ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Жасырын және жария үгіт кезеңдері

ЖАСЫРЫН ҮГІТ КЕЗЕҢІ

       Осы уақыттан кейін Алланың әмірімен Пайғамбар (с.а.с.) өзіне жақын адамдарды жасырын түрде Ислам дініне шақыра бастады. Дінге ер кісілерден ең бірінші досы Әбубәкір, әйелдерден жұбайы Хадиша, балалардан Әли ибн Әбутәліп, құлдардан қызметшісі Зәйд, күңдерден Умму Айман кірді. Сосын жаңа дінге үгіттеуге Әбубәкір кірісіп, бес кісіні Ислам дініне әкелді. Олар: Осман ибн Аффан, Зубәйр ибн Аууам, Абдуррахман ибн Ауф, Сағыд ибн Әбу Уаққас және Талха ибн Убайдулла әт-Тими.

      Осыдан соң Пайғамбар (с.а.с.) жария үгіт кезеңі келгенше үш жыл бойы өзінің жақын туыстарын Ислам дініне шақырумен болды.

 ЖАРИЯ ҮГІТ КЕЗЕҢІ

 Алладан жария үгіт туралы әмір жеткенде Пайғамбар (с.а.с.) қауымын жинап алып: «Егер мен мына таудың арғы етегіндегі аңғарда дұшпан қолы келіп сендерге шабуыл жасағалы тұр десем сендер маған сенер ме едіңдер?» – деп сұрады. Сонда олар: «Әрине, сенеміз. Өйткені сен ешқашан да жалған сөйлемегенсің», – десті. Сонда Пайғамбар (с.а.с.) өзінің оларға жіберілген Алланың елшісі (с.а.с.) екендігін жеткізіп: «Лә иләһә иллаллаһ («Алладан өзге ешбір құдай жоқ»)» деңдер, сонда құтыласыңдар!» – деп жар салды. Сонда меккеліктердің ешқайсысы оған жауап қатпады. Олардың арасынан тек Әбу Ләһәп қана Пайғамбарға (с.а.с.) тіл тигізіп, балағаттады. Осы оқиғадан кейін адамдар біртіндеп жаңа дінге кіре бастады. Пайғамбар (с.а.с.) өз қауымын күндіз-түні Алла жолына шақыра берді. Ал Меккені басқарып тұрған құрайыш тайпасы көпқұдайлық діннен бет бұрып, Пайғамбарға (с.а.с.) иман келтіргендерге жапа беріп, оларды қуғындауға кірісті.

Жоғары