін шақырып, оны зынданға тастатты.

Жүсіп (а.с.) қараңғы қапасқа қамалысымен, көңілі жай тауып жадырап сала берді. Жүсіп үшін сайқал Зылиханың қасында жүргеннен гөрі қараңғы зынданда жату әлдеқайда жеңіл еді. Сол күні зынданға онымен бірге екі жас жігіт қамалды. Олардың бірі патшаның наубайшысы да, ал енді бірі шарапшысы болатын. Патшаға қас адамдар оларды патшаға у беруге мәжбүрлеген еді. Нан жабушы олардың айтқанына амалсыз көнді, ал шарап құюшы келіспеді. Бірақ патша ниеттерін біліп қойып, екеуін де зынданға тастатты.

Олар бір күні зынданда жатып түс көріп, көрген түстерін Жүсіпке (а.с.) айтып, жорып беруін өтінді. Біреуі: «Мен түсімде шарап құйып жүргенімді көрдім», – десе, екіншісі «Мен түсімде төбеме нан көтеріп жүр екенмін. Оны құстар шоқып жеп жүр екен» дейді.

Жүсіп (а.с.) олардың түсін жорудан бұрын оларды иманға шақырып, ақиқат дінді насихаттады. «Мен Хақ тағаладан жіберілген пайғамбармын. Менің міндетім – адамдарды тура жолға салу. Сендердің менің бойымнан көрген түс жору және жақсылық жасау сипаты – пайғамбарлық сипат. Сондай-ақ бұлардан басқа отбасыларың жіберген тамақтарды сендерге келмей жатып, қандай тамақ екенін, тіпті дәмін, мөлшерін де айтып бере аламын. Осының бәрі – Раббымның маған берген ілімдердің бір бөлігі. Мен осылар арқылы адамдарды тура жолға шақырамын», – дейді.

Одан соң Хақ пайғамбар оларға өзінің зынданға түсуінің себебін ұзын сонар түсіндіре келе: «Мен имансыз елден жырақ кеткім келді. Егер айтқандарын істегенімде, мен де солар сияқты иманнан жұрдай болар едім. Мен олардан бет бұрып, аталарым Жақып, Ысқақ, Ибраһимнің дініне мойынсұндым. Осының бәрі – маған берілген Хақ тағаланың шарапаты», – дейді.

Хазірет Жүсіп екі жігітке осылайша дінді түсіндіре бастағанда, сол зынданда жатқандар оған жақындап келіп сөздеріне құлақ түре бастады. Тіпті кейбірі жылы шыраймен дінге қатысты сауал тастап үлгерді. Ақырында хазірет Жүсіп оларға: «Уа, менімен бір қапастағы жолдастарым! Бөлек-бөлек тәңір жақсы ма? Әлде әр нәрсеге өктем жалғыз Аллаһ жақсы ма? Сендердің де, аталарыңның да табынып келгені ойдан шығарылған негізсіз сенімдер. Аллаһ оларға табынуға қатысты ешбір дәлел түсірмеген. Үкім Аллаһ тағалаға тән. Ол өзіне ғана құлшылық жасауды бұйырған. Міне, тура дін – осы. Бірақ адамдардың көбі білмейді» [18], – деп көп ақиқаттың бетін ашады.

Аздан соң Хақ пайғамбар екі жас жігіттің көрген түсін жорып: «Уа, менің зындандас жолдастарым! Араларыңдағы патшаның шарапшысы болған жігіт әрі қарай қызметін жалғастырады. Екінші жігіт болса, дарға асылып, басына құстар үймелейді. Екі түстің мәні осылай» деп сөзін аяқтайды.

Күндер зулап өтіп жатты. Бір күні екі жігіт зынданнан шығарылады. Сонда хазірет Жүсіп өзі «аман қалады» деген жігітке қарап: «Сенімен бірге біраз жолдас болдық. Жағдайымның қандай екенін жақсы білесің. Реті келгенде, мен туралы патшаға айтып түсіндір. Кінәсіз болсам да, зынданға тасталдым. Әрі жазықсыз жапа шегіп жатқаныма көп болды», – дейді.

Екі жігіт зынданнан шыққан соң, Жүсіптің айтқаны айдай келіп, шарапшы ақталып, наубайшы дарға асылып, басына құстар үймеледі. Ал ақталған жігіт өзінің бұрынғы жұмысына қайта оралды. Бірақ ол патшаға Жүсіп пайғамбар туралы айтпады. Өйткені шайтан оны ұмыттырып жіберген болатын. Кейбір деректе сол жас жігітпен бірге зынданда бес жыл жатқаны айтылса, тағы бір деректе одан кейін жеті жыл жатқаны жазылған.

Жүйріктей жүйіткіп жеті жыл да өтті. Күндердің бір күнінде патша түс көреді. Ол түсін уәзірлеріне айтып: «Түсімде жеті семіз сиырды жеті арық сиыр жеп жатқанын және жеті жасыл сабақ пен жеті қураған сабақ көрдім. Қане, осы түсімді жорып беріңдер», – дейді. Уәзірлері оның түсін жори алмай: «Патшам! «Түс – түлкінің боғы» деген. Бұл көрген түсіңіз шым-шытырық мәнсіз түс екен», – деп жалтарады.

Дегенмен бұлардың сөзіне патша сенбейді. Күн өткен сайын «Бұл түстің астары не екен?» деп терең ойға бататын. Патшаның осы түсі туралы сарайдағылардың бәрі де естіген еді. Солардың арасында баяғы шарапшы жігіт те бар болатын. Сол түсті естіген заман оның есіне зынданда жатқан баяғы жолдасы сап етіп түсе кетті. Ол қуанғаннан патшаға жүгіріп барып: «Патшам! Сізге түсіңізді қалай жоруды айтып берейін бе?» – деп сұрайды. Патша: «Айта ғой», – дейді. Шарапшы: «Мені дереу зынданға жіберіңіз. Сол жерде бірге жатқан Жүсіп деген серігім бар. Сол түсті жақсы жориды», – дейді. Патша оны зынданға жібереді. Ол зынданға барып: «Әй, шыншыл әрі ардақты досым Жүсіп! Бізге мына күрделі түсті жорып берші: Жеті семіз сиырды жеті арық сиыр жеп жатыр. Сондай-ақ жеті жасыл сабақ пен жеті қураған сабақ». Жақсы жорысаң, керекті адамдарға барып білдірем, олар естіп, шындықты әрі сенің қадіріңді білсін» дейді. (Жүсіп): «Жеті жыл әдеттегіше егін егесіңдер. Бірақ аздап жейтіндеріңді ғана алып, қалғанын сабағымен сақтап қоярсыңдар. Тағы бұдан кейін жеті жыл қуаңшылық болады. Сол кезде тұқымға ғана аздап алып сақтап, бұрынғы жинағандарыңды түгелімен жерсіңдер. Ал бұдан кейін молшылық бір жыл келеді: ол кезде халық жауынға қарық болады, жемістердің суын сығып, малдарды сауады»[19], – дейді.

Оның сөздерін тасқа жазғандай жаттаған шарапшы шауып отырып тікелей патшаның өзіне барып мән-жайды баян етеді. Патша да осындай бір нәрсені іштей сезген болатын. Хазірет Жүсіптің түсті бұлай жорығанына қарап қатты таңырқады. Ол дереу сол адамды құзырына алып келуге шабарманын жұмсады. Хазірет Жүсіп әлгі шабарманға: «Мен жазықсыз екенім тайға таңба басқандай анықталып, ақталмай бұл жерден шықпаймын. Қолдарын пышақ кескен әйелдердің мақсаттары не еді? Патша солардан сұрап мән-жайды анықтасын. Менің Раббым сол әйелдердің халдерін және менің кінәсіздігімді біледі. Бірақ мен патша мен елдің тегін осы ақиқатты білуін қалаймын», – деп жауап береді.

Хабарды естіген патша қолын кескен ақсүйек әйелдер мен Зылиханы шұғыл алдыртып мән-жайды анықтай бастайды. Әйелдер: «Құдай сақтасын! Біз Жүсіпке ешбір жамандық жасамадық. Оның да бізге зәредей жамандық жасағанын көрмедік», – дейді. Тығырыққа тірелген Зылиха көзіне жас алып: «Сірә, ақиқат істі жасырып болмас. Мен көңілім қатты ауып, Жүсіпті өзіме баурамақ болдым. Алайда ол маған жақындаудың орнына, менен ат басын ала қашты. Жүсіп – күмәнсіз шыншыл адам»[20], – деп кінәсін мойындайды.

Патша сол жерде Жүсіп пайғамбардың кінәсіз екендігін жариялап, оны сарайға шақыртты. Сонда ғана хазірет Жүсіп зынданнан шығып сарайға келді. Патша парасатты адам болатын. Ол хазірет Жүсіптің түс жоруына қарап ілімі терең адам екендігін біліп, түсті тағы бір мәрте өз көзімен жорытып көрген соң: «Айтқаның жөн екен. Бірақ осы істерді кім атқарады?» – дейді. Хазірет Жүсіп: «Мені мемлекеттің қазына бастығы қыл. Өйткені мен оны басқаруды жақсы білемін», – дейді. Патша оның сөзіне ризалық білдіріп, қазынаның мемлекеттік мөрін табыс етті.

Жүсіп (а.с.) мойнына алған іске дереу кірісіп кетті. Әр жылғы бастамашыл ісіне халық дән риза болды. Хақ пайғамбар көп жерлерге егін ектіріп, алынған өнімді арнайы қаздырған жертөлелерге көмдірді. Сегізінші жылы сол аймақта жаппай қуаңшылық басталды. Өзге елдер қуаңшылықтың зардабын тартып жатқанда, Мысыр елі молшылықта ғұмыр кешті. Халық арасында бидай түгесілген кезде хазірет Жүсіп қамбадағы бидайды соларға таратып аштан қырылудың алдын алды.

Бұл кезде Шам мен Кәнған жерінде де қуаңшылық белең алған болатын. Сол елдің халқы Мысыр елінің аш халыққа бидай таратып жатқанын есітіп, осылай қарай алақан жайып ағылды. Жақып (а.с.) та ұлдарын астық сұрауға Мысырға жіберді.

Он ағасы астық сұрап алдына келгенде, хазірет Жүсіп оларды бір көргеннен-ақ жазбай таныды. Әйтсе де олар інілерін танымаған еді. Бір кездері құдыққа тастап, құлдыққа сатылған жас баланың бүгін Мысыр елінің уәзірі болады деген ой олардың үш ұйықтаса түсіне де кірмеген еді. Хазірет Жүсіп оларды көрген кезде баяғы балалық шағы, олардан көрген қорлығы есіне түсті. Жүрегінде әкесіне, жалғыз інісі Бунияминге деген сағыныш қасіреті асқынып терең ойға батты. Оларға қарап: «Басқа бауырларың, әке-шешелелерің де бар шығар?» – деп сұрап еді олар: «Иә, екі ініміз бар. Бірақ үлкені балалық шағында дүниеден озды. Кіші ініміз болса, қазір әкеміздің жанында. Сол кісіге бас-көз болып қалып қойды», – деп жауап береді. Хазірет Жүсіптің жүрегі елжіреп, сонау жылдары ағаларының көйлегін зорлықпен шешкізіп құдыққа тастап жатқан сәттері көз алдына көлбеңдеп келе қалды. Иә, бәрі де күні кеше ғана болған тәрізді. Бала күнінде осы ағалары мұны бауырына қатты басатын. Әкесі өзгелерге қарағанда тіпті жақсы көретін. Сондықтан ағаларының қызғанышы қозып, сол қызғаныш өшпенділікке ұласты. Мұны жақсы көріп еркелетудің орнына шеттетуді шығарды. Інісі Бунияминге де солай қарай бастады. Әкесінің көзінше болмаса, бұл екеуіне ойыншықтарын да бермейтін. Әкесі жоқта еліктің лағындай ерке інісін өзі ойнатып, тамағын беріп, киімін кигізетін. Ол інісіне бар мейірімін көрсеткенмен, ағаларының жылы алақанын көре алмады. Иә, сөйтіп жүргенде бір күні аяқ астынан: «Сен біздің ең сүйкімді інімізсің. Бүгін біз тау жаққа сен үшін әдейілеп сейіл құрып, ойнауға бара жатырмыз. Ал, қанеки, жолға әзірлігіңді жаса!» деп қу түлкідей жымыңдап жетіп келгені. Бұрын-соңды бұлай іш тартқанын көрмеген бала Жүсіп қатты таңырқаса да, дереу інісін ойлап: «Буниямин ше, ол да бізбен барады ғой. Солай ма?» – деген еді. Ағалары «Жоқ, ол әлі жас бала ғой. Күн өтіп, науқастанып қалса, әкемізге не дейміз? Әлі-ақ күн ертең өсіп сендей үлкен болғанда барады», – деп жұбату айтты. Алайда бала Жүсіптің қуанышы ұзаққа созылмады. Елсіз жатқан меңіреу далаға барғанда, бір құдықтың ішіне әй-шайға қарамай көйлегін сыпырып алып жалаңаш тастап жібереді. Құдыққа түсіп бара жатқанда, соңғы рет ағаларының көздеріне қараған болатын. Бәрінің де жандары жадырап, көз алдында құбыжыққа айналып бара жатқандай еді. Тек өзгелерден оқшау тұрған үлкен ағасы Яһуда ғана ұзақтан бұған қимастық танытып: «Амалым не, қолдан келер қайран жоқ. Қолымнан бар келгені сені өлімнен аман алып қалу ғана», – дегендей ойлы көзін бұған қадап тұрып қалған болатын. Міне, сол ағалары енді алдына келіп құрақ ұшып көмек сұрап тұр. Дегенмен ағаның аты қашанда аға ғой. Сүрінбейтін тұяқ, қателеспейтін жақ жоқ. Бұлар көйлегін шешіп алса, Зылиха да кезінде көйлегін жыртқан болатын. Сол Зылиха қазір мүлдем басқаша жаны таза әйел болды. Хақ тағала сабырлық нәсіп етсе, күндердің күнінде кінәларын мойындайтын күн келеді.

Хазірет Жүсіп оларға мол дастарқан жайып күтті. Қайтарда өзі шығарып салып: «Қайта келер кездеріңде әлгі інілеріңді де ала келіңдер. Оған да жеке бір үлес берейін. Егер алып келмейтін болсаңдар, онда сендерге көмектесе алмаймын. Айшылық жерден ат терлетіп текке әуре болмаңдар», – деп сөзін қадап айтты. Олар бірден жауап бере алмай күмілжіп: «Біз оны әкесінен сұрап көрейік. Сізге оны қалай да алып келудің жолдарын қарастырамыз»[21], – деп жүріп кетеді. Жүсіп олар Бунияминді ертіп келуге әкемізді көндіре алмай жүрер деп ойлап, білдіртпей астық үшін берген ақшаларын қоржындарына қайта салып жіберді.

Он ағасы әкелеріне үлкен қуанышпен оралды. Олар Мысырдағы көргендерін әкелеріне түгелдей жыр ғып айтты. Қазына бастығының мейірімді жан екенін, өздерін қадірлі қонақ етіп аттанарда өзі шығарып салғанын, тіпті Бунияминді де көргісі келіп, оны келесі жолы міндетті түрде алып келулерін сұрағандарын айтты. Хазірет Жақып: «Бұрын сендерге Жүсіпті қалай аманат етіп бергенімді жақсы білесіңдер. Сендер сол кезде ант-су ішіп едіңдер. Бірақ соның ақыры не болды? Алда-жалда Бунияминді жіберген күнде де оны сендерге емес, бір Аллаһ тағалаға ғана аманат етемін», – дейді. Олар жамырап: «Уайымдайтын түк те жоқ. Ол өзі бір өте сенімді адам. Қарасаңызшы, астықтың ақысын да қайтарып жіберіпті. Осындай ізгі жанның інімізге залалын тигізуі әсте мүмкін емес. Әрі оны алып баратын болсақ, бір түйе астықты артығымен беремін деп отыр. Егер ол көмектеспесе, мына жұттан құтылуымыз екіталай», – дейді. Ақырында әкелері амалсыз келісімін береді. Он ағасы бұл жолы жүрек жарды сөздерін айтып, шамалары келгенінше бауырлары Бунияминді қорғауға уағда етеді. Оларды шығарып салып тұрған хазірет Жақып: «Балаларым! Мысыр еліне барғанда бәрің бір бір қақпадан кіруші болмаңдар. Әр түрлі қақпалардан бөлініп-бөлініп кіріңдер. Әйтсе де жазмыштан озмыш жоқ. Хақ тағаланың пешенелеріңе жазғанын көрерсіңдер. Мен Аллаһқа ғана тәуекел етіп, арқа сүйедім»[22], – деп өсиетін айтады.

Олар әкелерінің айтқанын екі етпей Мысырдың әр түрлі қақпаларынан кіріп, Жүсіпке (а.с.) барады. Аман-саулықтан соң олар кіші інісі Бунияминді көрсетіп «Міне, біздің ең кішкене ініміз. Өзіңіз қыстап қолқа салған соң, әкемізді көндіріп алып келдік», – дейді. Хазірет Жүсіп өз інісін көріп іштей қатты қуанады. Алайда ол осы қуанышын ағаларына сездірмейді.

Хазірет Жүсіп оларды естерінен кетпестей қонақ қылып, астан соң бір бөлмеге екі кісіден орналастырды. Осы кезде Буниямин жалғыз қалды. Жүсіп пайғамбар оларға: «Бұл жалғыз қалды. Ендеше менімен бірге тұрсын», – деп өзімен бірге ертіп кетеді. Ол кіші інісімен жеке қалған соң, оған: «Қайтыс болған ағаңның орнына мен саған аға болғым келеді? Осыған қалай қарайсың?», – дейді. Буниямин: «Өмірде сендей адамға іні болудан асқан бақыт бар ма? Бірақ сен әкем мен шешемнен туған бауырым емессің ғой», – деп жауап береді. Осы кезде төзімі таусылған хазірет Жүсіп оны бауырына басып: «Сол бір туған ағаң, міне, қарсы алдыңда тұрған жоқ па? Сендерден қол үзгелі, міне, бірталай жыл өтті. Өздеріңді бір көруді зарыға аңсап келген Жүсіп деген ағаң мен боламын. Өткен өтті. Жүрегімде ағаларыма деген титтей де кек жоқ. Бірақ сен мен туралы ешкімге тіс жарып ештеңе айтушы болма», – дейді. Буниямин сонда ғана оның өз ағасы екенін көзінен танып, қуанғаннан балаша секіреді. Жүсіп пайғамбар оған өзінің құдыққа тасталғанынан бастап осы күнге дейінгі бастан кешкен оқиғаларын түгел әңгімелейді. Аздан соң хазірет Жүсіп: «Мен сені әйтеуір бірдеңені сылтау етіп өзіммен бірге алып қаламын. Саспа! Иншаллаһ, бәрі де жақсы болады», – деп ішкі жоспарын оған жайып салды.

Күндер зулап өтіп, ағаларының қайтатын мезгілі жетті. Сол кезде Жүсіп Бунияминнің қоржынына өзінің тиесілі күміс кесесін салып қояды. Он бір кісілік керуен жаймен жылжып жолға шығады. Қаладан шығып бара жатқанда, арттарынан хазірет Жүсіптің шабармандары қуып жетіп: «Уа, керуен! Тоқтаңдар. Қазына бастығының ғажайып күміс кесесі бар еді. Сол жоғалды. Сендер алған болуларың мүмкін. Қане, жүктеріңді тексеріп көрелік», – дейді. Олар шын пейілдерімен: «Жо-жоқ, біз алған жоқпыз. Бізге сонша құрмет көрсетіп, жылы пейіл танытқан мырзаға қалай опасыздық жасамақпыз? Оның үстіне біз пайғамбардың баласымыз», – деп ағынан жарылады. Шабарман: «Егер күміс кесе біреуіңнен табылса, шариғаттарың бойынша қандай жаза беріледі?» деп сұрайды. Олар: «Қай жүктен кесе табылса ұры сол болғаны. Сондықтан оның жазасы ұрланған кесенің иесіне бір жыл қол қусырып қызмет етеді», – деп жауап береді. Шабарман жүктерді тексеріп жүріп, Бунияминнің қоржынынан күміс кесені тауып алады. Осыған куә болған он ағасы не істерін білмей сасады. Осы кезде хабар жіберіліп хазірет Жүсіп те келеді. Олар Жүсіп пайғамбарға ақталып: «Егер Буниямин ұрлаған болса, таңданатын түгі жоқ. Өйткені бір кездері оның ағасы Жүсіп те осылай ұрлық жасаған болатын», – деп жан-жақтан даурыға кетеді. Хазірет Жүсіп олардың бұлай кінә таққандарына іштей наразы болса да, ішінен: «Пейілдерің неткен жаман еді! Өздерің бір кездері мені әкемнен ұрлап әкеткен жоқ па едіңдер? Аллаһ не айтқандарыңды жақсы біледі», – деп күбірлейді. Хазірет Жүсіп Бунияминді алып қалмақ болғанда, он ағасы жалынып: «Бунияминнің кәрі әкесі бар еді. Бір баласын жоғалтқалы, қатты қайғырып тек осыны өзіне медет етіп келе жатыр. Сізге біздің өтінішіміз, осының орнына кез-келгенімізді алып қалыңыз. Бұл бала қалса, әкесінің бетіне қалай қараймыз? Сіз өзіңіз де жүзіңіз жылы өзгеге игілік жасаушы адамсыз ғой»[23], – дейді. Хазірет Жүсіп: «Жо-жоқ, о не дегендерің? Ұрлықты кім жасаса соны ғана алып қаламыз. Жазықсыз жанды кінәлап жазаға тартсақ, нағыз әділетсіздік сонда болмай ма?» – деп, Бунияминді өзімен бірге алып кетеді.

Олар кеткен соң он ағасы сол жерде бір-бірлеріне қарап жүрер-жүрмесін білмей дағдарып тұрып қалады. Аздан соң өзара ақылдаса бастайды. Үлкен ағалары Яһуда осы кезде: «Мен әсте елге қайтпаймын. Бұдан былай әкеміздің жүзіне қарайтын менде бет қалған жоқ. Әуелде Жүсіпті қорғаймыз деп уағда етіп едік. Оны әдейілеп көзін жойдық. Енді Бунияминды аман ертіп баруға серт берген едік. Оның жағдайы мынадай болды. Енді елге не деп барам? Әкеме осы жайды не деп түсіндіремін? Сондықтан әкем рұқсат бергенге яки мен үшін Аллаһ бір үкім еткенге дейін, осы жерден әсте айырылмаймын. Аллаһ үкім берушілердің ең жақсысы. Бірақ сендер елге барып болған жайды әкемізге қаз-қалпында баян етіңдер. «Қалай болғанын білмейміз. Әйтеуір сол күміс кесе балаңыздың қоржынынан шықты. Сенбесеңіз, қала халқынан яки керуендегі кісілерден сұраңыз», – деп айтыңдар», – деді де, оларды шығарып салып, өзі сол жерде қалып қояды.

Яһуданың шыдамы осы жерге дейін жеткен еді. Оның ар-ожданы һәм ішкі иманы оның жанын қанша жылдан бері тергеп, қажап мазалап келеді. Ол інісі Жүсіпке әсте жамандық ойлағысы келмеген болатын. Бірақ осы тоғыз інісінен аса алмаған еді. Ол сол кездері інісі Жүсіпті өлтірмейік деп қарсы шыққанда, бәрібір тоғызы бұған көрсетпей, оны өлтіріп тынатын еді. Сондықтан амалсыз солардың бірі болып көрініп, Жүсіпті аман алып қалудың жолын күні бойы ойлап, ақырында, оларға «өлтірмей құдыққа тастайық» деп ебін тауып сөзін өткізген болатын. Кейіннен сол құдықтан өтіп бара жатқан керуеннің інісін тауып алып, құлдыққа сату үшін алып кеткенінен де хабардар болған. Бірақ одан арғы тағдыры қалай болғанын білмейтін. Ақымақ інілерінің айтқанынан шыға алмай, солардың жоспары бойынша әкелерінің көңілін өздеріне бұрмақ болып еді. Қайта бұрынғы сүйіспеншілігіне зар болды. Әкесі сол інісі жоғалғалы, көз жасын төгіп қайғырумен келеді. Інілерінің сонша санасыздығын қара! Олар ағасына «әкемізге қасқыр жеді» деп айтамыз деп көндірді. Ақырында, сол айтқанын істеп көйлегіне малдың қанын жағып ұялмай әкелеріне «балаңызды қасқыр жеп кетіпті» деп айтты. Бір адамды қасқыр таласа, одан тым құрыса бір сүйегі қалмай ма? Қанға боялған көйлектің жырым-жырымы шықпай ма? Көйлегін жыртпай жейтін ол қандай қасқыр сонда? Қарапайым адам да аңғара алатын нәрсеге бір пайғамбар сене салады деп ойлағаны ма? Енді, міне, Бунияминді де ант-су ішіп алып шығып едік, одан да айырылдық. Бүйтіп пайғамбар әкемізді алдап күн кешкенше қара жерді құшқан әлдеқайда артық. Жылдар бойы өзегіме түскен осы бір жегі құрт енді бүгін өңешімді тесіп шықты-ау. Бұдан былай жаратушы Жаппар Иенің жарлығын күтуден басқа шара қалмады. Тәубе етіп адам боламын ба, әлде жер құшып қор боламын ба, ендігісін бір Аллаһ қана біледі.

Ол осылайша терең ойға батып, еліне қарай жылжып бара жатқан керуенге бір, Мысыр қақпасына бір қарап сілейіп ұзақ тұрды.

Суыт хабарды естіген хазірет Жақып қайғы үстіне қайғы жамады. Олардың сөздеріне де сене қоймады. Оның үстіне мысырлықтар өзінің әкелген шариғаты бойынша амал еткендеріне де көзі жетпеді. «Олай емес. Сендерді нәпсілерің бір іске қызықтырған екен. Енді маған сабыр сақтау керек. Бәлкім Аллаһ олардың бәрін келтірер. Өйткені Ол – толық білуші, хикмет иесі»[24], дейді. Әйтсе де ол баласы Жүсіптен кейін Бунияминді де жоғалтып алғанына қайғырып «Қайран Жүсібім, оның ізінен кеткен кенже балам Буниямин!» деп көз жасын көлдетті. Жылай-жылай көздеріне ақ түсіп, жанары су қараңғы болды. Тоғыз ұлы әкесінің көз жасын көруге дәті шыдай алмай, ақырында: «Әке, Жүсіпті жоқтай-жоқтай күйіктен өртеніп өлетін болдыңыз. Неге өзіңізді осынша қинай бересіз?» дейді. Хазірет Жақып сонда: «Мен күйзелісімді де, күйінішімді де, Аллаһқа ғана шағамын. Әрі Аллаһтан сендер білмеген нәрсені білемін»[25], деп жауап береді. Көп өтпей хазірет Жақып тоғыз ұлын тағы шақырып алып: «Дереу қайтадан Мысырға барыңдар да, Жүсіп пен Бунияминді іздеңдер. Әсте Аллаһ тағаладан үміттеріңді үзбеңдер. Аллаһтан кәпірлер ғана үміт үзеді», – деп, балаларын Мысыр еліне аттандырады. Олар қазынаның бастығы Жүсіп пайғамбарға барып: «Ей, әзиз кісі! Біз отбасымызбен бірге ашаршылыққа ұшырадық. Оған Бунияминнің қайғысы қосылғанда, бізде де, әкемізде де төзім қалмады. Әкеміз жылай-жылай көзіне ақ түсіп, жанары суалды. Һәм астық алу үшін саған болмашы дүние ғана алып келдік. «Жақсылықтың қырқына шыдағанда, қырық біріне шыдамайсың ба? Сен бізге бұрынғыдай толық өлшеп бер. Бунияминді де бізге қайтарып бер. Сол арқылы жақсылық үстіне жақсылық істе. Сонда істерің босқа кетпейді. Аллаһ өз разылығы үшін жақсылық жасағандарды еселеп қайтарады», – дейді. Хазірет Жүсіп олардың уайымға батып, жасаған істеріне әбден пұшайман халдерін көріп іштей жаны ашыды да, тағында отырған бойы: «Сендер Жүсіп пен оның бауырына не істегендеріңді білесіңдер ме?» – деп сұрады. Олар Мысыр елінің аса лауазымды бір мырзаның мына сөздеріне қатты таңырқап бір сәт тұрып қалды. «Мына мырза не деп тұр өзі? Тіпті мына дауыс таныс дауыс қой». Шамасы хазірет Жүсіп сол кезде Мысыр елінің тілімен емес, өз елінің тілімен сөйлеген болса керек. Оларға өзінің Жүсіп екенін айқын аңғартқан да осы, өз тілдері болуы мүмкін. Болмаса бұған біз туралы Буниямин айтқан ғой деп ойлауы да әбден мүмкін.

Олар оған қарады да, Жүсіп екенін енді аңғарды. Бәрі ұялғаннан беттері дуылдап, салбыраған бастарын жерден алмады. Бір кездері өздері көйлегін сыпырып құдыққа тастаған жас бала енді бүгін алпауыт бір елдің қазынасын уысында ұстап отыр. Бұлар болса, оның алдында өте жалынышты халде. Бейне сүмірейген қайыршыдай. Бір кезде біреуі: «Сен шынымен-ақ Жүсіпсің бе?!» деп сұрады. Ол: «Иә, мен сол баяғы бала Жүсіппін. Мынау менің інім – Буниямин. «Хақ тағала бізге шарапатын төкті. Кімде-кім жамандықтан сақтанып, пәлекет атаулыға сабырлық көрсетсе, Аллаһ оның еңбегін зая қылмайды»[26], деді. Олар кінәсін мойындап: «Аллаһ тағалаға ант етейік! Хақ тағала сені бізден үстем етті. Расында, біз күнә жасадық», – деп, істеген істеріне қатты өкінді. Хақ пайғамбар: «Бүгін сендерге сөгіс жоқ. Аллаһ сендерді жарылқайды. Ол рақымдылардың ең рақымдысы»[27], – дейді.

Хазірет Жүсіп оларды бұдан соң да, бірнеше күн сыйлы қонақтарша жақсылап күтті. Олар інісі кешіргенмен, өздерінің кінәсін, қазіргі оған кіріптар жағдайын ойлап мазалары әбден қашты. Бір күні төзімдері әбден таусылған олар дастарқан басында: «Жүсіп! Сен бізге түк болмағандай ізгілік жасап жүрсің. Ал біз сенің алдыңда кірерге тесік таппай ұяттан өлер болдық» дейді. Жүсіп пайғамбар болса: «Жо-жоқ, қайта сендерге рақмет. Бір кездері қазына бастығы болған кезімде Мысыр халқы «Ой, тоба! Болмашы жиырма дирхамға сатылған бір құл қалайша бірден мынадай мәртебеге жетті. Қарадан шығып хан болмас», – деп әңгіме етуші еді. Ал қазір сендер арқылы үлкен абыройға кенелдім. Халық алдында мерейім үстем болды. Өйткені олар мені сендердің бауырларың екенін білу арқылы менің де Ибраһим атамның ұрпағы екенімді білді. Бұл күнде олар: «Е, бәсе, осылай болуы тиіс еді ғой. «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деген осы. Әр нәрсе өзінің тегіне тартады» деп қуанысып жүр. Осының бәрі сендердің арқаларыңда болды», – дейді.

Көп кешікпей Жүсіп пайғамбардың (а.с.) ағалары әкелерінен сүйінші сұрамақ болып жолға шықты. Хазірет Жүсіп сол сәт оларға өзі киіп жүрген көйлегін беріп, оны әкесінің көзіне сүртсе, суалған көздері шырадай жанатынын айтты. Әкесінің көзі ашылған бетте, дереу Мысырға алып келулерін тапсырды. Хазірет Жүсіптің көйлегін жүзіне тигізу арқылы көзінің шипа табуы оның мұғжизасы еді. Әйтсе де әр пайғамбардың мұғжизасының астарында сөзсіз ғылымның негізі бар. Өткен жылдары бір мұсылман дәрігер осы мұғжизаға қатты таңырқап: «Не үшін көйлек, онда қандай қасиет болуы мүмкін?» – деп зерттейді. Ақырында, адамның көйлекке сіңген тер иісін алып дәрі жасап «катаракт» секілді науқаспен көрмей қалған жанарды емдегенде, расында шипа беріп, көзі көре бастайды. Жалпы Жүсіп пайғамбардың «Жүсіп» сүресіндегі қиссасын оқып отырсаңыз осы көйлек-жейде үш жерде кездеседі. Хазірет Жүсіптің құдыққа тасталу кезіндегі көйлегі, Зылиханың жыртқан көйлегі және әкесіне жіберген көйлегі. Ендеше бұл да өз алдына зерттелсе артық етпейтін тақырып.

Олар аманатты алып жолға шыққанына көп уақыт өткен жоқ. Бірақ сонау Канған еліндегі хазірет Жақып жылағанын қойып, жаны жадырап сала берді. Отбасы мүшелері мен халық оның мына қылығын таңырқай қарады. Хазірет Жақып оларға: «Дәл қазір мен Жүсіптің иісін сезіп тұрмын. Мені алжып есінен айырылды деп ойлап жүрмеңдер. Әлі-ақ көздерің жетеді», – дейді. Дегенмен халық: «Сен әлі де бұрынғы ойыңнан қайтпай қателесіп тұрсың. Сол Жүсіп бала күнінде өліп кеткен жоқ па еді?» – дейді.

Жақып пайғамбардың сонау Мысыр жақтағы баласының көйлегінің иісін сезуі мұғжиза болумен қатар, оның ғылымға да берер кейбір ақиқаттары бар болуы мүмкін. Ғұлама Елмалылы тәпсірінде осы туралы айта келе, иістің ауа арқылы жетуінде осыған қатысты бір заңдылық бар. Егер осы заңдылықты табатын болса, ұзақтан адамдар бір-бірлеріне иісті де, соған ұқсас заттарды да жіберуі мүмкін дейді[28]. Осыны ғалымдар зерттеп табуы қажет.

Тақырыпқа қайта оралсақ, көп ұзамай керуен де келіп жетті. Керуен тоқтағанда, Яһуда жүгірген бойда сүйінші сұрап, әкесіне көйлекті ұстатты. Әкесі көйлекті көзіне тигізгені сол екен, қос жанары шайдай ашылды. Жақып пайғамбар Хақ тағаланың осы жақсылығына мадақ айтып, шүкіршілік білдірді. Ал он баласы әкесінің алдында тізе бүгіп отырып: «Әкетай! Расында, біз үлкен күнә жасадық. Қазір соған қатты өкініп отырмыз. Біз үшін Хақ тағаладан кешірім тілеңіз», – дейді. Жақып пайғамбар: «Жақында сендер үшін Раббымнан кешірім тілеймін. Өйткені адамдарға рақым етіп, күнәларды кешіретін Сол ғана»[29], дейді.

Жақыптың (а.с.) көзі жазылысымен, ол балаларымен Мысыр еліне һижрет етті. Оларды қала сыртында хазірет Жүсіп және сол елдің патшасы Райян ибн Уәлид төрт мың әскермен күтіп алды. Әкесін көрген хазірет Жүсіп бала күніндегідей атынан түсіп жүгіріп барып оны құшақтай алды. Әкесі де баласын бауырына басып, көз жасын төгіп, маңдайынан иіскеді. Хазірет Жүсіп нағашы әпкесінің де келгенін көріп қатты қуанып, Хаққа шүкіршілік етті. Ол бала күнінде анасы қайтыс болғанда, соның қолында өсіп, ана орнына ана болып кеткен еді. Кейіннен хазірет Жақып оны өзіне жар етіп, некесін қидырған болатын. Сосын хазірет Жүсіп: «Әке-шешесін таққа көтерді. Барлығы Аллаһ үшін сәждеге жығылды. (Жүсіп): «Әкешім! Міне, бала кезде көрген түсімнің жорамалы. Раббым маған көп игілік нәсіп етті: мені зынданнан құтқарды. Шайтан туыстарым мен менің арамды бұзғаннан кейін, сахарадан сіздерді кезіктіріп маған үлкен игілікке кенелдім. Күдіксіз, Раббым қалағанына өте мейірімді. Ол – толық білуші, хикмет иесі»[30], дейді.

Осылайша әкелі-балалы кісілер бір-бірлеп көрісіп мауқын басты. Алайда бұл дүние қашанда өткінші, жалған дүние ғой. Жалғанның жарын жағалап мың жыл ғұмыр кешсең де, күндердің бір күні сол жардан құлайтының хақ. Ақиқат дүние ол – ақырет әлемі. Бірақ пенде сол жалғанның қызығына алданса да, пайғамбарлар әсте алданбақ емес. Сондықтан сол әке мен баланың осыншама көрген бейнеті де одан кейінгі зейнеті де олардың пайғамбарлық уазипаларына қатысты. Демек Жаратқанның жазғанына қарай Мысыр халқын имандылыққа шақыру үшін хазірет Жүсіптің қараңғы құдыққа тасталып, оның артынан болмашы ақшаға құлдыққа сатылып, одан кейін зынданға түсуі қажет болды. Ол сол зынданда жатып жылдар бойы елдің бұзақылары мен жаза басып жазықсыз түскен бейбақ жандарға имандылықты үйретті. Одан соң уәзір болып елдің ақсүйектерін имандылыққа жетеледі. Бүкіл Мысыр елі тұрмақ бір адамның иманға келуі үшін осындай бейнет көруі тиіс болса, олар осыған да дән риза болар еді. Иә, көп ұзамай уазипасы аяқталған кезде шамамен жиырма төрт жылдан кейін хазірет Жақып ақтық демі үзілуге таяғанда, балаларын шақырып алып: «Перзенттерім! Менен кейін кімге құлшылық қыласыңдар?», – деп сұрады. Олар: «Сенің Құдайыңа, аталарыңның Құдайына: Исмайыл, Ысқақтың жалғыз Құдайына құлшылық қыламыз» десті. Хазірет Жақып бұрын екі рет сөз алып, олар уағдаларын орындамаған еді. Олар әкелерінің алдында екі рет берген уәдеде тұрмай, жерге қараған еді. Сондықтан олар бұдан кейін берген уағдаларына өте сақтықпен қарап, пайғамбарға берген серттің қандай екендігін аңғаратын болды. Көп ұзамай хазірет Жақып қайтыс болып, әкесі Ысқақтың Шам жақтағы қабірінің қасына жерленді.

Жылдар зулап өтіп, күндердің бір күні хазірет Жүсіп пайғамбардың да уазипасы аяқталып, әкесіне келген ажал мұның да есігін қақты. Ол қос қолын жайып: «Уа, Раббым! Сен маған күш дарыттың, билік бердің. Қасиетті мәтіндерді түсіндіру мен түс жору ілімін үйреттің. Уа, көк пен жердің жаратушысы! Дүниеде де, ақыретте де ием, көмекшім бір Өзіңсің. Саған шынайы мойынсұнған құл ретінде жанымды алып, мені қайырлы, дұрыс адамдардың қатарына қосқайсың»[31], деп дұға жасайды. Деректерде ол қайтыс болған кезде жүз жиырма жаста екені айтылады.



[1]       «Жүсіп» сүресі, 4

 [2]       «Жүсіп» сүресі, 5-6

 [3]       Сабуни, Нубууә. 329-бет

 [4]       «Жүсіп» сүресі, 8

 [5]       «Жүсіп» сүресі, 9

 [6]       «Жүсіп» сүресі, 10

 [7]       «Жүсіп», сүресі, 13

 [8]       «Жүсіп», сүресі, 14

 [9]       Сабуни, Нубууә, 332-бет

 [10]     «Жүсіп», сүресі, 15

 [11]     «Жүсіп», сүресі, 17

 [12]     Афиф Абдулфаттах Таббара, Маал-әнбия фил-Қуран, 183-бет

 [13]     «Жүсіп», сүресі, 19

[14]     «Жүсіп», сүресі, 23

 [15]     «Жүсіп» сүресі, 28

 [16]     «Жүсіп» сүресі, 32

[17]     «Жүсіп» сүресі, 33

 [18]     «Жүсіп» сүресі, 39-40

 [19]     «Жүсіп» сүресі, 46-49

 [20]     «Жүсіп» сүресі, 51

 [21]     «Жүсіп» сүресі, 61

 [22]     «Жүсіп» сүресі, 67

 [23]     «Жүсіп» сүресі, 78

 [24]     «Жүсіп» сүресі, 83

 [25]     «Жүсіп» сүресі, 86

[26]     «Жүсіп» сүресі, 90

[27]     «Жүсіп» сүресі, 91-92

[28]     Елмалылы, 4-том, 2920-бет

[29]     «Жүсіп» сүресі, 97-98

[30]     «Жүсіп» сүресі, 100

[31]     «Жүсіп» сүресі, 101

Жоғары