ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Қиын кезеңдер

ҚҰРСАУДА

 Мұсылмандарды азаптаумен діндерінен қайтара алмасын білген құрайыштың қаныпезер рубасылары жиналып, барлық иман келтіргендер мен Һәшим, Мұтталиб әулеттерімен байланыс үзетіндіктерін жариялайды. Басқалардың олармен сауда-саттық жасауларына қатаң тыйым салады. Мұсылмандар үшін өте ауыр болған бұл кезең үш жылға созылады. Азық-түлік таусылып, әбден ашыққан иман келтірушілер ағаштардың жапырақтарын, өсімдік тамырларын қорек етеді. Кейбір кеңпейілді жомарт жандар аталған екі текті әулет пен әлсіздерге болысып, оларды ауыр азаптан құтқаруға тырысады. Құрайыш тайпасының осы бойкотқа байланысты қол қойып, Қағбаның ішіне сақтап қойған келісім-шартын алып, оны жоймақшы болады. Олар келісім-шарт жазылған қағазды алғанда оның «Алланың атымен» деген жерінен басқасын түгелдей тышқан жеп тастағанын көреді. Мұсылмандарға көмектескен кісілер мыналар:

1. Һишәм ибн Амр

2. Зуһәйр ибн Әбу Умәйя

3. Әл-Мутғим ибн Адий

4. Әбул-Бухтури ибн Һишәм

5. Зумға ибн әл-Әсуәд.

 

ҚАСІРЕТТІ ЖЫЛ

 Алғаш уахи түскеннен кейінгі оныншы жылы сол кезге дейін Пайғамбарға (с.а.с.) дұшпандарынан қорған болған көкесі Әбутәліп дүние салады. Пайғамбар (с.а.с.) бұл ауыр қазаға қатты қайғырады. Артынша үш не бес күн өтпей жатып сол кезге дейін өзіне рухани тірек болып келген, дүниедегі ең сүйікті жұбайы Хадиша қайтыс болады. Бір қазаға екінші бір ауыр қаза қосылып, қатты қайғыға түскен Пайғамбар (с.а.с.) жанұясындағы екі тірегінен айрылып, қос қанаты қайрылған құстай күй кешеді. Сондай ауыр қайғыға байланысты бұл жыл қасіретті жыл деп аталып кетеді.

ТАИФ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҮГІТ

 Көкесі қайтыс болған соң құрайыштықтардың Пайғамбарға (с.а.с.) қарсы зобалаңы одан әрі күшейеді. Әбден шарасы таусылған ол (с.а.с.) сырттан жәрдем іздеп Таиф қаласына барады. Алайда қала халқы Алланың елшісінің (с.а.с.) дағуатына құлақ салмайды. Керісінше оны жәбірлеп, қаладан қуып шығады. Әбден азар тартқан елшісіне (с.а.с.) Алла Тағала тау періштесін жібереді. Ол егер Пайғамбар (с.а.с.) қаласа тұрғындарына жаза ретінде қаланың үстіне екі тауды төңкере салатындығын айтады. Сонда аса кешірімді әрі ерекше кеңпейілді Пайғамбар (с.а.с.): «Жоқ, мен олардың ұрпақтарынан еш серік қоспай, жалғыз Аллаға табынатын мұсылмандар шығады деп үміттенемін», – деп жауап қайырады. Сонда періште: «Расында да сен Раббың атағандай нағыз жұмсақ, мейірбан екенсің», – деп таңданды.

Жоғары