ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Пайғамбардың (ﷺ) ғазауаттары

ПАЙҒАМБАРДЫҢ (с.а.с.) ҒАЗАУАТТАРЫ

 Пайғамбар (с.а.с.) ғазауаттары мен жорықтарын басқаларға қастандық, өш алу, шабуыл немесе қан төгу мақсатында емес, керісінше, дұшпандықты тыю, сыртқы жауларға сабақ, діннің таралуын қорғау үшін ғана жүргізген. Әйгілі Бәдір шайқасына дейін Мәдинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскери жасақтарды шолғыншы ретінде ғана жіберіп отырған.

 ҮЛКЕН БӘДІР ШАЙҚАСЫ

(һижраның 2 жылы рамазан айының 2-сі)

 Алланың елшісі (с.а.с.) Мәдина қаласының жанындағы керуен жолынан Меккедегі құрайыш тайпасының сауда керуені өтетіндігін біледі. Керуенбасы құрайыш шонжарларының бірі Әбу Суфиян. Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына: «Оларға қарсы шығыңдар, бәлкім, Алла сендерге олжа қылар», – деп бұйырады. Алайда Әбу Суфиян мұсылмандардың жоспарларын біліп қалып, Меккедегі құрайыштықтардан қарулы көмек шақыртып алады да, өзі басқа жолмен кетіп қалады. Сөйтіп, керуен мұсылмандардан құтылып кетеді. Әбу Суфиян аттанар алдында керуенді мұсылмандардан қорғау үшін келген меккелік жасақтарды қайтарып жібереді. Алайда әскербасы Әбу Жәһл Бәдірде той-думандатып, арақ ішіп, үш күн қаламыз деп шешеді. Ондағы мақсаты мұсылмандар мен басқа араб тайпаларына қыр көрсету болатын. Көп уақыт өтпей Мәдинадан Пайғамбар (с.а.с.) бастаған мұсылман әскері шығады. Мұсылман әскерінің құрамында үш жүз он алты жауынгер, жетпіс түйе, үш ат болады. Ал мүшріктердің әскерінде тоғыз жүз елу жауынгер, жеті жүз түйе, жүз ат бар еді. Екі қол кездескен сәттен шайқас басталып кетеді. Алла Тағала мұсылмандардың жүректерін орнықтыру үшін көктен көмекші періштелер түсіреді. Ақырында осы қолдаумен мұсылман қолы жеңіске жетеді. Мұсылмандардан он төрт жауынгер шәһид болады, ал мүшріктерден жетпісі өліп, тағы жетпісі тұтқынға түседі. Осы жолы Алланың дұшпаны Әбу Жәһл мен құрайыш тайпасының кейбір шонжарлары өлім құшады. Алла Тағала бұл оқиға туралы: «Алла сендерді Бәдірде өте аз болғандарыңда да жеңіске жеткізген еді. Алладан қорқыңдар, бәлкім, шүкір етерсіңдер», – деген (Әли Имран, 123).

 БӘНИ ҚАЙЫНҚА ЖОРЫҒЫ

(һижра 2 жыл шәууәл айы)

 Бәни Қайынқа Мәдинада тұратын еврей тайпасы еді. Пайғамбар (с.а.с.) бұдан бұрын олармен бейбітшілікті сақтау, тату көршілік туралы келісім жасасқан болатын. Мұсылман әскерінің Бәдірдегі ұлы жеңісінен соң бұл тайпа құрайыштықтарға жақтасып, мұсылмандармен өштесе бастады. Бір жолы бір мұсылман әйелі осы тайпаның базарына кіріп отырғанда бір еврей саудагері оның етегін орамалының ұшына байлап қояды да, орнынан тұра келгенде әуреті ашылып қалады. Жан-жақта тұрған еврейлер мұсылман әйелін мазақтап қатты қарқылдасып күледі. Сонда әйел: «Уа, мұсылмандар!» – деп жар салады. Оның даусын естіген бір мұсылман келіп әлгі еврейді өлтіреді. Жан-жақтағы еврейлер жабылып ол мұсылманды өлтіреді. Осы оқиғадан кейін Пайғамбар (с.а.с.) әскерін жинап, Бәни Қайынқа ауданын қоршап, құрсауға алады. Құрсау он бес күнге созылып, ақырында еврейлер беріледі. Пайғамбар (с.а.с.) мұсылмандарға қарсы дұшпандық әрекеттері үшін оларды Мәдина қаласынан қуып шығарады.

 СУАЙЫҚ ЖОРЫҒЫ

(2 жыл зул-хижжа айы)

 Һижраның екінші жылында зул-хижжа айының бесінде құрайыш шонжары Әбу Суфиян екі жүз адамнан тұратын мүшрік әскерін бастап Меккеден шығады. Олар мұсылмандарға тұтқиылдан шабуыл жасап, кері қайту үшін жол азығын аздап қана алады. Мәдинаға жеткен соң екі ансарлықты өлтіріп, екі үй мен құрма ағаштарын өртеп кері қашады. Пайғамбар (с.а.с.) оларға қарсы әскерін жинап шыққанда мүшріктер иықтарына асып алған суайық (жент сияқты тағам түрі) атты тамақтарын тастай сала алды-арттарына қарамай қашады. Бұл жорықта Пайғамбар (с.а.с.) бес күн Мәдинадан сыртта болады.

 УХУД ШАЙҚАСЫ

(3 жыл шәууәл айы)

 Бұл шайқас Мәдинаның сыртындағы Ухуд тауына жақын жерде болған. Бұл жолы құрайыштықтар Бәдірдегі жеңілістеріне қарымта ретінде үш мың қол әскер жинап келеді. Мұсылмандар оларға қарсы жеті жүз жауынгермен шығады. Пайғамбар (с.а.с.) елу садақшыны бөліп алып, оларға таудың үстінде тұрып мүшріктерді атқылап өткізбеуді, өзінің әмірінсіз орындарынан қозғалмауды бұйырады. Шайқас басталып, жеңіс тізгіні мұсылмандарға ауа бастаған шақта садақшылар соғыс біткен болар деп ойлап, майдан даласындағы олжаларды алу үшін орындарынан төмен түсе бастайды. Мұны көрген мүшріктердің батыры, бұл кезде әлі мұсылман болмаған Халид ибн Уалид қосынымен садақшыларға лап қойып, оларды қырып салады. Соның салдарынан мұсылмандар қоршауда қалып қояды да, мүшріктер жеңіске жетеді. Шайқас кезінде жиырма мүшрік өлтіріліп, жетпіс мұсылман шәһид болады. Шәһидтердің арасында Пайғамбардың (с.а.с.) көкесі Хамза, Абдулла ибн Жахш, Мұсғаб ибн Ғұмайыр, Сағыд ибн Рабиғтар бар еді. Сондай-ақ, Пайғамбардың (с.а.с.) өзі де жарақаттар алып, бұл шайқас мұсылмандар үшін үлкен сабақ болады. Алла Тағала: «Аллаға мойынсұныңдар және елшіге мойынсұныңдар, сақтаныңдар! Ал егер бағынбайтын болсаңдар, біліңдер – елшіміздің міндеті айқын жеткізу ғана», – деген (Мәида, 92).

 ХАМРА ӘЛ-ӘСӘД ЖОРЫҒЫ

(3 жыл шәууәл)

 Ухуд шайқасының ертеңіне Пайғамбар (с.а.с.) соғысқа құдыретті екендігін білдіру үшін құрайыштықтарға қарсы әскер жинап шығады. Мүшріктердің қолбасшысы Әбу Суфиян да мұсылмандарды біржола жоюға бел байлайды. Жолай оның алдынан Мағбад ибн Әбу Мағбад әл-Хузағи деген адам шығады. Әбу Суфиян одан: «Жолда не көрдің?» – деп сұрайды. Мағбад: «Уа, Әбу Суфиян, кері қайтқаның дұрыс болар. Олар сендерге қарсы үлкен әскер шығарыпты», – деп ескертеді. Бұл хабарды естіген соң Әбу Суфиян әскерін алып кері қайтады. Пайғамбар (с.а.с.) мұсылман жасақтарымен Мәдинадан сегіз милдей қашықтықта орналасқан Хамра әл-Әсәд деген жерде мүшріктердің әскерін үш күн бойы күтеді. Құрайыштықтардың қорқып Меккеге қайтып кеткенін білген соң ғана Мәдинаға оралады.

 БӘНИ НАДЫР ЖОРЫҒЫ

(4 жыл)

 Бұл һижраның төртінші жылы Мәдина қаласының жоғары ауданын қоныстанған еврейлердің Бәни Надыр атты үлкен тайпасына қарсы жасалынған жорық. Оған мынадай жайт себеп болады. Бірде Пайғамбар (с.а.с.) жаңылыспен өлтірілген екі адамның құнын белгілеу үшін сахабаларымен бірге шығып, жардың түбінде демалып отырады. Осы кезде сол маңда тұратын еврейлер жиналып, жоғарыдан бір үлкен тасты тастап, төменде отырған Пайғамбарды (с.а.с.) өлтіруді ойластырады. Алла Тағала Жебірейіл періште (а.с.) арқылы елшісіне (с.а.с.) олардың пиғылдары туралы хабар береді. Пайғамбар (с.а.с.) дереу қалаға қайтып, Мұхаммед ибн Мәсләмә әл-Ансариді еврейлерге жіберіп, оларға «Бейбіт келісімдеріңді бұзып, мені өлтірмек болған әрекеттерің үшін елімнен шығып кетіңдер. Сендерге он күн мұрсат беремін. Одан соң көзге түскендеріңнің бастарын аламын» деген сөзін жеткізуді тапсырады.

Алайда еврейлер жерлерін тастап кетуден бас тартады. Сосын Пайғамбар (с.а.с.) оларды әскерімен қоршауға алады. Ақыры олар беріліп, бала-шағаларын және мал-мүліктерін аман-сау алып кетуге рұқсат сұрайды. Пайғамбар (с.а.с.) олардың қарусыз шығып кетулеріне келісімін береді.

 ЕКІНШІ БӘДІР ЖОРЫҒЫ

(4 жыл шағбан айы)

 Мүшріктердің қолбасшысы Әбу Суфиян Ухуд шайқасында жеңіске жеткен кезінде Бәдірде кеткен еселерін қайтару мақсатында: «Ей, мұсылмандар! Келесі жылы Бәдірде жолығайық!» – деп жар салған еді. Осы уағда бойынша Пайғамбар (с.а.с.) һижраның төртінші жылы шағбан айында әскерін алып Бәдірде мүшріктерді күтеді. Алайда бұл жолы құрайыштықтар қорқып келмей қояды.

 ДӘУМӘ ӘЛ-ЖӘНДӘЛ ЖОРЫҒЫ

(5 жыл рабиғ әууәл айы)

 Дәумәт әл-Жәндәл – Шам елінің Тәбук аймағына жақын жер. Бұл – Пайғамбардың (с.а.с.) ең алысқа шыққан жорығы. Ол (с.а.с.) мың сахабадан тұратын әскерімен мұсылмандардың сауда керуендеріне шабуыл жасап дамыл бермейтін сол аймақтағы көшпелі араб тайпаларын тәртіпке салу үшін шығады. Алайда олар Пайғамбардың (с.а.с.) әскерімен шыққанын естіп тым-тырақай қашып кетеді. Пайғамбар (с.а.с.) олардың арттарынан қумай Мәдинаға қайтады. Өйткені бұл жорықтың мақсаты олармен соғысу емес, тәртіпке салып, сес көрсету ғана болатын.

 АХЗАБ ШАЙҚАСЫ

(5 жыл шәууәл айы)

 Еврейлер меккелік құрайыштар мен барлық көшпелі араб тайпаларын мұсылмандарға қарсы айдап салуды ойластырды. Алайда Пайғамбар (с.а.с.) мұндай үлкен шайқасқа дайын емес-ті. Сондықтан ол (с.а.с.) бұл соғысқа дайындық туралы әуелі сахабаларымен кеңес құрды. Салман әл-Фариси Мәдинанын қорғау үшін дұшпандар өте алмайтын жыра (окоп) қазу туралы ұсыныс айтты. Пайғамбар (с.а.с.) бұл ұсынысты қабыл алып, жыра қаздырды.

Соғыс басталғанда мүшріктердің он мыңдық қолы қалаға басып кіру үшін жырадан өтетін өткел іздеп айналумен болды. Ал мұсылман әскерінің саны бар болғаны үш мың ғана еді. Ақырында екі жақ бір-бірлеріне садақтан оқ жаудырды. Шайқас ұзаққа созылып, Мәдина қаласы бір ай қоршауда болды.

Құрайза тайпасының бейбіт келісімді бұзуы. Қоршау ұзаққа созылған соң осы шайқасты ұйымдастырып жүрген мәдиналық еврейлер құрайыштықтар соғыстан шегініп кетер деп қауіптенеді.  Сондықтан да олардың көсемі Хуяй ибн Ахтаб Құрайза тайпасына барып, бұрын Пайғамбармен (с.а.с.) жасаған бейбіт келісімдерін бұзу керектігін, сол арқылы мұсылмандарға соққы беру керектігін айтады. Бұл хабарды Алланың елшісі (с.а.с.) естіп, Құрайза тайпасын келісімдерін бұзбауға шақырады. Алайда еврейлер ескі дағдыларына басып, келісім-шарттан шығып кетеді.

Жеңістің алғышарттары. Алланың елшісіне (с.а.с.) дұшпан тарапынан Нуғайым ибн Масғуд ибн Амир әл-Ашжағи деген кісі келіп: «Мен мұсылман болдым, бірақ ол туралы қауымым білмейді», – дейді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.) оған: «Сен Ғатафан руының бір ғана адамысың, одан шыққаныңмен бізді күшейтпейсің. Біз үшін сенің солардың арасында қала бергенің дұрыс. Расында соғыс – айлакерлік», – дейді.

Сөйтіп, Нуғайым осы шайқасқа одақтас болып келген құрайыштықтар мен еврейлердің арасына жік салады. Ол одақтастардың арасына барып шайқастың жеңіспен аяқталуы үшін еврейлер құрайыштықтардың бір адамын кепілдікке алуды қалайды деген жалған хабар таратады. Ал мұндай іс құрайыштықтардың ұғымында үлкен қателік болып есептелетін. Сондықтан да қандай да бір кепілдік беруден бас тартады. Құрайзалық еврейлер Нуғайымдікі дұрыс ден құптайды. Осылайша олардың сөздері әркелкі болып шығады. Сол уақытта Алла Тағала оларға сахараның қатты салқын түнінде қуатты дауыл жібереді. Дауыл олардың тіккен шатырларын ұшырып әкетеді. Әскерлерін әбігершілік жайлап, әбден берекесі кеткен құрайыштықтар ақырында елдеріне қайтуға мәжбүр болады.

 БӘНИ ҚҰРАЙЗА ЖОРЫҒЫ

(5 жыл)

 Һижраның бесінші жылы зул-қағда айы мен зул-хижжаның алғашқы жартысында Пайғамбар (с.а.с.) Ахзаб соғысындағы опасыздықтары үшін еврейлердің Құрайза тайпасына қарсы жорыққа шығады. Олар Пайғамбардың  (с.а.с.) әскерімен келе жатқанын біліп, Надыр тайпасы сияқты бастарына амандық сұрап келіссөзге адам жібереді. Алайда Пайғамбар (с.а.с.) олардың бұл ұсынысын қабыл алмайды. Оларды жиырма бес күн бойы қоршауға алады.

Еврейлер азық-түліктері таусылып, әбден қиналғанда мұсылмандарға беріледі. Пайғамбар (с.а.с.) олар қандай үкім беру керектігін сахабасы Сағыд ибн Мұғаздан сұрайды. Сонда Сағыд: «Олардың жауынгерлерін өлтіріп, әйел, бала-шағаларын тұтқынға алу керек», – деген ұсыныс айтады. Пайғамбар (с.а.с.): «Алланың үкімі де осы», – дейді. Сөйтіп, Бәни Құрайзаның алты жүз ері өлтіріліп, денелері құдыққа тасталады. Осылайша Мәдина қаласы еврейлерден біржола тазартылады.

 БӘНИ МҰСТАЛИҚ ЖОРЫҒЫ

(6 жыл)

 Бұл жорық һижраның алтыншы жылы болған. Пайғамбарға (с.а.с.) Бәни Мұсталиқ атты тайпаның көсемі әл-Харис ибн Даррардың мұсылмандарға қарсы соғысу үшін араб тайпаларын жинап жатқандығы туралы хабар жетеді. Пайғамбар (с.а.с.) олардың пиғылдарын анықтап, әскерімен шығады. Әл-Харис мұсылмандардың хабарын білу үшін жансызын жібереді. Мұсылмандар оны ұстап алып, көзін жояды. Бұл оқиға олардың жүректеріне үрей салады. Пайғамбардың (с.а.с.) әскері мен Бәни Мұсталиқтың әскері әл-Мурайси атты судың жанында кездесіп, алыстан садақпен атысады. Содан кейін мұсылман жасағы бірден лап қойып, аз шығынмен жеңіске жетеді. Көшпелі арабтар зәре-құты қалмай тоз-тоз болып қашады. Дұшпанның біраз адамы тұтқынға түседі. Олардың арасында көсемнің қызы Жуайрия бинт әл-Харис те бар еді. Пайғамбар (с.а.с.) оны тұтқыннан босатып, оған үйленеді. Осы некенің нәтижесінде Жуайрияның қауымы түгелдей тұтқыннан босатылады.

Жоғары